Жыл сайынғы мектеп түлектері тырнадай тізіліп оқуға аттанады. Олардың жолына, бара-тын жеріне алаңдап ата-анасы қалады. Кімнің қолына түседі, қандай ұстаздан тәлім алады? Осындай сұрақтарға жауап табу мақсатында «Құс жолы» атты айдар аштық. Бұл ата-ана, студент, ұстаздар арасына алтын көпір болуға лайықты айдар болса екен дейміз.

Досың дос па, бос па,
Білгің келіп шарқ ұрсаң.
Жауабын тағдырдан тоспа,
Білесің тауға шақырсаң.

В.Высоцкий

Өзбекәлі Жәнібеков телефон соқты. Айналдырған төрт-бес минуттың ішінде бір қызартып, бір бозартты.
Әуелі өзінің кім екенін айтты. Сосын менің кім екенімді есіме салды. Аты-жөнімді толық атағанға көтеріліп қалдым.
– Анау Ереуілтөбені сен өз көзің-мен барып көрдің бе? – деді Өзбекәлі Жәнібеков.
– Жоқ, көргем жоқ, – дедім мен шынымды айтып.
– Ереуілтөбе туралы мақалалар сенің бөліміңнен өтіпті, – деді ол сынаған дауыспен.
– Иә, жазған адамдарды жақсы білем, – дедім мен бірден қорғанысқа көшіп.
– Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» деп кітап жазады. Ал іздеп барсаң күмбездің орнын ғана сипап қаласың кейде!
Өзбекәлі Жәнібековке қарағанда Ақселеу Сейдімбекті жақсы білетін кезім. Әділетсіз бір әңгіме айтылып кеткендей іштен тығылдым да қалдым.
Қостайын десем Ақселеу ағамызбен намысымыз бір, қостамайын десем басшы адамға қарсы шыққандай болам. Неғылса да әңгіменің артын тосып, Құдай бір сақ-тады.
– Ереуілтөбе туралы Серке Қожамқұловтың айтқанын да, соны Бексұлтан Нұржекеұлының жазғанын да білем, – деді ол енді ғана сөздің турасына көшіп. – Сағатбек Медеубекұлы деген бір автор тағы жазыпты. Өзін таба алмай отырмын. Сен біледі дейді, тауып бере қойсаңшы.
– Жарайды, аға, – дедім лайықты жауап қайтара алмағаныма ішім қыз-қыз қайнап.
– Ал, анау Ақселеу ағаларың туралы әңгімені көңіліңе алма, – деді Өзекең содан соң ғана өзімсінген жұмсақ үнмен. – Әр қазақ Ақселеу Сейдімбектей болып алсын!

Иә, «Әр қазақ Ақселеу Сейдім-бектей болып алсын» дегеннен шығады. Қазір өткен ғасыр аталған сексен-тоқсаныншы жылдары өткір-өткір тақырыптардың жалына жармасқан біраз жігіттер болды. Армиял Тасымбеков ҚарЛагты жазды. Рақымжан Отарбаев Арал тағдырын көтерді. Марат Әбсемет Міржақып Дулатовтың сүйегін елге әкелуге кірісті. Несіп Жүнісбай «Намыс» футбол клубын құрды. Міне, Сағатбек солардың қатарында Ереуілтөбені ереуілдетіп жүрді.
Үйіне іздеп бір күн бардым жоқ, екі күн бардым жоқ. Есігінің алдында бір ит байлаулы тұрады. Алдына біреу сүйек-саяқ тастап кетеді. Ал иесі жоқ. Үшінші күні бармай-ақ қояйын деп отырғанымда, оны тағы бір достарымыз іздей қалды. Бірге барсақ, иті кәдімгідей бұратылып қалыпты.
– Әй, мына ит аш қой, – деп жігіттердің бірі дүкенге жүгірді.
Қыңсылаған итке бір бөлке нан әкеліп бердік те кеттік. Ертесіне Өзбекәлі ағамыз берген нөмірге «үйінде жоқ» деп телефон соқтым.
«Екі-үш күн болды, сен өзің де жоғалып кеттің ғой» деп ренжір ме екен дегем. Ағамыздың дауысы алғашқыдағыдай емес, жарқын-жарқын шықты.
– Таптық, – деді бір ауыз рақмет айтуды да ұмытпай. – Кегеннен таптық. Сол Ереуілтө-бенің басында жүр екен. Кеше аудандағы жігіттер арқылы білдік. Көтеріп жүрген мәселесі сенімді екен.

Өзбекәлі ағамыздың бұл сөзі «Әйтеуір өмірде бар адам екен» дегендей естілді. Сөйтіп ит те тоқ, иесі де табылды. Бір шежіреден бір шежіренің шеті шығып, келем деген күні келе алмай қалыпты. Итін табыстап кеткен көршісі де өзі келеді деп қамсыз отырыпты. Сондағы жоқ іздеп кеткен Сағатбек әлі жоқ іздеп жүр. Ол туралы кейін біреудің «Жоқшы» деген мақала жазғаны есімде қалыпты.
Сол күндері Сағатбектің үйіне барсақ, кішігірім концерт болатын. Әнді былқылдатып айтады, күйді сылқылдатып шертеді. Өзі шапаты денелі жігіт орындықтың шетінде жем аңдыған қаршығадай ұшып-қонып отырады. Қабағын бір керіп, бір жазып, көздерін ойнақшытып әртістікке де салып жібереді. «Дом-быраның киесі ұрады» деп бізді де қорқытып қояды.
Бірге жүретін адамдарымызға қарай бірте-бірте арамыз алыстап, бөлектене бердік. Ол көбінесе Дәркембай Шоқпарұлын жағалайтын болды. Оның өмірінде әр кезде сондай бір өнерлі адамдар пайда болады. Сағатбектен олардың жәй адамдар емес, қасиетті адамдар екенін білеміз.

Мұны айтып отырғаным да бекер емес. Жетісу ән мектебінің белді өкілі Қапез Байғабылұлының атын сол кезде бірінші рет естідік. Сағатбек ән айтса, тарихын қоса айтып үйренген. Оны тыңдап отырсаң, ән өнері сала-сына біржола бет қойған екен деп ойлайсың. Сол саланың өз адамы құсап беріліп айтқанда, біраз әнші жолда қалады.
Ошақтың үш бұтындай үш тақырыбы бар. Бірі Ереуілтөбе болса, екіншісі – терме, үшіншісі – Жетісу күй мектебі. Ереуілтөбеге ескерткіш
орнатып, термеден ғылым кандида-ты деген атақ қорғап, Жетісу күй мектебінен кітап шығарды. Осылардың ішінде еңсере көтер-ген тақырыбы әсіресе Жетісу күй мектебіне қатысты екенін бүгінде елдің бәрі мойындайды. Оның «Жетісудың күйлері», Б.Нүптекеевпен бірге жазған «Жетісу әуендері» атты көлемді жинақтары оқулық дәрежесіне жетті. Қожеке бастаған күйшілер мен Сәдіқожа бастаған әншілер туралы дерек іздесеңіз, осы жинақтардан табасыз. Бұл кітаптардың жазылу тарихы да қызық. Ол кездегі ағалар аспантаулардай үлкен тұлғалар еді. Ұлттық академиядағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кезекті ғылыми кеңесі өтіп жатқан. Жас әдебиетші ғалым Сағатбек Медеубековтің ғылыми жұмысы талқылауға алынған болатын. Ол өзінің жұмысына осын-шалық мән берілер деп ойламаған еді. Кезек Ақселеу Сейдімбекке келгенде:
– Атырауда қазақтың бір күйші қарты «Ақсақ құланды» тартса, мына
жақта Алтайдың күйші ақсақалы сол күйді дәл сол қалпы жігін бұзбай айнытпай тартады. Демек біздің ұлттық өнеріміз бөлінбейтін бір бүтін күйінше жеткен. Ал енді осындай біртұтас дүниені аймақ-аймаққа бөліп, термені Сыр мектебі, Батыс мектебі, Қаратау мектебі, Жетісу мектебі деп бөлшектегеніміз қалай болады? – деп қалды.
Осы сәт қазақ фольклорының қара нары Рахманқұл Бердібай орнынан тұрып:
– Рас, азын-аулақ диалектілері болмаса, тіліміз де біртұтас, күйіміз де бүп-бүтін күйінше бізге аманат етілді. Жыршылық-термешілік дәстүр де негізгі тұтастығынан ажырамай жеткенінде дау жоқ. Бірақ, сіз көмеймен қайлап айту машығы ерекше айшықты Сыр өңірінің терме орындау ерекшелігін екпіндетіп, екілендіріп айтатын Батыстағы терме айту мәнерімен қалай бірдей дей аласыз? Болмаса, асқақтатып, әуелетіп кететін Арқа аймағының өрнегін майдақоңыр да жаймашуақ Жетісу өлкесінің терме айту әдібімен қалайша бірдей дейсіз? Мақамдап, сарындап, нақыштап, әуездеп ақыл-нақыл, өсиет-өнеге айту барлық аймаққа ортақ өнер деңгейіне көтерілген болса, әр аймақтың ата-қонысына, сол жердегі тұрмыс- тіршілігіне байланысты тарихи һәм табиғи жолмен атадан балаға сабақтасып келе жатқан өзіндік өрнегі де бар екеніне көз жұма қарауға болмайды, – деді. Сағатбек өзінің еңбегінің таласқа түскеніне емес, асыл ағалардың арасынан от шығып кете жаздағанға қысылды. Оның зерттеуінде әр аймақтың термешілік дәстүрі жеке-жеке мектеп тұрғысында қарастырылған еді. Рахманқұл Бердібай мен Ақселеу Сейдімбектің арасындағы пікірталас содан туындап отыр. Екеуі де елдік мәселені бір сөзбен шешіп тастайтын тұлғалар. Абырой болғанда, олардың мәмілеге келуі де тез болды. Кейін білсе, екі ағасының жас ғалымды не бел кетер, не белбеу кетер іске қайрап салған түрі екен.
Келесі бір ғылыми кеңесте Сағатбек үнемі сырласып, әңгімеле-сіп жүретін Ақселеу ағасы:
– Мен таңғалам. О шеті мен бұ шетіне ұшса құс қанаты талатын мына ұлан-байтақ кеңістікте киелі күй кептері Батысқа келгенде жер бауырлай, қасиетті ән аққуы Арқаға келгенде қонақтай ұшып келіп, мына жер жәннаты Жетісуға жеткенде екеуінің де шығандай шарықтап аспандап кеткеніне әлі күнге қайран-мын, – деп қос қолын жоғары созған.


Мүйізі қарағайдай ғалымдардың бәрі не жауап айтарларын білмей абдырап қалған. Қапелімде ешкім жауап бере қоймады. Жауап тауып айта алмай Сағатбек те пұшайман болды. «Иә, солай» дейін десе, атасы Сабырбек те, әкесі Медеубек те қолынан домбыра түспеген адамдар. Олар да күй тартатын. Айман апасы ән салғанда дауысы алты қырдан әрі асып кететін. «Жоқ, олай емес» дейін десе, дәлелі жоқ секілді. Бүкіл қазаққа ортақ сұраққа жауап беру үшін іздеу, табу, дәлелдеу, жариялау керек болды. Сөйтіп Ақселеу ағасы тағы бір елдік шаруаны мұның мойнына қалай іліп жібергенін ешкім байқамай қалды.
Міне, осындай жұмыстардың соңында жүрген Сағатбек үйде тұра ма. Жоқ іздеген адам жоғалып кетпегенде қайтеді. Біздің де басымыз көп қосыла бермейтін болды. Бірақ Сағатбекті біресе ана істің, біресе мына істің басынан көреміз. Бір жолы Райымбек ауданының ұл-қыздарын туған жерге жинап шапқылап жүргенінде көзімізге түсті. «Екінші Мұқағали атануы мүмкін еді» деп, қайтыс болып кеткен Мұқатай деген ерекше бір талантты ақынның кітабын шығарғанын білдік. Оның арасында қазақ қолөнері қамқорлықсыз қалмасын деп, Дәркембай ағасының жұмысына жүгіріп жүргенін тағы естідік.
Ал кеп санап жіберсек, өз автор-лығымен де ұлт мәдениеті мен өнеріне қатысты біраз шаруаны еңсеріп тастапты. 1993 жылы қазақ ауыз әдебиетінің терме жанрын зерттеп, тұңғыш рет ғылыми айна-лымға қосыпты. Сондағы зерттеу жұмысы 1996 жылы «Ақыл. Нақыл. Өсиет» деген атпен монография болып жарық көріпті. Осы жұмыстың арасында баланы сүндетке отырғызу тарихы мен салты, ғұрыптары мен олардың заман ағымына қарай түр-ленуі, осыған қатысты айтылатын тақпақтар, мақал-мәтелдер, әндер мен жырлар енген «Сүндет той» деген кітап жазыпты.
Қазақ ою өнері туралы «Ою хан мен Жою хан» атты кітабын балалар-
ға түсінікті болу үшін ертегі үлгісін-де жазып, оны да бір төбенің басына
шығарып қойыпты. Бұл кітабы оқырман сұранысына қарай кейіннен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қайта басылып шығыпты. Ұлттық домбыра күні белгіленгенде, Сағат-бектің «Домбыра» атты кітабы болғаны да сарт етіп есімізге түсе кетті. Оған қоса ұлттық музыка аспаптары жөнінде аспап жасаушы О.Бейсенбекұлымен бірге жазған «Сазды аспаптар сыры» атты және бір кітабы бар екен. Бұл екі кітапта қазақ музыка аспаптарының шығу тарихы, пайда болу, жетілу эволюциясы, этимологиясы, құрылыс-құрылымы, бөлшектерінің атауы мен атқаратын қызметі, олардың орналасуы, топ-тармаққа бөлінуі ғылыми-танымдық желіде сөз болады. Мамандар бұл аталған еңбектерді әйгілі Болат Сарыбаевтың кітаптарын қайталау емес, қайта соны толықтырған бірқатар жаңалы-ғы бар дүниелер деседі. Керекті кітап болғандықтан да, қазір дүкен сөрелерінде жоқ.
Сонымен, 1987 жылы Ереуіл-төбеге үлкен ескерткіш орнатылды. 1937 жылы репрессияға ұшыраған Майлы Ормановтың, белгілі халық
композиторы Қапез Байғабылұлы-ның, бесаспап өнер иесі Бөлтірік Атықанұлының есімдерін есте қалдыруға арналған шаралар өтті. Көшелер мен мектептерге аттары беріліп, шығармалары жинақ боп шығып та үлгерді. Осының бәрін ауыл-үйді аралап жүріп жүзеге асырған Сағатбектің еңбегі ұшан-теңіз екен.
Алайда ара-қатынасымыз бәрібір бұрынғыдай емес. Алаңсыз асыр салған күндер, алғаусыз сырласқан сәттер алыстан ғана қол бұлғайды. Арада ешқандай өкпе-реніш те болған жоқ. Қайта ер-азамат сыналар бір тұстарда басқа емес, нақ осы Сағатбек қасымыздан табылды. Өз заманында мода болған Высоцкийдің: «Досың дос па, бос па, Білгің кеп шарқ ұрсаң. Жауабын тағдырдан тоспа, Білесің тауға шақырсаң», – дегеніндей, Сағатбекті асқар таулардың етегіне шақырған күндер де бастан өтті. Бірақ содан кейін де кездесіп, хал сұрасуға уақыт жетпей қалып жүрді. Әйтеуір әрқайсымыз өз жолымызбен өмір ағысына түсіп кете бардық. Осылай суықсып жүргенде бізді қайта табыстырған бір жақсы жаңалық болды.


«Тұсаукесер концертімізге келіңіз», – деп ұлттық музыкамыздың түркілік тамырын бүгінгі талғамға сай әдіптеп, әлемге танытып жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің бір мүшесі қолымызға шақыру билетін ұстатып кетті. Ағылшын тілінде «KoKobusbuk» деген электронды оқулық шығарыпты. Соның тұсаукесер концерті екен. Барсақ, өнерпаздар арасында қайыңсап садақтай иіліп, қара қобызымен бірге аш күзенше бүгіліп Мақсат Медеубек отыр.

Ұстаз-педагог ретінде:

1992 – 2008 жылдар арасында Б. Соқпақбаев атындағы қазақ орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен жоғары сыныптарға сабақ берді, «Жас қалам» әдебиетқұмарлар үйірмесін жүргізді;
– факультетте ұстаздар, студенттер мен баспагерлер бас қосатын «Баспа күнін» өткізуді дәстүрге айналдырды;
– Ай сайын студенттердің шығармашылық «Баспагер» қабырға газетін тұрақты шығаруды жолға қойды;
– Студенттердің жыл сайын «Менің ертегім» атты балаларға арналған ертегілер жинағын шығаруға қол жеткізді;
– Журналистика факультетінің жанынан апта сайын шеберлік сабағын өткізіп тұратын «Фотопублицистер клубын» ұйымдастыруға мұрындық болды;
– Халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар мен семинарларға үзбей қатысады. «Ауызша публицистика поэтикасы» деген тақырыпта докторлық диссертация жазды;
2010-11 жылдары Журналистика факультеті жанынан БАҚ дизайнерлерін даярлайтын «Дизайн» мамандығын ашуға мұрындық болды.

Жаңағы әлемдік музыка тарихында тұңғыш жарық көрген электронды оқу құралының авторы Мақсат баламыз екен! Не керек, сол күнгі концерттен: «Сендерді ұлымның сүндет тойына өнер көрсетуге шақы-рамын» – деген Асанәлі Әшімовпен бірге арқаланып қайттық. «Осындай ұл өсірген Сағатбектен айналып кетпейсің бе!» – дестік. Міне, содан бері Сақаңмен жиі-жиі жүздесіп, арқа-жарқа әңгімелесіп тұратын болдық.

Ол өзі шақпақ тасты шақ еткізіп ұрғанда шығатын оттың ұшқынындай тез тұтанатын адам. Бұл ұшқынды оның шып-шымыр бойын кернеген намыс оты деуге де болады. Оған Ереуілтөбені ереуілдеткен де, текті термені термелеткен де, бүтіндей бір аймақтың ән-күйін жинақтатқан да сол намыс. Мұндай азаматтар қандай уақытта да ұлтқа керек, елге керек. Жоғарыда айтылып өткен жұмыстарды Сағатбек болмағанда кім істейтін еді, мысалы. Оның істеген шаруаларының бірін де істемеген талайлар бүгінде өзінше кісі болып жүргенін несіне жасырамыз. Мұндайда мақаламыздың басында келтірілген Өзбекәлі Жәнібековтің Ақселеу Сейдімбек туралы айтқаны сөз соңында тағы да еске түседі. Иә, әр қазақ Сағатбектей болып алсын!

PS: Бір кезде ҚазҰУ ҚазМУ деп аталатын. Атамыз қазақ, әкеміз – ҚазМУ сияқты көретінбіз. Сағатбек те сол заманда әркімге өмірлік арман болған осы оқу орнында білім алды. Ал бүгінгі күні осы жерде журналистика факультетінің деканы болып қызмет атқарады. Бір кезде үйде тұрмайтын досымыз бүгінде университеттен шықпайды. Бір қарасаң Темірбек Қожакеев құсап қаздаңдап, бір қарасаң Әбілфайыз Ыдырысов құсап бездеңдеп, енді бірде Бақтажар Мекішов құсап томпаңдап жүрген бір ұстаз көрсеңіз, ол осы Сағатбек Медеубекұлы деп білерсіз. Оның да атасы қазақ, әкесі – Қазақ Ұлттық университеті!

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз