Балалар, Сергей Есениннің «Письмо к матери» деген өлеңі естеріңде ме? Оқығандарыңа күмəн жоқ. Ол мектеп бағдарламасында да бар. Сол өлеңді оқыған сайын ауылда қалған анам есіме түседі. Алғаш оқығанда ауылдан мүлдем кеткім келмеген. Өмір бойы шешемнің жанында қалғым келді. Бірақ ерте ме, кеш пе, өмір өз дегенін істетеді екен. Кейде алыста қалған ата-анамды соңғы рет қашан қуанттым деп ойланам…

8 наурыздың қарсаңында елдің алдында еңбегімен еленіп жүрген азаматтарға хабарласып, ата-аналарын, балалық шағын естеріне салдық. Ғашық бола бастағанда ата-анасының қалай танысқанын сұрамайтын бала жоқ шығар, сірə. Менің анам жетім өсіпті. Əкесін соғыс жалмаған. Он алты жасында тұрмысқа шыққан. «Əкем болғанда, мен де үкімет болар едім. Əкем болмағасын ешкімнің есігіне сыймадым. Сосын ең дұрыс шешім күйеуге шығу деп шештім», – дейтін қалай тұрмыс құрғанын сұрағанымда. Əкеммен бір мектепте оқыпты. Хат жазған екі бозбаланың екеуіне де бір уақытты белгілеп, кездесуге уағдаласыпты. Əкем бірінші боп жетіпті. Содан «сенің өміріңе енді мен жауаптымын» деген адамның соңынан еріп жүре беріпті. Анам осы əңгімесін айтқан сайын аяп отыратынмын. Иə, мен енді ғашық бола бастағанда, анам тұрмыс құрған. Ал əкемнің шешімді тез қабылдайтын азамат болғанына риза болам. Олар өмірге 13 бала əкеліп, оны аман-есен ел қатарына қосты. Олардың махаббатынан мен өмірге келдім…

Ал сендер ата-аналарыңның махаббаты туралы білесіңдер ме? Білмесеңдер, сұрап көріңдер. Біз 25 пен 40 жас арасындағы азаматтардан ата-анасы жайлы сұрап көрдік.

  1. Анаңыз бен əкеңіздің қалай танысқанын білесіз бе?
  2. Өзіңіздің дүниеге келуіңіз туралы анаңыз айтқан əңгіме…
  3. Əкеңіздің анаңызға сыйлық бергені есіңізде ме? Есіңізде болса, қандай сыйлық еді? Сіз өзіңіз əкеңізден көргенді жарыңызға істедіңіз бе?
  1. Анаңызды соңғы рет қашан, қайда қыдырттыңыз?

 

Ерлан РЫСҚАЛИ, əнші:

«КӨК СИЫРДЫҢ БАЛАСЫ» ДЕЙДІ…

  1. Анам мен əкем бір ауылдың тумасы. Ата-аналары бір-бірін жақсы білген. Өздері де қалай танысқанын білмейтін шығар. Кішкентайынан бірге өскен ғой.
  2. Менің дүниеге келуім қызық. Шешем 11 құрсақ көтерген. Үйдің кенжесімін. Менің алдымда 1977 жылы дүниеге келген Анаргүл деген əпкем болған. Көз тиіп шетінеп кеткен екен. Анаргүл апайым тірі болса, мен өмірде болмас па едім… Əке-шешем он баламен шектелгісі келген екен. Мен туылғанда шешем маститпен ауырыпты. Емізе алмапты. Ұнтақ сүт жақпапты. Аллергия беріпті. Өзгені ембеппін. «Адам болмайды» деп күдер үзгенде, қызыл сиырымыз туа қалыпты. Соның уызын ішіп адам болып кетіппін. Неге екенін білмеймін, сол қызыл сиырды «көк сиыр» деп атайтынбыз. Кейде шешем ашуланғанда «Көк сиырдың баласы» дейтіні бар (күліп).  

  1. Əкем жұмыс бабымен басқа қала, басқа мемлекетке барғанда шешемізден бастап бəрімізге міндетті түрде базарлық алып келетін. Əкемнің шешеме дауыс көтергенін өмірі естімеппін. Бір нəрсеге келіспей қалса, əкем марқұм бəрін жұмсақ жеткізетін. Шешем ашуланып жатса, үндемей тыңдайтын немесе ақырын орнынан тұрып кетіп қалатын. Əкем қандай жар, қандай əке болса, біз де содан көргенімізді істеп келеміз. Өзім қайда барсам да жарыма сыйлық ала келемін. Əкемнен көргенім ғой.
  2. Анамды соңғы рет Астанада өткен ЭКСПО-ға апардым. Одан кейін өзіміз отбасымызбен шетелге оқуға кетіп қалдық. Келген соң тағы да қыдыртамыз. Алла сол күнге жеткізсін деп тілеймін.

Тілектес АДАМБЕКОВ,  Tai Cloud Group жəне Cascadia Block Chain компанияларының ТМД елдеріндегі бас директоры:

АТА-АНАМЫЗДЫ ҚАЖЫЛЫҚҚА АПАРЫП КЕЛДІК

  1. Иə, əрине, білемін. 8-сыныптан бастап екеуі бір сыныпта оқыған. Мектеп бітірген соң анам Қарағанды Мемлекеттік медицина университетінде оқыса, əкем Б.Бейсенов атындағы Қарағанды ІІМ академиясында оқыған. Бір-бірінен ешқашан алыстаған емес.
  2. Мен 1988 жылды шығарып сала берген түні, 1989 жылы дүниеге келіппін. Маған дейін екі қыз болған. Анам ұлды болуды қатты армандапты. Мені Құдайдан тілеп алдым деп, есімімді Тілектес деп қойыпты. Анам осыны бала кезде айтқанда, санама сіңіріп, жауапкершілікпен қарадым.

3. Өмір бойы əкемнің анама сыйлық сыйлағанын көріп келем. Анам нені ұнатса, соны алып беретін. Тон, моншақ, сақина-сырға алып бергендері есімде. «Əке көрген оқ жонар» дейді. Əкем анама қандай құрметпен қараса, біз де əкемнен көргенді істейміз. Жарыма сыйлық жасап тұрамын. Сыйлық деген мерекелерде ғана сыйланбауы керек. Өз басым шетелге іссапарға шыққан сайын сыйлық алуға тырысамын. Ұрпағымның анасы ғой.

4. Соңғы рет əкем мен анамды бауырым екеуміз 2 ай бұрын Умра қажылыққа апарып келдік. Өзіміз бірге еріп бардық. Бұл да балалардың ата-ана алдындағы міндеттерінің бірі деп ойлаймын.

Абай ОТАР, журналист:

«СТУДЕНТ КЕЗІМДЕ АТА-АНАМДЫ АНГЛИЯДА ҚЫДЫРТТЫМ»

  1. Анам мен əкемнің нақты қалай танысқанын сұрамаған екенмін. Ауылдары жақын болғандықтан, бір-бірін жас кезінен білген деп ойлаймын. Бірақ əкемнің анама қалай қырындағанын білемін. Ол кезде əкей ауылдағы кеңседе қызмет атқарған. Оған дейін электрик болып жұмыс істегені бар. Бірде анамның үйіндегі жарық өшіп қалыпты. Оны естіген əкем жұмыста отырған жерінен, ақ көйлек, қара сымымен ғашығының үйіне құстай ұшқан екен. Содан сол киімін ауыстырмай бағанның басына шығып кетіпті. Бірде анамның апасы ауырып қалып, тауықтың сорпасы керек болады. Одан да хабардар əкей үйдегі 5 тауықтың үшеуін қапқа салып апарған ғой. Ол кезде көлік деген жоқ. Ауыл арасына жаяу қатынайды. Ыстық күнде 8 шақырым қашықтағы көрші ауылға жетем дегенше екі тауық үзіліп кетіпті. Əкем мен анам өстіп жүріп тіл табысып кеткен екен.

2. Басқалар секілді мені де дүниеге келген сəтім қызықтырады. Анамның айтуынша, маған жүкті кезінде əбден қиналған екен. Қайта-қайта толғағы келіп, 1-2 ай ауруханада жатыпты. Жарық дүниеге келмей, шаранамда жатып алсам керек. Ақыры дəрігерлер дəрі салып туғызған екен. Содан шығар, əлі күнге дейін көк қырсықпын.

3. Мен ес білген кезде Қазақстанның да, біздің үйдің де тұрмысы мəз емес болатын. Сондықтан бала күнімде əкемнің анама қымбат сыйлық бергенін көргем жоқ. Бірақ гүл сыйлағанын білемін. Қазір ара-тұра сыйлық жасап тұрады. Мен де жұбайыма сыйлық беріп тұруға тырысамын. Одан бөлек, анама, əпкелеріме, жеңгелеріме əрдайым сыйлық беремін. Мəселен, анама 8 наурыз мерекесіне орай смартфон сыйламақпын.

4. Анамды соңғы рет осы Астана қаласында қыдырттым. Елорданың əсем жерлерін аралап қайттық. Оның алдында ЭКСПО халықаралық көрмесін тамашалады. Жалпы əке-шешемді жиі-жиі қыдыртып тұруды жөн көремін. Мəселен, 2016 жылы Англияда оқып жүргенде анам мен əкемді «Тұманды Альбионға» қыдырттым. Бір қызық айтайын. Менің анам студент кезінде Англияны көруді армандаған екен. Сол үшін шет тілдері пəнінің мұғалімі болған. Қырық жылдан кейін анамның арманын орындап, ағылшын еліне ертіп баруға мүмкіндік туды.

Жадыра АЙМАХАНҚЫЗЫ

«Ұлан» газеті, №10
6 наурыз 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз