Сатира – өзі суреттеп отырған оқиғаны,  құбылысты немесе кейіпкерді өткір сынға алып, әжуаға айналдыратын көркемдік бейнелеу тәсілі. Сатираның түбі – парасат, ақыл-ой, пайымды сөз сөйлеу. Астарлап сөйлеп, ойнап отырып ойдағыны жеткізу – қазаққа тән сөз өнері. Сатираның ішінде пародия секілді жанр да бар. Ал біз пародия жанры туралы не білеміз?

Бүгінгі кейіпкеріміз – түрлі аң-құстар мен мультфильм кейіпкерлеріне жəне жансыз заттарға пародия жасайтын өнері иесі Асқар Көмекбаев. Актер әңгімені өнерге келу жолынан бастады.

– Балалық шағымда өнерге қатты қызықтым. 9-сыныпта атақты америкалық əнші әрі биші Майкл Джексонның биіне тəнті болғанмын. Содан не керек, осы биді үйренемін деген мақсат қойдым. Оны үйреніп, сахнада өнер көрсеттім. Бірақ  жанымда жүрген достарым «Майкл Джексонды екінің бірі билейді, сен одан гөрі халықты елең еткізетін ерекше нəрсе жаса» деді. Осы сөзден соң жан-жақты іздендім. Сол кезде пародия жанрын байқап көргім келді. Пародияға қызығушылығымды əзіл кештері арттыра түсті. Мысалы, «Шаншардағы» президенттің дауысын айнытпай салатын Дәркен ағамның əртістік шеберлігі өте керемет. Одан кейін «Əзіл əлеміндегі» Аманғали Сыпабеков түрлі жан-жануардың, иттің дауысын салғанда, мен де қызықтым. Режиссер Хью Уилсон түсірген «Полиция академиясы» фильміндегі актер Майкл Уинслоудың жасаған дыбыстары ерекше әсер етті. Кез келген дыбысты шығару шеберлегіне тәнті болдым. Өзім жүрексініп, тек пародия өнерін тамашалап жүрдім. Көкейімде жүрген түпкі ойым жаңаша дүние жасауды қолға алғым келді. Басқалардан ерешеленуді көздедім.
Пародия – ең ауыр жанр. Бұл өнерді арнайы үйрететін оқу орны жоқ. Бəрін ізденіп, өзің үйренесің. Пародия жасағанда жүз пайыз ұқсатып, сендіру керек. Əрі кейіпкердің іс-қимылын, əдемілігін, одан сайын əдемі көрсету деп түсінемін. Пародия деген – мазақтау емес, ол адамның жақсы қасиетіне қоса өзі байқамайтын кейбір кемшін тұстарын әзілдеп жеткізу ғана.

Пародия жасау үшін қалай еңбектенесіз?

– Ел тыңдаған кезде «Бұны өзі жасап жатыр ма?» деп, сенбей қалатындай дыбыстарды салуға тырысамын. Кейбір достарыма жіберіп, ақыл сұраймын.  Олар «Өзің жасап отырсың ба? Аппаратпен дыбыс қоспадың ба?» деп таңғалып, сенбейтін кездері болады. Пародия жасағанда отыз екі тісің түгел болуы керек. Себебі, тіс әрбір дыбысты анық шығаруға көмектеседі. Бір тіс бір дыбысты сол күйінде ұстап тұрады жəне тамақтан шығатын дыбыстың атқаратын қызметі зор. Мысалы күнделікті көріп жүретін қарғаның дыбысы тамаққа көп күш түсіреді. Пародия жасау үшін кем дегенде бір жылдай уақыт кетеді.
Пародистер белгілі тұлғалардың дауысын, іс-қимылын салып жатады. Өзіңіз пародия жасаған аға буын өкілдерінен  өкпе-реніш болған жоқ па?

– Ренжіген адамдар болған жоқ. Керісінше, мақтауды көп естідім. «Алдараспан» əзіл-ысқақ театрының жетекшісі Нұржан Төлендеиевтің дауысын келтіріп, пародия жасап жүрген болатынмын. Нұржан ағам пародия жасағанымды өзі көріп, маған ризашылығын білдірді. Кейін «Неге солай?» бағдарламасына шақырды. Бағдарламада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Нұржан Төлендиевке пародия жасадым. «Пародия жасау үшін алдын ала дайындаласың ба?» деп сұрады. Мен еш дайындықсыз, қас пен көздің арасында құрастырылған дүние екенін түсіндірдім. Әнші Қайрат Нұртас та өнеріме риза болып: «Бойың сəл ұзын екен. Сахнадағы қимылымды əдемі келтіріп тұрсың», – деді. Өнер адамдарына пародия жасамас бұрын рұқсат аламын. Әйгілі сатирик Көпен Əмірбек ағамыздың: «Репертуарындағы 5-6 адамды қашанғы пародиялай береді, көп болса қоянның терісі сияқты бір жыл шыдар, сосын сарқылады, тозығы жеткен тақырып та, тұлға да жұртты жалықтырады», – дегені бар. Осы себепті де пародия кенжелеп қалды, яғни пародияға сұранып тұрған объект жоқ. Пародисті аңшы дер болсақ, ол аң жоқ орманды қанша кезгенімен не табады?! Міне, бұл да осы сияқты жағдай. Кейде кімге пародия саларыңды білмейсің.
Шетел адамдарын салу бізге жат нəрсе. Қазақ мəдениетіне сəйкес келмейді. Тұлғаларға пародия жасаймын деген арманыма жеттім. Тек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсаты керек (күліп).
Сатира үшін түпкі мақсат – ойландыру, оның бір ауыз сөзі адамды ойға салса немесе сыналған кейіпкер өзін-өзі танып, ұялса болды. Ал менің арманым – халықты қыран-топан күлкіге батыра отырып, таңғалдыру.

«Пойыз жүріп келе жатыр…»

Бір күндері «Əзіл әлемі» театрының ұжымымен Тұрсынбек Қабатовтың ауылына барып, концерт қойдық. Сол кездегі мерекелік шарада Қанат ағамызбен  бірге мені жұп қылып, шығарған болатын. Қанат аға əңгімесін айтып тұрып: «Осындай жағдай болды. Пойызға міндік. Пойызға мінер кезде диспечер келіп хабарлады», – деп айтқанда мен қасында тұрып, барлығын салып айтып тұруым керек. Пойыздың келген, кеткен дыбысын келтіріп тұрмын. Микрофонды қолыма ала бергенде істемей қалғаны. Ауылда екі-ақ микрофон бар екен. Дыбысты салайын десем, микрофон істемейді. Қанат аға «Дыбыстарды сал!» дейді. «Істемейді» деп күліп тұрмын. Микрофонды қолыма беріп, «сала бер» деді. Мен дыбыстарды келтіріп тұрғанда залда айқайлап айтып тұр. Бір кезде «пойыз жүріп келе жатыр» деп тоқтады да, «мынау болмайды» деп микрофонды тартып алды. Сөйтіп халықты қыран-топан күлкіге қарық қылғаны бар.

Алмас БОРИС,
Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы.
Құрманғазы ауылы,

Атырау қаласы,

Атырау облысы

«Ұлан» газеті, №26
26 маусым 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз