Жуырда ғана үлкен теннистен 2018 жылдың ең ірі әрі қомақты жүлде қорын құрайтын Australian Open турнирі мәресіне жетті. Аустралияның Мельбурн қаласында өтетін дәстүрлі доданың жүлде қоры 43 054 000 АҚШ доллары. Әлемнің ең үздік теннисшілері жиналған турнирде жалпы саны 256 спортшы сынға түсті. Қазақстан атынан ерлерден Михаил Кукушкин сынға түссе, әйелдер арасында үкілеп үміт артып отырған Зарина Дияс пен Юлия Путинцева қатысты.

Қазақстан ерлер құрамасының үздік ойыншысы саналатын Михаил Кукушкин 6 жыл қатарынан бұл турнирдің алғашқы айналымынан өте алмай, жарыс жолынан шығып қалды. 2012 жылдан бастап Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүрген Юлия Путинцева да Australian Open турниріне 6 рет қатысты. Юлия 2015 жылы ғана дәстүрлі турнирдің төртінші айналымына дейін жетіп, қалған жылдары екінші айналымнан аса алмады. Ал жарақатынан толық айыққан Зарина 2018 жылды аса сәтті бастай алмады. Заринаның алғашқы жарысы Қытайда өткен Шэньчжэнь турнирі болды. Алғашқы екі ойында тегеурінді қарсыластарын тұқыртқан отандасымыз үшінші айналымда Мария Шараповаға үшінші мәрте есе жіберген еді. Бұл туралы отандасымыздың Шараповаға неліктен ұтылғанын жазған болатынбыз. Осы орайда Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Дияс Досқараев мырза да өз пікірін білдірді. «Заринаның дайындығында мін жоқ еді. Қытайда өткізген оқу-жаттығу жиынына арнайы барып, жаттығуларын қадағаладым. Бабына енді-енді еніп келеді.

Дегенмен Зарина Шараповаға қарсы өткізген ойында бар мүмкіндігін көрсете алмады. Біріншіден, отандасымыз ресейлік спортшыға екі рет есе жіберген,

бұл психологиялық тұрғыдан өз әсерін тигізді. Екіншіден, Шарапова допинг дауына ілігіп, екі жыл спорттан шеттетілгеннен кейін психологтар мен әртүрлі мықты мамандармен қызу жұмыс істеді. Бұл жарысқа Шарапова қатты дайындықпен және жеңіске жетуді көксеп келген. Сондай-ақ ол Зарина үшін ыңғайсыз қарсылас. Бұл ойын барысында анық байқалды. Дегенмен Зарина жіберген қателіктеріне анализ жасап, алдағы уақытта кеткен есесін қайтаратынына сенімдімін», – дейді Дияс Досқараев. Қытайдағы турнирден кейін З.Дияс бірден Australian Open турнирінде өнер көрсетті. Өкінішке қарай, отандасымыз алғашқы айналымда 28 жастағы румыниялық спортшы Сорана Кырстядан ұтылып қалды. Зарина Дияс спорттық мансабында Australian Open турниріне төртінші мәрте қатысып отыр. Отандасымыз бұл додаға алғаш рет қатысқанда үшінші айналымға дейін жеткен болатын. Алғашқы екі айналымда тісқаққан қарсыластарын қапы қалдырған Зарина үшінші ойында әлемнің үздік ракеткасы болған румыниялық Симона Халептің осал тұсын таба алмады. Зарина бұл турнирде 75000 АҚШ долларына ие болған. Айтпақшы, С.Халеп 2018 жылғы Australian Open турнирінің ақтық сынына дейін жетіп, финалда сүрінді. Отандасымыз дәстүрлі турнирде екінші мәрте де (2015 ж.) үшінші айналымнан аса алмаған болатын. Зарина Польша елінің өкілі мен словакиялық спортшыны тартысқа толы өткен алғашқы екі ойындақапы қалдырған еді. Алайда үшінші ойында отандасымыз Мария Шарапованың қарқынына төтеп береалған жоқ. Ресейлік спортшы бұл доданың финалына дейін жетсе, Зарина Дияс 100 мың АҚШ доллары көлемінде қаржыға ие болған. Ал 2016 жылы өткен Australian Open турнирінде Зарина алғашқы айналымда-ақ америкалық Мэдисон Киске есе жіберіп, жарыстан шығып қалды. Бұл додада отандасымыз 40 мың долларға жуық сыйақы алды. Әлемнің ең үздік спортшылары сайысқа түсетін Australian Open турнирі қазақстандық теннисшілер үшін алынбас қамалдай көрінеді.

Алайда біз Зарина Дияс бұл олқылықтың орнын толтыратынына кәміл сенеміз. Айтпақшы, отандасымыз Australian Open турнирінен кейін бірден Тайваньда өтетін додада бағын сынауға аттанды. Заринаға сәттілік тілеп, жеңіске жетуін тілейміз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №2
Ақпан, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз