Азия құрлығындағы танымал футболшылардың бірі, өзбекстандық Сервер Джепаров карьерасын аяқтайтын тұста Қазақстанның «Жетісу» клубына ауысты. Назарларыңызға 35 жастағы ардагер футболшы жайлы қызықты мәліметтерді ұсынамыз.

Қазақтар көп тұратын ауылда дүниеге келген

Сервер 1982 жылы Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Шыршық қаласында дүниеге келген. Бұл Қазақстанмен шекаралас аймақта орналасқан. Сондықтан ол жерде қазақтардың саны өте көп. Джепаровтың футболдағы жолы осы Шыршықтан басталған. Бірақ ол футболдан бұрын гимнастикамен айналысқан. Сондай-ақ музыка мектебінде оқыған.

Менің балалық шағым Шыршықта өтті. 5-9 жас аралығында гимнастикаға қатыстым.Одан кейін музыка мектебіне барып, фортепиано сыныбына қабылдандым. Үйге жақын жерде футбол алаңы бар еді. Сол жерде балалармен жиі доп теуіп тұратынбыз. 9 жасымдда футболшы болғым келді. Өйткені, футболды жақсы көрдім. Әкем бала күнімде теледидардан футболдан көрсеткенде көзімді алмай қарап отырады екенмін. Сол кезде бар-жоғы 3 жаста  болғанмын ғой, – дейді Сервер Джепаров өзбекстандық makebiz.uz сайтына берген сұхбатында.  

«Пахтакорда» бағы жанды

Ол кәсіби футболшы ретінде ең алғашқы ойынын 17 жасында Наманганның «Навбахор» сапында өткізді. Осыдан кейін Өзбекстанның ең атақты командасы «Пахтакордан» шақырту алады. Бұл клуб сапында 6 жыл өнер көрсетті. 2002-2007 жыл аралығында 152 ойын өткізіп, 64 гол соққан. Сервер әлі күнге «Пахтакордың» үздік бомбардирлерінің бірі. Айтпақшы, 2007 жылы Ташкенттің клубы сапында Ресейде өтетін «Достастық» кубогын жеңіп алған.

Сосын Джепаровты жаңадан құрылған Ташкенттің тағы бір командасы «Бунедкор» шақырды. Бұл кезде аталған командаға Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Кәрімовтің қызы Гүлнәр Кәрімова көп инвестиция салған болатын. Соның арқасында бразилиялық Зико, кейіннен Луис Фелипе Сколари секілді танымал бапкерлер келіп жаттықтырды. Команда сапында «Алтын доптың» иегері Ривалдо ойнады.

2008 жылы Сервер19 гол соғып, Өзбекстанның үздік бомбардирі атанды. Одан бөлек, «Жыл футболшысы» болып танылды. Мұндай наградаға арада екі жыл өткенде тағы да қол жеткізді.

«Азияның екі дүркін үздік футболшысы»

2008 жыл жемісті болғаны соншалық, ол алғаш рет «Азияның үздік футболшысы» атанды. Өзінің айтуынша, осындай тосындай сый болады деп күтпеген.

– Өте тосынсый болды. Маусым соңында отбасыммен демалысқа барамын деп жоспарлап қойғанмын. Тіпті, Малайзияға билет те алынған. Бірақ «Бунедкор» клубының жетекшісі хабарласып, Азияның бес үздік ойыншысының қатарына кіргенімді айтты. Сол себепті Шанхайдағы марапаттау рәсіміне бару үшін демалысты шегру қажет екендігін ескертті. Бірақ босқа бармаған екенмін. Дауыс берудің қорытындысы бойынша, бесеудің арасында менің бағым жанып, «Азияның үздік футболшысы» деген мәртебелі атаққа қол жеткіздім, – дейді футболшы.

Бұдан кейін ол 2011 жылы екінші рет «Азияның жыл футболшысы» болды. Жалпы, аталған награда сары құрлықта 1994 жылдан бері табысталып келеді.

Корея мен Сауд Арабияда доп тепті

Өзбекстанда танылып қалған футболшыға 2010 жылы Кореядан шақырту келеді. Жергілікті «Сеул» клубының жейдесін киеді. Трофей ұту жағынан оның жолы болғыш. Алғашқы маусымда-ақ Оңтүстік Корея чемпионы атанып үлгерді. Сосын Сауд Арабиясынан жақсы ұсыныс түседі. 2011 жылы бұл чемпионатты да ұтады. 2014 жылы Джепаров Корея кубогына қол жеткізді. Бұл жолы «Соннама» командасы сапында.

Ауылында «Барса» деген мейрамхана ашқан

Сервер «Барселонаның» оның көшбасшысы Лионель Мессидің ойынына қызығады екен. Содан бөлек, өзі туған Шыршықта «Барса» деген мейрамхана ашыпты.

– Маған Мессидің техникасы ұнайды. Сосын Лионельдің бір артықшылығы, ол өзі үшін ғана ойнамайды. Командаластарына жиі нәтижелі пас шығарды. Ал жалпы «Челси» командасының жанкүйерімін. Оның алдында Дель Пьеро ойнаған тұста «Ювентусқа» бүйрегім бұратын. Мейрамханаға келетін болсақ, жылжымайтын мүліктен түскен табыстың есебінен аштым. Ол іспен айналысып жатқан адамдарым бар, – дейді футболшы.

Өзбекстан құрамасында ең көп ойын өткізген

2000 жылдардың ортасынан бастап, 2015 жылдың күзіне дейін Сервер Джепаров Өзбекстан құрамасының капитаны болды. Ұлттық құрама сапында 126 ойын өткізді. Бұл – рекорд. Әзірге көрші елдің құрамасында осыншалықты көп алаңға шыққан футболшы жоқ. Одан кейінгі орындарда карьераларын аяқтаған Қазақстанда доп тепкен Тимур Кападзе (119) мен Александр Гейнрих (98).

Бір қызығы, аталған үш ойыншы да құрамадағы дебюттік кездесулерін 2002 жылы Словакиямен өткен кездесуде бірге бастаған.

Кейіпкеріміз құрама сапында 25 гол соққан. Осы көрсеткіш жағынан Максим Шацких (34), Александр Гейнрих (32), Мирджалол Қасымовтан (30) кейін төртінші орында тұр.

«Сегізінші нөмір»

 

Сервер сегізінші нөмірді жақсы көреді. Барлық клубта дәл осы нөмірмен өнер көрсетіп жатқан. Өзінің айтуынша, тіпті телефон нөмірі, e-mail поштасы, тіпті көлігінің нөмірінде де төрт «сегіздік» бар екен.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №32
7 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз