Инстаграм парақшамда «Аутизммен ауыратын балалар үшін Сан-Францискода қайырымдылық марафонын жүгіріп өткен қазақстандық» деген жазба жарқ ете қалды. Ақжарқын күлкінің ар жағынан тазалықтың, өмірге деген құштарлықтың ізі бірден байқалды. Солай Азат Сембаевпен әуелі суреті арқылы таныстық. Бірден атын әлеуметтік желілерге жазып, іздедік.

Азат қазір АҚШ-тың Калифорния штатында магистратурада оқиды. 42 шақырым қашықтықты жәй ғана емес, Семейдегі денсаулығы жоқ балалардың тұрмысына көмектесу үшін жүгіріп өткен Азатты оқырманға кеңірек таныстыруды жөн көрдік. Айналасына жаңқадай болса да жақсылық жасаудың жолын тапқан жандар кімге болса да үлгі болары сөзсіз. Кейіпкеріміз бізге өзін былай таныстырды:

«Семей қаласында туылдым. Ол жақтан кішкентай кезімде көшіп кеттім. Бірақ туған жерге жыл сайын барып тұрам. Өйткені онда атам мен әжем, туыстарым тұрады. Ата-анамның жұмысына байланысты әртүрлі мектепте оқыдым. Әуелі Алматы, одан кейін Астанада, ақыр соңында мектепті Рим қаласында аяқтадым. Бакалаврды «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияның Уорвик университетінде экономика мамандығы бойынша бітірдім. Англияда оқып жүргенде университетте қазақ қоғамдастығының президенті болдым.  Қазақстанға келіп McKinsey және KPMG халықаралық компанияларының кеңесшісі (консультант) болып жұмыс істедім», – дейді.

Ата-анасы Италияға жұмыс істеуге барғанда Азаттың жасы небәрі 11-де еді. Бірақ жастайынан жырақта жүрсе де оның жүрегі Қазақстан деп соғады. Оны біз Азаттың әр сөзінен аңғардық.

Азат, Сіздің қайырымдылық ісіңізге риза болдық. Мұндай қайырымдылық шарасын жасауыңызға не түрткі болды?

– Қайырымдылықпен айналысу бұрыннан ойлап жүрген ойым еді. Оның қайдан, қалай пайда болатынын білмеймін. Мүмкін, өз халқыңа көмектескің келетін патриоттық сезімнен де туындайтын шығар. Мені әке-шешем, ата-әжем солай тәрбиеледі.

Қайырымдылық үшін жүгіру марафоны туралы идея Сан-Францискоға магистратураға түсе салғанда пайда болды. Бірнеше жылдан бері марафонға қатысып жүрмін. Меніңше, АҚШ-тағы бұл марафон ең әдемі марафонның бірі болды. Тіркеуден кейін жарыстың шеңберінде қайырымдылық жинақтарын ұйымдастыруға болатынын білдім. Сонда бірден Қазақстандағы қайырымдылық ұйымдарға көмектесемін деп шештім. Көмекке мұқтаж балаларға жәрдемдескім келді. Туыстарыма, дсотарыма, таныстарыма ойымды айтып хабарластым. Олар маған бірнеше қайырымдылық ұйымдарының контактілерін берді. «Особенный мир» деген қордың басшысы Арайлым Мағашқызымен сөйлескеннен кейін қордың аясында жұмыс істейтін «Жарқын болашақ» түзету орталығына көмектесуге көңілім ауды. Өйткені ондағы 30-дан аса балалар мен олардың ата-аналарының қиындықтары туралы естігенде, жүрегің толқымауы мүмкін емес еді.

Қайырымдылыққа 70-тей адам қатысты. Қатысушылардың арасында достарым, туыстарым, әріптестерім, курстастарым, тіпті мүлде танымайтын адамдар болды. Ол адамдарға қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын. Біз бірігіп, өмірге кішкентай болса да жарық сәуле сыйладық деп ойлаймын.

–Балалар орталығына жиі барып тұрасыз ба? Онда барғанда қандай сезімде боласыз?

Жақында Қазақстанға барып, Семейде аутизммен ауыратын балаларға арнап ресурсты сынып ашқанбыз. Сонда алғаш рет мұндай орталыққа бардым. Маған қатты әсер етті. Балалар қиындыққа қарамастан оқып, дамып жатыр. Өздері сондай мейірімді. Оларға дұрыс қарайтын болсақ, қоғамның толыққанды мүшесіне айналады. Ең бастысы, проблеманы дер кезінде анықтап, баламен айналысу керек.

–Жүгірумен айналысуды қашан бастадыңыз?

Бала кезімнен спортты жақсы көрдім. Бірақ жұмыс істеген кездері спорттан қол үзіп қалдым. Көп жұмыс істеп, іссапарларға шығып, денсаулығыма көңіл бөле алмадым. Бір күні бұлай жалғаса беруге болмайтынын түсіндім. Сөйтіп өз денсаулығымды күтуді қолға алдым. Жүгіруді бірнеше себепке байланысты таңдадым. Біріншіден, жүгіру ең пайдалы спорт түрі. Жүрек-қан тамырының дұрыс жұмыс істеуіне, бұлшық еттің нығаюына көмектеседі. Екіншіден, бұл ең қолайлы, қолжетімді спорт түрі. Спорттық аяқкиім, шорты-футболкадан басқа ештеңе керек емес. Қашан, қайда жүгіресің де өзің білесің, өйткені ешкімге тәуелді емессің. Үшіншіден, жүгіру физикалық тұрғыдан мықтылық қана әкелмейді, сонымен қатар психологиялық шыдамдылығыңызды да арттырады.

Жүгіруді бастағалы бері Алматыда, Астанада, Сан-Францискода толық үш марафонды жүгіріп шықтым. Мұнымен тоқтап қалғым жоқ.

–Спорттың басқа қандай түрімен айналысасыз?

Соңғы кезде жүгіру мен тиатлонға, футболға, тенниске, сноубордпен сырғанауға, жүзуге көңіл бөліп жүрмін. Бұлар менің қарапайым, қалыпты режимдегі хоббиларым. Әйтпесе, волейбол, серфинг, кайтсерфинг, альпинизм, гольф сияқты спорттарға да қызығамын.

Қазір қандай мамандықты игеріп жатсыз?

–Берклидегі Калифорния университетінде MBA (Іскерлік басқару магистрі) мамандығы бойынша оқимын.

– Шетелде білім алудың айырмашылықтар мен ерекшеліктері туралы айтып беріңізші…

–АҚШ пен Ұлыбритания университеттерінің басты ерекшелігі, студенттің өздігінен білім алуына ерекше көңіл бөледі. Дәрістер мен семинарлар – оқудың кішкене бөлігі ғана. Есесіне сіз өзіңізді жеке немесе курстастарыңыздан құралған шағын топтарда дамытасыз.  Мен үшін білім өте қатты маңызды емес. Адамдар университетте оқығандарын көбіне іс жүзінде пайдаланбайды немесе уақыт өте келе ұмытады. Ең бастысы,  шетелдік университеттерден дағды қалыптастыруға болады. Яғни, жаңа материалдарды жылдам игеруді үйренесің. Әлем қарыштап дамып жатқанда ғылым тез жаңарып, өзгеріп отырады. Кейде тіпті бұрынғы алған білімің қажетсіз боп қалады. Сол үшін де көшке ілесе алатындай дағды қалыптастыру керек. Академиялық дәрістен бөлек біз сабақтан тыс түрлі жобаларда жұмыс істейміз. Мысалы, Силикон алқабына барып, инновациялық технологиялар мен стартаптар әлеміне ене аламыз. Оқудан басқа спортпен айналысамын, саяхаттаймын, жаңа адамдармен танысамын. Меніңше, Калифорния штаты АҚШ-тағы әдемі өмірдің үлгісі десек те болады. Табиғаты жанға жайлы, жылы. Түрлі мәдениет өкілдері мен қызықты адамдар осында жиналған.

–Сіз сияқты шетелде оқығысы келетін балаларға не айтар едіңіз?

–Бұл тақырыпта арнайы сұқбат жүргізу керек деп ойлаймын. Қысқаша айтқанда, адам мүмкіндігін екіге бөліп қарастырар едім: жеке дамытуда қалыптасқан қасиеттер және қабілеттілік. Дегенмен жырақта оқығысы келетін кез келген бала мынаны ескеру керек: әуелі жақсы бағаға оқып, тіл үйренген жөн. Қалғаны өз кезегімен келе береді.

Егер жеке қалыптасқан қасиеттеріңізбен тыңғылықты жұмыс істесеңіз, одан кейін қабілетіңізбен жұмыс істеу қажет. Өйткені жоғары оқу орнына құжат тапсыратын топтан ерекшеленіп шығуыңыз керек. Сабақты жақсы оқу, тіл білу жетпейді, басқа да жетістіктер керек. Ол спорт, өнер, қайырымдылық іс-шаралары болуы мүмкін. Ең бастысы, өзіңіздің көшбасшылық қасиетіңіздің бар екенін көрсетуіңіз керек. Амбицияңыздың жоғары екенін, талмай еңбектеніп, жетістікке жете алатыныңызды көрсетіңіз.

–5, 10, 15, 20  жылдан кейін Азат кім болуы мүмкін? Өзін қалай елестетеді?

–Шынын айтсам, ұзақ мерзімді жоспар құрмаймын. Мүмкін кеңесші ретінде карьерамды жалғастырармын, мүмкін жеке кәсібімді ашармын, мүмкін мемлкеттік қызметте жүрермін. Қайда жүретінім, кім болатыным маңызды емес, ең бастысы дамуды тоқтатпау керек.

–Әңгімеңізге рақмет!

Жадыра НАРМАХАНОВА

«Ұлан газеті», №37
11 қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз