Бұл мақаланы жазу барысында із-түссіз жоғалып кеткендер мен жоғалып кетіп, қайта табылғандар туралы сан түрлі телехабар көріп, бірқанша мақала қарап шықтым. Жоғалу әп-сәтте, оған себеп көп. Біреу мал іздеп шығып, өзі қоса жоғалып кетсе, екіншісі үйінен қашып шығып, қайта оралмаған. Олардың арасында басынан жарақат алып, есінен адасып калғандар, әлдебіреулер күштеп алып кеткендер, серуендеп жүріп жұмбақ жағдайда жоғалғандар, тіпті, өз әйелін өзі өлтіріп тастап, артынша «әйелім жоғалып кетті» деп полицияға арыз бергендер де бар. Жоғалған адамдардың жақындарының уәжіне құлақ түрсең, «құзырлы органдар іздестіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеді, салғырт қарады» деген өкпе-реніштерін айтады. Ол да орынды шығар. Өйткені, орыстардың бір ғана «Жди меня» бағдарламасы қаншама адамды отбасына қайтарды (Қазақ телеарналары да сондай бір хабарды бастады да тастады). Осының өзі шындап кіріссе, жердің астындағыны да тауып алатындай қауқар бар екенін көрсетіп тұр емес пе?!

Биыл жылдың басынан осы уақытқа дейін жоғалып кеткен адамдардың есебін сұрап, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сауал жолдадық. Бірақ, журнал баспаға кеткенше сауалхатымызға жауап келмеді. Былтыр Қазақстан бойынша 2 мың 661 адамға іздеу салыныпты. Оның 181-і кәмелеттік жасқа толмағандар. Он жыл із-түссіз кеткен 40 адам «өлдіге» саналған. Алайда, деректерге қарап отырсақ, «өлдіге» саналғандардың жер бетінде тіршілік кешіп жүргендері де бар екен. Бәрінен де не өлі денесі табылмай, не қайтып оралмай, ұшты-күйлі жоқ болып кеткен адамның артында қара жолға телміріп күнін өткізетін анасының, әкесінің, жұбайының немесе балаларының зары жанға батады.

Көкейде жүрген нәрсені көпшілікке жеткізуге Назеркенің оқиғасы итермеледі. Күні кеше ғана қала болып 18 жастағы Назерке Әріпті іздеді. Аяғы жеткен жерге дейін іздеп, қолы жеткенше сұрау салғандардың талпынысынан еш нәтиже шықпады. Ақыры екі айдай уақыт болғанда бойжеткеннің өлі денесі табылды. Назеркенің еліктің лағындай сүп-сүйкімді суретін көргенде: «Табиғаттың мұндай әдемі жаратылысына қиянат жасауға кімнің дәті барды?» – десіп әлеуметтік желідегі бір қауым жұрт көңіл айтты. Осы оқиғадан кейін Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылына арнайы барып, Назеркенің ата-анасынан азғантай естелік сұрадық.

Сәуле САРЫБАЕВА, Назеркенің анасы:

Ол өте сенгіш еді…

Назерке кішкене кезінен тыныш бала болды. Диванға жатқызып қойып, жұмыстарымды істеп жүре беретінмін. Қонаққа барғанда да мазамды алмайтын. Біраз уақыт апасының қолында, ауылда болды. Назеркенің Димаш, Даниал, Дінасыл деген үш бауыры бар. Соларға қамқор болсын деген ниетпен, «сен үлкенсің» деген сөзбен көп жауапкершілік артатынмын.

Мектепте 5-6 сыныпқа дейін үздік оқыды. Кейіннен «төрттері» пайда болды. «Баға үшін оқымаңдар,  шын беске оқыңдар», – дейтінмін. «Мама, баға үшін емес, жақсы білім алу үшін оқиын», – деп айтатын. Бастауыш сыныпта ғана сабағын қадағалап, оқытып жүрдім. Бірде 9-сыныпта биологиядан не оқығанын сұрадым. Сонда кітаптағыны емес, түсінгенін айтып берді. Есте сақтау қабілеті жақсы болатын. Тіл игеруге де қабілетті еді. Өзім ағылшын тілінің маманымын, бастапқыда бар білгенімді үйреттім. Кейіннен өзі игеріп кетті. Түрікшені өз бетімен үйреніп алды. «Тіл білгенің жақсы, сонда да базалық білімі бар мамандық алғаның дұрыс» деп кеңес бердік. 15 жастағы інісі Димашпен қатты жақын болды. Сырын бөлісіп, жарқылдап күліп, достар сияқты жүретін. Тіпті, маған айтпайтын сырын сол Димашқа айтатын.  ҰБТ-дан 100 балл алғанда ол да, біз де қуандық. 21 маусым күні ҰБТ тапсырды, 22 маусымда 18-ге толды. Достары келіп құттықтап, дастархан жайып, біраз отырды. Ертесінде туысқандарымыз келді. Ол аңқау, ақкөңіл, өмірге құлшынысы зор болатын. Өмірде қасымда тек жақсы адамдар жүр деп ойлайтын, аңғарттығы оның өмірінің мезгілінен бұрын үзілуіне әсерін тигізді ме деп те ойлаймын. Өте сенгіш еді. Бұл өмірдің жаман жақтары да бар екенін, пиғылы жаман адамдардың жолында кездесуі мүмкін екенін кезінде ата-анасы ретінде көзін жеткізіп айта алмадық па деп өкінеміз қазір.

***

Назеркенің бөлмесіне кірдік. Жап-жарық кең бөлмеде екі терезе бар екен. Терезенің алдында пианино, бір бұрышта компьютер үстелі, күнде Назерке боянып-таранған айнасы, қазір ғана тұрып кеткендей әсер беріп төсегі тұр. Біздің назарымыз Назеркенің кітаптарына ауды. Мұқағали Мақатаевтың қалың томдығы жыртылғанша оқылыпты. Анасының айтуынша, Маргарет Митчеллдің «Унесенные ветром» романын да қайталап оқи беріпті. Назеркенің көзіндей болып, мектеп бітіру кешіне киген көйлектері ілініп тұр. «Қайтыс болған адамның киімдерін таратып береді дейді. Бірақ, маған оның көйлектерінен басқа ешқандай естелік қалмады», – дейді анасы. Назеркені күйзеліске түсетіндей таршылық көрді деп айта алмайсың. Өйткені, сабаққа ылғи жеке жүргізуші апарып, алып қайтып жүріпті. Кең сарайдай үйде ханшайымдай өмір сүргені жеңілауыз біреулердің айтып жүрген күмәнді сөздерін жоққа шығарып тұр. Анасының жан қимас естелігін естіп, жұмысқа қайттық. Фототілші Сәуле екеуміз екіұдай күйдеміз, бір-бірімізге сөйлеуге еш зауқымыз жоқ. Бір кезде Сәуле фотоаппаратына түсіріп алған Назеркенің күнделігіндегі сөздерді оқи жөнелді. «Ата-ана дүниедегі ең қасиетті жандар. Оларға қатты сөз айту – үлкен күнә. Кішкене кезімде бір жерден «Құдай саған не айтқысы келсе, соны ата-аналарың арқылы жеткізеді» деген мағынада бір мақала оқып едім. Бұл менің ойымнан ешқашан шыққан емес», – деп жазыпты. Анасы сұхбат барысында: «Жолда абайлап жүріңдер, таксиге отырғанда сақ болыңдар» деп үнемі айтып отырушы едім», – деп бірнеше рет айтты. Бәлкім Назерке кішкентай кезінде оқыған сол мақаланы бір сәтке есінен шығарып алды ма екен?..

P.S. Бұл мақала біраз уақыт күйзеліске түсіргенін жасырмаймын. Көзімді жұмсам болды, жоғалып кеткен адамдар көз алдыма тізбектеліп тұра қалады. Тіпті, соңғы рет Назеркенің телефоны белгі берген Гурилева көшесімен бастан-аяқ жүріп өттім. Бірақ, бұл күйзеліс жақынын жоғалтқан туыстың, баласын жоғалтқан ата-ананың қайғысының қасында ештеңе емес.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз