Батыс Қазақстаннан жазып тұратын жас тілшіміз Аяжан Ғаппардың хаттарын асыға күтеміз. Өйткені ол ауылындағы ерекше кейіпкерлерді таныстырудан
жалықпайды. Осы жолы да көпке үлгі болатын адамдар туралы жазыпты. Ол туралы білмес бұрын мына сұраққа жауап беріңізші: егер ақшаңыз көп болса, не істер едіңіз? Ата-анаңыз бен бауырларыңыздан бөлек кімге көмектесер едіңіз? Ал Аяжанның кейіпкерлері туралы оқыған адам солардың ерлігін қайталағысы келетіні сөзсіз. Ендеше, таныс болайық!

Елбасымыз мақаласында «Ауылым» əнінің əрбір қазақтың жүрегінде жатталып қалар ерекше əн екенін атап өткені баршаға мəлім. Иə, шыны керек, жүрегі туған жер деп соғатын əр қазақ ауылға бүйрегі бұрмай, аңсары аумай тұра алмайды. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз туған жері үшін аянбай тер төгіп, ата қонысына зор тарту жасап, ауылдастарының алғысын алған жандар.

Ағайынды Сыралиевтердің есімі ауданымызға ғана емес, өңірімізге де жақсы таныс. Балалық шақтарын Əжібайда өткізіп, мектепті де осы жерден тəмамдап, қалаға арман қуып кеткен ағайынды Сыралиевтер бүгінде еңбектерінің арқасында Оралдағы ең ірі құрылыс компаниясының иелері. Бір үйден түлеп ұшқан Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал есімді ағалар өз ортасына сыйлы жандар. Олар үнемі туған жерге ат басын бұрып, ауыл тұрғындарын қуантып тұрады. Сыралиевтердің арқасында ауылымызды əл-ауқаты көтеріліп, туған жерімізде көптеген тамаша өзгеріс болып жатыр.

Жыл сайын «Мектепке жол» акциясы аясында алғашқылардың бірі болып ауыл
балаларына көмек қолын созады. Ағалардың арқасында қамқөңіл балалар қуанышқа кенеліп қалады. Жаны жомарт ағалардың балаларға жасаған шектелмейді. Осыдан бірер жыл бұрын ағайынды Сыралиевтер ауыл балаларына арнап көңілді ойын алаңын салып берген еді. Əткеншектер мен айналмалар, күнбағарлар ауыл балаларының көптен бергі арманы болса, енді міне, сол арман орындалып, бұл жерден балалардың қарасы үзілмейтін болды. Жомарт жүректі ағалардың ауылына сыйға тартқан ойын алаңы балалардың сүйікті мекеніне, күлкі мен шаттықтың ордасына айналды.

Жоғарыда айтылған игі істер бүгінгі кейіпкерлеріміздің туған жеріне жасаған жақсылығының шет-жағасы ғана… Осыған дейін ауылымызда кеңестік дəуірден
қалған ескі фельдшерлік-акушерлік пункт болатын. Ескінің аты қашанда ескі ғой, ауырып ем іздеп, бұл мекемеге бас сұға келген тұрғындар тар дəліз бен жауын-шашынның əсерінен сызданып тұрған қабырғаларды көретін еді. Қыстыгүні бұл
жерге қанша жылытқыш қосса да жылымайтын. Соның кесірінен кезек күтіп, ем алуға келген тұрғындар ауру үстіне ауру жамап қайтатын. Əлбетте, мынадай жəйт жүрегі туған жерім деп соққан Сыралиевтерді алаңдатқаны анық. Бұл жолы да қарап қалмай, ауылдастарының игілігіне арнап жаңа үлгідегі, заманауи қондырғылармен жабдықталған фельдшерлік-акушерлік пунктті сыйға тартты. Жылы да жайлы орын ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы еді. Енді міне, сол арманға да жетті. Бұрынғыдай тар дəлізде тоңып тұратын күндер артта қалды. Суы мен жарығы, жылуы бар бұл мекеме бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Кірсең шыққысыз жаңа нысанды көрсеңіз, құдды қаладағы ғимарат па дерсіз. Ауылдастарына осынша жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірер ай бұрын жаңа медициналық пункттің ашылу салтанатына келген құрметті қонақтар осындай игі бастамалардың ілуде біреу кездесетінін айтып жатты. Расымен де, ағайынды Сыралиевтер болмаса, ескі кешеннің табалдырығын əлі де тоздырып жүрер ме едік, кім білсін?!

Ал ескі медициналық пункт не болды десеңіз, ол да қараусыз қалмады. Ауыл əкімдігі ескі ғимаратты жаңалап, күрделі жөндеуден өткізіп, тұрмысы төмен отбасыларға сыйға тартты. Осы үшін де жаны жомарт ағаларды ауылдастары ерекше жақсы көріп, құрметтейді, сыйлайды, жасаған жақсылықтарын мақтана айтады.

Сыралиевтердің жасап жатқан игі істерін күллі Жайық өңірі біледі десем қателеспейтін шығармын. Бүгінгі кейіпкерлеріміз тəрізді туған жеріне осыншалық жақсылық жасар тұлғалар кемде-кем. Кез келген əжібайлықтан Сыралиевтер жайлы сұрасаңыз, жерлестерінің туған жеріне қандай жақсылық жасағанын жіпке тізіп айтуға даяр тұрады. Ауыл қариялары да жаны жайсаң жерлестеріне разылығын білдіріп, əркез тілеулерін тілеп отырады. Арда ағалардың еңбегі ақ батамен ғана өлшенді десек қателескеніміз. Ағайынды игі жақсылар аудан əкімі Абат Абайұлы мен облыс əкімі Алтай Сидрұлының да ыстық ықыласына бөленіп, ауданның ғана емес, өңірдің де «Жылдың жомарт жүрек жандары» атанды.

Бір ауыз сөзімен талайды өзіне қаратқан Əйтеке бабамыз «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деп бекер айтпағанын ағайындылардың туған ауылына жасаған жақсылығынан-ақ көруге болады. Жұдырық боп жұмылған бес бауыр бір сөзінде: «Əр адам туған жері, атамекеніне кішкене болса да өз үлесін қосуы керек. Өзің туып-өскен жеріңе жасаған жақсылығың ақшамен емес, көңілмен өлшенеді. Атамекеніңе жасаған кішкентай жақсылығың – туған еліңнің дамуына қосқан тамшыдай үлесің», – деген болатын. Міне, ауылына осыншама қолұшын созған ағаларға қарап, кішкентай қарадомалақтар да бой түзеп, үлгі алары сөзсіз. Ал туған жеріне жақсылық жасаудан шаршамайтын бүгінгі кейіпкерлеріміз істелінген игі істің бəрін перзенттік борышымыз деп түсінеді.

P.S. Ел спортының тарихында есімі алтын əріппен жазылған Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атамыз да өзі туып-өскен атамекеніне мол жақсылық жасаған болатын. Ауылының келешегі үшін мектеп, балабақша,
аурухана сынды ел игілігіне қажетті кешендерді сыйға тартқан. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де Жақсылық атамыз секілді көптеген игі істің бастаушылары бола білді. Осындай ағалар барлық ауылда болса екен деймін. Сонда Қазақстан
жайнап, жарқырай берер еді.

Аяжан ҒАППАР,
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы, Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №50
11 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз