Су – әлемдегі ең көп таралған қарапайым зат. Кез келген нәрсенің құрамында су бар. Адам ағзасының 70 пайызы, қызанақтың 90 пайызы судан тұрады. Бір келі кофе өндіру үшін 22 мың литр су жұмсалады екен.

Ғаламшардағы судың 1,1 пайызы ғана ішуге жарамды. Егер адам ағзасына 2 пайыз су жетіспейтін болса, адамның ойлау мен жұмыс істеу іс-әрекеті 20 пайызға төмендейді. Инфекциялық аурулардың 80 пайызы су тораптарынан жұғады. Жыл сайын төрт миллион адам судан тарайтын аурулардан қайтыс болады.

«Су – тіршіліктің көзі», «Судың да сұрауы бар» дейміз. Бірақ күнделікті қолданатын ауыз судың құрамы, сапасы, қайдан, қалай келетіні туралы ойлана бермейміз. Мынадай статистикалық мәліметтерді көрген соң, күнделікті қолданатын суға да қауіппен қарайтынымыз анық.

Жақында «Керемет Су СКЕ» компаниясы Samal ауыз суының өндірісімен таныстырды. Заводқа жасалған экскурсия барысында біз таза ауыз судың қалай өндірілетінін, судың сапасын үй жағдайында қалай тексеруге болатынын біліп қайттық.

Озондалған су: дәмі мен пайдасы

Пресс-экскурсия барысында артезиан ұңғымасынан судың қалай алынатынына, суды фильтрлеу және өңдеу процесіне, шөлмектерді стерилдеу және қаптау барысына куә болдық. Заводта артезиан ұңғымасынан құю сызығына дейін су бес сатылы күрделі өңдеуден өтеді. Алдымен механикалық тазарту, суды жұмсарту, фильтрлеу, молекуларлық тазалау және ультракүлгін арқылы дезинфекция жасайды. Одан кейін озондау процесіне кіріседі.

Көп адам заводтан шыққан ауыз судың қарапайым құдықтан алынған судан қарағанда жұмсақ әрі өзгеше дәмі бар екенін жиі айтады. Мамандардың айтуынша, тұтынушылар айтатын ерекше дәм осы озонның дәмі. Еуропада суды залалсыздандыру әрі байыту үшін озон, химия тілімен айтсақ, О3 қолданылады. Ауыз судан мұнай өнімдерін, пестицидтер мен гербицидтерді, тұрмыстық химия өнімдерін озондау арқылы тазалауға болады.  Озон судың құрамындағы темір мен марганец тұздарын тотықтырып, ерімейтін заттар түзеді. Осылайша судың құрамындағы зиян заттар сүзгінің көмегімен тазаланады.

Алайда суды озондау хлорлаудан қарағанда қымбатырақ болғандықтан, Қазақстанның көптеген аймақтарында әлі де болса хлор, яғни Cl элементі қолданылады. Озондалған судың адам ағзасына пайдалы тұстары көп. Сондықтан заводтан шыққан судың жұмсақ дәміне күдікпен қараудың қажеті жоқ дейді мамандар.

Пластик шөлмектің шешімі

Экологияның ластануына байланысты өнеркәсіпте табиғатқа залалсыз, қалдықсыз өндіріс түрін ойлап табу үшін түрлі шаралар атқарылуда. Samal су өз өнімдерін поликарбонаттан жасалған қатты шөлмектерге құю арқылы үнемді әрі залалсыз тәсілді қолданады.

Поликарбонаттан жасалған шөлмектер өз формасын жоғалтпайды және стерилдеуге, жуып-тазалап қайта қолдануға ыңғайлы. Поликарбонат сумен, ауамен және ауаның құрамындағы заттармен реакцияға түспейтін қасиетке ие. Сондықтан шөлмектегі су өз қасиеттерін ұзақ уақыт сақтай алады. Айта кетерлігі, заводта су өңдеу процесінің бәрі автоматтандырылған. Барлық әрекет адамның қолымен емес, залалсыздандырылған құрылғылардың көмегімен жүзеге асады.

Судың құрамын қалай тексеруге болады?

Біздің көзіміз қарапайым нәрселерді жақсы көреді. Ал судың құрамында көзге көрінбейтін қаншама ұсақ заттар бар десеңші?! Сенбейсің бе? Біз де алғашында сенбеп едік. Су – түссіз, иіссіз, мөлдір болғандықтан, оның барлығы бірдей деген тұжырымға келеміз. Алайда, Samal су заводындағы мамандар олай еместігін көз алдымызда дәлелдеп берді.

Краннан алынған су мен фильтрленген су және заводта толық өңделген суды электрлеу арқылы біз үш түрлі судың құрамы да әртүрлі болатынына көз жеткіздік. Оны мына суреттен анық көруге болады. (фото).

Қала тұрғындары күнделікті тұрмыста су құбырымен келетін суды пайдалануға мәжбүр. Су құбырымен келетін суды зарарсыздандыру үшін көбіне хлор қолданылады. Пәтер тұрғындары судан хлордың дәмі шығатынын, тұнық емес су келетін айтып шағымданып жатады. Мамандар мұндай суды фильтрден өткізу немесе қайнатып қолдану жеткіліксіз екенін алға тартады.

Су – оттегі мен сутегінің қалыпты жағдайларда тұрақтылығын сақтайтын қарапайым химиялық қосылыс. Мектепте бәріміз химия пәнін оқимыз, солай ма? Олай болса, индикатордың не екені бәрімізге мәлім шығар? Индикатор дегеніміз – әртүрлі ортада, химиялық ерітінділерде түсін өзгертетін реактив. Судың құрамын осы индикатордың көмегімен анықтауға да болады. Мысалы, хромоген индикаторы арқылы судың қаттылығын, қою көк түсті индикатор арқылы судың құрамындағы тұздың мөлшерін анықтауға болады.

Ауыз су қандай болуы керек?

Табиғатта қоспасы жоқ, тап-таза суды таба алмаймыз. Таза суды тек лабораторияда алуға болады. Оның құрамында ағзаға қажетті тұздар да болмайды.

Ал ауыз су – химиялық құрамы адам организмі үшін қауіпсіз саналатын табиғи су. Адамның денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей байланысты. Осыған байланысты елімізде ауыз суға мемлекеттік санитарлық талаптар бекітілген. Мысалы, иісі мен дәм көрсеткіштері 2 балдан, ал лайлылығы 2 мг\л-ден көп болмауы керек. Ауыз судың кермектігін анықтайтын кальций, магний тұздары аз болса, адам сүйегінің морт сыну қаупі жоғарылап кетеді. Фтордың ауыз судағы мөлшері 0,7-1,5 мг\л-ден төмен болуы тісжегісін туғызады. Темірдің, кобальт, мыстың жетіспеуі  қаназдыққа душар етеді. Бордың аз болуы асқазан ауруларына, никельдің кем болуы көз ауруларына шалдықтырады. Сондықтан күнделікті тұрмыста судың сапасы мен құрамына мән беру – өз өміріңе мән беру деген сөз.

Дана МАРАТОВА
Фото автордан

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз