Қант диабеті ауруына шалдыққандар саны әлем бойынша 366 миллион адам. Қазақстанның өзінде қант диабетінен зардап шегіп отырған науқастардың тіркеудегі саны 300 мыңнан асады. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын үлкен қарқынмен өсіп келеді. Күн сайын инсулин қабылдап, диетада жүретін таныстарымыздың көп болуы да кеселдің белең алғанын аңғартады.

Кесел жас талғамайды. Қант диабетінің қамту көлемі ғана емес, жасы да күн санап жасарып келеді. Қазір қант диабетімен ауыратын балаларды көргенде де таңғалмайтын болдық. Балалардың бәрі тәтті жегенді ұнатады, солай емес пе? Ал қант диабетімен ауыратын балалар өмірі мен денсаулығы үшін тәттіден бас тартуға мәжбүр. Оларға тіпті балмұздақ та жеуге болмайды. Қазақстанның биомедицина саласында еңбек етіп жүрген жас ұстаз Динара Молдағалиева қант диабетімен күресудің жолдарын іздеп жүрген жас ғалым. Ол былтырдан бастап «DiaOzon» деген атпен түрлі азық-түліктер шығара бастады. Сондай-ақ аптасына бір-ақ рет қабылдайтын инсулин жасаған. Кореяда оқып келген 27 жастағы Динара әлемде аналогы жоқ жобасы туралы айтып берді.

Ұлан: Қашан, қайда өмірге келдіңіз? Ғылымға деген қызығушылық қашан, қалай туындады?

Динара Молдағалиева: 1991 жылы 24 мамырда Алматыда дүниеге келгенмін. Мектеп бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология және биотехнологиялар факультетіне оқуға түстім. Ғылымға деген қызығушылығым бакалаврда оқып жүргенде басталды. Студент кезімізде түрлі зертханалық жұмыстар жасайтынбыз. Лабораторияда уақыт өткізген маған қатты ұнайтын. Биомедицина және биофизика саласы бойынша білім алып, магистратураны Кореяның Сеул қаласында оқып бітірдім.

Ұлан: Қант диабетімен күресу туралы ой қалай келді?

Динара Молдағалиева: Күнделікті қанына инсулин салу арқылы өмір сүретін адамдарды көргенде жүрегім ауырады. Кесел деген жас талғамайды ғой, қант диабетімен ауыратын кішкентай балалардың өзі ұйқысынан тұра сала инсулин қабылдайды, басқа балалар сияқты тәтті жей алмайды. Осыны көргенде мен мойныма үлкен жауапкершілік жүктедім. Қант диабетімен күресемін деп өз-өзіме серт бердім.

Ұлан: Сіз жасаған «Nanoweb» жобасының ерекшелігі неде?

Динара Молдағалиева: «Nanoweb» жобасының ерекшелігі бір аптада инсулиннің 4 инъекциясын ғана қабылдауға мүмкіндік береді. Адамның белгілі бір бұлшық етіне инъекция егілгеннен кейін қанның құрамындағы глюкоза мөлшері көбейгенде ғана инсулин әрекетке кіріседі. «Nanoweb» инъекциясын әзірлеу туралы ой Сеулде оқып жүргенде туды. Бәрімізге мәлім, қант диабетімен ауыратын адамдар күніне бірнеше рет инсулин инъекциясын егуге мәжбүр болады. Ал мен жасаған инъекция қант диабетімен ауыратын адамдарға қанындағы глюкоза деңгейін жеті күнге дейін тұрақты сақтауға мүмкіндік береді. Бұл күн сайын қант мөлшерін өлшеп, инсулин егіп отыратын науқастардың жұмысын жеңілдетеді. Бір рет салынған инъекция апта бойына жетеді.

Ұлан: Сонда бұл жоба қалай жұмыс істейді?

Динара Молдағалиева: Бұл инъекция липодистрофияның (жиі пайда болатын инфекциялардан туындаған терінің патологиялық жағдайы) алдын алуға, қандағы қант мөлшерінің күрт төмендеуінен туындайтын талмалардың болмауын қамтамасыз етуге әсер етеді. «Nanoweb» инъекциясын әзірлеп, дайындау үшін құрамында түрлендірілген (модификацияланған) қатты инсулины бар оң және теріс зарядталған биоүйлесімді және биоыдыраушы заттар қолданылады. Инъекцияны қолданғаннан кейін ағзада мынадай өзгерістер пайда болады: қапталған нанобөлшектер бірге араласады, оң және теріс зарядталған бөлшектер бір-біріне тартылады да электростатикалық күштердің «наножелісін» құрайды. Адамның белгілі бір бұлшық етіне инъекция егілгеннен кейін наножелі нанобөлшектерді бірге тұтас ұстап, қажетті нанобөлшектер ғана жұмсалады. Бұл инъекцияның технологиясы тікелей мағынада адам ағзасының ішінде өзінің тұйық жүйесін құрап, ұйқы безі тәрізді қызмет атқарады.

Ұлан: Әлем бойынша «Nanoweb» жобасына ұқсас жобалар бар ма?

Динара Молдағалиева: «Nanoweb» инъекциясының әлемде ешқандай аналогы да, прототипі де жоқ. Бұл жобаны зерттегеніме 4 жылдан асты. Алайда, әлі бір де бір елден осыған ұқсайтын жоба кездестірмедім. Сондықтан бұл жобаны жүзеге асыруға өте көп уақыт кетті. Салыстырып, үйренетін ешкім жоқ. Бәрін нөлден бастап жасадым. Әлі жүз пайыз мықтымын дейтін деңгейге жеткен жоқпын. Алғашында Кореядан Қазақстанға келгенде бұл жобаны құпия ұстадым. Себебі әлі жобам тәжірибеден өткен жоқ болатын. Өзім Алматы технологиялық университетіне оқытушы болып жұмысқа кірдім. Жобамды жетілдіру үшін осы оқу орнының үлкен көмегі болды. Жобамның алғаш жарыққа шығуы Халықаралық «Сколково» star-up байқауында болды. Осы байқауда екінші орын жеңіп алып, 5 миллион рубльге (25 миллион теңге) ие болды. Бұл жоба өз құнын толықтай ақтап шығады және қоғам үшін үлкен пайда әкеледі деп толық сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта әлемдік нарықта бұл жобам сұранысқа ие болатынына сенімдімін.

Ұлан: Қант диабетіне шалдыққан адамдардың тамақтануда қатаң диета ұстанатын білеміз. Сіз осы мәселенің де шешімін тапты деп естідік…

Динара Молдағалиева: Иә, біз салмағы артық әрі қант диабеті ауруына шалдыққан адамдарға арналған азық-түлік жасап шығардық. Тағамдар DiaOzon деген маркамен өндіріледі. Қант диабетімен ауыратын адамдар тамақтанғанда көп жағдайда өздерін шектеп жатады. Алайда олардың да түрлі жеміс-жидек, тәттілерді жегісі келеді. Біз жасап шығарған азық-түлік өнімдерінде инсулин мен қанттың нормасы қатаң бақылаудан өткен. Дәрігер белгілеп берген инсулин нормасына байланысты біз тағамдарға инулин деп аталатын затты енгіземіз. Осы арқылы денсаулыққа еш зияны жоқ алайда дәмді DiaOzon өнімдері дүниеге келеді. DiaOzon тағамдарынан қазір шәй, печенье, ботқаның түрлерін (каша), мармеладтар, тәтті сусындар дайындадық.

Ұлан: DiaOzon өнімдері қолжетімді ме?

Динара Молдағалиева: Қант диабетімен екінің бірі ауыруы мүмкін. Сондықтан DiaOzon өнімдерінің бағасын қолжетімді ету туралы көп ойланып, еңбектендік. Әрине, қарапайым алма мен печеньемен бірдей болмайды. Алайда, аса қымбат өнім жасап халыққа көмектесе алмаймын. DiaOzon өнімдерін жасағанда елімізде қолжетімді азық-түліктерді алуға баса назар аудардық. Киви, банан сияқты цитрусты жемістерді емес, күнделікті тұтынатын алма, шәй сияқты тағам түрлерін негізгі нысанаға алдық.

Ұлан: Ғылым жолында шәкірттеріңіз бар ма? Шетелде оқып-білгеніңізді кімдермен бөлісіп жүрсіз?

Динара Молдағалиева: АТУ зертханасында өзімнің жеті адамнан тұратын командам бар. «Nanoweb» жобасын жетілдірумен, DiaOzon өнімдерін дайындаумен бірге айналысамыз. Қазір дайын тағамдарды брендтік атауға айналдыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Командамда өзіммен идеялас, мүдделелес адамдар жұмыс жасайды. Құрамында студенттер де, өзім сияқты оқытушылар мен жас ғалымдар да бар.

Ұлан: Жастардың ғылыммен айналысуы қаншалықты қиын? Көп адамдар ғалым дегенде қартайған, көзілдірікті профессорды елестететіні жасырын емес.

Динара Молдағалиева: Ғалым дегенде көпшілік лабораториядан шықпай өз әлемінде қиялдап отыратын көзілдірікті адамды елестетеді. Қазір заман өзгерді ғой. Ғалымдардың бәрін көзілдірікпен елестететін қате стереотиптен арылатын уақыт жетті. Мен өзімді толыққанды өмір сүріп жүрмін деп есептеймін. Достарыммен қыдырамын, жақындарыма уақытымды бөле аламын. Қоғамдық істерге де белсене кірісемін. Жыл сайын өтетін «Күн мен Ай» студенттік көктем мерекесінде би қойылымын көрсетеміз. Бұл байқауға қатысу мен үшін қалыптасып қалған дәстүр сияқты.

Кейде достарым: «Динара, ғылымнан әлі жалыққан жоқсың ба?» – деп сұрайды. Әрине, жалыққан жоқпын. Мен ешқашан өзімнің сүйікті саламнан жалықпаймын. Әрбір күнім қызыққа толы. Сүйікті студенттеріме сабақ беремін, тауға да, тасқа да барамыз (күліп). Лабораторияда да қызықты оқиғалар көп болады. Қоғамда қаншама адамның тағдыры сенің қолыңда тұрғанын түсінгенде жауапкершілік те арта түседі. Қант диабетімен ауыратын адамдарды көргенде менің өз ісіме деген махаббатым арта түседі. Оларға қалай көмектессем екен деп ойланып кетемін.

Ұлан: Сіз үшін жетістікке жетудің формуласы қандай?

Динара Молдағалиева: «99 пайыз еңбек, 1 пайыз ғана талант» деген өз бар ғой. Ғылымда да солай. Ғалымдар деген шығармашылықтың адамдары. Олар жаңалық ашу үшін бірінші шабыттануы керек. Қоғаммен тығыз байланыста болуы керек. Менің жетістігімнің формуласы: ШАБЫТ+ЕҢБЕК=ЖЕТІСТІК. Студенттеріме де, достарыма да табандылық туралы жиі айтамын. Кез келген нәрседе жетістікке жету үшін талмай еңбек ету керек. Қазіргі жастардың көпшілігі шыдамсыз. Барлығы жылдам бола қойса екен дейді. Ғылым уақытқа бағынбайтын нәрсе. Сосын жастардың көпшілігі көп ақша табуды мақсат етіп алады. Ғалымдардың жаратылысы бөлек. Егер сені шабыттандыратын идея болса, сен соған жұмыс істейсің. Кейін идеяң сен үшін жұмыс істейді.

Дана Маратова

«Ұлан» газеті, №27
3 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз