Аралас жекпе-жектен атой салып, елімізді әлемге әйгілі етіп жүрген спортшыларымыздың жетістіктері жаман емес. Жақында ғана әлемнің ең үздік тұжырымдарының бірінде, әлемдік рейтингте 4-орында тұрған M 1 Global тұжырымында сынға түскен Арман Әшімов финн спортшысы Микаэль Силандерді ауыр нокаутқа жіберген болатын. Үш жекпе-жек өткізіп, барлығында қарсыластарын ойсырата жеңген отандасымыз уақытша чемпион атағын жеңіп алды.

– Арман, M 1 Global тұжырымы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш чемпионсың. Бұл атақ өміріңе қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

– Аса бір қатты өзгеріс әкелді деп айта алмаймын. Ел абыройын асқақтату үшін сегізбұрышта жанымызды салып жүрген соң, атақ-даңққа масаттанбаймыз. Қандай тұжырымның чемпионы болсақ та, қандай атақ-даңққа бөленсек те қарапайым кейпімізден таймауымыз керек. Құдайға шүкір, елімізге М 1 Global тұжырымының алғашқы белбеуін әкелу маған бұйырды. Дегенмен қазақ спортшылары  бұндай белбеулердің әлі талайын әкелетініне сенімдімін. Әрине, сәл танымалдығымыздың артқаны рас. Адамдар көрген жерде амандасып, ізгі тілектерін жеткізеді.

– Соңғы үш жекпе-жегіңде де қарсыластарыңды ауыр нокаутқа жібердің. Мұндай жетістіктің сыры неде?

– Ең алдымен, Алладан тілеген дұға-тілектердің арқасында деп ойлаймын. Сосын ерінбей еткен еңбек пен шүмектеп төккен тердің жемісі. Сондай-ақ «Мұстафа Өзтүрік» спорт клубының директоры Қайыр Мейірбеков ағамыз бізге әрқашан тарихтағы батыр-бабаларымыздың ерлігін айтып, рухтандырады. Ел шетіне жау келгенде қолына найзасын алып, осынау дархан даламызды аман алып қалған ата-бабаларымыздың ерлігіне тәнті болмау мүмкін емес. Сондықтан сегізбұрышта тайсалмай, қайсар мінезді халықтың ұрпағы екенімді көрсеткім келеді.

– Лақап атыңның салмағы қаншалықты сезінесің?

– Негізінен лақап атымды Қайыр Мейірбеков ағамыз Мұстафа Өзтүріктің салып кеткен сара жолын жалғастырсын, сол кісідей қазақты әлемге паш ететін батыр азамат болсын деген мақсатпен қойған болатын. Әрине, елім деп еңіреген қазақтың батыр ұлының атын арқалап жүру оңай емес. Бәлкім, лақап атым «Титан», «Тито Ортиз» немесе «Арлан» сияқты болғанда ауыртпашылықты сезінбес пе едім? Ата-жұртын аңсап кеп, қазақ жастарын таэквондо өнеріне баулыған Мұстафа Өзтүріктей тұлғаның атын иелену мен үшін үлкен мәртебе. Әр жарыста Мұстафа  Өзтүріктің «екінші орынға да ризамыз» деген шәкірттеріне: «Жеңіліп қалсаңдар не беттеріңмен елге қайтасыңдар?» деп айтқан әңгімесін есіме аламын. Мұстафа Өзтүрік деген ат бір шетінен жігерлендірсе, екінші шетінен үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан өзге елге барғанда жалауымды жығып, Мұстафа ағамыздың атақ-даңқын төмендетіп қайтқым келмейді.

– Мұстафа Өзтүріктің қандай қасиеттері бойыңда бар?

– Қазақ десе өзегін суырып беруге дайын болған Мұстафа Өзтүріктей болу қайда? Десек те, «болмасаң да ұқсап бақ» деген сөз бар ғой! Мұстафа Өзтүрікке қатты еліктеймін, оны пір тұтамын деп айтсам да болады. Қайдағы жоқ біреулерге еліктеп, соларды үлгі тұтқанша өзіміздің батырларымызға қарап бой түзеуіміз керек. Қазіргі кейбір жастар Мұстафа Өзтүріктің кім екенін де білмейді. Оларға «Ninety one» тобындағы жігіттер әлдеқайда қызығырақ.  Неге Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрагимов  Бақтияр Артаев, Қанат Ислам, Геннадий Головкин және Нұрбақыт Теңізбаев сынды ағаларымызға еліктемеске? Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспеав және Бағлан Әбдірайымов сынды әншілерден де жақсы үлгі алуға болады.

– Аралас жекпе-жектегі алғашқы қадамың қалай басталды?

– Жалпы спортпен 7-сыныптан бастап айналыса бастадым. Алғашында былғары қолғапты серік етіп, бокстың қыр-сырын меңгердім. Негізінен боксқа жай ғана қызығушылықпен барғанмын. Бірақ бұл спорттың әліппесін үйреткен алғашқы бапкерім Азат Асанов ата-анамды шақыртып: «Балаларың әлем чемпионы болмаса да, әлемдік аренада көк туды желбірететіне кәміл сенемін», – деп айтқан болатын. Негізі бокста да әжептеуір нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық жарыстарда көзге түсіп жүрдім. Алайда 2014 жылы аралас жекпе-жекке аңсарым ауып, алғашқы үлкен жарысымда топ жардым. Сол кезден бастап осы спорттың жетегінде жүрмін. Бірақ 2017 жылға дейін үлкен тұжырымдарда өнер көрсеткен емеспін. Әне-міне деп, біраз тұжырымдар құйрығын ұстатпай кеткені бар. 2017 жылдың шілде айында М 1 Global тұжырымы келісімшарт ұсынғанда өзіме: «Елімнің абыройын асқақтатып, көк туымды желбіретуге барымды саламын», – деп уәде бердім. Бұл мүмкіндікті де сол үшін берді деп ойлаймын.

– UFC тұжырымында өнер көрсету үшін қандай алғышарттар жасалып жатыр?

– Менің М 1 Global тұжырымымен екі жылға отырған келісімшартым бар. Келесі жекпе-жегімде украиналық Александр Доскальчукпен М 1 Global тұжырымының ең жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион атағын сарапқа саламын. Бұл кездесу маусым айына жоспарланған. Соған дейін, бапкерім Нұрлан Аманқұлов екеуміз АҚШ елінде оқу-жаттығу жиынына аттануды жоспарлап отырмыз. Егер барлығы ойдағыдай болып, демеушілер табылып жатса, атақты Грег Джексон немесе American Kickboxing Academy (AKA) залына аттанымыз. Ол жақта UFC тұжырымында өнер көрсететін небір мықты спортшылар бар. Солармен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тәжірибе алмасу және UFC жұлдыздарымен спарринг өткізу ойымызда бар. Бәлкім мықты мамандарың көзіне түсіп, UFC-ге жолымыз оңай түсер. Бірақ қазіргі мақсатым – М 1 Global тұжырымының толыққанды чемпион атағын жеңіп алу. Сосын UFC-дің де ауылы алыс емес.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз