Индонезия астанасы Жакарта қаласында өтіп жатқан XVIII Азия ойындары аяқталуға жақын. Біз «Ұлан» газетінің оқырмандарына төрт жылда бір өтетін құрлық додасында ерекше жеңістерімен қуантқан спортшы қыздар жайлы баяндамақпыз.

Көркем гимнастикадағы «көркем қыздар»

Әлия Жүсіпова, Анна Алябьева секілді қыздарымыз кезінде сары құрлықта ешкімге есе жібермейтін. Одан кейін 2014 жылы Инчонда олардың ізбасарлары қола жүлдемен шектелді. Енді міне, жаңа буынның өскенін байқап отырмыз.

Басқа-басқа, Әлияның өзі баптап жүрген қыздар. Жакартадағы Азия ойындарында алтынға сусып отырған жанкүйерлердің көңілін бір көтеріп тастаған көркем гимнастиканың қыздары.

Кезінде Бердібек Соқпақпаев «Он алты жасар чемпион» деп кітап жазғанын жақсы білесіздер. Соқпақпаев айтпақшы, 16 жастағы мектеп оқушылары аға-апаларының шамалары жетпей жатқан алтынға қол созды.

Құрамында Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова бар Қазақстан көркем гимнастика құрамасы Азия ойындарында топ жарды. Олар Жакартадағы додада 159,850 ұпай жинады. Екінші және үшінші орынды орынды Өзбекстан (155,300) мен Оңтүстік Корея (151,100) құрамалары бөлісті.

 – Шынымды айтсам, біз елімізге, жанкүйерлерге қуаныш сыйлау үшін барымызды салдық. Бұл жеңіске жету үшін қаншама тер төктік… Бүгін тек қана жеңіске жетеміз деген ой болды. Қарсыластар да осал емес. Дегенмен, біз мықты екенімізді дәлелдедік,   –дейді жарыстан кейін команда мүшесі Алина Әділханова.

Қарағанды облысында дүниеге келген, бірақ қазір Шымкенттің атынан қатысып жүрген Алина  Әділханова жекелей көпсайыста да чемпион атанды. Спортшы 4 элементпен өнер көрсетіп, жалпы саны 66,500 ұпай жинады.  Күміс медальға өзбекстандық Сабина Ташкенбаева (65,850) ие болса, қола жүлде Қытай спортшысы Ятинг Жаоға (65,550) бұйырды.

Өте салмақты әрі жауапты жарыс. Кешегіге қарағанда жауапкершілік жүгі өте ауыр болды. Тек қана кілемде емес, кілем сыртында бір ауыр жүк тұрды десек болады. Қарсыластар сыртыңнан сенің реакцияңды бақылап отырады. Доптан кейін, өздеріңіз көргендей, Алина екінші орында болды. Ол да, мен де қатты қобалжыдық. Дегенмен, оған дауыс көтеріп, көңіл күйін түсіргім келмеді. Себебі қызымыздың әлі екі сайысы бар екенін, оның өзі көп нәрсе шешетінін түсіндім. Сондықтан «не істеу керегін білесің, қолыңнан не келеді, соны істе; жарысты бастадың, енді шегінерге жол жоқ» деп ақылымды айттым. Ол айтқанымды екі етпей, қолынан келгенін аянып қалмай, Құдайға шүкір, тапсырманы мүдірмей орындап шықты. Балалар үшін екі күн қатарынан осындай салмақты жарысқа жауапкершілікпен қатысу өте қиынға соғады. Десе де, бұл қиындықтарға қарамастан мен бүгін өзімді бақытты сезініп тұрмын. Бақыттымын. Себебі оқушым дәл менің нәтижемді қайталап қуантты. Өте ризамын, дейді көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Жүсіпова.

Әлина Әділханова 2001 жылы 26 қыркүйекте Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қазіргі кезде Шымкенттің намысын қорғап жүр. Төрт дүркін Азия чемпионы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Енді міне, екі дүркін Азия ойындарының чемпионы атанып отыр.

Спортшы Prosports сайтына берген сұхбатында неліктен Шымкенттің атынан қатысып жүргенін айтқан.

– Мен қазір Шымкент қаласында тұрамын. Мұнда жақсы спорт кешені салынған. Өкінішке қарай, Қарағандыда гимнастикаға ешқандай жағдай жасалмаған. Шешімді өзімді қабылдадым. Себебі жоғары жетістікке жету туған қаламнан кету керек екенін түсіндім, – дейді Алина.

Декреттік демалыста бабын жоғалтпағандар

Осы Азия ойындарында екі бірдей спортшымыз декреттік демалыстан кейін де жүлдеге таласатындарын дәлелдей алды.

Каратэші Гузалия Ғафурова екі жыл декреттік демалыста болып, уақытша спорттан қол үзген. Соған қарамастан ол Жакартадағы Азия ойындарында 68 келіде чемпион атанды.

Отандасымыз финалда қытайлық Танг Линглингті жеңді. Қорытынды есеп – 2:0. Оның алдында Ғафурова Өзбекстан, Ирак және Вьетнам спортшыларынан басым түскен.

Бір қызығы, бұл екі қарсылас 2014 жылы Инчондағы Азия ойындарының финалында да кездескен. Ол кезде Гузалия үздік шыққан.

Азия ойындарының алтынын алу оңай болған жоқ. Себебі қабырғамды жарақаттап алдым. Азиада секілді дүбірлі додада жарақатымды сылтау қылғым келмеді. 2014 жылғы Азия ойындарында мұндай ірі жарысқа алғаш рет қатысқандықтан, көп нəрсенің ретін білмедім. Ал биыл бəрі де мен үшін айдан анық болды. Шыны керек, мұндай жарақатпен алтын аламын деген ойға шамамен 70 пайыздай ғана сенімді болдым. Алтын медаль менің барлық жарақатыма ем болды, дейді Гузалия.

Спортшы Инчон мен Жакартаның арасында ана атанып үлгерген. Кішкентай қызы бар. Ал жаттығу жұмыстарына қаңтар айында кіріскен. Аз уақыттың ішінде қайта бабына келіп, ел мерейін асырды. Енді ол Токиодағы Олимпиада ойындарына дайындалатынын айтып отыр. Айтпақшы, каратэ 2020 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген.

Одан кейін жеңіл атлетикадан 800 метрге жүгірген Маргарита Мұқашева қоржынға күміс медаль салды.

Маргарита финалда мәреге 2.02.40 минутта жетті. Жерлесіміздің алдын тек қытайлық Чуню Ван орап кетті –2:01.80. Үштікте Бахрейн атлеті Манал Эльбахруи бар (2:02.69 мин.).

Маргарита 2016 жылы Рио Олимпиадасынан кейін тұрмысқа шығып, бөпелі болған. Ол жаттығу жұмыстарына тек былтыр күзде кірісті. Ал Жакартадағы Азия ойындары – оның декреттік демалыстан кейін алғашқы ірі халықаралық жарысы.

32 жастағы атлет бұған дейін Азия ойындарында 2010 және 2014 жылдары топ жарған. Сондай-ақ 2010 жылы Гуанжоуда 4х400 метрлік эстафетада күміс медаль еншілеген.

Спортшы бұған дейін берген сұхбатында отбасылық өмір мен спорттық карьерасын бірге алып жүруге тырысатынын айтқан:

 Жаттығу процесі мен отбасылық өмірді бірге алып жүру өте қиын. Бірақ үлгеруге тырысамын. Ұлым Роман тамыздың соңында бірге толды. Алматыдағы Қосанов Мемориалында трибунада отырып, анасына қолдау көрсетті. Ал жалпы, спортқа оралғаннан бері барлық жаттығуда 100 пайыз беріліп дайындалуға тырысамын. Өзімді ешқашан аяған емеспін. Күшімді соңында дейін жұмсайтындардың қатарынанмын. Кейде, тіпті, артық кетіп қалатыным бар. Әзірге барлығы жоспар бойынша келеді. Жаттығу кестесі, қандай жарыстарға қатысу басқа да мәселелермен бапкерім айналысады. Мен оған толықтай сенемін, дейді Маргарита.

Әттеген-ай…

Азия ойындарында әттеген-ай деп, бокстан 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиевтің, дзюдодан Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовтің, жеңіл атлетикадан Азияның бірнеше дүркін чемпионы Виктория Зябкинаның жеңілісін айтуға болатын шығар. Боксшы Ералиев өзінің жеңілгенін мойындамаса, соңғы екеуі жарақаттары кедергі келтіргенін айтып отыр.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан газеті», №35
4 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз