Арай Айдархан – Қытайда туып-өскен қандасымыз. Əнші. «Самалтау» əнін орындағанда, қазақ тілін түсінбейтін қытайлықтардың өзі бей-жай тыңдай алмайды. Қытайда өткен көптеген байқауларда топ жарып жүр. Композитор. Əн əрлеуші. Əр əнге қазақы үн қосып əрлейтіні – оның ерекшелігі. Əнші балаларға тəлімгерлік жасап жүргенін де байқаймыз. Оның шəкірттерінің арасында сол елде туып-өскен қандастарымыз да бар. Əсіресе, Данияр Толқынұлы көптің көзайымына айналып үлгерді. Арайдың бейнебаяндары қазіргі таңда еліміздегі музыкалық арналардан тұрақты көрсетіліп жүр. Димаш қатысқан «Мен əншімін» байқауындағы барлық қытайлық əншімен де бұрыннан таныс-біліс екені байқалады. Арасында өзінің ұстаздары да бар екен. Қытайдың «Мен» деген əншілері: «Арамыздағы Арай да – мықты əнші, қане, əн салып жіберші», − деп мақтағанын естігенде, алыстағы қазақ баласы үшін қуанып қалғаныңды жасырмайсың. Арайдың шығармашылығының ең қуантатын тұсы – қалың Қытай арасында қазақ əнін, музыкасын, дəстүрін насихаттап жүргені. Нəтижесі көп күттірген «Мен əншімін» аяқталған соң, Бейжіңдегі Арайға хабарласып, сөйлескен едік.

Ұлан: Арай, Қазақстанға алғаш қашан келген едіңіз?

А.Айдархан: 2004 жылы 14 жасымда Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт мектебінде оқыдым. Дзюдомен айналыстым. Оқуымның екінші жылында көлік апатына түсіп, аяғым сынды. Сол себепке орай Қытайға кері оралдым. Мектепті тəмамдаған соң, композиторлық мамандық бойынша оқыдым.

Ұлан: Димашпен қай уақыттан бері таныссыздар? «Мен əншімін» жобасына оған серіктес болуға кімнен шақырту алдыңыз?

А.Айдархан: Димашпен 2015 жылы «Хабар» телеарнасындағы «7 əн» музыкалық жобасына қатысқан кезде таныстым. «Singer» жобасында Димашқа серіктес болуға мені «HunanTV» арнасы шақырды. Барлық айналымдарда да, финалда да Димаш бауыры- мыз тамаша өнер көрсетті. Құтықтаймын! Оның жетістігі барша қазақтың мақтанышы ғой.

Ұлан: «Мен əншімін» жоба- сына қатысқан əншілердің бəрімен бұрыннан таныс екеніңізді бай- қадық. Тіпті, Ли Джиан мырза сізді мақтап, əн салуыңызды өтініп еді…

А.Айдархан: Иə, бұл жобада Димашқа қарсылас болған əншілердің барлығымен бұрыннан таныспын. Ли Джиан аға менің музыкалық ұстазым болған. Қытайдағы талантты музыканттардың бірі.

Ұлан: «Мен əншімін» байқауы барысында есте қалған қызықты жайттың бірін айтып берсеңіз…

А.Айдархан: Əр айна- лым соңында əншілердің нəтижесін айтады. Нəтижені бас режиссер мырза өте асықпай айтады. Əрнені əңгімелеп отырып, арасында жарнама жасап, су ішкісі келетінін айтып, уақыт созады. Бұл жағдайды əр айналым сайын қайталайды. Сондай бір сəтте Димаш: «Келесі жолы сізден ертерек келіп, суыңызды түгел тауысып кетемін», − деп бəрімізді күлдіріп еді.

Ұлан: Осы байқауға қатысқан қай əншімен көбірек доссыздар?

А.Айдархан: Бұл жобаға қатысқан əншілердің бəрі де Димашты өте жақсы көреді. Қазақ халқын, еліміздің салт-дəстүріне құрметпен қарайды. Барлық əншімен де жақсы араласамыз, бəрін сыйлаймыз.

Ұлан: Өзіңіз де «Мен əншімін» байқауына алдағы уақытта қатысқыңыз келмей ме?

А.Айдархан: Əрине, Алла қаласа, болашақта мен де қатыссам деймін.

5 үздік әншінің қатарына ендім

Ұлан: Инстаграм парақшаңыздағы жаңалықтардан өзіңіздің де дəл қазір Қытай байқауларына қатысып жатқаныңызды байқаймыз…

А.Айдархан: 2013 жылы «Chinese idol» жобасында үздік 5 əншінің қатарына ендім. 2016 жылы Қытайдың «Алтын музыка» сыйлығын иелендім. 2016 жылы Қытайдағы жасөспірімдер байқауында тəлімгер болдым.  Қазір «Sound of nature» жобасына қаты- сып жатырмын. Бұл байқауда Қытайдағы танымал əншілермен «Grammy» сыйлығына таласамыз. Жақында екінші жеке альбомымды шығармақпын. Ол альбомым қос тілде – қазақ жəне қытай тілдерінде жарық көреді.

Ұлан: Əнші балаларға продюсерлік етесіз. Əсіресе, Данияр бала көзімізге жиі түсіп жүр. «Атамекен» əнін орындауы əсерлі шықты. Бұл бала туысыңыз ба?

А.Айдархан: Иə, əнші балалармен жұмыс істеймін. Қолымнан келгенше тəлім беремін. Ал Данияр туысым емес. Оны анасы жетектеп əкеліп, маған табыстап еді. «Сіздің оқушыңыз болғым келеді, Арай аға», − деп еді сонда Данияр. Сол кезден бастап қамқорлығыма алып, білгенімді үйретіп жүрмін. Қытайдағы бала- ларға арналған байқауларға дайындап, қатыстырып жүрмін. Жасы 13-те. Өте өжет бала. Болашағына үлкен үмітпен қараймын, тілекшімін.

Ұлан: Музыкадан басқа қандай істермен айналысасыз?

А.Айдархан: Мен қазір қосымша кино актерлік саласы бойынша білім алып жатырмын. Киноға қызығамын. Болашақта өзімді кино саласында сынап көрсем деймін.

Ұлан: Ең үлкен арманыңыз, мақсатыңыз не?

А.Айдархан: Қазақ эстрадалық музыкасы əлемде жоғары орынға көтерілсе деп армандаймын. Бар қазақтың өнерпаз ұл-қыздары бірлесіп, еңбектенсек, жақсы нəтижелерге қол жеткізеріміз анық. Қазақ əнінің шарықтауына үлес қосып, мəңгі осы өнер сахнасында жүрсем, мен үшін одан асқан бақыт жоқ.

Ұлан: Елге қашан қыдырып келмексіз?

А.Айдархан: Реті келсе, жиі-жиі барып тұрғым келеді. Мені қолдап, тілектестік білдіріп жүрген барша қандастарыма алғыс айтамын.

Ұлан: Бала кездегі бір қызық əдетіңізді айта аласыз ба?

А.Айдархан: Бала кезімде каникул кезінде үй ішімізбен туыстардың ауылдарына қыдырып барамыз. Туыстардың үйіне кірген кезде басқалары үлкен-кіші ағайынмен амандасып жатса, мен бұзау, тай, күшіктермен амандасып кетеді екенмін. «Ал, үйге қайттық» дегенде мені көбіне қорадан тауып алады екен.

Ұлан: «Ұланды» оқитын іні-қарындастарыңызға не айтқыңыз келеді?

А.Айдархан: Қазақтың қаракөз, балдай тəтті балақайларына менен сəлем айтыңыздар. Қытайда өтіп жатқан көптеген балаларға арналған музыкалық жобаларға қатысып жүрмін ғой. Болашақта Қазақстандағы балалар байқауларына да атсалысып, өзіндік үлесімді қосуды ойлаймын.

Əңгімелескен Қарлығаш ДОСАНОВА

«Ұлан», №17

25.04.2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз