Астана

Сұлулықты сүйеді,
Жарқыраған жас қала.
Құрметті де киелі
Елордасы – Астана!

Жөні бөлек бас қала,
Қуанамыз өрлесе.
Болар ма еді Астана,
Тәуелсіздік келмесе.

Шалқытады көңілді
Сап түзеген сарайлар.
Аңсап осы өмірді,
Армандады талайлар.

Ойлар ойға ұштасып,
Өмір күйін ұқтырды.
Ұлы жоспар іске асып,
Ұлы қала тік тұрды.

Мыссал аз ба дәлелге,
Таң атады арайлы.
Астанамыз әлемге
Қазақ болып қарайды.

Өзен кешіп, тау асқан,
Біздің халық жарайды.
Атақ-даңқы Алаштың
Астана боп тарайды.

Келсең егер қалаға,
Бәрі қызық балаға.
Көз тоқтатып қара да,
Астананы арала.

АҚОРДА

Тұр, әнеки, Ақорда,
Биіктеген еңсесі.
Көз салады алаңға,
Президент кеңсесі.

Көк байрағы басында,
Үйлесіп тұр барлығы.
Жарияланар осында,
Елбасының Жарлығы.

Басшылары әр елдің
Кездесуге келеді.
Мықтылары әлемнің,
Сарыарқаны көреді.

Ақорданың шешімі
Елді өзіне қаратқан.
Ақорданың есігі
Арылмайды қонақтан.

Жалғап жолдың арасын,
Жақындайды көршілер.
Сенім Грамотасын
Әкеледі елшілер.

Бәрі қазақ жұртының
Айнымайтын досындай.
Ақ пейілді ұлтымның
Ақордасы осындай.

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ҚАҚПАСЫ

Мәңгілік Ел – ұлы арман,
Ол туралы толғашы.
Ізгіліктен құралған,
Жақсылықтың жалғасы.

Қазақ мәңгі болса деп,
Елін ері қорғаған.
Ұрпақ аман қалса деп,
Ар-намысын арнаған.

Халқымыздың қуаты
Қасиетін танытты.
Мәңгілік Ел мұраты
Қанымызда қалыпты.

Оң аяқпен атташы,
Куә болсын күліп күн,
«Мәңгілік Ел» қақпасы –
Жоралғысы үміттің.

Дәстүріңді сақташы,
Сөйтіп парыз өтелер,
«Мәңгілік Ел» қақпасы
Мәңгі жеңіс әкелер.

Елімді айтып мақтанам,
Мағынасын біліңдер.
Қасиетті қақпадан
Астанаға кіріңдер!

БӘЙТЕРЕК

«Бәйтерек» мұнара,
Жан-жағы жайнаған.
Көңілді бұл ара,
Балалар ойнаған.

Биіктен қарашы,
Көкжиек көктемдей.
Аспан-Жер арасы
Нұрланып кеткендей.

Ағады бұралып
Есілдің өзені.
Күлгенін қуанып
Жүрегің сезеді.

Ғажайып «жұмыртқа»
Мұнара басында.
Көруді ұмытпа,
«Қолтаңба» осында.

Таңбаға сенің де
Басылсын саусағың.
Бөленіп сенімге,
Аймала Жер шарын.

Ақша бұлт төбеңде,
Мол әсер аласың.
Ертегі әлемдер,
Жүргендей боласың.

Қызық көп не түрлі,
Көңілді бұл ара.
Ертегі секілді
«Бәйтерек» мұнара!

«Балдырған» журналы, №6
Маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз