Елде жоқ қара бураны мініп, жер кезіп жүрген осынау адамды көрген жұрттың көңілінде «Біздің Асан қайғы деп жүргеніміз осы шығар» деген нәумез ой жататын-ды. Әне, тағы да бурасын боздатып тұрғыластарынан алабөтен биік дөңге шығып барады.

Дөң үстіне шықты да төңірекке көз жіберді. Осы бел-қыраттың әр қуысы, әр тасы өзіне әлдеқашан таныс болса да, жаңа көргендей ұзақ қарады-ай. түйе үстінде тұрып қарағаны аз болғандай, енді жерге түсті. Бураның алдыңғы екі аяғын жіңішке арқанмен байлап жіберді де, әнеукүні өзі үйіп қойған тастың үстіне кеп жайғасты. қолына әдеттегідей бір тасты іліп алды. Сол сәт көзіне бір қара көрінді. Жоқ, екеу екен. екі атты дедектеп келеді. «Дәу де болса байекең шығар».

Иә, өзі боп шықты. Осы қоныстың иесі. Әлгінде түйе мінген қосымның осы дөңді бағытқа алғанын әуелі малайы көрген. Көре сала қожайынына қарай ойбай сап жетіп барған. «Әлгі кезбе анау төбеге шығып барады. ертерек барып жөнге салмасақ, тағы да мынадай тас бар екен деп, жерімізді орыстарға сатып жіберер» деп зарлай келген. Бұл сөзді естігенде бай қазір-ақ жерінен айырылып қалардай далаға тұра шапқан. Артынан малайы да ілесті. Демде жетіп келіпті.

– Есенбісің, қосым? – деді бай келе ентігіп.

– Аманшылық. ел-жұртың аман ба, байеке? – деді Қосым да жауап қата, қолындағы тасты әрі-бері аунатып.

– Аман. қосым, андағы тасты алған жеріңе апарып қойсаң, дөкей бір ісек берем.қосым жымиды. Келісін енді түсінді.

– Жарайды, – деп қарап отырған тасты оң жағына лақтыра салды. – Ісегіңді беріп жіберерсің. 

Байекең келген ізімен кері тартты. Қосымның ұзақ күлгеніне қара бура мойын созып әлі қарап тұр… 

Иә-ә-ә, тастың тілін түсінген Қосымнан кейде ел-жұрт қорқады екен. Әсіресе, байлар. Себебі – әлгіндей. Оқу-тоқусыз байлықтың кенін тауып берген, тіпті, өндіріс орнын ашуға дейін үлесі тиген Қосым Пішенбаев туралы аңыз-әңгіме елде көп. Әсіресе, өзі туып-өскен Баянауыл өңірінде. Тіпті, кей жылдары газет беттерінде геологқа қатысты дау-шарлар да болмай қалған жоқ, елді сарсаңға салмай да қалған жоқ. Партизан-жазушы Қалмұқан Исабайдың Қосым тағдыры жөнінде ізденген, жазған еңбектері көп. 1961 жылдан өмірінің соңына дейін талмай еңбектенді десек те болар. «Халық геологының өмірінен кітап жазып, оқырманға ұсыну енді менің алдымда тұрған міндетім» дейді мақаласында («Қазына тапқан адам», «Жалын» баспасы, 1989 жыл). Бұл әуелі Қаныш Сәтбаевтың арманы болған. Қаныш көзі тірісінде Қосым Пішенбаев туралы деректер жинатады. Қосымды көрдік-білдік дегеннің бәріне «ол туралы естелік жаз» дейді екен. Қаныш 1920-1921 жылдары Александр Васильевич Черкашин деген кісінің үйінде тұрады. Черкашин Қосым туралы көп білген. Біраз әңгімеге Қаныш содан да қанық болады. Кейін Черкашин «Судьба Косума» деген кітап жазады. Жетпісінші жылдары Жазушылар одағында орыс секциясының талқысына салынады. Амал нешік, сын-ескертпелер айтылып, кітап авторға қайтарылады. Көркемдік шындықтан алшақтау деген көрінеді.

Иә, қайткенде де Қосекең туралы әңгімелер көбіне аңызға ұқсайды. Жоғарыдағы әңгімені де Баянауыл өңірі аңыз қылып айтады екен. Оны Қосекеңнің ұрпағы Амантай есімді кісіден жазып алдық. Аздаған ізденіс барысында тапқан мына деректер бірден-ақ Қосымды әйгілей түседі:

ҚОСЫМ ПІШЕНБАЕВ ДЕГЕН КІМ ЕДІ?

 Александр БЕНАРДАКи, Верхатур көпесі, тау-кен кәсіпкері:

Мәлімдеме

12 маусымда жергілікті қазақтардан тұратын бес адаммен Баянауыл округі бойынша сапар шектім. Араға бір қонып, Екібастұз деген сортаң көлдің оңтүстігінде 500 сажендей жердегі Қарабидайық деген жерге жетіп, көлденеңі де, тереңдігі де 3 аршыннан келетін шұңқыр (шурф) қаздық. Шұңқырдың тереңдігін 7 аршынға жеткізгенде тас көмірге кездестік. Барлау тобында мына қазақтар болды: Қосым Пішенбаев, Салғара Баймақанов, Жантала Мәмбетов, Қойшықара Наурызов.Қарабидайықтан табылған тас көмірді мәлімдей отырып, кітапқа тіркеп қойылуын өтінемін.

21 маусым, 1867 жыл (Киев архивінен)

 

Александр МЕЙСТЕР, Транссібір темір жолы құрылысының бас геологы:

«Қосым апаны өте кең түрде қазылған болатын және пластаның барлығы осы жерде дәлелденді. Мұны қазған уақытта әуелі қоқысқа кездеседі. Алайда, тек Қосымның табандылығының арқасында ғана қоқыстан өтіп нағыз көмірге кездескен».

«Геологическое исследование и разведочные работы по линий Сибирской железной дороги». (Том қаласы, 1898 жыл, 9-саны)

В.КОЦОВСКИЙ, Семей губерниясының бас инженері:

«Екібастұз көмірін алғаш ашу құзыры жергілікті қазақ Қосым үлесіне тиеді» (Бұл да сонда)

Дмитрий БАГАЕВ, фотограф және өлкетанушы:

«Қосымды мен жақсы білдім. Екеуміздің қарым-қатынасымыз жай жолдастықтан гөрі де жақын болды. 1899 жылы бала кезімде көпес Деровтың Павлодардағы бас кеңсесіне қызметке тұрдым. Қосым да сонда істеуші еді. Оның міндеті: дала кезіп, кен іздеп, тапқанын маған айтатын. Мен оны тиісті журналға тіркейтінмін. Одан кейін Деров оларды өз атынан тиісті жерлерге мәлімдеп жататын.

(Павлодар облыстық өлкетану музейі архивінен)

Әлкей МАРҒҰЛАН, академик:

«Өткен ғасырда Том қаласынан «Золотопромышленники и горное дело» деген журналдың 1900 жылы шыққан 10-санында сол кездегі Екібастұздың схема-картасы шыққан. Оны сызған А.Мейстер. Сонда Қосымның аты үш жерде аталады. Сол жақ төменгі жағына нөмірленген 50 нүкте бар. Оның астына «Қосымның барлау линиясы» деп жазылған. Бұл яғни, Қосым Екібастұз көмірінің запасын белгілеуге әрекет те жасады деген сөз.

(Ауызекі әңгімесінен)

Қалмұқан иСАБАЙ,  майдангер-жазушы:

«Қосым Пішенбаев – Екібастұз көмірін алғаш ашқан адам. Тұрағы – Баянауылдың жатағы. Қаржас ішінде Майылтон деген рудан шыққан. 1844 жылы Қызылтауда дүниеге келген. Геологтық білімі жоқ. Бірақ елде «тас тілін білгіш» деп бағаланған. Өңірде «Қосым сайы», «Қосым үңгірі», «Қосым тасы», «Қосым тауы» деген жерлер бар…»

Қалмұқан Исабай ағамыздың геолог туралы кітабын кездестіре алмадық. Бәлкім, жазып үлгермеген де болар. Бірақ Қосым жөнінде көп ізденген бірден-бір адам екенін қайталай айтып жүрсек артық етпейді. Тіпті, Екібастұзда Қосым атындағы көше берілуі де, ескерткіш ашылуы да Қалмұқан ағамыздың түртпегінен туындаған.

Жолымыз болып, Қосым Пішенбаевтың ұрпағын тауып алдық. Құдай жомарт, Амантай ағамыз әңгімешіл екен. Сым ұшында байланыссақ та әңгімесіне әбден қаныққандай болдық. Геологқа қатысты көкейдегі көлеңкелі сауалдарға да жауап тапқандаймыз. Ағамыздың әңгімесі Қосым Пішенбаевтың өмірінің қыр-сырына қоса, мінез-тұрқын да аша түскендей…

Амантай ЕСІМБАЕВ, Қосым Пішенбаевтың ұрпағы:

Елге шарапаты тиген адам

 – Қосым, Есім – бір туыс, ағалы-інілі. Менің фамилиям – Есімбаев. Сол Есімнен тараймын. Екеуі Пішенбайдың баласы. Пішенбайдан Қосым, Қосымнан Әбіш, Мұқыш деген екі ұл болған. Әбіш атамыз соғыстан кейін қайтты. Павлодар жақта «Техникум» деген кеңшар болды, «14-ауыл» деп те аталды, сол жерде қайтты. Ал Мұқыш деген ұлы Қарағанды жаққа кеткен, сол жақта қайтыс болған. Әбіштен де, Мұқыштан да бір-бір қыздан қалған. Ұл бала қалмаған. Әбіш атамыздан Ырымтай деген қыз қалған, ол кісі Екібастұзда тұрып, сонда өмірден өтті. Қосымның бауыры Есімді айттық, одан менің әкем Ақыш туады. Әкеден мен де жалғызбын. Былайша айтқанда, атадан қалған жалғыз тұяқ мен ғана. Баянауылдың Мақаш өңірі біздің атақонысымыз. Бұл кісі табиғат берген дарын иесі болған ғой, ешқандай оқу-тоқуы жоқ.

– Бұқарбай деген ұстазы болған деген әңгімелер бар ғой?

– Онысын нақты айта алмаймын. Қанша дегенмен өмірде болған адам, өтірік айтуға да болмайды. Ел ішінде тұрып ондай әңгіме естігем жоқ.

– Бұл кісіге қатысты әкеңіз айтқан әңгімелер бар ма еді?

– Иә, әкей де білетіндерін айтқан, ол кісінің көзін көрген ғой. Бізде Майқайың деген жер бар. Сол жерден алтын шыққан. Кәдімгі алтын. Соның ашылуында да Қосекеңнің үлесі бар. Әкей айтқан әңгіме: 13 жасында осы Майқайыңда тұрыпты. Қосекең де осында. Сондағы алтынды ағылшындар өндіріп жатыр дейді. Әкейді шығыр тартуға қойыпты. Құдықтан су тартқан сияқты әлгіні екі кісі екі жағынан бұрап тартады екен. Сондағысы шелекпен топырағын шығарады. Солармен бірге істеп еңбекақы тауып жүріпті. Қыс келгенде жұмыс тоқтапты. Ол кезде Майқайыңда паровоз жүреді екен. Сирек жүреді дейді. Келгенде оны өшіруге болмайды, кезек-кезек от жағатын көрінеді.

Кей түндері қоян аулайды екен. Ескі мылтығы бопты. Соған қорғасын керек болды дейді бір күні. Содан вагонның төбесіне шығыпты да, үстінен ішке түсіпті. Ішке кірсе вагон толған пішіні бөлке нан сияқты қолдан құйылған қалың қорғасын екен. Содан әлгінің біреуін алып шықтым дейді, зілдей екен. Түнде алыстау жерге апарып тастапты Таңертең жұмыстан соң ақырындап әлгіні қапқа салып үйге әкепті. Керемет қорғасын екен. Соны табаға салып қыздырыпты. Оқ жасамақшы ғой. Соны балқытам деген кезде қорғасынның ортасынан кесек алтын шыққан екен. Сонда ағылшындардың қулығын айтады, қорғасын өндіріп жатырмыз деп бәрінің ортасына алтын тығып отырыпты. Соны шетелге айдап отырған екен. Ресейге білдірмепті. Әкей ол алтынды әжесіне, Қосекеңнің бәйбішесіне апарып берген, әжей ұрсып беріпті. Неге ұрлық жасайсың деген ғой. «Маған алтын керек емес, қорғасын керек» деп қорғасынын алып қапты әжей.

– Атамыздың отбасы құру жөніндегі әңгімелерді айтып беріңізші…

– Әжей Қозған руының қызы. Екібастұзда мешіт болған, сонда Ертай деген ақсақал азаншы болатын. Сол кісі айтып отыратын, Қосым менің жездем деп. Сол кісінің апасын алыпты. Білерім сол.

Қосекең 1932 жылы қайтты ғой. Ыбырайдың Әбдірахманы деген болды. Сол кісі біледі, бірге тұрған. Сол кісіден естігендерім бар. Әбақа дейтінбіз ол кісіні. Қосекеңе қатысты көп әңгімені сол кісі айтып кетті. Мен онда зоотехник боп істеймін. Ол кезде Қосымды керек қылып жүрген мен жоқ. «Әй, бала, ертең үкімет бұл кісіні іздейді. Сонда сенен сұрайды, ақиесі сенсің. Менің өзім 80-нен астым. Мен сол кісіні қолымнан жерледім» деп, бар әңгімені айтып қалуға тырысатын. Мұқыш, Жәлмен деген тағы да ақсақалдар бар, бәрі бірге қойыпты. Қыс қатты болған екен. Жер-көктің бәрі тоң, лом батпайды дейді. Әупірімдеп жүріп жерлепті. Кейін Әбақаң көрсетті бейітті.

Әбдірахман ағам айтады, үкімет келгеннен кейін ағылшындар ауа бастапты. 1931 жылы болу керек, көше бастапты. Ағылшындар көп ешкімді жолатпайды екен. Пар ат жеккен шанамен, үстіне құрал-саймандарын артып кетіп барады дейді. Бір шанаға пар ат жеккен. Сонда Қосекең «бұлар мол дүниемен кетіп барады ғой, шіркін» деп айтыпты. Ашаршылықтың шет жағасы көріне бастаған заман екен. Сонда Қосекең «соңымнан бір-екеуің ерсеңдер, мыналардың шанасын алып қалсақ, басқа ештеңесінің керегі жоқ» депті. Шананың не керегі бар дейді ғой шалдар. «Әлгі шананың бәрі алтын шана» депті сонда атамыз. Сөйтсе ағылшындар шананың табанын алтынға толтырып барады екен. Ол сырт көзге көрінбейді екен. Шананың табаны қайынағаш болады екен де, алтынды соның ішіне жасырады екен. Оны Қосекең біліпті. Содан артынан ешкім ермегесін Қосекең жалғыз кетіпті. Ол кісі түйе мінеді екен. Сол кеткеннен мол кетті дейді. Бір айдай жоқ боп кетіпті. Қар түскен кез екен. Өзі де кезбе адам болған екен, ешкім іздемепті. Бір айдан кейін азып-тозып келіпті. Содан ауырған. «Әттең, жалғыздық қой, ала алмадым. Әйтпесе қапысы болып еді» депті. Ағылшындардың артынан көзге көрінбес үшін бір күндік жер артта қалып отырыпты. Қапысын тауып, шананы іліп алып кетуді ойлаған ғой. Сол шананы алып қалсақ бәрімізге жетуші еді деп өкініш білдіріпті. Ауылға жаңалықтың бәрін Қосекең әкеледі екен. Сарыкөбеңке деген бидай әкелді дейді бір жылы. Керемет ірі бидай екен. Орта қаптай әкепті, қала жақтан. Әбақаң секілді жастарға жерді жыртуды, егін салуды үйретіпті. Егіндікті торғайдан қорғайды екен күндіз. Сол егіндіктің басына күрке қойып, өзі жаз бойы сонда жатыпты. Күзге дейін сонда жатады дейді. Содан күзде астық шығыпты. Үйдегі алаша-киіздің бәрін егін басына апарып, бәріне орғызыпты. Қолмен орған ғой. Орып, бидайын түсіріпті.

Одан бөлек темекі де еккен. Бір жылы картоп та егіпті. Ол кезде оны кім жеп көрген?! Қалай егу керектігін Қосекең айтып жүріп, Әбақаңдар орындапты бар жұмысты. Онда да Қосекең өзі күзетеді екен. Содан не керек, «өзі ектіреді, өзі күзетеді, біздің де еңбегіміз бар ғой деп өзіміз еккен бақшаға өзіміз түстік қой» дейді Әбақаң. Түсе сап бақшаның шөбін жеп көрдік, ащы бірдеме дейді. Оның несін жейтінін де білмеген ғой. Содан жолдары болмай қайтыпты. Күзге айнала әлгінің шөбі қурады дейді. Сол кезде ауылдағы қолында күш-қуаты бар жігіттердің бәрін егін басына апарыпты. «Мынаны қазыңдар» депті бара сала. «Сөйтсек жейтін нәрсенің бәрі жердің астында екенін қайдан білейік» деп күліп еске алып еді Әбдірахман ағамыз. Соның бәрін үй-үйге бөліп беріпті.

– Атамыз қайтқанда балалары қайда болған?

– Балалары ауылда, қасында болған. Қыс бітіп, жаз шыққанда да тұрмыс түзелмеді ғой. Әжемізді алып, бәрі Павлодарға көшкен.

Зиратты Әбақаң көрсеткен соң, басын көтеріп, Құран оқытып ас бердік. Содан соң үкімет іздей бастады. Кесене саламыз деді басына. 11 миллион теңге тұратын жоба жасатыпты Алматыда. Соған қол қойдым. Обалы нешік, келістіріп саламыз деді. Бірақ мәйітті қозғаймыз деді. Онда қозғаттырмайын дедім. Кесене керек емес, төрт құлақты бейіт болса да жетеді дедім. Оның үстіне айналасында да зираттар бар. Олардың үстіне қалай салғызасың. Сонымен солай тұр. Елге шарапаты тиген адам ғой. «Қосым жетім екен, далада қалыпты, әкем тауып ап жерлепті» деп өтірік мақала жазғандар да болды ғой кезінде.

– Қосекең медресе оқыған ба?

– Бұл кісі орысшаны мықты білген. Орысшаға ағып тұрды дейді. Ағылшындардың қасында жүріп, олардың тілін де шала-пұла біліпті. Оларда землемер боп жұмыс істеген. Жұмысы сол, ел кезіп жүрген. Әлгінің бәрі сол одан-бұдан үйренгендері ғой.

Сен анау «Пионер» газетінде істеймін дедің бе?

– Иә, қазіргі «Ұлан» газеті ғой.

– Онда андағы газетіңде жиен ағам істеген.

– Ә, кім деген кісі?

– Нұрбаев Мәулен Қайыпұлы деген кісі. Сол газетте істеп жүріп соғысқа кетіпті. Редактордың орынбасары боп істеген. Өзі Баянның тумасы. Маған айтып отыратын, «Пионер» газетінің орынбасарлығына дейін көтерілдім» деп. ҚазМУ-дың журналистикасын бітірген. Е-е, сол «Пионер» газеті екен ғой. Шіркін-ай, бетпе-бет кездесу керек еді, әңгімені солай айтқан жақсы ғой. Бірінің басын, бірінің аяғын айтып жатырмын, шіркін-ай, соны құрап мақала жаза алсаң жарар еді. Қайдан білейін.

Майдангер жазушы Қалмұқан Исабай

– Қалмұқан ағамыз көп жазған ғой атамыз туралы. Сізбен кездесіп пе еді ол кісі?

– Иә, ол кісіні жақсы танитынмын. Елдің адамы ғой. Келетін, әңгімені соғып жататынбыз. Ғажап адам ғой. Әуелі Құдай, сосын осы кісінің арқасы Қосымның Қосым боп тұрғаны.  Қызылшілік деген жерде сынап болғанын да Қосекең айтыпты. Оған соқтығуға болмайды, ол киелі нәрсе, зияны көп болады депті. Сол кезде сынап деген нәрсені білген ғой. Аң аулап, ел кезіп жүре беретін жан болған ғой. Ел содан Қосымды «Кезбе» деп атапты. О заманда кәртешкеге түсу деген жоқ қой. Атамыздың бір кәртешкесі бар менде. Бір досы болған екен, кәртешкеге түсірумен айналысады екен. Соған Қосым бір барып, қайтып бара жатқанында «Әй, Қосым, бері қарашы» деп, қарай бергенде шарт етіп түсіріп алыпты. Сол кәртешкесі мендегі. Оны Павлодардың ескі музейінен алдыртқам. Амантай ағадан суретті жіберуге өтініш алдық та, әңгімемізді тәмамдадық. 68 жаста екен ағамыз. Құдай ғұмыр берсін!

Айтпақшы, Қосымның ұстазы болған Тәшімнің Бұқарбайы деген кісі өткен деген әңгіме бар. Ол туралы деректер там-тұм ғана. «Бұқарбайдың өз қолымен орысша жазған алпыс шақты мәлемдемесі архивте сақтаулы. Үзік-үзік мәліметтерге қарағанда бала кезінде Сібір жаққа өтіп кетіп, геологиялық мектептерден өтіп, Тобыл көпесі Степан Иванович Поповтың даладағы сенімді өкілі ретінде келген екен» дейді Қалмұқан Исабай «Халық геологы» мақаласында («Халық кеңесі» газеті, 26 тамыз, 1994 жыл).

Иә, түгін тартсақ майы шығатын қасиетті жеріміздің қай өңірі де небір асыл сүйектерді бұғып жатыр-ау. Міне, Бұқарбай да іздеушісін күтіп жатқандай.

Елге шарапаты тиген, тіпті, ел басына күн туғанда ашаршылықтан алып қалуға (80 жастағы қария болса да) жанталасқан геолог, дала академигі Қосым Пішенбаев есімі қайтара жаңғырып тұруға тиісті. Туған жердің байлығына бүкіл қазақты кенелтсем деген шерменде…

Баянауылға барған сапарымызда әулиелі Қызылтаудың етегінде, Мақаш қыстауындағы Қосым Пішенбаевтың зиратына зиярат қылып едік. Алла қабыл етсін!

Табиғаты көркем жер екен. Осынау табиғатпен, тіпті, осы маңның әр тау-тасымен тілдесіп тұрғандай төрт құлақты кішкене бейіт тым асқақ көрінді…

Асылан ТІЛЕГЕН
«Ақ желкен» журналы, №6
Маусым, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз