Бір күні Байбол жол бойымен жаяу кетіп бара жатқан Сабыржанды қуып жетті.  Өйткені, оның астында су жаңа белесебет бар болатын.

– Сабыржан, белесебетім қалай екен? Күшті, иә? – деді Байбол жеткен бойда.

– Иә. Әйбәт екен. Мен теуіп көрсем бола ма? – деді Сабыржан қызығып.

– Ой, қойшы,– деді Байбол бірден бас тартып. – Сындырып қоясың.

– Жоқ, сындырмаймын… ақырын тебем.

– Жоқ. Өзім әлі дұрыстап тепкем жоқ… бере алмаймын.

– Жарайды онда, бермесең бермей-ақ қой. Мен өскенде жұмыс істеп, ақша тауып, беле себетті өзім сатып алам.

– Ой, оған дейін қайда… көп қой…

– Бола берсін. Бәрібір, мен өзім сатып алам.

– Ал қазір менде белесебет бар, сенде жоқ, – деді

Байбол Сабыржанның жынына тимек болып. Бірақ, Сабыржан ашулана қоймады.

– Менің аяқ-қолым бар, – деді ол Байболға алымсынбай қарап. – Белесебетті өз күшіммен сатып алам.

– Аяқ-қол менде де бар, – деді Байбол.

– Дұрыс.  Біздің аяқ-қолымыз сау. Ал, Мәди арбада отыр. Ол да біз құсап өз аяғымен жүргісі келеді, – деді Сабыржан осы тұста әңгімені басқа жаққа бұрып. Дәл сол кезде олар жол апатына түсіп, үйде отырып қалған сыныптастары Мәдидің есік алдынан өтіп бара жатқан еді.

Байбол үндемей қалды. Арбаға таңылған бала сыртта отыр екен. Екеуі бұрылып, жанына барып, оның халін сұрады.

– Сабыржан, менің артыма отыр, – деді Байбол Мәдиден ұзаған соң кенет өзгеріп. – Мектепке тез жетейік, әйтпесе кешігеміз.

– Жоқ. Керек емес. Олай етсек, бізге қарап, Мәдидің көңілі бұзылады. Одан да жаяу жүрейік, – деді Сабыржан. Байбол үнсіз келісті. Екеуі жаяу кетті.

Бір күні «Еңбекке баулу» сабағында мұғалім балаларға түрлі-түсті қағаздан гүл жасауды тапсырды. Сабыржанның әкесі құрылысшы болатын. Ол үнемі әкесіне еріп, қолқабыс жасайтын. Ал шешесі үйде іс мәшинесімен көрпе-жастық тігіп, түрлі оюлар оятын. Кейде Сабыржан анасы сызып берген оюларды қайшымен қиып, көмектесетін. Сондықтан оған қызыл-жасыл қағазбен гүл жасау оңай болатын…

Тапсырманы бір демде орындап тастады. Ал, Байбол орындай алмады. Ол үйде үнемі ата-анасының тілін алмай, жұмсағанда еркелеп жатып алатын. Сондықтан ата-анасы оған көп жұмыс тапсырмайтын. Енді, міне, гүлді қалай жасауды білмей, әбден қиналды. Тіпті, партаның үстіне желімді төгіп алып, ұстазынан ескерту алды. Бір кезде ол жанында отырған Сабыржанды түртіп:

– Маған да гүл жасап берші, – деді жалынышты үнмен.

– Өзің жасасаңшы, сенің де қолың бар ғой, – деді Сабыржан өз жұмысымен мұқият айналысып жатып.

– Доспыз ғой, көмектесші, – деді Байбол қиыла өтініп.

– Жарайды, көмектессем, көмектесейін, – деді Сабыржан сонда барып мойнын бұрып. Бірақ, ұстазы байқап қалыпты.

– Байбол, гүлді өзің жаса! Сенің де қолың бар ғой, өзің жаса. Әркім өз жұмысын өзі істеуі керек. Еңбектенуді үйренуі керек. Әйтпесе, масыл болып қаласыңдар, – деді дауысын көтере ескертіп.

Сабақ аяқталғанда Сабыржан «бес», ал Байбол «үш» алды.

Осы бағадан соң еңбектің маңызды екенін түсінген Байбол үйде еркелікпен ештеңе үйренбегеніне өкінді.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз