«Жұлдыз! Қалайсыңдар? Оқып жатырмын. Бәрекелді! Өз жағдайым бөтен емес…

Балшыққа батып шыққан мына кітаптың тағдырын мақаланы оқығаннан кейін білерсің. Тағы да иман мәселесі! Күл-балшыққа аунап шыққан кітапты суретке түсіріп алып, қайтарарсың. Мүмкіндігінше халыққа жетсе екен деген мәселе ғой, айналайын. Кітапқа, кітаптың авторына, еңбегіне құрметпен қарамаған, жақсылыққа жаман көзімен қараған адамнан бәрін күтуге болады. Сондай ретпен жазылды…

Жақсы, айналайын.
Ағайың Үмбетбай Уайдин.
1.10.2003 жыл».

Алдымда Үмбетбай ағайымның тура он бес жыл бұрын жазған хаты жатыр. 2000 жылдардан бастап Үмбетбай ағай жазған мұндай хаттың біразы бар екен. Жалғыз менде емес, басқа әріптестерімде де бар екеніне сенімдімін. Өйткені ағай үшін әр шәкірттің орны болатын. Жақсылығымыз болса, бірге қуанатын. Қиналып жүргенімізді білсе, бірден көмек көрсетудің ретін қарастыратын. Тіпті, реніші бар адамның өзіне де «айналайын!» деп сөйлейтін еді. Баяғыда, студент кезімізде сабақ үстінде тыңдамай, сабақ жазбай отырған балаларға: «Айналайын, үзілісті кідіре қойшы», – дейтін. Маңдайыңнан сипағандай осы бір жұмсақ сөз төбеңнен төмен қарай мұздай су құйып жібергеннен кем әсер етпейтін. Ағайымыздың тәрбиелеу тәсілі ерекше еді. Әдеп, ар, иман мәселесін айтып қана қоймай, әр ісімен үлгі болған абзал жан, аяулы ұстаздың өмірден өткеніне де, міне, жылға жуықтапты.

Студент кезімізде Үмбетбай ағайдың сабағын асыға күтетінбіз. Әдептен аспай сөйлейтін ұстаздың әсерлі әңгімесі, мейірлі жүзі өз алдына, сол күні газет-журналға да қарық болатынбыз. Ағай дүңгіршекке соғып, бүкіл газет-журналды сатып алатын да, бәрімізге таратып беретін. Әр-әр жерде жұмыс істеп жүрген шәкірттерінің жылт еткен дүниесін көре қалса, міндетті түрде хабарласып, телефон соғып, редакцияға арнайы іздеп келіп, жылы лебізін білдіріп кететін. Кітабы жарыққа шықса, автограф қойып, өзі жеткізіп беретін. Автографтарының өзі «айналайыннан» басталар еді.

Менің үйімде ағайдың әр жылдары шыққан кітаптары көп-ақ. Қай бетін аша қалсаң да, қай жазғанын оқысаң да, бір жылылықты сезесің. Ағайдың қоңыр дауысы да құлаққа келеді. Қалың көзәйнектің ар жағынан мейірлене қарап тұрғандай болады.

Біздің қоғамда пікір айту, сөз таластыру мәдениетінің қалыптаспағанын күн сайын, сәт сайын байқаймыз. Әсіресе, әлеуметтік желілер дәуірінде бұл қатты білінеді. Сақалына да, самайының ағына да қарамай, әркіммен бір таласып отыратын, жастарға жасын міндетситін, айтар ақылы жоқ кісілерді көргенде тағы да Үмбетбай ағайды еске аламын. Ол кісі ең өткір, ең шетін деген мәселенің өзін адамның жанын ауыртпайтындай, керісінше, ой салатындай етіп жеткізе білетін. Біздің қоғам қазір осындай Ұстаздарға зәру.

Міне, тағы да Үмбетбай ағайымыздың жазған-сызғанын парақтап отырмын. Тәлім-тәрбие, ұят-иман туралы жазудан жалықпаған екен, жарықтық. Кейде жұмсақтап айтса, енді бірде мақтамен бауыздағандай етіп жеткізіпті. Солардың бір парасын «Ұланның» оқырманына да ұсынуды жөн көрдік. Өйткені мұндай жағдай біздің әрқайсымызға таныс болуы мүмкін…

Ата-ананың арасындағы кикілжің балаға әсер етпей қоймайды

…Бірде мерзімді баспасөз бетінен педагог Орынша Қарабалинаның «Оралу» атты мақаласын көзім шалып, бас көтермей оқып шықтым. Қарапайым тілмен, терең сезіммен жазылған бұл шығарманы кейінірек «Ұстаз бақыты» деп аталатын басылымнан тағы ұшырастырып, қайталап оқыдым. Кейінірек Орынша Қарабалинаның «Тағдыр» атты ғұмырнамалық хикаяты қолыма тиді. Енді ұстаздың «Оралу» хикаятына қайта оралып соғайық.

Жанат үздік оқушы, үлгілі, өнерлі оқушы. Сурет салады. Қоғамдық жұмыстарға да тындырымды. Күндердің күнінде сол шәкірттің мінезі күрт өзгерді. Селқос, ештемеге зауқы жоқ. Әркім әртүрлі ойға жориды. Орынша апайы сөзге тартқанда барып ол сырын ашады. Ата-анасы арасында үлкен түсінбестік бар екен. Шешесінің мінезі өте қиын. Әкесі мұғалім көрінеді. Бірақ, ол жұбайына сөзін өткізе алмайды. Ақырында екеуі екі жақта тұрып жатады. Жанаттың өзінен басқа тағы төрт бауыры бар екен. Ол соларды да ойлап басы қатады. Ұстазы балалардың шешесін шақыртты. Ол келді. Әуелгіде ытырынып, ұстаздық сауал-сұрақтарын кері серпіп, бетбақтырмайды. Оның айбарына «оңай шағылатын» ұстаз емес, Жанаттың шешесін өз ыңғайына көндіргендей болады. Көп ұзамай ұстаз Жанаттың әкесіне хат жазады. Арада көп уақыт өтпей, одан жауап хат келеді. Хаттың бір жерінде әке: «Жанатымды медальға бітірте алсаңыздар, соған жәрдем етіңіз», – дейді. Ұстаз одан сайын қайратқа мінеді. «Жанатқа керегі медаль емес, әке», – дейді. «Әріптеспіз ғой, ашық айтайын, балалардан көп нәрсені талап етеміз. Сол талапты өзімізге неге қоймаймыз? Менің пікірімше, ұстаз үйретуші ғана емес, үйренуші де!» – деп қатты да айтады.

Шығарманың финалында жеңіс – ұстаз бен шәкірт жағында. «Жанат маған қарап жымың-жымың етеді. Оған осы күлкінің оралғанына қуанамын», – деп аяқтайды шығармасын автор.

Қоғамның соры – формализм, жалған патриотизм, ауырдың асты, жеңілдің үсті. Қызыл сөз, көпірме сөз. Әлгіндегі шығармада ұстаз шәкіртінің тағдыры үшін жанын салып күреспей, «маған бәрібір ғой» деп майда сөзбен мәселені жылы жауып қоя салса, шәкірттің сөне жаздаған күлкісі жанар ма еді, жанбас па еді!..

Күліп жүретін адам күйгелек адамнан көп іс тындырады

«Ұлан» газетінің ілгерідегі сандарының бірінде бір оқушы: «Орыс тілінен беретін апайымыз сыныпқа күліп кіреді. Ол апайымыз күліп кіргенде біздің жанымыз да күліп сала береді!» – депті. Әне, мәселе қайда жатыр!

Бала не біледі дейміз. Бір басылымның бетінде жарияланған мақаласында алматылық бір оқушы: «Проблема Арал-Балқашта ғана емес, проблема оқушылардың ішінде», – дейді. Әбден тауып айтқан.

«Орыс тілінен беретін апайымыз сыныпқа күліп кіреді» деген оқушының сөзіне кішкене іркілейік.

Күліп, күлімсіреп жүрген адамдар күйгелек адамдарға қарағанда көбірек іс тындырады екен. Бұл мәселенің бір жағы. Енді екінші жағы: күлкіден жылу теппей ме? Жастар сол жылуға зәру. Сол жылудың аздығынан жер бетінде қаншама көз жасы төгілуде.

Соңғы кездері қатерлі ісік пен балалар арасындағы қылмыс жасарып барады деген әңгіме бар. Зерттеу барысында байқалғаны: қылмыс жасаушылардың көпшілігінің ата-анасы маскүнемдер көрінеді. Ұрып-соғып, зәбір беретіндер мұның сыртында…

Жұлдыз ӘБДІЛДА

«Ұлан» газеті, №45
6 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз