Тарих әсте өтірік айтпайды. Риуаятшылар қанша бұлтарып-жалтарса да тарих-дана өз дегенін жасайды. Мысалы, біз қанша жыл бойы Ақмола өңірінің түп-тамырына бей-жай қарап келдік. Елордамыздың тамыр-тарихын беріден ғана тартып келгеніміз өтірік емес. Оған себеп – кеңестік саясат тың игеру кезеңіне дейін бұл өңірді адам аяғы тимеген, елсіз-жерсіз деп үйретті. Ал шынында солай ма еді?! Әрине, олай болуы мүмкін емес. Әрі десе Елорданың басқа жер тұрыпты, қу тақыр жерге көшіп келгенін немен байланыстыруға керек, қалай түсіндіруге болады?

Деректерге көз жүгіртелік. 1830 жылы подполковник, Петропавл бекінісінің коменданты Федор Шубин басқаруындағы отряд Ақмола жерінде сыртқы округ ашу үшін осында келеді. Әуелі бекіністі Нұра өзенінің бойында қазіргі қаладан 30 шақырым жердегі Ақмола мекенінде салу ниеті болған. Бірақ бұл жер қолайсыз болып шықты. Нұра мен Есіл тасығанда кемерінен асып, біраз жерді су басып кететін еді. Құрылыс Есілдің биік жағасындағы Қараөткелдің тұсынан басталды. Осы жерде Ақмола деп аталған мекеннің алғашқы құрылыстары салына бастады. Ақмола деп төбесінде молалардың (ақ мола) белгілері сақталған әк тасты қыратқа байланысты аталған деген дерек көңілге қонымды. Византия жазушысы Прокопийдің дәлелдеуі бойынша, ғұндар биік қорғанды, бекіністі «мола» деп атаған. Бекіністің осы алғашқы атауы сақталып қалды дейді деректерде.

1832 жылы қанатын жая түскен мекен қала мәртебесіне ие болды. Ташкенттен Оралға, Ресей империясының басқа да аудандарына баратын жолдағы керуен жолында ыңғайлы орналасуы Ақмоланың ірі сауда орталығына айналуына ықпал етеді. Соған сәйкес жергілікті қала көпестері қалыптаса бастады. Көп өтпей қалада биік ғимараттар сап түзейді, сәулеті көз сүйсіндіретін екі мешіт бой көтереді. Әрине, оның бәрі кейін өртенеді, тарих қойнауына кетеді.

Бозоқ қалашығы қалай табылды?

Ал енді жоғарыдағы сұрағымызға жауап беріп көрелік. Ақмола бекінісіне дейін бұл жерде аң-құстан басқа тіршілік иесі болды ма?

1997 жылы археолог Кемел Ақышевтің жетекшілігімен «Есіл» археологиялық экспедициясы құрылып, жұмысын бастайды. Экспедицияның мақсаты – Астана маңайынан ертеде салтанат құрған қалалардың орнын табу болатын. Әрине, оған негіз жоқ емес. Кемел Ақышев Мәскеу, Ленинград мұрағаттарын ақтарып, қазақтың бұрынғы тарихына қатысты жазбалармен танысады. Ақмола өңірінде Қараөткел атты өткел барын растайтын құжаттарды кездестіреді. Олай-бұлай көшкен керуендер бұл өткелді айналып өтпейді екен. 1920 жылы жарық көрген «Сибирский вестник» журналында жер байлықтарын зерттеуге шыққан арнайы экспедиция мүшесі, геодезист, инженер әрі офицер Иван Шангин дегеннің қазақ даласының тарихы үшін құнды жазбасына қол жеткізеді. Онды былай депті: «Қорғалжын көліне кетіп бара жатқанымызда мен Қараөткелді кешіп өткен тұста алыстан ағараңдап аңғарылған қала қалдықтарын көрдім. Жол бастаушымыздан бұл не екенін сұрағанда, ол «Бозоқ» көлінің жағасында өмір сүрген ежелгі қаланың орны екенін айтты». Міне, бұл қазба жұмысын енді бастаған экспедицияға темірқазық болады, үлкен серпін береді.

Осы кезде экспедиция құрамында болған археолог әрі Кемел Ақышевтің жары Марал апай Хабдуллина ол күндерді былай еске алады:

«Археологиядағы заңдылықтар бойынша іздеген нысанамыз биік, қыратта әрі бұрыннан қалыптасқан жағада орналасуы керек болатын. Бірақ табылған қалашық орны алдын ала пайымдауымызға мүлдем кереғар бағытта – яғни терең балшық ортасында болып шықты. Біз оның нақты қайда орын тепкенін білмегендіктен, әуелде күллі Ақмола маңайын зерттеп, шарлап шықтық. Тағы бір ескерерлігі – Бозоқ көлінің қай тұста екенін жыға танып, ажыратып берер адам табылмады. Мұның себебі орталық өңірде шежірені, салт-жоралғыны жатқа білетін ақсақалдар қалмағанында, өңкей келімсектер қоныстанып алғанында шығар.

Әйтеуір көп іздеуге тура келді. Степногор қаласы маңынан қола, темір дәуіріне тиесілі ескерткіштер кешенін таптық. Бірақ бізге керегі ол емес еді. Сонымен не керек, 1998 жылғы күзгі кештердің бірінде ымырт үйіріле Кемел Ақышұлы бір белгілерді байқап қалды да, көмекшісіне қарап «Ұлан, былай тарт» деп, Қорғалжын жаққа нұсқады. Өзіміз Есілдің оң жағалауын бойлай Киров кеңшарынан келе жатқанбыз. Кешкі сағат сегіздер шамасы-ау деймін, кенет бізді іздеген ескерткішімізге жолдың өзі бастап шықты. Жол дейтін жол да жоқ. Мінгеніміз «УАЗ» көлігі еді, соның арқасында діттеген жерімізге аса қиналмай жеттік. Кемел Ақышұлы геодезиялық белгіні көрді де, сол төңіректі қарауымыз керегін айтты. Айтқандай-ақ түсіп көрсек, жазба деректерде баяндалғандай үш квадрат алаң бар екен. Қоршаулары болғаны байқалып тұр. Мұны көргенде, Кемел Ақышұлы есі шыға қуанды. Келесі күні ала таңнан қара кешке дейін уақытымызды сонда өткіздік. Адамның, жылқының сүйектері, ыдыс-аяқ қалдықтары табылды. Шамасы суырлар ін қазғанда шығып қалса керек. Содан бері жаз айларында аталған ескерткіш-қалашық басында біз үзбей қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз».

Есілдің сол жағалауынан қала салған кімдер?

Экспедиция жұмысын бастағаннан кейінгі 5 жылдың ішінде ұжым қызықты жаңалықтарға, бай олжаларға кенеледі. Алғашқы табылған олжалар – күйдіру пештері, кірпіш үлгілері, суландыру құрылыстарының іздері. Мұның бәрі көшпенділерде қалалар да, егін шаруашылығы тәжірибесі де болған емес деген кеңінен тараған пікірді жоққа шығарды. Археологялық олжалар парсы және араб жазбаларындағы деректерді қуаттайды.

Бозоқ қалашығы жөнінде кеңірек білу үшін Марал апайымызды әңгімеге тарттық. Марал Хабдулина бүгінде Еуразия ұлттық университетінде, Кемел Ақышев атындағы археологиялық зерттеу институтының директоры.

«Кемел Ақышев өмірден өткеннен кейін де 2013 жылға дейін үздіксіз жұмыс істедік, – дейді Марал апай. – Соңғы жылдары ғана біздің жұмысымыз тоқтап қалды. Себебі ол кезде «Мәдени мұра» бағдарламасымен жұмыстандық. Биыл наурыз айында жоғары жақтың тапсырмасымен «Бозақ» қорық-мұражайын ашу жөнінде үкім шықты. Себебі, «Астананы елсіз далаға көшіру дұрыс болмады, бұл өңірде ешқандай өркениет болмаған» деген жаңсақ пікір, жөн-жосықсыз әңгімелер айтылды. 2003 жылы Кемел Ақышев Елбасымен кездесуде «Бозоқты» сақтап, оны музейге айналдыру жөнінде ұсыныс айтқан. Себебі онда туристер келуі мүмкін. Егер ежелгі мәдениет қызықтырса, келіп көруге болады.

Бозоқ қалашығы 1200 жыл бұрын, 7-8 ғасырда пайда болған. Есілдің сол жағалауынан қала салу ежелгі түріктердің мақсаты болған деп айтсақ болады. Ескерткіштердің қалдықтары мұсылмандардың мазарын айғақтайды. Мұсылмандық мазарлар – мұсылмандық сәулет өнеріне деген адамдардың қызығушылығын оятады. Себебі, Қазақстанның орталық бөлігі Жошы ханның қарамағында болғанын білеміз. Осы жерде өмір сүрген адамдар қалашықта қорымдар жасаған. Біз шамамен мұсылмандық дәстүрмен жерленген жеті мыңға жуық қабірді қаздық. Оның ішінен 5 кесенені таптық. Оның екеуі күйдірілген қыш кірпіштен. Қорымдардың, зираттардың қалдықтары ғылым үшін үлкен маңызға ие. Мұның барлығы қазақ даласының тарихи мұраға бай болғанын, зерттеле түсуін қажет етеді.

Қазіргі Астананың тұрған жерінің мыңжылдық тарихы барына Нұрсұлтан Әбішұлы қызығышылықпен қарады. Кемел Ақышев ол жерде белгілі ғалымдардың қатысуымен үлкен конференция өткізуді жоспарлаған. Оған қатысушылар қазба жұмыстарымызды қарап, материалдармен танысып, жұмысқа тұжырым жасауға келіскен. Өкінішке қарай, осы тұста Кемел Ақышев қайтыс боп кетті. Сөйтіп конференцияны 2004 жылы өткіздік. Мәскеу, Ленинград және Татарстаннан бірнеше ғалым келіп қатысты. Қазір жоғарыда айтқандай, жөн-жосықсыз әңгіме айтылмайды. Астананың орнында өркениет болғанына ешкім күмәнмен қарамайды. Себебі, Астананы жайдан-жай көшірген жоқ. Бозоқтан көне жәдігерлер, қола, темір дәуірінің ескерткіштері табылды. Бозоқтың жалпы тарихы VIII-XIV ғасырды қамтиды.

Қалашықтың маңыздылығы сонда, оны Астананың тарихи тамыры деуге болады. Яғни, бұл жер ешқашан бос жатқан дала болмаған. Ерте заманнан адамдар тұрған. Астана қаласының болашақ аумағының шекарасына енген Бозоқты көлінің маңында, Есілдің сол жағалауындағы аңғарда қандай да бір қыпшақ сұлтанының тұрағы орналасқан. Ол дала арқылы батыстан шығысқа, шығыстан батысқа жүретін керуен жолындағы бақылау орны болған сияқты. Олай дейтінім, Ұлы Жібек жолы Қазақстанның тек оңтүстік бөлігі арқылы ғана өтті деуге болмайды. Жібек жолының тармақтары да болды. Батыс Сібірден парсы күмістері, үнді моншақтарының табылуы соған дәлел бола алады. Оңтүстіктен солтүстікке баратын керуен жолдары Әлкей Марғұланның еңбектерінде де айтылған. Ол Жібек жолы бойындағы қалалардан Бетбақдала, Сарыарқа арқылы Түмен, Омбы сияқты Сібір қалаларына жүріп тұрған жеті бірдей керуен жолын көрсетеді.

Сондықтан да Бозоқ жан-жаққа керуен жолдары тарайтын қалашық болған сияқты. Есіл мен Нұраның бір-біріне жақын келетін 40 шақырымдай аралық ұрымтал тұсы соған аса ыңғайлы. 2002 жылдан бері біз онда жер үйдің орнын таптық. Соның кескініне, табылған заттарға қарасаңыз тіпті, жетінші ғасырға жатқызуға болады. Өйткені тіршілік заттарының Түркі қағанаты кезіндегі дүниеге ұқсастықтары өте көп. Түркі қағанатының ордасы Моңғолияның Орхон өзені бойында болған. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары кеңес-моңғол экспедициясы ол жерде біраз қазба жұмыстарын жүргізген. Сондықтан да Астананың іргесінен табылған қалашықтың тарихи мәні өте үлкен.

Ең бір назар аудармай қоймайтын жайт – Бозоқ болашақ қазақ елі астанасының орнында болғанында. Бұған қарағанда, осы аймақ жағрафиялық тұрғыдан қолайлы. Екіншіден, Қараөткел маңы, сулы-жайылымдық өңір. Үшіншіден, оңтүстіктен солтүстікке ағылған керуендердің дамыл алуына қолайлы жер. Әдетте керуендер су жағасына аялдайды. Ал Бозоқ қалашығы Есіл мен Нұра аралығындағы 40 шақырымға ұласатын жерде орналасқан. Мұнда аялдап, керуендер қазіргі Павлодар, Омбы, Батыс пен Шығыс Сібір, Түменге сапар шегетін болған. Сондай-ақ Торғай даласына, Қостанай асуға зор мүмкіндік бар болатын. Бір сөзбен айтқанда, Бозоқ – өз дәуіріндегі геостратегиялық жағынан тоғыз жолдың торабында орналасқан аса маңызды шаһар».

Бозоқпен дәуірлес Бытығай (Ботақай, Батығай) деген қалашықтың да болғаны біраздан мәлім. Қаланы қағаз бетіне түсіріп, картасын жасаған жоғарыда айтқан Иван Шангин. Бұл 1816 жылғы оқиға. Екінші рет 1830 жылы А.Шахматов қалашықты толық суретке түсірген. Кесенелер бұзылмай, тарихи архитектуралық қалпы сақталып тұрған кезі екен. Бұл өңірді 1968 және 1970 жылдары Әлкей Марғұлан бастап жүргізген.

«Бытығай – Астананың оңтүтігінде 120 шақырым қашықтықта Нұра өзенінің бойында орналасқан, – дейді Марал Қалымжанқызы. – Екеуі бір кезеңдегі қала, бірақ Бытығайдан ежелгі қалдықтар табылмады. Алтын орданың немесе Жошы ханның тұсында пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда Бытығайға қызығатындар көп. Себебі онда екі кесене бар. XVIII-XIX ғасырда орыс топографтары зерттеген. Онда мемориалдық кешендер болған.

Осы аумақта «Керей көлі», «Жәнібек шалқар көлі», «Сұлтанкелді өзені» деген өзен-көлдер XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы карталарында болған. Қазір ондай атаулар жойылып кетті. Мұның барлығы нені көрсетеді? Қазіргі Астананың аумағында, Нұра, Есіл өзендерінің бойында ежелгі түрік бабаларымыздың астанасы болғанын білдіреді.

Тоғыз тарапқа керуен тартқан Бозоқтың орнында бүгінде Астана салтанат құрып тұр. Сәулеті өз алдына, бір кездері Есіл даласы туралы «мұндағы айналадағы жабайы тірлік пен мүлгіген тыныштық жаныңды жабырқатып, бойыңды езеді» деп орыстар жазған, қу медиен дала дейтұғын жерде қазір орман – Астана орманы жайқалады, керек десе. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен қала маңында 35 мың гектардан астам алқапқа егілген орман жайқалып өсіп келеді. Қара қарға мен ала сауысқаннан басқа құс сирек ұшатын далада әнші құстар пайда болып, Сарырарқа даласын әнге бөлеп тұр.

Расында, бүгінгі Астана – кешегі Целиноград емес, ол тіпті Ақмола да емес. Бұл шын мәніндегі жаңа қала, жасампаз шаһар. Оның өркениеті мен мәдениеті де тарихтан тамыр тартады. Жаһанданумен бірге жаңарып-жасара түседі. Өмірге жаңа келген аяулы перзент – сәби секілді, әр қадамына сүйсіне қараймыз…

Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №7
Шілде, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз