Əлемнің үздік оқу орнында оқу үшін көп қаражат керек деп ойлаймыз. Сөйтеміз де бақ сынауға қорқамыз. Біздің ортамызда осы көзқарасты бұзып, өз білімімен əлемнің таңдаулы жоғары оқу орындарынан шақырту алған оқушылар аз емес. Мысалы, Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақарыс Егізбай АҚШ-тың 12 университетіне оқуға шақырту алыпты. Біз Ақарысқа хабарласып, шетелге оқуға түсудің қыр-сырын сұраған едік.

– «Үйде ғылымға кім жақын?» деп сұрайтындар көп. Төрт інім бар. Үлкен əулетпіз. 6-сыныпқа дейін ата-əжемнің қасында болдым. Кейін Леңгір қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа ауыстым. Атам мен апам ғылымға, білімге құмар адамдар. Мені бала күнімнен-ақ ғылымға баулыды. Ата-анам да ғылымға жақын. Інілерім қазірден бастап ғылыммен сусындап өсіп келеді. Інім Əлиасқар да АҚШ, Еуропа елдерінің үздік оқу орындарына құжат тапсырып, əртүрлі грантты ұтып алды. Таңдауы – Германиядағы Jacobs University Bremen-ге түсті.

– Химия, физика ғылымдарына қызығушылық қалай оянды?

– Химия пəнін сүйіп оқыдым. Мектеп бағдарламасында химияны арнайы оқытатындықтан, 9-сыныптың соңында физика жəне информатика пəндерін таңдап, тереңдете оқыдым. Физиканы қызыға оқуыма ұстазым Серік Бегалыұлы ықпал етті. Ағаймен бірге ғылыми жұмыс жазып, олимпиадаларда топ жардым. Мектептегі кез келген мұғалім ғылымға қызығушылығымды арттыруға өзіндік үлесін қосты. Мəселен, білімімді жетілдіру үшін Сингапур еліне бардым.

– Қандай олимпиадаларға қатыстың?

– Математика, физика, химия жəне ағылшын тілі пəндерінен əртүрлі жарыстарда бағымды сынадым. Көптеген жетістікке де жеттім. Дегенмен ғылыми жұмыстар сайысында ерекше жетістіктерге жеттім. Атап айтар болсам, Smart House деп аталатын ғылыми жобам 2016 жылы Назарбаев зияткерлік мектептері арасында өткізілген жарыста 2-орынға ие болды. Зияткерлік меншік күніне орай өткізілген жарыста «Жас өнертапқыш» номинациясын жеңіп алдым. Тараз қаласында ЭКСПО-2017 көрмесіне орай өткен ғылыми жұмыстар байқауында 1-орын алдым.

– Ағылшын тілін қалай үйрендің? Арнайы мұғалімнен сабақ алдың ба?

– Ағылшын тілін үйренуде ең маңыздысы – сол тілге қызығушылық. Ұзақ уақыт оқуға шыдам керек. Тілді меңгеріп, сөйлесетін орта болмаса, пайдасы аз. Көп ұзамай ұмытып қаласың. Мектепте шетелдік мұғалімдердің сабақ бергенінің пайдасы тиді. Курсқа өте аз уақыт қатыстым. Интернеттен ағылшын тілінде фильм көру, əн тыңдау тілді жылдам үйренуге ықпалын тигізеді. Дегенмен оқуды қадағалап, қолдап отыратын жеке ұстаздың болуы өте маңызды. Ағылшын тілін оқытқан Бегайым апайыма əрдайым алғыс айтамын.

– Əлемнің ең мықты 50 университетінің қатарына кіретін 12 оқу орнынан шақырту алған алғашқы қазақ баласы…

– Мұны қазақтың кез келген баласының қолынан келетін іс десек болады. Менен кейінгі жастардың бұдан да үлкен жетістіктерге жеткенін қалаймын.

Ағылшын тілін меңгеріп, сабақты құлшыныспен оқып, тесттен жоғары балл жинаса, барлығы мүмкін.

АҚШ-тағы үздік университтермен қатар, Liberal Arts College деп аталатын бірнеше оқу орнына тапсырдым. Ондай оқу орындары бөлек рейтингке кіреді, оқу ақысы университеттерге қарағанда қымбат болады. Себебі арнайы білім беру жүйесі де кіріктірілген жəне кез келген америкалық сол оқу орнына түсуді армандайды. Жоғары деңгейдегі университеттерде сəйкесінше гранттар көп болады əрі бəсекелестік өте жоғары.

– Қандай университтетті таңдадың?

– Kenyon College университеті. Оқу орнының орналасуы, грантпен бірге берген қаржылай көмегі ұнады. Студенттік қалашық қаладан тыс орналасқан. Оқуға еш кедергі жоқ. Ғылыммен өте жоғары деңгейде айналысады. Сондықтан осы оқу орнын таңдадым. Құжат тапсыруға мектептегі барлық адам өз білгендерін айтып, көмектесті. Мектеп директоры Балқан Маратұлы құжат тапсыру кезінде керекті ақпаратты алып берді. Кəсіби бағдарлаушы Мөлдір Тəжібекова апайыммен жиі ақылдастым. Шетелде оқығысы келетін жастар көбіне Гарвард пен Колумбия университеттерін таңдайды. Гарвард университетіне құжат тапсырдым. Бірақ құжатты қабылдауының өзі қиын болды. Белгілі бір себептерге байланысты бара алмайтын болдым. Өзім таңдаған университет те озық білім беретініне сенімдімін.

– АҚШ-тың оқу орындары студенттің қаржылық жағдайын ескеріп, оқуға қажетті қаржылай көмек береді екен…

– Иə, университеттер студенттің төлеу қабілетіне назар аударады. Егер тест ұпайы мен аттестаттағы балы жоғары болып, мотивациялық эссе жақсы жазылса, университет оқу ақысын толығымен төлеп береді.

– Оқу орындарына емтиханды қалай тапсырдың? Қанша уақыт дайындалдың?

– Екі жарым жыл дайындалдым. Жоғары балл жинаймын деген оқушы 3-4 жыл дайындалуы тиіс. Алғашқы сынақ ағылшын тілінде SAT деп аталады. Сосын SAT SUBJECT, IELTS тестін тапсырдым. Бұл тесттер кез келген жоғары оқу орнына түсу үшін маңызды.

– АҚШ оқу орындары неге баса назар аударады? Оқу үлгерімі қандай болу керек?

– Соңғы 4 жылдағы оқу үлгеріміне басты назар аударады. Менің жағдайымда барлығы 5 болатын. Стандартты тесттер SAT, SAT SUBJECTS тапсырып, ағылшын тілін растайтын IELTS емтиханын жоғары деңгейде тапсыруға міндетті. Арнайы курстарға қатысу қажет. SAT емтиханын жақсы тапсыру үшін SAT College Board Study Guide, KAPLAN SAT кітаптары көп көмектесті. Бос уақытыңда баратын үйірмелер туралы сұрайды. Ең маңыздысы да осы. Сұраққа толық əрі шынайы жауап беру керек. Соңғысы эссе. Арнайы тақырыпта жазылған эссе үлкен рөл ойнайды. Университеттер тек білімді ғана емес, тұлға ретінде тексереді, яғни эссе ішкі жан дүние жайлы жеткізудің ең тиімді жолы.

– Оқуды бітірген соң елге қайтып келесің бе? Болашаққа құрған жоспарың қандай?

– Əрине, міндетті түрде елге ораламын. Шетелде оқуымның басты себебі – тəжірибе жинау. Жаңа идеяны Қазақстанда жүзеге асырып, елімнің дамуына үлес қосу. Əсіресе, инженерия саласының дамуына, оның ішінде робототехниканың дамуына үлес қосқым келеді. Қазақ хандығының үш территориялық-əкімшілік аймаққа, яғни үш жүзге бөлінгенін тарихтан білеміз. Ұлы жүз – Ақарыс, Орта жүз – Жанарыс, Кіші жүз – Бекарыс. Ақарыс деп ардақты есім берген ата-апама ризамын. Атыма сай боп, Отанымды тек жақсы жағынан көрсетемін. Ал ғылыми жаңалықтың барлығын өз елімде ашсам деймін. Баламалы энергияға негізделген тұрақты дамуға қол жеткізуге болатын дүние ойлап тапқым келеді. Су жəне электр энергиясы тегін болатын Smart House, яғни Ақылды үй жобам да осы принципке негізделген. Ол адамның потенциалдық энергиясын электрэнергиясына айналдырады. Бұдан əлдеқайда күшті жобалар əлі алда деп ойлаймын.

– Кімді үлгі тұтасың?

– Сарабдал саясатымен ерекшеленетін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты үлгі тұтамын. Мектептегі ұстаздарым өз ісінің нағыз шеберлері. Іс-тəжірибесі мол ұстаздарым тек білім ғана емес, өмірлік тəжірибе де берді. Сыныптастарымның бəрі мықты, қабілетті. Кез келген адамның өмірінде қоғам өте үлкен рөл ойнайды. Сол секілді менің адам ретінде қалыптасуыма əрқайсысының қосқан үлесі зор.

– Бос уақытыңда немен айналысасың?

– Бос уақытым көп емес, дегенмен спортпен айналысамын. Достарыммен футбол ойнағанды жəне тамашалағанды ұнатамын. Əртүрлі кітап оқу да хоббиім.

– Өзің сияқты əлемнің ең үздік оқу орнында оқығысы келетін балаларға қандай кеңес бересің?

– Елімізде жастардың оқуына мүмкіндік жасалған. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, ғылыммен айналысыңдар. Ауылда жүрген кезімде болашағым бұлай болады деп ойламадым. Қазақтың əрбір баласы расында өте қабілетті. Тек сол қабілетті шыңдап, мақсат жолында жұмыс істеу керек. Шетелдегі жоғары оқу орнына тапсыруға тиісті стандартты тестті айттым. Қандай оқу орнында оқыса да, ең бастысы өз елінің патриоты болу маңызды.

– Арманыңа жет, Ақарыс!

 

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №17
24 сәуір 2018 жыл

 

2 ПІКІРЛЕР

  1. Керемет жетістік! «Қайратсыз ашу — тұл; тұрлаусыз ғашық — тұл; шәкірсіз ғалым
    — тұл». Оқушымды мақтанмаймын, оны мақтан тұтамын!

    • Сәлеметсіз бе, Бегайым апай? Оқушыңыз жарады! Әріптесіміздің материалын оқып, біз де тәнті болып отырмыз!Ақарыстай шәкірттеріңіз көбейсін!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз