«3D аниматор болу үшін уақыт пен қимылды түсінетін интуицияның болуы аса маңызды. Аниматорларды «камерадан ұялатын актерлар»  деп атайды. Өйткені олардың актерлық шеберлігі, драматургиялық түсінігі бар», – дейді аниматор, иллюстратор Ерден Зікібай. Латын əліпбиіне қатысты, Желтоқсан оқиғасының 32 жылдығына, Алашорданың 100 жылдығына арналған суреттері бүкіл əлеуметтік желіні шарлап кетті. Елімізде информатика саласын оқып жатып, өзінің мамандығы емес екенін түсінген кейіпкеріміз өз бетімен Америкаға оқуға тапсырған. Джордж Мейсон университетін «Жаңа медиа өнері» мамандығы бойынша бітірген. Сондай-ақ 2011 жылдан бері америкалық отбасылар асырап отырған қазақ балаларына Қазақстан тарихынан сабақ беріп, волонтерлық қызметті де алып жүр. Кейіпкеріміздің еңбекқорлығы мен жан-жақтылығына қызығып, сендерге айтып бергіміз келді.

– Анимация, иллюстрация саласында жұмыс істеп жүргеніме 5-6 жыл болды. Компьютер графикасына қызығушылығым оқушы кезімнен басталған сияқты. Компьютер ойындарын ойнаймыз. Құр ойнамай ондағы кейіпкерлердің бет-əлпетін, киімдерін ауыстырып тастайтынмын. Тек тұтынушы болғым келмей, ондай дүниені өз қолыммен жасағым келді. Бала кезден сурет салуды жақсы көремін. Алматыға оқуға түскенде компьютер саласының кəсіби маманы боламын деп ойлағанмын. Программалаумен ғана айналыспай, «компьютер өнерін» үйренгім келді. Екінші курстан соң оқудан шықтым. Ол кезде (2000 жылдары) елімізде анимация, иллюстрация саласынан жақсы білім беретін жоғары оқу орны болмады. Тілді өз бетімше үйрендім. Америкада туыстарымыз тұратын. Оқуымды ауыстырамын дегенде өздеріне шақырды. Сөйтіп тағы да студент атанып кеттім. Елімізде интернет, youtube каналдарынан компьютермен сурет салуды өз беттерінше үйреніп, мықты маман атанып кеткендер бар. Алайда кəсіби түрде оқып, фундаменталды білімнің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Олай дейтінім, Джордж Мейсон университетінде тек бұл саланың ғана емес, толықтай көркемөнердің не екенін біліп шықтық. Фотограф, видеограф, мүсінші сияқты өнердің басқа да тармақтарында жұмыс істейтін кез келген адаммен сөйлесіп кете аласың. Одан бөлек оқытушыларымыз сурет мазмұнындағы астарлы идеяны бере алуға, түпкі ойды оқуға үйретті. Бір жұмысымызды көрсеткенде, «Бұл туындыңызды салғанда нендей мақсат көздейсіз? Қандай көркемдік таңдауды алдыңыз? Неге дəл оларды таңдадыңыз?» – деген сауалдар қоятын. Студенттерді бір-бірінің жұмысын сынауға үйрететін. Сонда өнер адамы жасаған дүниесін сынға қарсы тұра алатын, барынша кəсіби көзқараспен салып шығуға тырысады.

«ТЕГІН САЛЫП БЕРШІ» ДЕУ – ЕҢБЕКТІ БАҒАЛАМАУ

Үйдегі немеренің үлкені болғандықтан, ата-əжемнің қолында өскенмін. Марқұм атам ақын, журналист болған. Əдеби қауымның отырысына, Жазушылар одағына жиі баратынмын. Еліміз егемендік алған соң, жаһанданудың ықпалына түсіп қалды. Оның жақсылығы да, көлеңке тұсы да бар. Байқағаным, қазақ ақын-жазушылары жаһандануға төтеп беретіндей шығарма жаза алмай қалды. Балалармен кітап, газет тілінде сөйлесе алмасақ, олар түсініп, ұнататын жаңа технология тілінде сөйлесу керек. Сондықтан атамның замандастары іске асыра алмаған заманауи мəдениетті мүмкіндігімше құрастыруға тырыстым. Қазақ отбасында балаларға өнерге баруға рұқсат бермей жататынын жиі байқаймын. Ата-əжеме риза болатыным, өнер жолын таңдағанымда үлкен қолдау көрсетті. Біздің елімізде компьютер анимациясының мамандарына тапшылық жоғары. Өйткені баланың қызығушылығына ата-аналар қарсы болуы мүмкін. Анимацияны мықты меңгерген адамға қашанда жұмыс табылады. Мен білетін қазақстандық аниматорлардың басым бөлігі жарнама саласында, телевизияда қызмет атқарады. Бірақ балаларға арналған анимация студиялары саусақпен санарлық. Оның да негізгі себебі – маман тапшылығы. Өз суреттерімде тарихи оқиғаларды, қазіргі қоғамдағы жайттарды салуға тырысамын. Мектеп кезінде тарихты тек даталар мен хронологиялар ғана деп жек көретінмін. Студент шағымда барып бұл пəнге қызыға бастадым. Тарих деген адам баласының тəжірибесі екен. Он бес жасымда Желтоқсан оқиғасы туралы «Мұзда жанған алау» атты кітап оқыдым. Осы уақытқа дейін маған бұл тарихи шешуші оқиға жайында ешкім таратып айтып бермеген екен. Туған қаламда өткен көтерілісті білмей келе жатқаным мені таңғалдырды. Бізге дəл қазіргі болып жатқан əр нəрсе бұлыңғыр. Оның дəл бағасын бірнеше жыл өткен соң анық бере аламыз. Сондай-ақ əйелдерге қарсы зорлық-зомбылық, латынға көшу сынды тақырыптарда иллюстрация жасап, өзімнің позициямды көрсетуге тырысамын.

Аниматор сөзіне байланысты біраз күлкілі жағдайларға тап болғаным бар. Кездесулерде, адамдармен танысқан кезде аниматор екенімді білген соң, адамдар «балалармен жақсы тіл табысатын шығарсыз?» деген сияқты сұрақтар қоятын. Сөйтсем, мені кейіпкерлердің костюмін киіп, балалардың уақытын көңілді өткізуге тырысатын клоунмен шатастырады екен. Аниматор деп өзге мамандықты айту Ресейден келген түсінік. Кеңес заманында аниматорларды мультипликатор деп атаған. Алайда қазіргі анимация мультипликация тəсілімен жасалмайды. Анимация сөзі «жан беру» деген мағынаны береді. Ал мультипликация – «көбейту» деген сөз. Яғни бір суретті көбейтіп, қозғалыстың иллюзиясын жасайды.

Анимацияны компьютермен салу – өте жас феномен. Шыққанына бар-жоғы 30 жылдай уақыт болды. Оған дейін анимацияның барлығын қолмен салған. Уолт Дисней есімді атақты аниматорды білесіңдер ғой. Ең əйгілі мультфильмдерінің барлығын қолмен салып шыққан. Білуімше, елімізде анимацияны оқытатын жекеменшік курстарды санамағанда, арнайы мамандық ретінде екі университет бар. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ-Британ техникалық университеті. Өзім Т.Жүргеновте сабақ бердім. Өнер дегенде бірінші орында ылғи музыка тұрады. Қазақша əндердің көптептыңдалуы 90-жылдары басталды.Оған 2000-жылдары кино қосылды. Kinopark желісінде 2017 жылы қаражат жинау бойынша «Бизнес по-казахский» атты қазақтың киносы бірінші орынды алды. Кинодан кейін ақырындап анимация қосылып жатыр. Бірақ бұл сала алдыңғы екеуінен əлдеқайда күрделірек деп ойлаймын.

Өнер – біздің нанымыз. Кей таныстарым тегін салып бере салшы дейді. Шаштараз шашыңызды тегін қиып бермейдіғой. Əрине, адамның жағдайы келмей тұрса уақытыңды, идеяңды арнап салып бересің. Алайда еңбекті төлей алса да олай айту – өнерпаз адамның өнерін бағаламау.

АҚШ-тағы ҚАЗАҚ БАЛАЛАРЫНА АРНАЛҒАН ЛАГЕР

Нью-Гэмпшир штатында 2004 жылдан бері қазақтың «Көкжайлау» мəдени жазғы лагері өтеді. Онда Қазақстаннан Америкадағылар асырап алған балаларға сабақ береміз. Бір аптаның ішінде қазақтың салт-дəстүрін, тілін, тарихын үйретеді. Ол волонтерлық жұмысқа 2011 жылы магистратурада оқып жүргенде қосылдым. Бұл лагерьді Жанат Байдаралин есімді балетмейстер Қазақстаннан балаларды асырап алған жергілікті америкалық ата-аналармен бірге бастаған. «АҚШ-тағы қазақ ауылы» ұйымы деп аталады. Америкада адамдар өзінің төл мəдениеті мен шыққан тегі туралы зерттеп, білуге ұмтылып жатыр. Бұл үрдісті сезген ата-аналар балаларын өздері жетектеп əкеледі. Қазақстан жайлы өздері жақсы білмейтіндіктен де лагерьден қалдырмайды. Бірақ балалары Америка қоғамына сіңіп кетуі керек деп есептейді. Жыл сайын шамамен жетпіс бала лагерьге келеді. Ата-аналары да сабаққа қатысады. Балаларды жас категориясы бойынша топтарға бөліп тастайды. Барлығы жеті топ. Əр топта 5-10 баладан болады. Əр сабақ елу минутқа созылған. Менің негізгі жұмысым – балаларға еліміздің тарихын оқыту. Балалар қазіргі Қазақстанды интернеттен көреді, кейбірі елге барып та жүр. «Қазақстан тарихы», «Қазақстан географиясы»,  «Қазақтың тарихи тұлғалары» атты үш ойын жасадық. Республика облыстарын үйрету үшін картадан оларды жасырып қоятынбыз. Облыстарды ашу үшін балалар берілген сұрақтарға жауап беріп, əр облысты ұтып алуы керек. Сонда байқағаным, балалар өздері туған облысты ұтқысы келіп тұрады. Өздерінің туған өлкесі туралы білгісі келеді. Кей баланың есімі асырап алғаннан соң да өзгертілмеген. Əлия, Қайрат, Тимур есімді оқушылар бар. Əлия Молдағұлова, Қайрат Рысқұлбеков, Тимур Бекмамбетовтің өмірбаяндарын оқығанда балалардың көздері жанып кетеді. Мұндай сабақтар алыстағы бауырларымызға ерекше шабыт, үлкен қолдау береді.

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

«Ұлан» газеті, №20
15 мамыр 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз