Кинотеатрларда «Анамды іздеймін» деген қырғыз фильмі көрсетіліп жатқанын естідік. Бауырлас елдің балалары қандай кино көреді? Бала актерлерінің шеберлігі қандай? Бізді осындай сауалдар мазалай бастады. Фильмнің атауына қарап, мұңды, қайғылы болар деп ойлағанбыз. Олай болмай шықты… Күліп отырып, жылатты, ойлантты…

Қырғыз фильмінің біздің елде көрсетілуінің себебі бар екен. Басты кейіпкердің бірін актер Тəуекел Мүсілім ойнайды. Кино Азамат деген жетім баланың тағдыры туралы. Қапыда ата-анасынан айырылып, балалар үйінде өседі. Кезекті төбелес кезінде басынан жарақат алып, жадынан айырылып қалады. Бірақ, бұл есте сақтау қабілетіне əсер етіп, оқығанын əп-сəтте жаттап алатын дəрежеге жетеді. Азамат осы қасиетінің арқасында дос та, дұшпан да, көп ақша да табады. Алайда, бала жүрек ана құшағын аңсағанда, көңілі құлазиды. Анасын есіне түсіре алмай қиналады. «Анам Америкада жүр» деп өзін жұбатады. Бар ойы – Америкаға бару. Əйтеуір, арманына жетіп, Америкаға барады…

Кинода екі түрлі тағдыр баяндалады.

Данияр өзінің сəтсіздігіне, қайыршы күйге түскеніне ата-анасын кінəлайды. Əкесінің «ағаң сияқты болмадың» деп салыстырғаны жанына батыпты. Ал Азамат санасынан өшіп кеткен анасының жүзін қайта қалпына келтіргісі келеді…

Біз Азаматпен əлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, өзі туралы айтып беруін сұрадық. Ол ə дегеннен келісе кетпеді. «Алдымен əкемнен рұқсат аласыздар ма?» деп өтініш білдірді…

А.Уланов: Бішкек қаласындағы №6 мектептің 10-сынып оқушысымын. Отбасымда ата-анам жəне екі əпкем бар. Сабақты өте жақсы оқимын. Футболшымын. Əзілқой əртіспін. Көп адамдар «мұның барлығына қалай үлгересің?» деп сұрайды. Адамның ынтасы, ықыласы болса, кез келген нəрсеге үлгереді.

Ұлан: Алғаш рет сахнаға шыққан сəтің есіңде ме?

А.Уланов: Əрине, есімде. 5-сыныпта оқып жүргенде мектепте көңілді тапқырлар клубына (КТК) оқушылар арасында іріктеу жүріп жатқанын естідім. Мектептің КТК командасына кез келген бала қабылданбайды. Маған «сахнаға шляпа киіп шық» деді. Шықсам, жұрттың бəрі күледі. Іріктеуге «Тамашоу» клубының жігіттері де келіпті. Мені ұнатса керек, командаға алды. Ең бірінші рөлім – «Шрек» мультфильміндегі мысық. КТК дегенді түсініп тұрғам жоқ. Сахнаға шық, ойна десе, жүре беріппін. Сахнаның арқасында ел мен жер көрдім. Сочи, Мəскеу, Астана, Алматы қалаларында болдым.

Ұлан: Ал киноға қалай келдің?

А.Уланов: Ең алғаш рет «Сен эмне қылмақсың?» киносында эпизодтық рөлге түстім. Түсіру тобы осындай киноға актер іздейтінін айтыпты. Шақыртуды бірден қабыл алдым. Мəтін жаттаудан да қиналған емеспін. «Анамды іздеймін» фильміне Азаматтың рөліне кастинг болған жоқ.  Өйткені, фильмнің басы-қасында жүрген ағалар мені жақсы таниды. Бақыт ағам өте жақсы кино түсірілетінін, түсіру жұмыстары АҚШ-та өтетінін айтты. Əрине, қатты қуандым. Ағаларымның сенім білдіргеніне ризамын. Барынша шынайы, əдемі ойнауға тырыстым.

Ұлан: Ата-анаңның өнерге қатысы бар ма?

А.Уланов: Жоқ, олар басқа саланың адамдары.

Ұлан: Актер болғың келетінін қай кезде түсіндің?

А.Уланов: Үшінші рет киноға түстім. Сол кезде бұл істің өзіме ұнайтынын түсіндім.

Ұлан: Ата-анаңның көзқарасы қандай болды?

А.Уланов: Əрдайым қолдап отырады.

Ұлан: Қаламақыңды кімге бересің?

А.Уланов: Ата-анама беремін. Аз болса да, мəз болады.

Ұлан: «Анамды іздеймін» фильмін тұсаукесерге дейін көрдің бе?

А.Уланов: Жоқ, жабық көрсетілімде ғана көрдім. Қатты жыладым.

Ұлан: Неге жыладың?

А.Уланов: Көңілім босады. Мағынасы терең, өзекті мəселе болғасын шығар. Мүмкін, өзім жан дүниеммен беріле ойнағандықтан болар.

Ұлан: Балалар үйіне бардың ба? Өзіңнің рөліңе көңілің толды ма?

А.Уланов: Керемет ойнадым деп мақтанбаймын. Халыққа, көрерменге ұнаса, жақсы ойнадым деп есептеймін. Кинодан кейін ұстаздарым, достарым: «Жарайсың, Аза!» – деп мақтап жатыр. Киноға түсу аса қиын болған жоқ. Бірақ, ағылшын тілінен қиналғаным рас. Балалардан қашып жүріп, ағайдың үйіне келемін ғой. Ол кісімен шахмат ойнап, ғылыми жұмыс жазуына көмектесемін. Дастархандағы асты қомағайлана жеймін. Осы сəтте қиналдым. Сонда фильм режиссері Руслан аға: «Аза, өзіңді бірнеше күн тамақ жемедім деп ойлашы. Миыңмен жұмыс істе!» – деді. Шынайы шығу үшін ашқұрсақ жүруге тура келді.

Ұлан: Фильмдегі Азаматқа шын өмірдегі Азамат ұқсай ма?

А.Уланов: Мүлдем ұқсастық жоқ. Салмақты, сабырлымын.

Ұлан: Қандай актерді үлгі тұтасың?

А.Уланов: Əлемдік кинодан Джим Керри, қырғыз актерлерінен Жеңіс Мейрамбекұлын үлгі тұтамын.

Ұлан: Болашақта əртіс болатын шығарсың?

А.Уланов: Əлі баламын ғой, таңдауым өзгеруі де мүмкін (күліп). Банк қызметкері болғым келеді. Кейде киноға өмірімді, жастық шағымды арнағым келмейді. Актерлік мен үшін хобби. Сосын асаба болсам деген бала арманым бар.

Ұлан: Неге асаба болғың келеді?

А.Уланов: Білмеймін. Жұртты күлдіріп, жақсы көңіл-күй сыйлағым келеді.

Ұлан: Спорттың қай түрімен айналысасың?

А.Уланов: Футболды жақсы көремін.

Ұлан: Киноға түсу кезінде күліп еске алатын оқиға бар ма?

А.Уланов: Киноның шешуші сəтінде Тəуекел аға əйел болып киінеді де, мен оның қызы боламын. Тəуекел аға маған, мен оған қарап күлдік.

Ұлан: Қырғызстанда киноөндіріс қандай деңгейде?

А.Уланов: Енді дамып келеді. «Шетелден актер шақырды, шетелде кино түсірілді» дегенді сирек еститінмін. Биыл кино əлемінде жаңалық көп.

Ұлан: Əңгімеңе рахмет.

Әңгімелескен Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан», №9

28.02.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз