Димаш Құдайберген Қытайдағы Хунан телеарнасының «I am a singer» жобасына қатысқанда бүтін ел болып тақым қыстық. Оның жобадағы музыкалық кеңесшісі болған Арай Айдарханды жақсы көріп, жақсы танып алдық. Шетте қазақтың атын танытып жүрген әншінің Алматыға келгенін естіп, Қазақстанның «I am a singer»-дің түсірілім алаңына іздеп барған едік. Жоба түсіріліп жатқандықтан Арай жақын арада босай қоймады. Төрт сағат күттік. Сонша уақыт күттіргеніне Арай қатты ыңғайсызданып, күні бойы нәр татпаса да, тамаққа қарамай бізге сұқбат берді.

– Арай, Қытайдың қай аймағында дүниеге келдіңіз?

– Қазақтар тұратын Алтай жақтың тумасымын. Негізі 1989 жылдың соңына қарай туылыппын. Бірақ, қыс қатты болып, апақ-сапақта 1990 жыл басталып кетіпті. Сонымен құжат бойынша 1990 жылғымын. 1989 жылы қыста «Арай» ансамблі біздің жаққа гастрольдік сапармен келген екен. Әкем – палуан. Бір жарыстан қайтып келе жатып, ансамбльдің концертіне кіреді. Өзі ән-күйді аса сүйетін адам. Топтың өнеріне бек риза көңілмен қайтыпты. Менің есімімді де топтың құрметіне қойған. Әжем концертке бармаса да осы есімге тоқталып жүріпті. Төрт ағайындымыз. Ағам, екі әпкем бар. Ерке болып өстім. Үйдің кенжесі болсам да әжемнің баласы едім. Ол кісі барда шешемді «шеше» деп шақырмайтынмын. Әкемді «аға» дейтінмін. Әжем қайтқанға дейін сол кісінің қолында, ауылда тұрдым. Төрттүлікті жақсы көремін. Алты жасымда әжем қайтып, әке-шешеме Алтай қаласына көшіп бардым. Ауылға туыстарға барғанда барлығы үйге кіріп, арқа-жарқа болып сәлемдесетін. Ал мен көліктен түсе сала қораға тартады екем. Жылқы, сиыр, қой-ешкімен түгел амандасып шыққан соң ғана үйге кіретінмін.

– Қандай оқушы болдыңыз?

– Бастауыш сынып бітіргенше шешем мектепте мұғалім болды. «Мұғалімнің баласы» дейді ғой деп тырысып оқитынмын. Кейін шешем зейнетке шықты. Сол-ақ екен сабағым да төмендеп кетті. Мектепте «әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмағандықтан сабақты ысыра тұрып, ойынға кірісіп кететінмін. Сабақты орташа бітіргеніммен, тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысатынмын. Дзюдомен айналыстым. Әкем сияқты мықты палуан болуды армандаған едім. Футбол ойнап, шаңғы да тебетінбіз. Спорттың айналасында жүрген соң қол жылдам. Бұзықтық бар. Жігітте мінез болуы керек қой. 2004 жылы жетінші сыныбымда әкем Астана қаласындағы Қажымұқан атындағы спорт интернатына оқуға жіберді. Қазақстан мүлдем басқа әлемдей көрінді. Онда ешкімім жоқ. Алғаш рет өзімді жалғыз сезіндім. Арманың болса, оны орындау үшін бәрін істейді екенсің. Бірақ өкінішке қарай, екі жылдан соң жол апатынан аяғым сынды. Жаным қалаған спортпен, аяулы арманыммен қош айтысуға тура келді. Ештеңеге көңілім соқпай қалды. Қытайға қайтып кеттім. Тек кино көріп, музыка тыңдап уақыт өткізетінмін. Музыканы жақсы көре бастадым. Он алты жасымнан бастап қызығушылығым оянып, өзім де ән айтатын болдым. 2009 жылы Орталық консерватория мектебіне емтихан тапсырдым.

– Әке-шешеңіз өнер адамы болуыңызға қалай қарады?

– Басында екеуі де қарсы болды. Мектепке оқуға қабылданғанымда барып ризашылығын берді. Өйткені ол – Қытайдағы ең мықты өнер мектептерінің бірі. Әкем музыканы өте қатты қадірлейді. Оның ойынша музыка – өте үлкен ғылым. Әнші болатын адамға талант Тәңірден ғана берілуі тиіс. Күресіп жүрген баланың өнерге жол ортадан қосылып, алып кететініне сенбеген олар. Ол кісіні түсінуге болады. Университетте композиторлық салада оқыдым. Негізінен музыка оқытушысы мамандығын алып шықтым. Қытайда тұратын қазақ халқының арасында ән өнері, сазгерлік кең таралмаған. Қазіргі істің бәрінен шаршайтын кез келеді. Сол кезде ауылға қайтып, қазақ балаларына музыка саласын оқытқым келді. Әрі өмірдің соңына дейін үлкен қалада жүре бермейсің. Қазір тек жұмыс үшін жүрміз. Қазақ кең даланы, еркіндікті сүйетін халық. Кейін жас келгенде ауылға оралып, жайлауға барып, балаларды үйретермін деген оймен оқытушылықты таңдадым. Сонан соң Бейжің қаласындағы университетке оқуға түстім. Сол оқығаннан мол оқып кеттік. Бейжіңде тұрып жатқаныма 11 жыл болыпты. Қазір актерлік саланы оқып жатырмын. Өзім киноға қатты қызығамын. Егер өнерім өрге шауып жатса, кез келген рөлді сомдар едім. Мықты артист рөл таңдамайды. Қысқаметражды фильмдерге түстім. Үлкен тәжірибе алдым. Гитара, пианино мен домбырада, бас гитарада ойнаймын. Үйде әкем біраз домбыра шертеді. «Әу» демейтін қазақ жоқ. Әкемнің заманында әрбір адам домбыраның бас-аяғын қайыра алатын болған.

– Үлкен сахнада қай әнмен жарқ еттіңіз?

– Біраз ән байқауына қатысқанымызбен, өзімді танытқан «Chinese idol» жобасы деп ойлаймын. Жобаға 2013 жылы қатысып, өзімнің «Дос» атты әніммен алғашқы іріктеуден өттім. Сол әнімді 20 адамнан он екілікке өтер соңғы іріктеуде орындап, тағы өтіп кеттім. Ел аузында өзі ән жазып, оны өзі орындайтын бала деп атым таралып кетті. Сол әнмен жұлдызым жанды деп ойлаймын. Үш ән жинағым бар. Бірінші жинақ «Арайдың әндері» деп аталды. Онда бірнеше тілде орындаған әндерім жинақталған еді. Екіншісін «Алғашқы қар» деп атап, қазақша және қытайша нұсқаларын жазып, 2015 жылы шығардық. 2017 жылдың көктемінде «Алтай күзі» деген жинақ шықты. Алдыңғы жинақтарды шығарарда гитара ойнайтын жерін гитарашы бір күн келіп, жазып беріп кететін. Ертеңіне барабаншы келіп, барабаны бар тұсты ойнап беріп кететін. Бұ жолғы жинақта барлық музыкант бірге отырып, бір деммен шықты. Концерттей көрінді өзіме.

– Қытайда тыңдармандарыңыз көп шығар. Жеке концертіңізді қашан өткізбексіз?

– Оның да сәті түсер. Қазір маған көп еңбектеніп, тәжірибе жинау керек. Әзірге жеке концертімді өткізуді жоспарлап жүргем жоқ. Жылына бір-екі рет тыңдармандармен кездесемін. Қазақ та, қытай да келеді. Музыканттың тірлігі көрермен ғой. Олар болмаса біз де болмайтын едік.

– «I am singerді» 2016 жылы жеңіп алған америкалық Коко Ли есімді әншіні жиі ауызға аласыз…

– Иә, ол «Chinese idol» жобасында менің тәлімгерім болды. Маған шәкірті, бауыры ретінде қарайды. Жұмыс болғанда хабарласып тұрады. Оның өзі маған үлкен мәртебе. Коко Ли – дүниежүзіне танымал музыкант. Майкл Джексонмен дуэт болған талант. Кейін «I am а singerде» Коко Лидің музыкалық продюсері болдым.

– «I am а singer» демекші, сіз біздің Димашқа да арнайы шақыртумен музыкалық кеңесші болдыңыз. Димашпен жұмыс істеген жеңіл әрі қызықты болған шығар. Өзі елгезек бала емес пе?!

– Димашпен 2015 жылдың көктемінде Қазақстанда танысқанмын. «Жеті ән» деген бағдарламаның түсірілімінде көргенмін. Кейін 2016 жылдың көктемінде наурыз мерекесінің түсірілімінде жолығып қалдық. Нөмір алмасып, хабарласып тұрайық деп қоштастық. Содан Қытайдың халықаралық жобасында жолығуды жазыпты. Димаш – әлі жас, бала көңіл, бала мінезді әнші. Түрі де сүйкімді, келісті жігіт. Адамға иіліп тұрады. Ән орындауда өзіне үлкен талап қоятын. Дайындық барысында орындауындағы қателіктерді тәптіштеп сұрайтын. Кешке дейін айтқаныңның бәрін  түзетіп алады. Сондай сыпайы. Қалжыңбас. Әр түсірілімнің соңында ең жоғары ұпай жинаған қатысушыны хабарлайды. Оны қазылар алқасы тағатты тауысып, басқа әңгімені айтып кетіп созып отырғанды жақсы көреді. Тіпті болмаса, стақандағы суды сораптап ішеді. Бір жолы Димаш сондай әділқазыны көріп: «Келесі жолы бірінші келіп, стақандағы суыңызды тауысып кетпесем бе?!» – деп ду күлдіргені бар. Айналасын күлдіртіп, мәз-мейрам етіп жүреді. «I am а singer» әншінің өзін сынайтын ортасы ғой. Өзімнің де сол сахнада бақ сынағым келеді.

(жалғасы бар)

Әңгімелескен
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №1
Қаңтар, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз