37 жастағы ардагер футболшы Әлібек Бөлешов спорттық мансабын аяқтады. Енді ол «Оқжетпес» клубының әкімшілік қызметіндегі функционерлердің бірі болмақ.

Футболды театрға теңеп жататынымыз бар, сол театр қойылымында басты рөл ойнайтын актерлер болады. Футболда да елдің назарын аударып, ойынды өз қолына алатын ойыншылар аз емес. Сол театрға көрермендер сүйікті актерін көру үшінде барады, мұндай жағдай футболда да жиі кездеседі. Мұнда жанкүйерлердің күтетіні гол. Гол соғылған кез – спектакльдің шарықтау шегі іспетті ең керемет уақыт.

Әттең осындай голдарды соғатын мерген шабуылшылардың аздығы қазіргі қазақ футболының басты мәселерінің бірі болып тұр. Қазақ футболында қарсы команда қорғаушыларының аяқтарын бір етікке тығып, тыным бермейтін бір шабуылшы болды. Голды көп соқпаса да, қарсыластар қақпасының алдын шаңдатып, қолды-аяққа тұрмайтын екі шабуылшы болса, соның бірі, біреу болса, ол – Әлібек Бөлешев еді.

Әлібек Бөлешев 1981 жылы сәуірдің тоғызы күні Алматы облысында дүниеге келген. Нұрбол Жұмасқалиев, Айдар Күмісбеков, Мұрат Тілешев сияқты ойыншылармен қатар футболдың әліппесін Әлібек те «Намыс» командасында үйренген.

Өзінің спорттағы ғажайып кезін ел футболының символы болған «Қайрат» командасының сапында өткізді. Алматыда жүргенде премьер-лигада 75 гол соғып, ұзақ уақыт бұл рекордты ешкім жаңарта алмады. Кейіннен тек Жерар Гоу базып озды. Жалпы, «Қайраттың» ойыншысы ретінде 90 доптың авторы атанған.

Әлібектің атағы 2000 жылдардың бас жағынан шыға бастады. Футболдағы карьерасын алты жыл бойы 2006 жылға дейін тек «Қайраттың» қатарында өткізді.

«Қайраттан» қайрат кетіп, футболшылар тарыдай бытырап, жан-жаққа тарай бастағанда Әлібек те өзінің несібесін өзге командадан – «Ақтөбеден» іздеуді жөн көрді.

«Ақтөбеде» небәрі 16 ойын өткізіп, қақпадан бір-ақ рет саңылау тапқан екен. Бір жылға жетер-жетпесте қайтадан «Қайратқа» оралады. Арада бір жыл өткен соң «Ордабасы» қызығушылық танытып, оны өз қатарына шақырады. Бірақ жарақаты бар, басқасы бар, Әлібек Шымқалада көп тұрақтап қала алмады. Маусымның алғашқы жартысында өткізген алты ойында екі гол соғып, трансферлік терезе ашылған кезде мұнайлы өңірге жол тартты.

«Атырау» сапында маусым аяқталғанша ғана доп тепті. Жасыл алаңға «Атыраудың» жейдесімен тоғыз мәрте шығып, жалқы голмен шектеліп, батыстан да кетті.

Оның бұған дейін де бір рет бутсысын шегеге ілгені бар. 2010 жылы «Тараз» сапында 11 ойын өткізіп, футболдағы карьерасын аяқтайтынын мәлімдеген. Сол кезде соңғы жылдары жарақатының салдарынан ешбір клубта тұрақты өнер көрсете алмай жүргендіктен футболды біржола қойғанды жөн көрген шығар. Ол өзінің футболдан шаршағанын, шаршамас еді-ау, алайда бір қаладан екінші қалаға ауыса бергеннен жалыққанын айтып, ақтарылған болатын. Бірақ…

2011 жылы «Сұңқар» клубының бапкері, «Қайрат» және Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Асхат Құлшынбаев Әлібекті командаға шақырады.

Сөйтіп бір жарым жылдан кейін Әлібек үлкен футболға қайта оралады. 2011 жылдың сәуір айында «Сұңқар» клубымен келісімшартқа отырады. Бұл кездері «Сұңқар» бірінші лигада өнер көрсетіп жүрген болатын. Алдына үлкен мақсат қойған Қаскелең клубы маусым соңында өз дегендеріне жетіп, премьер-лигаға шығады. Ол «Сұңқар» клубы шабуылшыларының көшін бастады. Әлібек осы уақыт аралығында «Сұңқар» сапында 38 ойын өткізіп, 21 гол соққан еді.

2013 жылы Көкшетаудың «Оқжетпесіне» ауысты. Сол тұста команда бірінші лигада үшінші орын алды. Кейіпкеріміз 14 гол соқты. Ал 2014 жылғы маусымда Көкшетау командасы бірінші лигада топ жарып, премьер-лигаға шықты. Арада бір жыл өткенде бас бапкер Владимир Муханов «Оқжетпесті» өз тарихында алғаш рет премьер-лигада бесінші орынға дейін көтерді. Бөлешев «Муханов командасының» капитаны болды. Жалпы, Көкшетау клубында 6 маусым ойнап, 141 матчқа қатысқан. Барлық турнирде қарсыластың қақпасын 58 рет нысанаға алып, «Оқжетпестің» тарихындағы ең үздік сұрмерген атанып үлгерді.

Былтыр қыркүйек айында Қарағандының «Шахтер» командасымен өткен кездесуде өзінің премьер-лигадағы 100-голына көрімдік сұрады. Еліміздің жоғары дивизионында 332 матчқа қатысқан.

Ұлттық құрамада

Ол 2002-2004 жылдар аралығында ұлттық құрама шақырылып тұрды. Алайда Бөлешов ұлттық құраманың жейдесімен алаңға 9 рет шығып, бірде-бір рет гол соға алмай кетті. Бұл, әрине, өкінішті жағдай.

Сол кездері Әлібектің футболдағы нағыз жұлдызды шағы болғанымен, гол соғу бақыты бұйырмапты. Кейіннен келген бапкерлердің ешқайсысы Әлібекті ұлттық құрамаға шақыру қажет деп таппады.

Жалпы, Әлібек Бөлешев – жасыл алаңда өз мүмкіндігін толық көрсете алмаған ойыншы. Әйтпесе, бұдан да жоғары деңгейде ойнай алатын қабілеті бар еді. Оның әлеуетін толық жүзеге асыратын бапкер болмады.

Шетелдік бапкерлер «бойы аласа» деп тыжырынса, жергілікті бапкерлер команданың ойынын Әлібекке ыңғайлап, тактикаларына өзгеріс енгізе қоймады. Бәлкім жасыл алаңдағы өз орнын таппады ма екен?..

Десек те, Ә.Бөлешов – қазақ футболының тарихында өзінің қолтаңбасын қалдырған ойыншы. «Қайраттың» тәуелсіздік алғаннан кейінгі екінші мерген шабылшысы.

Биыл премьер-лигадағы мергендердің тізімін қарап отырсаң, алғашқы ондықтан бірде-бір қазақ жігітің таппайсың. Тіпті, төлқұжаты қазақстандық шабуылшының өзі біреу-ақ. Соған қарап, Әлібек Бөлешов, Мұрат Тілешев, Нұркен Мәзбаев секілді мергендер енді қашан шығады деген ой келеді…

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз