Әжесі Аянға қолғап сатып әперді.

– Көрдің бе, қандай жақсы қолғап! Су өтпейді. Іші де жып-жылы, – деді әжесі қолғапты берерде.

Расында да қолғап жақсы болатын. Сырты су өтпейтін арнайы матамен қапталған. Түсі де әдемі. Көкпеңбек.

Аян жаңа қолғабын киіп, далаға шықты. Ауладағы ересектеу балалар топталып алып, аққала соғып жатыр екен. Аян солардың қасына барып қарап тұрды. Оның да аққала жасағысы келді. Бұл ғана емес, онымен жасты бірнеше бүлдіршін де аққала жасағандарға қызыға қарады.

– Біз өзіміздің аққаламызды жасайықшы! – деді бір кезде Нұрбол деген балақай.

– Қалай жасаймыз? Аналар секілді үлкен етіп жасай аламыз ба? – деді Аян.

– Мейлі, кішкентай бола берсін! Ең бастысы, өзіміз жасаған аққала болады, –  деді Арман.

Сөйтіп, үш дос өз аққалаларын жасауға кірісті. Олар үлкендерден көргендерін істеді. Қарды домалатып, аққаланың денесін, басын жасады. Қолын – бұтақтан, мұрнын сәбізден істеді. Әп-әдемі, кіп-кішкентай аққала көп ұзамай-ақ дайын болды.

Балалар өздері жасаған аққалаға сүйсіне қарады. Үлкен бір істі бітіргендей мәз болысты.

– Жарайды, мен үйге қайтайын. Әжем іздеп жатқан шығар? – деді Аян достарына. Артынан әлденені іздегендей жан-жағына қарады.

– Нені іздедің? – деді Нұрбол.

– Қолғабымды. Түсіріп алдым ғой деймін…

Балалар қолғапты ары іздеді, бері іздеді, таба алмады. Бір кезде бұлардың қасына шанасын сүйретіп Нұрболдың қарындасы Айым келді.

– Аян, сенің қолғабыңның қайда екенін білем, – деді Айым.

– Қайда?

– Анау аққаланың ішінде. Жаңа қарды домалатып жүргенде  ілесіп кеткен болатын.

– Қап! Қап!

– Енді не істейміз? Аққаланы бұзатын болдық-ау…

Балалар Аянға аңтарыла қарады.

– Жоқ! – деді Аян оларға. – Бұзбай-ақ қояйық. Көктемде қар ериді. Аққаламыз да еріп кетеді. Қолғабымды сол кезде тауып аламын.

Аянның бұл сөзін естігенде балалар қуанып кетті. Өздері жасаған аққалаға қарады. Кішкентай аққала оларға: «Мені бұзбаңдаршы! Қолғапты жоғалтпай, көктемге дейін сақтаймын» деп тұрғандай көрінді.

 

 

«Балдырған» журналы, №1
Қаңтар, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз