Өткен аптада «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістігі мен келешегі» атты халықаралық конференциясына бардық. Басшыларға сөз беріліп, үздік дәрігерлер марапатталды. Бір кезде жүргізуші ортаға сән үлгісін көрсететін балаларды шақырды. Ғылыми конференцияда қандай сән үлгісі? Басымызға келген алғашқы ой осы болды. Балалар кәдімгі модельдерге ұқсап бірінен соң бірі шығып келе жатты. Жақсылап дайындалған болуы керек, бұрылыста, қайтар жолда бір-бірін соғып кетпеуге тырысады. Былай қарасаң үстерінде күнделікті киімдер. Сәнді дейтін ештеңесі жоқ. Жүргізуші «қошемет көрсетіп қойыңыздар» деп қайта-қайта есімізге салады. Соңғы бала шығып, бәрінің қолына шар берілді. «Сіздер қазір ғана ауыр науқасты жеңген батыр балақайларға қошемет көрсеттіңіздер», – деді жүргізуші. Орнымыздан  тұрып кеттік.

1993 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанынан 60 төсек орны бар алғашқы бөлімше ашылған еді. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді. Өңірлерде шамамен 4000 бала есепте тұр. Оның 300-ге жуығы демеуші ем алады. 2017 жылы республика бойынша 610 баладан қатерлі ісік анықталды. Оның 39%-ы жедел лейкоз болса, 61%-ы ісікке шалдыққандар. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз осындай ауыр дертті жеңіп шығып, бүгінде жылына бір не екі рет қаралып жүргендер. Олар кіп-кішкентай. Бірақ үлкендерге қуат беретіндей күші бар.

Шетелдің емін Қазақстанда да ала аласыз

Гаухар КӨШІМ, Батырдың анасы:

2013 жылы балам ауырып қалды. Ол кезде 2,5 жаста. Басында онкологиялық ауру екенін білмедік. Іші ауырып, балалар хирургиясына түстік. Ультрадыбыстық тексерілуден өткен соң, біздің бөлімнің басшысы онкологиялық бөлімнің басшысын ертіп келіп, тексерудің суретін көрсетті. Қатерлі ісіктің не екенін білеміз, ал онкологиялық ауру дегеннен хабарсыз едік. Үй-ішімізбен шошып, қорықтық. Қолдағы бардың бәрін сатып Израильге емге кетеміз дедік. Бірақ дәрігерлер: «Шетелге кетіп, ақша құртпаңыздар. Ол жақта қалай емдесе, біз де солай емдейміз. Бұл ауруды емдеу жолдары барлық жерде бірдей. Баланың жазылып кету-кетпеуі тек қана оның ағзасына байланысты», – деп елде қалдыруға көндірді. Өзге елде жалғыз болғанша, туыстар, достар қолдайтын Отанымызда қалғанымыз дұрыс болыпты. Әйтпесе, кетеміз деп виза дайындап жатқанбыз. Шетелде емделмек түгілі алғашқы тексерудің құны 50 мың доллардай болады екен. Ал елде барлығы тегін. Бір жыл балалар онкологиясында емделдік. Батырдың жазылғанына бес жыл болды. Қазір Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына барып, үш ай сайын УЗИ-ға түсеміз, жыл сайын қан тапсырып, компьютерлік томография жасаймыз. Алда соңғы тексеру қалды. Мүмкін мүгедектікті алып тастар. Онкологиялық дертке шалдыққан бала соңғы химиотерапия алған соң 5 жыл тексеріліп тұруы керек. Мүгедектік те сонша уақытқа жазылып беріледі.

Гаухар апайдың Айна Досқызы есімді сіңлісі бар. Белгілі инстаблогер. Батыр жазылып кетсе де, әлі күнге дейін Педиатрия бөліміне көмектесіп, қолдау көрсетіп тұрады екен. Бірнеше ай бұрын парақшасына ауруханаға деп жөргөк жинап жатқанын көріп қалғанмын.

Баламның ауырғанын тезірек ұмытқым келеді. Ал Айна болса әлі күнге дейін ауруханаға барып, көмектесіп тұрады. Батыр емделіп жатқанда үйге келіп, ойын бөлмесінің ескі екенін айтатынмын. Өткен айда демеушілер тауып, ойын бөлмесін түгелдей жаңартып бердік.

Арсен МӘЖИТ, 13 жаста:

Алматыдағы №91 мектепте оқимын. Биыл жетіншіні бітірдім. 2011 жылы ауырып қалдым. Тоғыз ай үздіксіз ем қабылдадым. Ауырып қалғанымды ең алғаш анам айтты. Бірақ «жылама, балам, емделесің» деді.

Арсен осы сөзді айта салысымен, бетін басты. Мен де тықақтап ананы-мынаны сұрай бергеніме қатты ұялып қалдым. Адам деген бір сәт өзін жек көріп кететін кез осындайда болады екен. Арсен жылағанда тамағыма тас тығылып, оны құшақтадым. «Кешірші, Арсен. Жылама. Сен жазылып кеттің ғой. Енді ешқашан ауырмайсың», – дедім. Анасының қолында кенжесі бар. Салмақты кісі екен. «Балам, неге жылап жатсың? Неге жылады?» – деп менен сұрап қояды. «Есіне түсіп кеткен болар. Сізбен сөйлесе берейінші», – деп әңгімені анасымен жалғастырдық. Бұл уақытта Арсен де өз-өзіне келіп, інісін ойната бастады.

Арсен ауырған соң, Педиатрия және балалар хирургиясы орталығына келіп түстік. Химиотерапия алуға келісім беріп, қол қойдық. Дәрігерлер бізге: «Түрік киноларынан көріп жүрсіздер ғой, ауруханада солай емделесіздер. Арсен жазылып кетеді», – деді. Бес баламыз бар. Арсен үйдің екіншісі. Баламыздың жазылып кеткеніне алты жыл болды. Бірінші Алла болса, екінші осы аурухананың дәрігерлері аман алып қалды ғой. Дәрігерлермен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз. Аурухананың шараларынан да қалмаймыз. Баласы ауырып қалған ата-аналарға бір Алладан ғана тілеп, төзуге тырысыңыздар дегім келеді. Бауыр етің балаң ауырмасын, әрине. Бірақ ондай жағдай бола қалса, мұның бәрі өткінші екенін түйсініп, балаңыздың жазылып кететініне жан-тәніңізбен сеніңіз деймін.

«Мама, жыламаңыз»

Маржан ДАНАЕВА, Жасминаның анасы:

Қызым 11 жаста. Жеті жасында лейкозға шалдықты. Не ойларымызды білмедік. Бірақ Жанар Анарбекқызы есімді дәрігеріміз бізге жігер берді. Ауруханаға іші ауырып түскен. Аппендицит болуы мүмкін деген күдікпен хирургияға жатқызды. Температурасы мүлде түспей, келесі күні басын бұра алмай қалды. Енді менингит деп ойладық. Ертесіне реанимациядан бір-ақ шықтық. Диагностика жасау үшін пункция алды. Сол кезде барып ақ қан ауруы деген диагноз қойды да, Алматыға жіберді. Негізі Таразда тұрамыз.

Жасмина ол кезде төрт жаста екен. Оған бұл жағдайды қалай түсіндірдіңіздер?

Қызымыз кішкентай болғандықтан ештеңені түсіне қоймады. Әйтеуір, ауырып жүргендіктен әлі үйге қайтпай жатқанымызды біледі. Керісінше, Жасмина бізге қолдау жасайтын. Талдау қорытындылары түсіп кетеді де, ұзақ уақыт көтерілмей қояды. Содан баланы химия алуға жібереді. Жылап қаламыз. Кейде Жасмина жылағанымды көріп қоятын. Сонда: «Мама, жыламыңыз. Жақында үйге қайтамыз», – дейтін. Екі жарым жыл емделдік. Он ай ауруханада, бір жарым жылы үйде емделдік. Басында үш ай сайын, кейін алты айда бір, қазір жылына бір рет ауруханаға келіп, тексеріліп кетеміз. Он сегіз жасқа дейін осылай қаралып тұрамыз. Жасмина үйде екінші бала. Өзімнің бес балапаным бар. Кенжеміз бір жарым жаста. Алла баламен сынамасын!

Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаеваның айтуынша, ақ қан ауруына шалдыққандардың  82 пайыздан астамы жазылған. Ал ақ қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы дертінен айығыпты. Құдай бетін әрі қылсын, әрине. Бірақ бала ауырса, жазылатынын ұмытпайық!

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №27
2 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз