Биыл 4 жылда өтетін жазғы Азия ойындары Индонезияның Жакарта мен Палембанг қалаларында өтеді. Осымен XVIII мәрте ұйымдастырылып отырған додаға сары құрлықтың 45 елі қатысады.

Азия ойындары 18 тамыз күні басталды. Қазақстаннан Индонезияға 440 спортшы аттанды. Олар 25 олимпиадалық спорт түрінен сайысқа түседі.

 Хиросимадан Жакартаға дейін

Азия ойындарында 462 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде 363-і олимпиадалық спорт түрінен үлестіріледі. Биыл 4 жылда бір өтетін Азия ойындары бағдарламасынан командалық нысана көздеу және стенд көздеу мен бокстың үш ауыр салмағы алынып тасталды.

Қазақстан жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері қатыса бастады. Хиросимадан Жакартаға дейінгі аралықта 438 медаль жеңіп алған.

Бұған дейін қатысқан 6 жазғы Азия ойындарында Қазақстанға ең көп алтынды жеңіл атлеттер сыйлаған екен (22 алтын). Ал жалпы медаль саны жөнінен ату спортының өкілдері көшбастап тұр (70 медаль).

Отандық спортшылар арасында бес дүркін Азия ойындарының чемпионы атанған спортшы да бар. Ол – байдарка және каноэ есуші Константин Негодяев. Теміртаулық спортшы Хиросимада үш дүркін чемпион атанса, Бангкокта тағы екі алтынға қол жеткізді. Ал су добынан Евгений Жиляев  4 мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Ватерболшы 1994, 1998, 2002, 2010 жылдары құрамамен бірге алтын жүлдеге ие болды.

Жеңіл атлет Ольга Рыпакованың еншісінде 5 медаль бар. Оның үшеуі – алтын. Қосымша бір күміс пен бір қоладан бар.

Айтпақшы, Ольга Жакартада жаңа бір рекорд орнатуы мүмкін: Қазақстан спортшылары арасында қатарынан 4 Азия ойындарын ұтқан ешкім жоқ.

Осы ретте Қазақстанға ең көп медаль сыйлайды-ау деген спорт түрлерінің арасында үшеуіне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.

«Спорт падишасының» өкілдері ешқашан 3 алтыннан төмен түспеген

 Жоғарыда 1994 жылдан бері Қазақстан қоржынына ең көп алтын жүлдені сыйлаған жеңіл атлеттер екенін жаздық. «Спорт падишасының» өкілдері әрбір Азия ойындарында кемі 3-4 алтыннан алып отырған. 1994-2014 жылдар аралығында Қазақстан жеңіл атлеттері Азия ойындарында жалпы саны 61 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 22-сі алтын, 21-і күміс,18-і қола.

Аззя ойындарында жеңіл атлеттерден Олег Сакиркин (1994, үш қарғып секіру), Ольга Шишигина (1994 және 1998 жылдары, 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Игорь Потапович (1994 және 1998 жылдары, сырықпен секіру), Сергей Корепанов (1994, спорттық жүріс), Сергей Арзамасов (1998, үш қарғып секіру), Наталья Торшина (1998 және 2002 жылдары, 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Валерий Борисов (2002, 20 шақырымға спорттық жүріс), Григорий Егоров (2002, сырықпен секіру), Дмитрий Карпов (2006 және 2010 жылдары, онсайыс), Ольга Терешкова (2006, 400 метрге жүгіру), Марина Аитова (2006, биіктікке секіру), Ольга Рыпакова (2006, 2010, 2014 жылдары, жетісайыс пен үш қарғып секіру), Маргарита Мұқашева (2010 және 2014 жылдары, 800 метрге жүгіру), Ольга Сафронова (2014, 200 метрге жүгіру) топ жарған.

Биыл ел намысын 33 жеңіл атлет қорғайды. Ұлттық құраманың бас бапкері Григоргий Егоров Жакартада ел намысын қорғайтын жеңіл атлеттердің толық тізімін бекітті. Құрама сапына 33 атлет (15 ер, 18 әйел) еніп отыр. Олардың 28-інің шығынын Ұлттық Олимпиада комитеті көтерсе, қалған бесеуін аймақтық басқармалар қаржыландырмақ. Қазіргі кезде олар Малайзияда жаттығып жатыр. Жеңіл атлетика сайыстары 25-30 тамыз аралығында өтеді.

Жеңіл атлеттерден үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға, спринтер Виктория Зябкинаға, ядро серпуші Иван Ивановқа, 4х100 және 4х400 метрлік эстафета құрамаларына сенім артып отырмыз.

Боксшылардан үміт көп

Азия ойындарында Қазақстанға медаль сыйлау жағынан боксшылардың үлесі көп. Өкінішке қарай, биыл жарыс бағдарламасынан ерлер арасындағы үш салмақ қысқартылды. Атап айтқанда, ерлер арасындағы 81 келі, 91 келі және +91 келі, ал әйелдер арасындағы +75 келі салмақтар Азиада бағдарламасына енбей қалды.

Енді Азия ойындарында боксшылар тек 10 салмақ дәрежесінде бақ сынайды. Ерлер арасында жеті салмақта (49 келі, 52 келі, 56 келі, 60 келі, 64 келі, 69 келі, 75 келі), ал әйелдер арасында үш салмақта (51 келі, 57 келі, 60 келі). Бокстан жалпы 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарында бокс додасы 22 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтеді.

Жакартада Қазақстан намысын мына боксшылар қорғайды: Теміртас Жүсіпов (49 келі), Азат Махметов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Бекдәулет Ибрагимов (64 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі).

– Үш салмақты алып тастаған соң, екі алтын жеңіп алуды жоспарлап отырмыз. Ешқайсысын жеке-дара бөліп айтпаймын. Бәрі де танымал боксшылар. 4-5 медальға қол жеткізсек, мақсатымыздың орындалғаны. Азия ойындарына қатысатын жеті боксшының алтауы Азия ойындарында алғаш рет бақ сынайды. Тек Қайрат Ералиевтің тәжірибесі бар. Дегенмен, олар басқа халықаралық додаға қатысып, әбден ысылған жігіттер. Ислам ойындары, Азия чемпионаты, әлем чемпионаттарында өнер көрсеткен. Сондықтан олар елдің абыройын асқақтатады деп сенемін. Жакартада шаршы алаңға шығатын 7 боксшыны бапкерлер штабы таңдады. Азия құрлығында кіші салмақтарда бәсекелестік өте жоғары. Соған қарамастан Қазақстан жанкүйерлерін жеңіспен қуантамыз деп ойлаймын, – дейді бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов.

Инчондағы жетістікті қайталасақ…

Осыдан 4 жыл бұрын байдарка және каноэ есу спортынан еліміздің атлеттері медальды сыпырып алды десе де болады. Оның бәрі Беларусьтен келген бас бапкер Андрей Шантарович пен төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан қазіргі кездегі мемлекеттік жаттықтырушы Қайсар Нұрмағамбетовтің арқасы.

Инчонда Евгений Алексеев және Алексей Дергунов, Михаил және Тимофей Емельяновтар, Наталья Сергеева және Ирина Подойникова, Инна Клинова алтыннан алқа тақты. Күміс пен қола да жетерлік.

Ал биыл Азия ойындарына бұл спорт түрінен мына атлеттер қатысады: Евгений Алексеев, Алексей Дергунов, Илья Голендов, Андрей Ергучев, Сергей Токарницкий, Тимур Хайдаров, Мерей Медетов, Тимофей Емельянов, Сергей Емельянов, Ирина Подойникова, Зоя Ананченко, Инна Клинова, Анастасия Березовская, Виктория Копьева, Светлана Усова.

Сары құрлықта жүлдені уыстап алып жатсақ та, бұл қандай спорт екенін толық ажырата алмайтындар біздің елде өте көп. Сондықтан осыған аз-кем түсініктеме беріп кеткенді жөн көріп тұрмын.

Байдарка – жіңішке әрі жеңіл жарыс қайығы. Негізінен спортшының қол күші арқылы қозғалады.

Каноэ, оның байдаркадан айырмашылығы мұнда жүзуші қайықты бір тізерлеп тұрып, бір жақты ескекпен жүргізеді.

Байдарка және каноэ есу спорты Олимпиада ойындарына 1936 жылы енгізілген.

Байдарканың халықаралық атауы қысқартылып «К» әрпімен белгіленеді. Оның мынадай түрлері бар:

K-1 200 м (бір кісілік), ерлер

К-2 200 м (екі кісілік), ерлер

К-1 1000 м (бір кісілік), ерлер

К-2 1000 м (екі кісілік), ерлер

К-4 1000 м (төрт кісілік), ерлер

К-1 200 м (бір кісілік), әйелдер

К-1 500 м (бір кісілік), әйелдер

К-2 500 м (екі кісілік), әйелдер

к-4 500 м (төрт кісілік), әйелдер

Каноэның халықаралық атауы қысқартылып «С» әрпімен белгіленеді. Оның мынадай түрлері бар:

C-1 1000 м (бір кісілік,  салмағы 16 келі, ұзындығы 520 см)

C-1 200 м ( бір кісілік, 16 келі,  520 см)

C-2 1000 м (екі кісілік 20 келі,650 см).

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №34
21 тамыз 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз