Екеуміз «Хан Шатырдан» шығып, Нұржол бульварының бойымен серуендеп келе жатыр едік. Алдымыздан екі бала шығып, ақша сұрады. Түр-əлпеттеріне, жүріс-тұрысына қарасаң қайыршыға ұқсамайды. Екіойлы болдық. Мұндай оқиғалар қала тұрғындары үшін қалыпты жағдайға айналған. Жағдайын айтып, ақша сұрайтындарға сенімсіздікпен қарайтындар көп. Шындығында басқа қаладан, ауылдан немесе басқа елден келген адамдар ғана көмек сұраған жандарға қолұшын созады екен. Ал ақша сұрайтындарды күнделікті кездестіретін адамдар оларға бұрылып та қарамайды. Олар да адамдарды сыртынан зерттеп алып, «мынадан қайыр болады-ау» деген адамдардың алдына барады.
«Астанада қайыршылар мен қаңғыбастар жоқ» дегенді жиі естиміз. Мүлде жоқ деп айтуға келмейді. Алайда басқа қалаларға қарағанда аз. Кейде азып-тозған қандастарымызды көргенде өмірін жақсартуға көмектескің-ақ келеді. «Жарайды, мен бір берермін. Бірақ, қашанғы осылай өмір сүре бермек?» деген оймен олардың тағдырына үңіліп көргің келеді. Бірақсұрайын деп, көмек берейін деп əрекет етсең ат-тонын ала қашады. «Қайыршылардың артында «үлкен» адамдар тұрады», «Қайыр тілеудің өзі кəсіп» дейтін алыпқашпа əңгімелерді жиі естиміз. Естиміз де, «мүмкін…» деп қоя саламыз.

Ақмарал: Былтыр бульварда дүңгіршекте сатушы болдым. Таңғы 9-дан кешке дейін күнделікті жұмыста боламын. Мен сияқты күнде жұмысқа келетін адамдарды екі ай бойы көріп, танысымдай болып кетті. Олардың қатарында күн сайын қайыр тілеуді кəсіпке айналдырғандар да бар еді. Күнделікті екі əйелдің кəсібі менің жұмыс уақытыммен бірдей басталады. Кейде кеш келгенде «үйде шаруаларым шығып қалды» деп құдды бір жұмысқа келгендей ақталып жатады бір-біріне. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі өтіп жатқандықтан келімді-кетімді адам көп. Бульвар Астанадағы халықтың көп жүретін жері. Маңында сауда орталықтары мен ойын-сауық орындары көп. Кірген-шыққан адамдардан ақша сұрап, тапқан табыстарын санаумен болатын. Күннің ыстығында менен келіп күн сайын сусын сатып алады. Кейде шəй ішіп, тамақтанып отырады. «Бүгінгі табысым жақсы болды, сенен көбірек ақша таптым» деген əңгімелерін жиі құлағым шалып қалатын. Жалпы, Қазақстанда қайыр тілеуді кəсіп қылып алғандар көп. Тіпті балаларына да туа сала осы кəсіптің əдіс-тəсілдерін үйрететін көрінеді.
Дана: Алматыда Арбатқа жиі барамыз. Ол жерден түрлі тағдырлы адамдарды жолықтыруға болады. Бірде көше музыканттарымен бірге əн шырқадық. Адамдар алғашында біртүрлі қарағанымен, біраз уақыт өткен соң бізге қосылып, би де биледі. Бұрышта қайыр тілеп отырған аға да қасымызға келіп, қайда оқитынымызды сұрады. Өзіміздің ортаның ұл-қыздары кез келген адаммен емен-жарқын əңгімелесіп кететіні бар. ҚазҰУ-дың студенті екенімізді айттық. Орта жастағы қайыр тілеп отырған аға өзінің де ҚазҰУ-да оқығанын айтқанда аң-таң болдық. Философия жəне саясаттану факультетінде оқыпты. Ғылым жолында еңбек етіпті. Қазіргі күйіне өзінің кінəлі екенін айтып, ақылды болыңдар деп өсиет етті. Ата-анамыз «оқымасаң, қайыршы боласың» дегенді жиі айтатын. Осы оқиғадан соң адамның тағдыры оның жоғары оқу орнында оқып-оқымағанына байланысты емес екенін түсіндік.

Жақында əлеуметтік желіде @janym_baklajnym деген атпен танылған Айдын Тоқсанбаева салюттің кесірінен бір көзі зақымданған Римма Асқарованың еміне қаржы жинау үшін түрлі шаралар өткізуді бастады. Мұны жұрт əртүрлі қабылдады. Кейбіреулері қолдан келгенше қаржылай көмек беріп жатса, кейбір адамдар əлеуметтік желіде қыздың əрекетін сынап, көңілге келетін пікірлер жазып жатты. Расымен, қазір қоғамда адамдар арасында сенімсіздік бар. Себебі алаяқтық туралы деректер күн сайын тіркеліп, сақтануға шақырады. Қоғамда адамдардың көмегіне мұқтаж жандар расымен бар. Олар туралы біле бермейміз. Олар да жан жарасын жарыққа шығаруға жасқанады. Көшеде қайыр тілейтіндер мен мұқтаждықтан көмек сұрайтындардың ара-жігін қалай ажыратуға болады? Күнделікті өмірде оқыс оқиғаға тап болып, өзгелердің көмегіне мұқтаж болып жататын сəттер де кез келген адамның басында кездесіп жатады. Тіпті, əмияныңды үйге қалдырып кететін, банк картасынан ақша алуды ұмытып кететін немесе қаражатыңыз жетпей жататын оқиғалар сіздің де басыңыздан өткен шығар? Осы кезде өзіңізге деген қоғамдағы көзқарастан жасқанатыныңыз да рас. Астананың ауа райы ғана емес, адамдары да суық деген пікірді жиі естиміз. Бұл миф пе, əлде факт ме? Екеуміз анықтауға тырысып көрдік.

Дана: Практикадан кеш шығамын. Апам қайтарда дүкенге соғып, азық-түлік ала келуімді сұрады. Үйдің жанындағы күнде баратын дүкенге кіріп, қажетті азық-түліктерімді алдым. Бағасын есептеткен кезде 40 теңге жетпей қалды. «Күнде келіп жүрмін ғой, ертең əкеп берейін» деп едім, сатушы көнбеді. «Сіз сияқты күнде келетін 100 адам бар. Касса жапқан кезде менің мойныма ақша мініп қалады» деп ақталды. Нан алу үшін үйге барып, ақша алып, дүкенге қайта келуіме тура келді.
Ақмарал: Қоғамда Астананың адамдары ауа райы сияқты салқынқанды деген пікір бар. Өзім осы қалада тұрақтағаныма 3 жыл болса да, мұны байқамаппын. Біз бұл тақырыпты қозғамай тұрып, басымнан өткен мынадай бір оқиғаны айтып берейін. «Ұланның» алдыңғы санында жарық көрген Шəкəрім Сисенбайдан сұқбат алуға барғанмын. Сұқбаттан əсерленіп шыққан бойда автобусқа мініп кетіппін. Кондуктор жолақысын сұрағанда барып картадан ақша алуды ұмытып кеткенім есіме түсті. Əмиянымдағы тиындарды жинап едім, 70 теңге ғана шықты. Ал жолақы – 90 теңге. Жан-жағымдағы адамдардан ұялып кеттім. Кондуктор жаныма келгенде ақырын ғана жағдайды түсіндіріп, 70 теңгені ұсындым. Жүзі жылы жан екен, жымиды да 70 теңгені алып, қолыма билет берді. Осыған дейін Алматыда жолақы төлемеген жолаушыларды түсіріп кеткен кондукторлар туралы естіп едім. Астана қанша суық болса да, адамдарының жүзі, жүрегі жылы деген ойға қалдым. Əрине, бұл қоғам туралы, қала туралы жалпылама пікір туғызбайды. Дегенмен, адамгершілік пен мейірім басқа критерийлерге емес, адамдарға байланысты екенін ұмытпасақ екен.
Дана: Достарым ауызашарға шақырған соң, үйге кеш қайтуға тура келді. Автобустар тоқтап қалған. Таксиге міндім. Такси жүргізушісіне 10 мың теңгені ұсынғанда, қайтаратын ақшасы жоқ екенін айтты. «Олай болса, телефон нөміріңізді жазып алайын. Ертең таңертең 500 теңгені бірлік ретінде салып жіберейін», – дедім. Алғашында күмəнмен қарады. Майдалай қояйын десем, жақын маңдағы дүкендер жабық. Кейін келісті. Алғыс айтып түсіп жатқанымда «ұмытып кетпеңіз» деп сенімсіздікпен қарады. Келесі күні терминалдан кешегі нөмірге бірлік аударып жібердім. Адамдар арасында сенім болмаса, адамгершілік деңгейі де төмендей беретін еді деген ойға қалдым.

P.S.: Осыған ұқсас оқиғалар баршамыздың басымыздан өтуі мүмкін. Оны қоғам əртүрлі қабылдайды. Бір ғана экспериментпен ешнəрсені дəлелдей алмаймыз. Алайда, адамдардың барлығы алаяқ деген жаңсақ пікір екенін айтқымыз келеді. Адамдар бір-біріне күмəнмен, сенімсіздікпен қарамаса деген тілек əрбіріміздің жүрегімізде бар. Бірақ қоғамда болып жатқан оқиғалар «сақтықта қорлық жоқ» дегенге меңзейді. Бізді «Қазақстанда неге қайыршылар көп?», «Адамдар неге қатігезденіп барады?» деген сауалдар жиі мазалайды. Мұның бəрі белгілі бір мəселеден қалыптасқан салдар деп
білеміз. Қайыршылар мен қатігездіктен құтылу үшін қаланы қаңғыбастардан тазарту, адамдарға ақыл айтудан бөлек, оның түп-төркінін зерттеп, себебін анықтау керек деп ойлаймыз. Табиғатта арамшөпті түп-тамырымен жұлып тастамай, одан өсіп шыққан өркенді кесе бергеннен пайда болмайтыны сияқты, қоғамда пайда болып жатқан келеңсіздіктердің
салдарын ғана жоймай, себебін де анықтауымыз керек. Біздің түйгеніміз – осы.

Дана МАРАТОВА,
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз