Біздің газетке Ұлыбританияда 5-сынып оқып жатқан Рахымберген Серік есімді бала хат жолдапты. Лестер қаласына былтыр тамыз айында отбасымен көшкен екен. Хатында ағылшын еліндегі өмірі, оқуы, əсіресе, шахмат ойыны туралы баяндайды. Астаналық баланың жазғанынан Англиядағы өмірі қатты ұнаса да, елін қатты сағынғанын байқадық.

Сəлем, «Ұлан»! Менің есімім Рахымберген. Жасым 10-да. Достарыма Англиядағы өмірім туралы айтып бергім келіп, хат жазайын дедім. Мен əлемдегі ең сұлу қала – Астанада тудым. Англияға 2017 жылдың тамыз айында көштік. Шахмат ойынын елімізде үйрендім. Гаухар есімді əпкем бар. Екеуміз қаладағы шахмат турнирлеріне жиі баратынбыз. Ал шетелге көшіп барғанда «бұл қаладан дос таба алам ба?» деп көп уайымдадым. Басты қиындықтың бірі – шахматтың рапид нұсқасын үйреніп, оған қоса ағылшын тілін меңгеру болды. Бірақ ата-анамның қолдауымен уайымға салынбай, бəрін тез үйреніп алдым. Қазір Generation Next журналының елшісімін. Журналда «Шетелдегі оқушылардың өмірі» деген айдар бар. Олар мені қатысушы ретінде алған. Сол журналға шетелдегі өмірім
туралы, қызықты оқиғамды айтып беремін. Əңгімені шахматтың рапид түрін қалай үйренгенімнен бастайын.

Лестердегі Тейлорроуд бастауыш мектебінде 5-сыныпта оқимын. Жеті жасымнан бастап шахмат ойнаймын. Англияға келген күннен бастап елімді, Қазақстандағы сыныптастарымды сағына бастадым. Бұрын Астана қаласындағы физика-математика мектебінде оқығанмын. Сағынғанымды ұмыту үшін бос уақытымды шахмат ойнауға арнадым. Алдымен жаңа өлкеден жасөспірімдерге арналған шахмат клубын іздедік. Басында ағылшын тілінде сөйлеу қиын болды. Маған оcындағы достарым мен
жаттықтырушым Пол Моттрам ағай көп көмектесті. Қазір Leicestershire Junior Chess мектебінде оқып жатырмын. Ұлыбританияда, білуімше, 65 миллион адам тұрады. Олардың ұлттары да, салттары мен діндері де əртүрлі. Шахматқа деген махаббатымның арқасында осы таңғажайып елді зерттеп, саяхаттап жүрмін. Қазақстанда екі жыл «Зерде»
шахмат мектебінде оқыдым. Қазір сүйікті ұстазым Жамал Қасқырбекқызы үйреткен
əдістерді қолданып жүрмін. Ағылшындар ол əдіске таңғалып, «мұның бəрін қайдан үйреніп алғансың, қай жерден келдің?» деп сұрайды. «Қазақстаннан» деймін мəз болып. Достар, өкінішке қарай, сендерге ол əдістерді айтып бере алмаймын. Бір сөзбен айтқанда, түрлі шабуылдармен патшаға мат қоюды үйрендім. Кейін мені Open at the HE Atkins Memorial Rapid деп аталатын турнирге шақырды. Жарыста U115 категориясы бойынша 1-орын алдым. Қатты қуанғаннан одан сайын шахмат ойнағым келіп кетті. Бірақ олардың шахмат ережесі мен стилі біздікіне мүлдем ұқсамайды. Көп ізденісті қажет етті. Қазақстанда
классикалық шахмат ойнаймыз ғой, ал Англияда рапид форматында бір күн бойы 5-6
раундқа шығасың. Бастысы ойлануға 10 секундқа артық уақыт береді. Ал классика болса, шамамен 40-50 минут өтеді. Алайда Қазақстанда классика 1,5-2 сағатқа созылуы мүмкін. Алдыңғы жарыстан соң 87 The London Junior Chess Championship турниріне қатыстым. Ол
үшін арнайы іріктеуден өту керек. Қуанышыма орай, іріктеуден өтіп, Лондонға бардым. Турнирдің неге 87 деп басталатынын білесіңдер ме? Өйткені ол 1931 жылдан бері ұйымдастырылып келеді екен. Сонда биыл 87-рет өткен. Бұл чемпионаттан алған
əсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Келгендердің бəрі өте ақылды, бір-бірінен асып түсетін балалар екен. Бəрінің де сенімі мықты. Чемпионаттан 3-орын алдым. Ең қызығы құттықтау салтанаты болды. Кəдімгі медаль мен кубок күттім. Бермеді. Орнына бізге ақшаға айырбастап алатын банктің түбіртегін берді. Мұнда осылай марапаттайды екен.


Ұмытып барамын, Chess Championship деген шахмат жарысында Лестер Юнион командасының атынан 1-үстелде ойнадым. Біздің топ 2-орын алды. Қазақстанның шахматы əлі даму үстінде болғанымен, мұғалімдер мықты. Менің Англиядағы жетістігім де
Жамал апайымның арқасы. «Шахматта ең алдымен өзіңе сену керек, сосын жігер мен
ықылас керек», – деп үйрететін апайым. Халықаралық турнирлерге қатысқан ұнайды. Əр елден жаңа дос табамын. Бір-бірімізді түсінбесек те, шахматтың тілі бəрімізге ортақ қой, достасып кетеміз. Өмірімнің бөлшегіне айналған қызығушылық тапқаныма қуанамын. Командаммен жəне ағылшын жаттықтырушым Пол ағаймен бірге Бирмингем, Лидс, Ноттингем, Реддич, Линкольн, Илкли, Регби, Нортгемптон сынды қалалар мен сан ғасырлық тарихы бар мектептерді, соборлар мен университеттерді араладық. Мұнда қалалар мен ғимараттар ескі болса да көз тартатын сұлу, ал саябақтары жап-жасыл.

Ағылшын мектептерінің білім беруі де ерекше, біздікіне мүлдем ұқсамайды. Олар өз жүйесімен мақтанады. Бірақ біз дұрыс санайтын да, қолдамайтын да тұстары бар. Мұнда мектептегі ұстаздар, мектеп əкімдігі барлық баланың аты-жөнін, ата-анасының есімдерін біледі. Біз 5-сыныпта оқысақ та, сынып болып түрлі маңызды жобаларға қатыстық.
Мектеп ұжымы сыныптастар арасындағы қарым-қатынасқа көп көңіл бөледі. Маған мектептегі ең ұнайтын пəн – дене шынықтыру. Оның қызық өтетіні сонша, спорттан бас алғың келмей қалады. Кей пəндер Қазақстандағы оқу бағдарламасына қарағанда төмен деңгейде оқытылады. Мысалы, математика пəні. Достар, сендер жазғы демалысқа шығып
қойған шығарсыңдар? Ал біз əлі оқып жатырмыз. Мұнда оқу жылы 12 шілдеде аяқталады.
Сенесіңдер ме, келесі оқу 25 тамызда басталады. Сонда мен тек 1,5 айдай демалады
екенмін. Алайда оқу жылы барысында демалыс күндері көп. Бізде төрт тоқсан болса,
Англияда екі үлкен тоқсан бар. Оның əрқайсысы үш кіші тоқсанға бөлінеді. Келесі жылы мен бастауышты (primary school) бітіремін. 5-сыныптың соңында орта мектепке (secondary school) көшуге арналған емтихан тапсырамын. Маған сəттілік тілеп қойыңдаршы. Англияда оқыған өте қызық, бірақ елімді қатты сағынып жүрмін.

Сəлеммен, Рахымберген

2 ПІКІРЛЕР

  1. Керемет мақала. Раxымберген Қазақстанның жаңа ұрпағы. Өзі ақылды, білімді жасөспірім екен. Әке-шешесінің ұлына дұрыс тәрбие бергені көрініп тұр. Қазақ елінің жастары осылай шет елде білім алып, бірақ өз елінің патриоты болып, келешекте xалқына, еліне қызмет етсе мемлекетіміз көркейіп, болашағымыз жарқын болмақ.

    • Иә, дұрыс айтасыз. Тек тәрбиесі қазашқа болса, есейе келе еліне деген сүйінпеншілігін жоғалтып алмаса болды.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз