Достар, бүгін өздеріңді Бақытжан Əлжанұлы есімді ағайларыңмен таныстырамыз. Бақытжан – «Болашақ» стипендиясының иегері, шетелде білім алып келген. Мектепті де, университетті де қызыл дипломмен бітірген. Əйгілі Нью-Йорк университетін де өте жақсы бағаға аяқтап, қазір елге келді. Шетелде 3 жыл білім алған Бақытжан ағайларыңның сендерге айтары көп…

– Əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыдым. 3-курсқа келгенде менде бір ой пайда бола бастады. Биотехнология мамандығының магистратурасын бітірген түлектердің өмірін байқадым. Біздің университет еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орны боп саналады. «Ал оның базасы менің сұранысыма қаншалықты сай келеді, мұны бітірген соң бəсекеге қабілетті маман боп шығамын ба?» деген сұрақтар мазалай бастады. Сол кезде мұндамагистратураны бітірсем де, өзіме қажетті дүниені ала алмайтынымды түсіндім. Біздегі білім деңгейін түсіне бастадым. Шетелге кету керек деген ой туды. Кем дегенде магистратураны шетелде оқып-үйреніп, елге келіп, біздегі оқу жүйесін ауыстыруға тырысқым келді. Шетелде оқу туралы ой содан басталды. Одан кейін жолдарын қарастыра бастадым. Бірден «Болашақ» бағдарламасын қарастырдым. Ағылшын тілін оқып, дайындала бастадым.

Ұлан: Содан кейінгі қадамдар…

Бақытжан Əлжанұлы: Оқуды тəмамдауға əлі 2 жыл бар болса да сол кезден бастап-ақ ағылшын тіліне ден қойдым. Жеке курстарға баруды əдетке айналдырдым. 4-курстың орта тұсынан бастап «Болашаққа» құжаттар дайындап, қай салаға кету туралы бағытымды анықтай бастадым. Оқуды бітірген соң «Болашақтың» барлық емтихандарынан өтіп, тиісті стипендияны жеңіп алдым.

2013 жылы тамыз айында «Болашақ» бағдарламасының толықтай грант иегері атандым. Сөйтіп, 2014 жылы қаңтар айында оқуға кеттім. Американың Иллинойс деген штаты бар, Чикаго қаласында орналасқан. Чикагоның жанында Шампейн, Урбана деген бір-біріне қосылып кеткен екі қала бар. Соның тура ортасында университет орналасқан. Инженерия, компьютер салалары бойынша əлемдегі алдыңғы қатарлы университет боп есептеледі. Бірақ ол жерге мен тілдік курсқа ғана бардым. Сонда оқыған бір жылдық курсымның нəтижесін жанымдағылардан сұрап, деңгейлерін салыстырдым. Одан кейін барып магистратураға талпындым. Себебі, ол жақта магистратураға түсу үшін тек IELTS жеткіліксіз. Эссе жазу бар, басқа да емтихандар бар, олардың бəрі – үлкен шаруа. Міне, осыларды толықтай меңгермей, одан кейінгі жұмыстарды жасай алмайсыз. Содан кейін тиісті құжаттарды жинап, Американың университеттеріне жеке-жеке тапсырдым. Яғни, магистратураға. Солардың ішінен Нью-Йорк университеті қабылдады. Келген шақыртулардың ішінен сол университетті таңдадым. Оны биыл мамыр айында бітіріп, елге оралдым.

Ұлан: Шетелге барғандағы алғашқы күндерді еске алсақ. Қандай қиындықтар болды, оларды қалай жеңдіңіз?

Бақытжан Əлжанұлы: Бірінші қиындық – тіл. Деңгейім орташа еді. IELTS-тан 5/5 алғанмын, соның өзінде шетелге барғанда кедергілер болды. Қазақстанда британиялық ағылшын тілін оқимыз. Ал ол жақта біраз өзгеше. Қатты қиындық тудырды деп айта алмаймын, екі-үш аптадан соң үйренісіп те кеттік. Екінші бір қиындық – мəдениет. «Культурный шок» деп айтып жатамыз ғой, сол жағынан қиын болды. Бірақ оның өзіне де екі-үш аптадан соң үйреніп кеттік.

Бастапқыда оқыған жеріміз тілдік курс болғанымен, оның талаптары өте күшті болды. Ол жақта 6 деңгей болады, мен 4-деңгейден бастап оқыдым. Бірден үлкен ауқымдағы тапсырмалар берді, сабақ та бірден басталып кетті. Барлық кедергі бір уақытта келді де, соның бəрінен өту керек болды.

«Америка неге дамыған ел?»

Өйткені, онда талап күшті. Қандай сала, қандай жұмысқа барсаңыз да, алдыңыздан өте үлкен талаптар шығады. Оларға толық жауап бере алған кезде ғана олармен бірге жұмыс жасап, еңбек етіп, оқи аласыз. Осы жағынан алғанда магистратурада да алдымнан өте үлкен талаптар шықты. Алғашқы семестр өте қиын болды. Шынымды айтсам, біздің елдегі бакалаврдың семестріне қанша күш салатын болсам, ана жақта бұдан 4-5 есе артық күш салдым. Талаптар қарапайым ғана көрінуі мүмкін, бірақ өте көп еңбектену керек. Ізденгенде де дұрыс, тиісті ақпарат көздерін табу керек. Біздің елдің бір кемшілігі – 80-90-жылдардағы кітаптарды оқуға мəжбүрміз. Барлық жерде емес, бірақ көп жағдайда солай. Ал ол жақтағы қолданылатын кітап, интернеттегі ақпараттардың бəрі жаңа. Кем дегенде 2013 жылдан бергі материалдар. Яғни, олар білімнің қаншалықты жаңарып жатқанын біледі.

Менің оқыған мамандығым – биотехнология, оның ішінде фармацевтикалық биотехнология.

Ұлан: Қазақ баласы мен шетел адамдарының байланысы қалай болды? Шетелде қазақ екеніңізді қалай көрсете алдыңыз?

Бақытжан Əлжанұлы: Ол жағы барған елдің мəдениетіне, халқына байланысты деп ойлаймын. Мысалы, Америка жұртшылығы ешқандай елге қатты қызыға бермейді. Ол жаққа əлемнің түкпір-түкпірінен келетін болғандықтан, біз де олармен бірдей сияқтымыз. Былайша айтқанда, Америка – əлемнің орталығы. Сондықтан ол жақта кім кімді көрсе де таңғалмайды. Дегенмен, өз ортамызда қызығушылықтар болды. Оны түсіндіріп айта білу керек. Құдайға шүкір, мақтанатын дүниеміз көп. Бір ғана ЭКСПО-ны айтсақ жеткілікті. Осы тұрғыда айта кетейін, дəл қазір Алматыда Нью-Йоркте бірге оқыған араб жəне қытайлық достарым қыдырып жүр. Соңғы екі-үш күнде соларды қыдыртып жүрмін. Солар біздің сөзімізге қызығып келді. Себебі, біз оларға өзіміз туралы күніге айтатынбыз.

Ұлан: Шетелде оқу кезінде біліммен қоса тағы не алдыңыз, не үйрендіңіз?

Бақытжан Əлжанұлы: Бірінші, əрине, білім. Елге келердің алдында екі жыл бұрынғы өмірім мен сол кездегі өмірімді салыстырдым. Сонда елде жүргендегі ой-өрісімде белгілі бір шектеу болыпты, мен одан асып шыға алмаған екенмін. Ал шетелдегі білімнің арқасында мен əлемдік деңгейде ойлайтындай қабілетке жеттім десем болады. Ол тек өзімнің саламда ғана емес. Адам ретінде, маман ретінде ғаламдық тұрғыда ойлай алатыныма, ой-санамның өскеніне қуанамын.

Ұлан: Шетелде оқыған отандастарымыздың елге қайта оралуы қиын ғой. Көбі жағдайының жақсаруына байланысты сол жақта тұрақтап қалады. Ал сізде сондай мүмкіндік болды ма? Болса, неге бас тарттыңыз?

Бақытжан Əлжанұлы: Біріншіден, мен «Болашақ» бағдарламасымен оқыдым. Яғни, ол жақта оқыған соң елге келіп жұмыс жасау міндетті. Сол сияқты мен де қатардағы студент болғандықтан, елде 5 жыл жұмыс істеуім керек. Мұндай еңбек өтілі болмаған жағдайда да бəрібір еліме қайтар едім. Біріншіден, оның себебі тəрбиеде деп ойлаймын. Өзім қарапайым қазақ отбасынан шыққан баламын. Ауылда өстім. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Ақкөл деген ауылда туып-өстім. Сосын үрке қашатындай Қазақстанның жағдайы жаман емес, Құдайға шүкір. Көптеген елге қарағанда бізде алға ілгерілеу бар. Біздің елдегі бір кемшілік – халық өздігінен жұмыс істемей, мемлекеттен сұрағанға, соған қарап аузын ашып отырғанға құмар. Ал дамыған елдерде олай емес. Ешкім ешкімді асырамайды. Баса айтқым келеді, біздің көбіміздің түсінігімізде бізде «жағдай нашар, билік дұрыс емес». Ал сен өзің не істей аласың?! Сондықтан, бірінші əркім өзі қимылдап еңбек ететін болса, барлығы болады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз – əлемдік қағида.

Үйде отырып-ақ әлеммен байланыс орнатуға болады

Ұлан: Оқумен қатар қандай да бір жетістіктеріңіз болды ма?

Бақытжан Əлжанұлы: Екі жыл магистратураны оқи жүріп, бір жылында мамандығым бойынша қосымша жұмыс істедім. Университеттің ғылыми-зерттеу орталығы болды. Сонда ғылыми қызметкер жəне профессордың көмекшісі ретінде жұмыс атқардым. Соның өзі үлкен жетістік болды деп айта аламын. Өйткені, жақсы тəжірибе жинадым. Əрине, оқуда академиялық ортаның берері мол, жұмыс ортасынан да алар тəжірибе көп. Сабақтардың бəрін жақсы аяқтадым, соңындағы нəтиже барлық талапқа сай болды. Оны да үлкен жетістік деп есептеймін.

Шетелде мыңдаған қазақ баласы оқып жатыр. Солардың барлығы топтаса келе «ҚазАлянс» деген ұйым құрғанбыз. Негізгі ұран – сыртта оқып жүре бермей, шетелдегі қазақ балалары бірігіп, Қазақстанды шетелге таныту, елдің имиджін оң жағынан таныту. Көптеген іс-шара, көрмелер ұйымдастырдық. Ол ұйым əлі жұмыс істеп жатыр. Негізгі орталығы, штабымыз – Астана қаласында. Президентіміз бар, əр ел бойынша вице-президенттер бар. Менің Америка елінде вице-президент деген қосымша жауапкершілігім болды. Америкадағы қазақ балаларымен əрдайым байланыста болдық. Қолымыз тиген уақытта іс-шаралар ұйымдастырып тұрдық. Қазақстанның атын танытуда кішкентай болса да үлесімізді тигіздік деп айта аламын. Бəлкім мен елде жүрсем, мұндай жауапкершілікті алмас па едім. Ал сыртта жүргенде Қазақстан туралы көп ойлайсыз, елге көп жаныңыз аши бастайды. Елде боп жатқан жағдайларға бей-жай қарай алмайсыз. Өзім солай болдым. Жақында бұл орнымды басқа азаматқа бермекшімін. Себебі, шартымыз бойынша бұл жұмысты істеу үшін шетелде оқуда болуыңыз керек.

Бірақ мұндай ойдан, мұндай жобалардан алыс кетпеймін.

Ұлан: Байқап отырмын, бір орысша сөз қоспай қазақша тым еркін сөйлеп отырсыз. Бөтен елде тілді ұмытатындай кедергі болмады ма, əлде қазақшадан мүдіріп қалмас үшін қандай да бір амалдар жасап тұрдыңыз ба?

Бақытжан Əлжанұлы: Сұрағыңыз орынды. Шынымды айтсам, тілімді ұмытып қалмайын деп арнайы амал қолданған емеспін. Жаңа айттым, қазақы тəрбиеде өстім, елдегі білімнің бəрін қазақ тілінде алдым. Тілімнен жаңылам-ау деген қорқыныш болған емес. Ол жақта да қазақ балалары бар. Қазақтармен қазақша, орыстілді қазақтармен орыс тілінде байланыста болдық.

Ұлан: Шетелде жүргенде алдын ала ескермеген қандай да өкінішіңіз болды ма? Шетелде білім алғысы келетін жеткіншектер нені ескеруі керек?

Бақытжан Əлжанұлы: Əрине, шетелге шыққысы келетін азамат, біріншіден, коммуникациялық тілді білу керек. Ағылшын тілін үйренуді қазірден бастап ойланбай қолға алған жөн. Екінші мəселе, өзіңнің мамандығыңды жақсы білу керек. Біздің елде қандай мəселе бар, мен оған қалай көмек бере аламын деп алдын ала зерделеген дұрыс. Бағыт айқын болу керек. Осы екі мəселені негізгі деп айтар ем. Қазір интернеттің арқасында үйде отырып-ақ əлеммен байланыс орнатуға болады. Сол мүмкіндікті іні-қарындастарым толық пайдаланса екен деймін. Жобалар өте көп. Неше түрлі оқу орындары, грант алмасулар… Дамыған елдер дамушы елдерге 50 пайыздық жеңілдіктер беріп жатыр. Соларды игеру керек.

Ұлан: Қазір қай жерде қызмет етіп жатырсыз?

Бақытжан Əлжанұлы: Қазір М.Айтхожин атындағы молекулалық биология жəне биохимия зерттеу институтында жұмыс істеймін. Жақында тағы бір жұмысты қолға алғалы отырмын. Болашақта да осы салада қызмет етсем деймін.

Əңгімелескен
Асылан ТІЛЕГЕН
«Ұлан» газеті. №30
25 шілде, 2017

1 ПІКІР

  1. Осындай жастар шетелде білім алып, елге келіп өз борышын ақтар. Болашақ бағдарламасының тиімді жақтары көп.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз