Есіктен кірген қара бала төрде газет оқып жатқан атасының қасына жантая беріп, сұрақты қарша жаудырды.

– Ата,  сізден бірдеңе сұрайыншы. Баланың екі атасы бола ма? Ақан айтады, менің екінші атам бар дейді, алыстағы қалада тұрады дейді. Мені сағынғанда пойызбен келіп, бетімнен сүйіп қайтады дейді. «Сонда сенің атаң бетіңнен сүйіп, ешкіммен амандаспай, сөйлеспей қайтып кете ме» деп сұрасақ, «жоқ, өйтпейді, кейде біздің үйде үш күн жатады» дейді.

– Ол сендерге нағашы атасын айтқан ғой, – дей салды аса мән бермеген қарт.

– Жоқ, нағашы атасы емес, екінші атасы екен. «Нанбасаңдар, келесі жолы келгенде, көрсетемін» дейді.

– Е, жақсы, көрсетсе көріңдер. Көрімдігін беріңдер. Мен сияқты бір шал шығар, – деді атасы кеңк етіп күліп.

– Алыс қаладағы қайдағы бір шалды атам деуге бола ма? Нағыз аталар ауылда, балаларымен бірге тұрады. Үйдің жұмысын істейді. Малдың кезегіне барады. Кейде ашуланып, үйдегілерге ұрсады. Одан бәрі қорқады. Сіз менің атамсыз. Бізбен бірге тұрасыз. Мені құшақтап жатасыз түнде. Бірақ маған ұрыспайсыз, мен сізден қорықпаймын.

– Қайдағы бір шал деме, балам. Сенің әкеңнің әкесі – өз атаң, шешенің әкесі – нағашы атаң болады. Демек, екеуінің дәрежесі тең. Дегенмен, өз атаңның орны бөлек. Солай емес пе, балам, – деп сөзінің соңын әзілге айналдырып, немересін бауырына тарта түсті.

– Ата, сіздің нағашы атаңыз болды ма? – деп немересі сұрақтарын қайта жалғады.

– Әрине, болды.

– Өз атаңыз да болды ғой?

– Болмағанда.

– Ал, әжеңіз ше?

– Әжем де болған.

– Олар қазір қайда?

– Қайда болушы еді. Бәрі де ауыл сыртындағы төбеде, топырақ жамылып жатыр.

Бала бұл сөзге түсінбеді ме, бір сәт үнсіз қалып, артынша сұрағын қайта жалғады.

– Олар бар болғанда, маған таласар ма еді?

– Саған таласып қайтеді? – деді атасы күліп.

– Кейде өзіңіз де таласасыз ғой. Өткенде әкеммен таласып, ұрыстыңыз ғой.

Ол жолғы қақтығыс атасының да есінде еді. Әлденеге қабағы қатыңқы қарт үйге кіргенде немересінің ұлының тізесінде отырғанын көріп, шалт кеткен:

– Осы балаға емешегің неге езіліп тұрады? Аулақ жүр ары! – деп дауыс көтерген.

Әкесінің ашулы түрінен жасқанған ұлы баланы жерге түсіре қойып:

– Кетші әрі, менің тізем саған орындық па? – деп қулық жасамақ еді, онысынан ештеме шықпады.

– Немене, сенің тізең осы торғайдай баланы отырғызуға жарамай ма? – деп тағы зілденді.

– Балаңды тіземе отырғызсам да, әрі кетші десем де жақпадым ғой сізге, – деп күңкілдеген ұлы орнынан тұрып, сыртқа беттеген.

Немересі сол оқиғаны ұмытпапты.

– Ол таласқан емес. Тәртіпке шақырғаным ғой. Сендей алтын балаға «кетші әрі» деуін көрдің бе. Сенің басың толған ақыл, бойың толы күш. Олай зекуге болмайды. Жақында мектепке барасың… Енді екеуміз қырдағы малды шолып қайтайық. Бүгін біздің кезегіміз екенін білесің бе?

– Білем, ата, – деді, қуанып кеткен немересі.

Баланы тік көтеріп, алдына алып, өзі артына міңгенде, аттың белі қайқаң етіп, жорта жөнелді.

– Дала қандай үлкен, ата, – деді бала айналасына таңырқай қарап. –Осының бәрі біздің жер ме, ата?

– Иә, бәрі біздің жер, балам. Ешкімнің таласы жоқ. Ата-бабамыздан қалған қазына. Сен ержеткенде осы даланы малға толтыруың керек.

– Бұл жерге бір миллион мал сиятын шығар, ата.

– Қанша болса да сия береді.

– Мен көп малды қайдан табам, ата?

– Үлкен жігіт боласың. Оқып, білім аласың. Содан кейін мал табудың жолын үйренесің. Ең бастысы, елдің қамын ойлайтын бол.

– Сөйтем, ата.

Малды шолып шыққан соң, екеуі аттан түсіп, көк шалғынға отыра кетті. Маңайдан жас жуаның иісі аңқиды. Төбеде бозторғайлар шырылдап әндетіп жүр. Айнала ұшқан қызыл-жасыл көбелектер жел ұшырған қағаз қиқымы сияқты.

Дала қандай тамаша еді, шіркін!

Қастек БАЯНБАЙ

«Балдырған» журналы, №8
Тамыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз