Арай АЙДАРХАН, әнші: Димаш – бала көңіл, бала мінезді әнші

Басы жоғарғы сілтемеде. Жалғасы:

– Ылғи тек жанды дауыста ән саласыз ба?

– Кей түсірілімде «техникамыз жоқ, сондықтан фонограммамен айта сал» дейді. Ол кезде көнбеске шара жоқ. Бірақ жиырма адам отырса да фонограммамен айтқанда қатты қысыламын. Біткенше терлеп кетем. Ол – менің ұстанымыма келмейді.

– Яғни, өз даусыңызға сенімдісіз ғой?

– Мәселе сену-сенбеуде емес. Сахнаға ән айтуға шыққан екенмін, жүрегіммен орындауға тиіспін.

– Әке-шешеңіз қазақтың қызын әкел дейтін болар…

– Ой да, ниет те қазақтан алу. Бірақ, Алланың бұйыртқаны болады. Қытайдың қазағы, жергілікті қазақ қызы дегенмен бәрі сол өз қазағымыз. Үйлену мен үшін аса маңызды қадам. Әзірге бар ой жұмыспен толып тұр. Оған зейін қою керек. Отбасылы болғанда да оған зейін қою қажет.

– Қайбір жылдары жас әншілердің арасында тұлым өсіру сәнге айналған еді. Алайда кейіннен олардың бәрі кесіп тастады. Ал сіздің шаш өсіргеніңізге біраз жыл болғанға ұқсайды. Қытай тілшілері де шашыңызға жиі тиісетін шығар…

– Иә, ол жақта тұлымымның сырын сұрайтын тілші табыла кетеді. Қазақтың салт-дәстүрінде болғанын, кезінде ата-бабаларымыз тұлым өсіргенін айтып беремін. Шаш өсіруімнің екі себебі бар. Тұлым менің өмірге неге келгенімді еске салып тұратындай. Сонан соң ол қазақтың салтында бар нәрсе. Былайша айтқанда, қазақтың жарнамасы ғой (күлді).

– Қытайда өзге ұлттың әншісі болған қиын емес пе? Қандай қазақ әншілерімен араласасыз?

– Димаш та қазақ. Оған Қытайдың сахнасында өнер көрсетіп жүру қиын ба? Қиын емес. Сол секілді ғой. Берік Ысқақ есімді әнші «Қытай дауысында» топ жарып шақты. Пошахан деген досым бар. Ершат Фархат деген де есімі бар. 2016 жылғы «Қытай дауысында» сахнаға гитарамен шықты.

– Қазақстанға көшіп келер ме едіңіз?

– Қазақстан өнерпаздан кенде емес. Сондықтан Қытайда қазақтың бір әншісі болып жүргенім жөн емес пе?!

– Ayree екеуіңіз орындаған «Кел» әнінің бейнебаянын отандық арналардан жиі көріп жүрміз. Білуімше, біз көрген алғашқы бейнебаяныңыз. Келесісі қашан болмақ?

– Жақында «Таңғы жас» әнінің бейнебаяны шығады. Бақытжан Қажымұқановтың әні. Кезінде «Азия дауысына» осы әнмен шыққан. Ал мен 2014 жылы алғаш орындадым. Көрерменнің көңілінен шыққан соң ән-жинағыма да қостым. Бейнебаянын күзде Қапшағайда түсірдік.

– Елге келгенде өзіңізді қалай сезінесіз?

– Маған Қазақстанның өмір сүру ритмі ұнайды. Адамдар асықпайды. Бір демалып қаламын. Халық та мейірімді. Бейжің жұрты мейірімді емес демеймін. Онда уақыт өте тығыз, жұмыс көп. Адамдар бір-біріне бұрылып қарауға шамасы келмей жатады.

– Біздің оқырманымыздың біразы жасөспірімдер. Оларға не тілек білдірер едіңіз?

– Арманның соңынан қалмаңдар. Бір күні қуып жетесіңдер.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Арыс АЙДАРХАН, ағасы:

– Мен үйдің үлкенімін. Бейжіңде Арай екеуміз бірге тұрамыз. Әке-шешеміз ауылда. Шолпан есімді қарындасым Үрімшіде әскери қызмет істейді. Қарындасым Жайна Алтайда ағылшын тілінен сабақ береді. Төрт жылдан бері Арайдың продюсері болып келе жатырмын. Арай бала кезінен салмақты. Кейбір адамдар бермесіңе қоймайтындай таласып тұрады.  Інім ондай емес. Жан-жануар, мал дегенді өте жақсы көреді. Бейжіңдегі үйде қазақша  түсінетін екі иті бар. Біріншісін аппақ болғандықтан «Айран» деп атайды. Екіншісін «Батпақ» деп қойған. Арай иттеріне қоқысқа тиіспеңдер деп үйретіп қойған. Батпақ әлі кішкентай болғандықтан, қоқысты шаша береді. Оған Айран барып «тиіспе» дегендей үреді. Қоқысты тұмсығымен бір шетке итеріп тастайды. Үш емес, төрт ән жинағы бар. Алғашқысын тыңдармандары репертуарындағы бар әнін жинап, өздері құрастырып шыққан.

P.S. Кей әншілерге барсаң ырду-дырду, қалжың-күлкімен-ақ сұқбатты бітіреді. Әйтеуір, бір мақтанып қалатындарын да естисің. Ал Арайдың бойынан мақтаншақтық көрмедік, әңгімесінен арзан әзіл байқамадық. Шетелдегі даңқын сұрай бастағаннан-ақ іштей «мақтанғандай болмайын» дей ме, тақырыпты басқа жаққа бұрып жібереді. Ал оның тыңдарманы миллиондап саналатынын білеміз біз. Әр сөзін далаға шашпай, ойлы сөйлегеніне риза болдық. Оған қарапайымдылығын қосыңыз. Әр қазақ әншісі Арай мен Димаштай әншілігіне көкірек ұрмайтын, залдан тыңдарманын қумайтын таза адам болса екен дейсің.

Әңгімелескен
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ
«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз