Өнерді ұлы патшалық санайтын Азамат Шарғын əлеміне сапар шектім. Ол − өз əлемінің патшасы. Өзін іздеген адам түбі өзін, дара жолын табады дегенге тағы  да бір көзім жетті. Нағыз азаматтың образындағы актерды көзіндегі жалыннан, «дауысындағы дірілден» танитын ұрпаққа сол əлемнен аз-кем сыр арқалап келдім…

− Азамат, баспасөз беттерінде, ғаламторда сіз жайлы ақпарат өте аз. Əңгімемізді сіздің құпия ғұмырбаяныңыздан бастасақ…

– Сөзіңнің жаны бар, жариялыққа аса құмар емеспін. Осы уақытқа дейін сұхбат беруден бірнеше рет бас тартқаным да бар. Себебі, адам əлденеге қол жеткізіп, ауыз толтырып айтарлық дүниесі болмаса, өзіндегі жоқты бардай көрсетуден  қашуы тиіс деп есептеймін. Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының тумасымын. Балалық шағым тау баурайында өтті. Көпбалалы  отбасында өстім. Алдымда арқасүйер ағаларым бар. Ең үлкен ағам Амангелді 4 жасымда түрлі ертегі кітаптар əкеп көрсететін. Баламын ғой, сыртындағы суреттеріне қызығатынмын. Ішінде не жазылғаны да қызықтырған болуы керек, ағамнан əріп үйретуін өтініппін. Сөйтіп, 4 жасымда хат танып, кез келген кітапты өзім оқи бастадым. Бала кезден ерекше есімде қалған құбылыс осы шығар. Өйткені, əріп тануым – батырлар жырын, көлемді дастандарды, аңыздар мен өлеңдерді ерте жастан бойға сіңіруіме жол ашты.

− «Қой бағып» жүріп, актер болсам деп қиял əлеміне енген боларсыз…

− Менің ұғымымда «болашақта актер болам-ау» деген ой мүлде болмаған.

− Актер болуды мүлде армандамасаңыз, өнер академиясына қалай бардыңыз?

− Ол өз алдына қызық əңгіме. Біз өмірде өзімізге шынымен не керегін айқындау үшін сан түрлі соқпаққа түсеміз ғой. Өнер академиясын тəмамдаған жеңгем бар. Күзетші боп жүрген кезімде, сол кісі маған оқуға тапсыруға ұсыныс жасады. Сол жылдары продюсерлік бөлім алғаш ашылған екен. Не керек, болашақ продюсерді даярлайтын топқа топ ете қалдым (күліп). Бірақ, бір жарым жылдан соң тəртібіме байланысты оқудан шығып  кеттім. Қазір ойласам, сол кезде мен шығып кетпегенімде өзімді əлі де таба алмай, адасып жүрер ме едім… Əр нəрсенің жақсы қыры болады. Жастықтың оты маздап тұрғанда, бала кездегі Темірқазығым арқылы адаспай жол таптым. Менің актер болғым келеді екен. Соны шын түсіндім де, өз бетімше дайындалуды қолға алдым. Актер мамандығында оқитын қатарластарымнан да көмек сұрадым. Келесі күзде сенімді түрде актерлыққа тапсырдым.

Бір сөзді болуымызды бойымызға сіңірді…

− Əйгілі Болат Атабаевтың шəкірті екеніңізді білеміз…

− Мен тапсырған жылы үміткерлерді үш тəлімгер қабылдады. Болат Атабаевтың сынынан өттім. Қабылдады. Сенім артты. Кейін осы бір ерекше адаммен бірнеше жыл бірге жұмыс істедік. Ол кісі екінші əкеміздей қамқор болды.

− Сіздердің тұлға ретінде қалыптасуларыңызға ықпал етті ғой?

− Иə. Ең алдымен азаматтық позициядан айнымауды, бірсөзді болуды бойымызға дарытты. Болат аға бізге құр сөзбен айтқан жоқ, ісімен көрсетіп, тəрбие дəнін екті. Басқа курстағылар тəлімгерлерінен қатты қорқатын. Ал біз барынша еркін болдық. Меніңше, өнерге еркіндік, тəуелсіздік ауадай қажет.

− Ал сіз əке ретінде өз ұлдарыңызға ұстазыңыздың əдісін қолданасыз ба? Қандай əкесіз?

– «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деген сөз рас екен. Қандай əке екенімді ұлдарым өскенде өздері айтар, алайда, олардың алдындағы жауапкершіліктің ауыр екенін сезінем. Ұстазымның еркіндік əдісін қолданып, көп тыйым жасамаймын. Өзім айналамдағы ізгі адамдардан бойыма қонған қасиеттерді балаларыма сіңірудемін. Нағыз жігіт деп айтуға тұрарлық азаматтар болғанын қалаймын.

– Сізді спорт сарапшысы ретінде де танимын. Спорттың өміріңіздегі  маңызы қандай?

– Өмірдің өзі – қозғалыс. Бала кезден спорттың барлық түріне қызығып өстік қой. Əсіресе, ауылда спорттың мың түрі бар. Өзім кəсіби боксқа жəне ережесіз жекпе-жекке жанкүйермін. Г.Головкин алғаш шыға бастағаннан, осы күнге дейін əрбір жаңалығын қалт жібермеймін. Спортшылардың өмірі актерлардың өміріне ұқсайтындай көрінеді. Өзі қалаған шыңды бағындырғысы келетін актер де спортшы секілді əбден шынығады, дайындалады, түбінде мақсатына жетеді. Өмірде бəрі салыстырмалы ғой. Уақыт тауып спорт залға жиі барғым келеді. Актердің формада болғаны жақсы.

− Актер шеберлігі деген не? 

− Актер мəтінді сезінген сəтте сезім мүшелері арқылы миына шабуыл жасайды. Тіпті, кез келген адам ойлау, түйсіну арқылы сезгенін сыртқа сөздің көмегімен шығарады ғой? Ал актер сол сезінгенін сахнада нақты көрсете алуы тиіс. Міне, осы шеберлік деп аталса керек. Болат ағай «Сөз тумай, сөйлемеңдер!» дейтін. Санада сөз туу үшін əріптесіңді мұқият тыңдап барып жауап қайтару керек. Бізде көп жағдайда тыңдау мəдениеті жетіспей жатады.

Маған өнерден асаулық ұнайды

− Жүзіңізден бұрын  дауысыңызды танып, елең ететіндер көп. Бір кездері дубляж жаққа ойыстыңыз. Бұл жолға түсуіңіздің себебі бар ма?

− 2009 жылы Б.Атабаевпен ашқан «Ақсарай» театры белгілі себептермен дағдарысқа ұшырады. Қиын кезеңдерді бастан өткердік. Театрдағылардың көпшілігі басқа жақтан жұмыс тауып, кете бастады. Сонда Болат ағай мені ешқайда жібергісі келмеді. Тіпті, өз қалтасынан айлық та төлеп тұрды. Театрдағы басты рөлдердің көпшілігі менікі болатын. Бəлкім, театрдан кетсем қарайып қалады деп ойлаған болар. Көреген кісі ғой. Сөйтіп бір жылдай жүрдік. Бірде түнімен тыпыршып ұйықтай алмадым. Сан түрлі ой маза бермеді. Отбасымды ойладым. Сүйікті ісіммен айналыссам да, оларды толықтай қамтамасыз ете алмай жүргенім жаныма батты. Сол түні шешім қабылдап, таң ата ағайдың алдынан өттім. Əрине, ақ жол тіледі. Бірақ, «Сен кетсең, қайта келмейсің ғой…» – деді. Мен сол кезде бұл сөзіне аса мəн бермесем де, кейін шын ұқтым. Шынымен де, театрға барған жоқпын. Көп көрген кісі ғой, біліп, сезіп айтқан екен. Бүгінде кино саласында, дубляжда жүрмін. Дубляж да өз алдына ерекше əлем. Онда кейіпкерге жан бітіріп, дəлме-дəл сөйлетуің керек. Ең алғаш дубляжды Ұлттық арнадағы сериалдардан бастағанбыз.

− Кино саласына отызға жақындағанда келдіңіз. Сізді отандық сериалдар арқылы көрермен жақсы таниды…

− Жалпы, сериал дегеніміз кино əлемінде өнер болып есептелмейді. Себебі, онда көп жағдайда тереңдік жоқ, ойлылық аз болады. Бізде қазіргі таңда көбіне отбасылық сериалдар түсірілуде. Себебі, сұраныс  жақсы.

− Көбіне мінезді, əскери адамдардың образындасыз. Болмысыңызды ашатын рөл табылды ма?

− Өзіме ұнаған, қалаулы рөлдерде ойнап жүрмін. Детектив жанрында түсірілген тұңғыш сериалдағы бейнем жақсы шықты. Оның бағасын көрермен береді.

− Сөздің киесін танитын, жақсы оқырман екеніңізді байқадым.

− Оразалы Досбосынов, Аманжол Əлтаевтардың кезінде айтысты отбасымызбен көретінбіз. Ақындардың сөзді өзінше өруі таңғалдырады. Сөз деген сатып алатын зат емес қой. Бұл расында тылсым, таңғажайып дүние. Жақсы оқырман екенімді мойындаймын (күліп). Жас ақындарды оқимын. Жастарда тазалық бар. Əлі жаны кірлемеген жас ақыннан мөлдір  өлеңдер шығады. Олар əлі сене алады, сүйе алады. Керемет емес пе?

– Əрине. Өзіңіз де өлеңнен алыс емессіз ғой…

− Эмоцияның адамы болған соң сəттік күйді, сезімді ұйқаспен жеткізетінім бар. Төрт аяғын тең басқан өлең жазбасам да, іштегі буырқанған тасқынды сөзбен суреттейтін кездер болады.

– Азамат Шарғын ұсынатын өнердің анықтамасы қандай?

− Менің ойымша, өнер қатып қалған қағидаларды, қалыпқа салынған пікірлерді, стереотиптерді бұзу, экспериментке барып, жоқтан бар жасау. Маған өнердегі асаулық ұнайды.

− Əңгімеңізге рақмет! Шалқар шабыт тілеймін!

Сұқбаттасқан Əлия ІҢКƏРБЕК

«Ұлан» газеті, №40
03.10.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз