СӨЗТАНУ

Шілде айы. Күн шыжып тұр. Мұндай аптап ыстықта суға түсіп салқындаған рахат қой! Жеті жасар Нұржан мен қарындасы Айжанды ата-анасы қала сыртындағы көлге алып барды.

Көлдің маңы ығы-жығы халық. Бір жақсысы, бұл жерден балалар үшін арнайы хауыз ашылған екен. Ішінде сырғанақтың сан түрі бар. Жоғарыдан құлдилап келесің де, салқын суға күмп ете түсесің.

Нұржан мен Айжан суға шомылып, қызыққа әбден батты.

Бұлар көлге келгенде күн ашық болатын. Түс ауа ауа райы бұзылды. Аспанды қою бұлт торлады.

Балалардың судан шыққысы жоқ еді. Бірақ апалары:

– Болды енді! Үйге қайтайық. Жаңбыр келе жатыр, – деп оларды асықтыра бастады.

Әкелерінің жеңіл көлігі тас жолға ілінгені сол еді, жаңбыр тамшылай бастады. Күн күркіреп, көк жүзінде найзағай ойнады. Жаңбыр барған сайын үдеп, арты нөсерге ұласты.

Әкесі көлігін жолдың жиегіне қарай бұрды.

– Сәл күте тұрайық. Бұл өткінші жауын. Сәлден кейін басылады, – деді әкесі.

Көп ұзамай, жаңбыр саябырсыды. Бұлар қайтадан жолға түсті. Кенет зеңгір көктегі қара бұлттың шеті түріліп, күлімдеген күннің көзі көрінді.

– Алақай, кемпірқосақ! – деп дауыстап жіберді кішкентай Айжан.

Нұржан жалт бұрылып еді, оң қапталдағы қырқалардың үстінен доғадай иілген кемпірқосақ пайда болыпты.

– Мәшинені тоқтатыңызшы! Жерге түсіп, кемпірқосақты көрейік, – деді Нұржан әкесіне.

– Қайта-қайта тоқтай береміз бе? Терезеден қарай берсеңші, – деді әкесі.

– Тоқтай салыңызшы, енді! – деп Нұржан қиыла түсті.

Апасы да оны қостап:

– Тоқташы! Көрсін, – деді.

– Көрейік! Көрейік! – деп Айжан да қалысар емес.

Әкелері алдындағы айнадан бұларға көз қиығымен бір қарады да:

– Жарайды! – деп тежегішті басты.

Мәшинеден апыл-ғұпыл түскен балалар кемпірқосаққа қызыға қарап қалды.

Даладағы кемпірқосақ қаладан көргендерінен бөлектеу. Қалада көпқабатты үйлердің қалқасынан кемпірқосақтың төбесі ғана көзге шалынады екен. Ал мына кемпірқосақ көк пен жердің арасындағы түрлі-түсті алып көпірге ұқсайды.

– Қалай, әдемі ме? – деп әкелері Нұржан мен Айжанға жымия қарады. – Біліп жүріндер, бұл – кемпірдің қосағы.

–  «Қосағы»? Ол не? – деді Нұржан аң-таң болып.

–  «Қосақ» деп ұзын арқанмен екі-екіден байланған малды айтады. Ертеде бір кемпір болыпты. Ол түрлі-түсті қой-ешкісін осылай қосақтап, аспанға жаяды екен. «Кемпірқосақ» деген сөз осыдан шықса керек. Мұны мен сендер секілді бала күнімде әжемнен естігем.

Әкелерінің бұл сөзіне апалары күліп жіберді.

– Ойбу, сен ертегі айтып кеттің ғой. Кемпірқосақ – кәдімгі күн сәулесі. Ол жаңбыр тамшысына шағылысқанда осылай жеті түске боялады. Қызыл, қызғылт сары, сары, жасыл, көгілдір, көк және күлгін түстерге. «Кемпірқосақ» деген сөз осыдан шыққан, – деді де апасы Нұржанға бұрылды.

– Қане, санап көрші! Қанша түсті көріп тұрсың?

– Біреу, екеу, үшеу… Жетеу екен!

– Енді, өзің ойлашы! Түстерді қосақтап, екі-екіден біріктірсек, бір қосағы кем қалмай ма? Осы себепті, бұл табиғи құбылысты халқымыз «кем бір қосақ», яғни, «бір қосағы кем» деп атаған.

Апасы әңгімесін аяқтағанша, кемпірқосақ та сейіле бастады. Нұржандар көліктеріне қайта мініп, қалаға қарай тартып кетті.

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз