Жақында Тайландта химия пəнінен 49-шы халықаралық олимпиада өткен болатын. Білім бəйгесінде талдықорғандық Антон МОРГУНОВ топ жарып, 1-орын алды. Бұл озат оқушының алғашқы жеңісі емес. Былтыр Грузияда өткен халықаралық химия олимпиадасында күміс медаль алған болатын. Өзі Назарбаев зияткерлік мектебінде оқиды. Антонға хабарласып, химия пəніне деген қызығушылығын сұраған едік.

Химия бүкіл сұраққа жауап береді. Өмір неден тұрады? Қоршаған орта қалай жұмыс істейді? Осы сауалдарға химия ғылымы берген жауап қатты ұнады. Сол себепті де қызықтым. Түсінген адамға физикадан айырмасы жоқ.

Ұлан: Химияның қиындығы қайсы?

А.Моргунов: Ешқандай қиындық жоқ. Барлық нəрсе логикаға құрылған.

Ұлан: Бұл пəннің қай саласы ұнайды?

А.Моргунов: Квантты жəне органикалық химияға қызығамын.

Ұлан: Қандай олимпиаданы қиын деп айтар едің?

А.Моргунов: Республикалық олимпиаданың сынақтары халықаралық олимпиадаға қарағанда жеңілдеу. Бірақ, жеңіске жету қиындау. Халықаралық олимпиадада қиын тапсырмалар беріледі. Оны екінің бірі шеше алмайды.

Ұлан: Химиядан басқа пəндер ұнай ма?

А.Моргунов: Математикамен байланысты ғылымдарды жақсы көремін. Əсіресе, алгебра, химия, физика, информатика, биология.

Ұлан: Бірнеше халықаралық олимпиадада жеңімпаз болдың. Осы жолы жеңіске жететініңді сездің бе?

А.Моргунов: Жеңіске жету үшін алдымен мықты дайындық керек. Қандай жарыс болса да, адамның еш дайындықсыз жолы болып, жеңіске жетуі мүмкін емес. Бір жарыста жеңіске жетпесе, келесі жолы озып шығуы мүмкін. Олимпиада кезінде өзіме деген сенімсіздік болды. Өзімнің, қарсыластарымның жинаған ұпайына қараған жоқпын. Сұраққа дұрыс жауап беруді ғана ойладым. Ал жеңімпаз болғанымды естігенде, қатты қуандым. Қазақ елінің атынан төрт оқушы қатыстық. Барлығымыз деңгейіміздің жоғары екенін дəлелдедік.

Ұлан: Есепті қай уақытта шығарасың?

А.Моргунов: Олимпиада кезінде түнімен кітап оқып, есеп шығаратын балаларды көрдім. Бұл дұрыс емес. Ең алдымен ұйқы тыныш болу керек. Кешкі ұйқыға ерте жатамын. Таңертең 6-да оянамын. Осы тəртіпке өзімді үйреттім. Есеп шығарып, кітап оқып, ата-анама да көмектесемін. Жарыс кезінде түні бойы ойнап, ұйқыдан əрең оянатын замандастарымды да көрдім.

Ұлан: 1-орын алғаныңда ата-анаң, достарың қуанған болар?

А.Моргунов: Əрине, бəрі құттықтап, бұдан да жоғары жетістік тіледі.

Ұлан: Сұрақтары қиын болды ма?

А.Моргунов: Олимпиада өткізетін ел алдын ала сұрақтарды жариялайды. Мəселен, ақпан айында Тайланд жағы үш жүзге тарта сұрақ жіберді. Яғни, қатысушыларға бағыт-бағдар ретінде. Берілген бес сағаттың ішінде ережені, есепті шығарасың. Бұл жерде мұқият ойлана білу керек Асығыстық жасасаң, ережені де қате айтуың мүмкін.

Ұлан: Білім бəйгесіне қатыса жүріп, не үйрендің?

А.Моргунов: Көп нəрсе үйрендім. Біліміңді жетілдіресің. Халықаралық дəрежедегі олимпиадалардың дені ағылшын тілінде өтеді. Шет тілін оқисың. Өзіңді басқа қырыңнан дамытасың.

Ұлан: Мектепті бітірген соң не істейсің? Болашағыңды қалай елестетесің?

А.Моргунов: Химияның екі саласына қызығып жүрмін. Əлі таңдау жасағам жоқ. Бірақ, ғылым жолын таңдайтыным анық.

Ұлан: Ломоносов атындағы Мəскеу мемлекеттік университеті оқуға шақырды деп естіп едім.

А.Моргунов: Жоқ, бұл жалған ақпарат. Білім жəне ғылым министрлігі алдын ала ҰБТ-мен теңесетін халықаралық олимпиаданың тізімін жариялайды. Яғни, олимпиада жеңімпазы ұлттық тест тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады. Мəскеу Мемлекеттік университеті Менделеев олимпиадасын ұйымдастырды. Мен жеңіске жеттім. Бірақ, грант туралы сөз болған жоқ. Меніңше, бұл олимпиада тізімде жоқ болды. Əзірге тест тапсырмайтын болғандықтан, грант жөнінде ойланбаппын.

Ұлан: Келесі жылы дəл осы білім бəйгесінде бағын сынайтын оқушыларға қандай кеңес берер едің?

А.Моргунов: Білімді, өзінің білгенін саған дұрыс түсіндіре алатын ұстаз табыңдар. Мен бірнеше ұстаздан сабақ алдым. Түсінбеген тапсырманы қысылмай сұрайтынмын. Оқудан жалықпау керек.

Ұлан: Əңгімеңе рахмет!

 

 Әңгімелескен
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №30
25 шілде, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз