– Қысқа метражды фильмдерімнің жетістігінің арқасында «неміс киносы» қоры конкурсқа шақырып, нақты түсіруге дайын тақырыбымның бар-жоғын сұрады. Бірден Арал теңізі жайлы түсіретінімді айттым. Бір фильмдер болады, оны сен өзің де түсіре аласың, көп шығын да кетпейді. Ал, бұл фильмге, қатты ыстықта қашықтағы мекенге барып жұмыс істеуге, түсірілім тобын жинауға қыруар қаржы керек. Арал теңізі жайлы түсірем деген идеям конкурста жеңіске жетті. Одан кейін Аралға қатынау басталды. Қайта-қайта барып жүріп қалай түсіруді жоспарладым, тағдырлы кейіпкерлер іздедім.

Катерина Суворова әңгімесін осылай бастады. Алматы қаласында туып, осында режиссерлік білім алған Катяның Арал теңізі жайлы деректі фильмі бізді ерекше әсерге бөледі. «Еуропа киносы – 2017» халықаралық кинофестивалінің шымылдығы Катерина Суворованың «Теңізім» («Завтра море») фильмімен ашылды. Авторлық жанрдағы деректі фильм бұған дейін де әлемнің беделді фестивальдерінде көрсетілген. Арал дерті Жер-ананың ғана емес, жергілікті тұрғындардың, қала берді, әлем халықтарының да жан жарасы екенін түсіндіруге тырысқан авторды бірден әңгімеге тарттық…

– Бұған дейін қысқа метражды деректі фильмдер түсіргенмін. Қала берді, журналистермен бірге түсірген біріккен толық метражды «Медиастан» деген де жобамыз бар. Мұнда біздің, әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары сөз болады. Ал, «Теңізім» – менің жеке авторлығымнан туған алғашқы толықметражды деректі фильм.

Идея қалай пайда болды десеңіз, басынан бастайын. Студент кезімде фотограф досым Арал теңізіне кетіп бара жатқанын айтты. Теңіздің қазіргі ахуалын суретке түсіріп қайтпақшы екен. Ал, мен Арал теңізі жайлы тек «Ине» (реж. Рашид Нұғманов) фильмінен ғана білетін боп шықтым. Кинодағы Цой жүрген тастанды кеме суретшілердің қолдан жасаған дүниелері деп жүріппін. Досым бірге баруды ұсынғанда бірден келістім. Пойызға билет те арзан екен, оның үстіне, тастанды кемелер бар болса, соларды көргім келді. Неге олай болғанын түсінгім, зерттегім келді. Алматы қаласында өскен маған Арал теңізі жұмбаққа толы болып көрінгені де шын. Аралға кеп бекеттен түскен соң, қалдық кемелерге жету үшін еріктілерге жүгіндік. Олар егер көліктің жанармайын алып берсек, бәрін көрсетуге уәде етті. «Біз қайда қонсақ сонда қонасыздар, балықшылармен танысасыздар» деді. Расында өзімізге таңсық көптеген дүниемен таныстық. Дат балықшылары жергілікті балықшыларға көмектесетінін, қалай экспорттайтынын, бұрынғы тұздалған балықтардың дәмі қашып бара жатқанының себебін түсіндіріп жәрдемдесетінін білдік. Қалдық кемелерді ғана көруге барған біз ондағы қайнап жатқан тіршіліктің, экологиялық қиындықтың, оған әлем назары ауып отырғанының, шетелдерден көптеген туристер келіп жатқанының куәсі болдық. Бір жапон турисімен жолықтық. Аралға келіп танысу үшін Токиодағы үйін жалға беріп, соның ақшасымен жолға шығыпты. Әлемнің назарын аударып отырған Арал біздің мемлекетімізде орналасса да, ол жайлы аз білетінімізге ұялдым. Мұнда адамдар үйін жалға беріп кеп жатыр, ал, біз 4500 теңге төлеп жол бойы ұйықтап келдік. Әлгі жапонмен салыстырғанда біздің жолға кеткен шығынымыз тиын-тебен екен. Ендігі жерде Арал мәселесі ойымнан кетпей қойды. Қалдық кемелер ғана емес, халықтың тіршілігіне де алаңдайтын болдым.

– Бізге де байқалды бұл. Кейіпкерлер қолдан жасалмаған, өмірде қалай болса, сөйлегені, әрекеттері де солай. Әсіресе, қарияның образы киноның негізгі жүгін арқалап тұрғандай. Жастардың жұмыссыздығы, жергілікті халықтың камераның алдында қобалжуы, өзін көрсетіп қалуға тырысуы, балықшылар мен темір сатушылардың тіршілігі, бәрі сендіреді. Сонымен, түсірілім кезін біраз қаузасақ…

– Қазір деректі фильмдер сәннен қалды. Халыққа көрсетілуі де аз. Киноакадемияда бірге оқыған жігіттердің көбі көркем фильмге кетті, бірқатары жарнамалық роликтер, клиптер түсіріп жүр. Деректі фильмнің жаппай сұранысқа ие болмай қалуының себебін дөп басып айта алмаймын. Сұраныс жоқтың қасы, көп ақша жұмсап, аз пайда табасың. Шынын айтқанда, көркем фильм жасап бақуатты өмір сүруге болады. Ал, деректі фильмде қиын. Бірақ, мен бұған өзім құлықтымын. Қалдық кемелерді кесіп жатқан кісілерді түсіру үшін бірнеше күн сонда қонуға тура келді. Түсірілім тобындағы жігіттер кеменің ішінде темір кесушілермен бірге жатты, ал, мен жалғыз әйел болғандықтан машинаның ішінде жаттым. 50 градус ыстықта шөлде қалып қойған кемелерді түсіру маған да оңай соқпады, бірақ, мұндағы күнделікті темір кесетін адамдар айлап осында жататын еді.

– Темір кесушілер өздерінің жұпыны тіршілігін түсіруге қалай келісім берді?

– Бірден келіскендеріне мен де таңғалғанмын. Шамасы олар айдалада темір кесуден жалыққаннан, зеріккеннен келісім берді. Мен, мәселен, Германиядан келген операторлармен, дыбыс режиссерімен, соңғы үлгідегі камерамен бардым. Оларға қызық, мен де түсініксіз типажбын. Басында фотографпен барғанымды айттым. Екіншісінде кейіпкер іздеуге, үшіншісінде конкурсқа қатысып, түсірілімге жолдама алу үшін фестивальге арналған үзінділер түсіріп жіберуге барған болатынмын. Бақсам алғашқы барған кезде көрген кемелер жоқ. Енді кемелерді көру үшін құрғаған аңғармен сегіз сағат жол жүруім керек екенін естідім. Бұрын бір сағаттық қана жол еді. Қала әкіміне барып кемелерді түсіргім келетінін айтсам: «Қандай кеме?» – дейді. «Кесіліп жатқан кемелер». «Қандай кесіліп жатқан кемелер?! Олай болуы мүмкін емес». Сосын мен түсіндім, қараусыз қалған кемелерді кесіп, темір ретінде сату заңсыз екен. Бірақ, бұл болып жатқан құбылыс қой. Аралдағы кемелер бұған дейін де талай таспаға басылған. Маған басқаша түсіру керек. Осы орайда, темір кесіп сатушылардың тіршілігі таптырмайтын сюжет болмақшы. Бұл бұған дейін ешбір фильмде болмаған. Шыны керек, Аралдағы халықтың өмірімен, балықшылармен, әлгі қариямен, зерттеуші қызбен танысқан соң, қалай түсіретінімді тапқандай едім. Қалып кеткен жансыз кемелерден гөрі, шалғайда, қиындықпен күн кешіп жатқан адамдардың ғұмыры маңызды емес пе?! Десек те, Аралды қалдық кемелерсіз елестете алмайсыз. Қалдық кемелерді кесіп жатқан адамдар төзімді, шүкірі бар мықты адамдар. Экологиялық аймаққа айналған туған жерлерін тастап кетіп жатқан жоқ, сол жердің қарауылындай боп өз өмірлері үшін күресіп жатыр. Қолдан ештеме қосқамыз жоқ, бәрі олардың шынайы өмірі. Айдаладағы жұмысшылар, ыстық күн, тамақ пісіргендері, жатар орындары, әңгімелескендері де шын өмірдегі қалпында таспаға басылды. Ішер су, азық-ауқат, газ баллондар көлікпен жеткізіліп тұрады екен.

Бірде машина келмей қалғанда төңіректегі шопандардан су алып ішу үшін жұмысшылар таңертеңнен кешке дейін шөлмен жүріп әрең жеткен. Темір кесушілер де бірнеше кадр ғана болуы мүмкін еді. Тек, олардың бригадирлері әңгімешіл болмағанда. Бір жағы басшылары, қолы бос адам. Жұмыстың қалай жүріп жатқанын, Арал мәселесін, халықтың тұрмысын әңгімелегені әдемі тұздық болды. Соның арқасында темір кесушілерге қатысты бөлім тағдырлы, жүрекжарды болып шықты.

– Ал енді қарияның жайына келсек…

– Фильм бүкіл әлем бойынша көрсетіліп жатыр. АҚШ-та, Ресейде, Тайвань, Еуропа елдерінде. Қай елге барсақ та, көрерменнің дені қарияның образына көбірек қызығушылық танытады. Сексеннен асқан адамның жансебіл тіршілігіне таңғалады. Мүмкін өздерінің аталарын көретін шығар, мүмкін шөл мен құрғап бара жатқан теңіздің арасындағы қазақтардың төзіміне сүйсінетін шығар. Мүмкін, қазіргі заманғы адамдардың да қолынан қайсарлық келетініне сенген болар. Көрермен қарияның «Дон Кихоттығына», қиялилығына күліп те алады. Дегенмен, жандарына жылы қабылдайды. Себебі, оның машақатында жеміс бар. Отырғызған ағаштары, еккен диханшылығы өнім береді, игілікке жарайды. Қария мұны шөлге құрғаған айдыннан су тартып еккен.

Түсірілім барысында бізге оңайға соққаны, қарияға біздің бар-жоғымыз маңызсыз, өз ісімен әуре. Еңбек адамының өзгеде шаруасы болмайтынына көзім жетті. Біздің түсіріп жатқан кадрларға назар аудармағанымен, үнемі бірдемелерді бұйырып жүреді. «Гайканы бұрап бер, мынаны анда апарып бер» деген секілді. Сексеннен асқан қарияның баяу жүргенін көрмедік, жүгіріп жүріп тындырады шаруасын. Тек, намаз оқығанда ғана тоқтайтын шығар, шамасы. Өзінің ғұмыры аз қалғанын біліп, артында ағаш, егін қалғанын қалайды, шамамда. Балаларына салмақ болғысы келмей ме екен, айдалада жалғыз тұрады. Деректі фильмге осы сынды кейіпкерлер сыйлықпен пара-пар. Оның қасында жүріп сағатқа қараудың қажеті жоқ. Күн шығарда оянады да, күнге қарап уақытты дәлме-дәл айтып береді. Біз он бес минутта түсірілімді аяқтап кетіп қалған жоқпыз. Бірнеше күнімізді жұмсадық. Жақын маңдағы ауылда қарияның баласының үйінде түнеп жүрдік. Бір күні ыстыққа төзбей көлге түскен болатынбыз. Шопырымыз аңдаусызда шортиының қалтасынан көліктің кілтін түсіріп алған. Шопырымыз кілт жасатқанға дейін екі күн бойы камера, штатив, барлық құралдарымызды арбаға артып, сүйреп жүріп қарияның құжырасына қатынадық.

Қарияда түсінді, жәй сандалып келмегенімізді. Көп әңгімелестік. Өзіме ең ұнайтын кадр – қариядан интервью алып жатырмыз, ал, ата-мыз бір орнында тұрып кішкене сөйлейді де, жүріп кетеді. Камера артынан ақырын қозғалып жетеді. Камера жеткенде мына жаққа жүріп кетеді. Бұл қарияның қандай адам екенінен, қуатының көптігінен хабар берсе керек.

– Тағы бір кейіпкерлеріңіз гидробиолог қыз болды, иә?

– Гидробиолог қызды операторымыз тапты. Аралдағы қалашықта зерттеу жүргізіп жүрген қыз бәрінен ерекшеленетін. Қап-қара киім киіп алған, саяқ, көп сөйлемейді. Сонда қалған жалғыз орыс отбасы екен. Әке-шешесі өмірден өтіп кеткен. Ағасы екеуі қалған. Павлодарға, Байқоңырға барып жұмыс жасап көріпті. «Аралға бірдеме тартады да тұрады» дейді. Теңіздің қайта қалпына келуі мүмкін екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеу ізденісінде жүрген қыз солай кейіпкерімізге айналды.

Теңізді айтқанда, балықшыларды түсірмесек болмайтын еді. Әлі күнге тұрғылықты халықтың негізгі кәсібі – балықшылық. Мақсат деген бозбала кейіпкеріміз бар. Атасы да, әкесі де балықшы болған екен. Мақсат он сегіз жасына дейін теңіздің не екенін білмеген. Өйткені, су мүлде құрып кеткен кезде өскен. Кейіннен су қайта пайда болғанда басқа кәсіппен айналысып жүрген әкесі отбасымен балықшылыққа қайта көшкен. Қазақта қарашаңырақ, әулеттің ауыртпашылығы, бизнесі кенже ұлға қалатын салт бар емес пе?! Мақсаттан соны байқадым. Бір кірпіш құлай ма, көтеріп қояды. Үйінің айналасын тазалап жүреді, «қалаға кетем, басқа тіршілік қылам» демейді.

Қалаға барып көлік жүргізу куәлігін алатын жері бар фильмнің. Куәлігін алады, көшеде жүреді, мейрамханада отырады, спортзалға барады. Бірақ, өзін ыңғайсыз сезінеді. Ауылға қайтқан бетте өзін тапқандай, еркін жүріп-тұрады, жұмысын ыждағатпен істейді. Ол шынында қарашаңырақтың иесі. Соны бергім келді.

Біз теңіз құрғап кетті, халық көшіп кетіп, басқа жақта тіршілік бастайды деп үстірт ойламауымыз керек. Бұл жерде тылсым әрі алып үйлесімділік бар. Теңіз құрғағанда қазақтар көшіп кетпеген. Ғасырлардан бері жасап келе жатқан топырақты қимайды, бұл жердің қыр-сырын жақсы біледі. Жұмыс көзін басқадан да таба алады. Олар басқа жерге сіңісе де алмайды. Шөлдің ыстығы тамырларында тулап жатыр. Осыны мұқым көрерменге жеткізу үшін көп іздендік.

– Фильм монтаждалып біткесін Аралға барып көрсеттіңіздер ме?

– Қазақстандағы көрсетілім басталғанда бірден Аралға баруды жөн санадық. Көрсетілім мәдениет үйінде жүрді. Кейіпкерлеріміздің бәрін шақырдық. Туыстарына кеткендіктен қария келе алмады. Қалған кейіпкерлердің бәрі келді. Шыны керек, ең қиын көрсетілім осы Аралдағы көрсетілім болды. Мәселен, Швейцарияда көрсетілім болғанда көрермен өте жылы қабылдады. Фестиваль аясында екі рет көрсетілу жоспарланған еді, көрерменнің сұрауымен үшінші рет тағы көрсетілді. Ал, Аралда фильм аяқталған соң қошемет көрсетті, әрине. Сосын талқылау басталды. «Бізде бір мұғалім бар. Соны түсіру керек еді», «№45 мектептің ән-күй сабағының мұғалімі шығарған Арал теңізі жайлы әніміз бар. Фильмде сол ойнау керек болатын». Сонда маған ой келді, Арал теңізі жайлы әлемнің бірқатар елдері фильм түсірді, міне, біз де өз фильмімізді ұсынып отырмыз. Енді аралдықтардың өздері түсірсе қайтеді?! Иә, өзекті әрі сәнге айналған тақырып деп сынағандар да болды. Әңгіме тереңіне қаншалықты бара алуда. Ақпараткөздері «теңіз  неге құрғады», «ендігі ахуалы қалай болмақ» деген мәселелерді мың рет жазса да, жүздеп фильм түсірілсе де, бұл тақырып қаузалып бітті деген сөз емес. Аралдықтардың өздерінің айтары бар шығар. Мүмкін, бір ізденімпаз азамат шығып, Аралдағы сол мұғалімнің тағдырын таспаға түсірер.

– Фильмде Аралда туған ендігі буынның жүзу білмейтіні жайлы кадрлар бар. Бұл қалай сонда?

– Парадокс осы жерде. Онда туған балалар жүзуді арнайы бассейндерге барып үйренеді. Ата-аналарының бәрі теңізде жүзіп үйренген. Титрда бір картина көрсетілді, есіңізде болса. Ол әкімнің кабинетінде ілулі тұр екен. Онда кемеден секіріп жүзіп жатқан, қармақ тастап демалып отырған адамдар бейнеленген. Ол уақытта кемеден секіріп жүзуге тыйым салынған екен. Бірақ, ондағы ересектердің бәрі кемеден секіріп жүзгендерін мақтаныш етіп айтып отырады. Бұл олардың жастық шақтары еді. Ал, қазіргі балалар жүзуді бассейнде үйренгенін айта ма?! Құрғаған аңғарда қалып қойған жүк тасымалдаушы крандардың бұрын порт болғанын айғақтайтынын ересектер білгенмен, кейінгі буын білмейді.

Менің түсінгенім, Аралда тұратын халық біз жерді әбден ластап, тіршілікке жарамсыз етіп, еш абыржымай Марсқа ұшып кетіп бара жатқанда қалып қоятын адамдар. Бұларға қарап отырып адамзаттың барлығы бірдей жерді тастап, Марсқа ұшпайтынын ұғынасың. Өзге ғаламшарда жақсы өмір бар дегенге жұрттың бәрі өре түрегелмейді. Мәселен, әлгі қария құрғап шөлге айналған өңірге де ағаш отырғызып, егін егуге болатынын дәлелдеп жүр.

«Қазақфильмнен» 1963 жылы теңіздің кемерінен асып жатқаны, кемелердің қаптап жүргені түсірілген таспа тауып алдық. Теңіздің жағасы ұзыннан-ұзақ созылған жасыл алқап. Қазір қу тақырға айналған осы жерге қария ағаш отырғызумен әуре. Қарияның қолы жеткен жердің бәрінде қою көлеңкелі талдар өсіп тұр. Гидробиолог қыз бен бағбан қария маған адам баласының жерге деген махаббаты мен кез келген жағдайда да төзімі жеңетінін ұқтырғандай болды. Басқа автор келіп Арал мәселесін басқа қырынан көтерер. Меніңше, мұнда өмір сүру қиын болғанмен, халықтың кеудесінде осында қалудың әлдеқайда маңызды мың себебі бар.

«Теңізім» – Қазақстанда кинотеатрларда прокатқа шығып көрсетілген алғашқы деректі фильм. Бұған дейін шетелдік, яки отандық деректі фильмдер көрсетілмеген. Жарнамасы нашар болғанымен де, бір айлық көрсетілімге біршама адам келді. Яғни, халықтың өз тіршілігінен тамыр тартқан кез келген өнер туындысы сұранысқа ие. Аралдың аз жылда қалпына келетініне сендіргім келеді сіздерді…

– Әңгімеңізге рахмет!

Үсен ТОРТАЙ

«Ақ желкен» журналы, №8

Тамыз, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз