Қыз бала болса да, батыл шешім қабылдағанына қызықтық. Алтынай әңгімені балалық шағынан бастады:

– Әпкем және сіңлім бар, отбасында үш қызбыз. Оқушы кезімде Қазақстан, Канада, Ұлыбритания, АҚШ сынды төрт түрлі мемлекетте жеті мектеп ауыстырдым. Әкемнің мамандығы құрылысшы болғандықтан, жұмыс бабымен Орал, Астана, Қостанай, Алматы қалаларына көшіп-қонып жүруші едік. 14 жасымда әпкемнің соңынан еріп бардым. Ол Канадаға оқуға түсіп, қоныс аударды. Сонда спорт жағы бойынша көпбейінді  Brentwood college school мектебінде оқыдым. Кейіннен әпкем Англияға ауысқанда, мен де соңынан еріп, басқа мемлекетке қоныс аудардым. Ол Лондонда оқыса, мен қазіргі таңда Нью-Йоркте оқып жатырмын. Қосымша қоғамдық жұмыспен айналысқанды жақсы көремін. Тек білім алумен шектелмей, ерікті болуға да уақыт табамын. Екі аптаға Үндістандағы жетімдер үйіне барып, балалармен бірге ойнап, сабақ оқыдым. Уақытым сондай көңілді өтті әрі ізгілік тұрғысынан да дұрыс болды.

–Аспан әлеміне қызығушылық қалай туды?

–Кішкентай кезімнен аспандағы бұлттарға қарап армандаушы едім. Болашақта бізді не күтіп тұрғаны қатты ойландыратын. Аспан әлемі туралы кітаптар мен фильмдерді тауып алып, ешбірін назардан тыс қалдырмайтынмын. Солардың ішінде ең сүйікті фильмім – «Ғарыштық Одиссей». Сол туындыдан шабыттандым. Қайткенде де осы арманымды жүзеге асырғым кеп, нақты шешім қабылдадым. Жоғарыда айтқандай, мектепті тәмамдаған соң АҚШ-тағы әлемдік аэроғарыш компаниялары орналасқан Нью-Йорк технологиялық институтының инженериядағы менеджмент және энергетикадағы майнор мамандығына оқуға түстім. Қазіргі таңда ІТ компаниясында жоба менеджері болып қызмет етемін. Жұмысым қатты ұнайды. Өйткені бұл саланы жүрегіммен таңдап алдым. Біз күнде ІТ бағыты бойынша жауабы жоқ сұрақтардың шешімін табуға жан-жақты ізденіп, жаңа жобалар құрастырамыз. Қызығушылығымды жоғалтып алмау үшін ББҰ-ның ғарыштық мәселелерді шешетін басқармасына жұмысқа орналастым. Ғарыштық мәселелер бойынша Азия Тынық мұхиты маңында жұмыс істейміз және жаңа технологияларды коммерциялық бағытта экплуатация жасаумен айналысамыз. Сонымен қатар, студенттер мен жас мамандарға аэроғарыштық өрісті экономикалық қиын жағдайда мемлекеттер арасындағы тиімді пайдалану мәселесін үйретіп, біліктілікті арттырып, білімімізбен бөлісеміз. Кейде жоба бойынша болмашы себептер үлкен даулы оқиғаға ұласатын кездер болды. Мысалы, жаз бойы бізге күнде жіберілген суреттер бойынша астероидтарды іздедік. Менің ұжымым қазіргі таңда MAUR-456 атты астероидты суреттер бойынша іздеп, тапты. Бұл болмашы бір іс болғанымен, оны іздеп табу бізге оңайға соқпады. Осы ұйымның арқасында халықаралық астрология федерациясы бекіткен ғылыми шығарылым бірлестігіне ұжымымен бірге қосылдым.

–Таңдауыңызға ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?

–Ата-анамның бұл бағытта еш хабары жоқ. Сондықтан оларды көндіру аздап қиынға соқты. Кез келген жеткіншек сияқты кішкентай кезімде ғарыш әлеміне қызығып, ғаламтордағы сан түрлі форумдарды көзден таса қылмай өскен баламын. Ғаламтордағы онлайн форумдар арқылы қазір жұмыс істеп жатқан ұйымда қызмет атқаратын адамдармен танысып, күні-түні осы ұйымға кіру туралы ойлайтынмын. Бұл ұйымда Boeing, Lockheed Martin, NASA, JAXA-да жұмыс істейтін инженерлер, түрлі қор өкілдері, осы бағытта мақала жазатын журналистер мен кішкентай ғарыш компанияларының негізін қалаған адамдар болды. Бір қызығы, бұл орта онша үлкен болмағанымен, оларды конференциялар мен кездесулерде жиі кездестіресің.

–Ұшқыш болу туралы ой қалай туды?

–Жұмыс істей жүріп, ғарыш әлемі туралы оқып жүргенім аздық ететінін түсіндім. Сондықтан тікұшақ жүргізуді меңгергім келді. Ұшқыш сертификаты бар курстасымның кеңесі бойынша AirFleet Training systems әуе академиясына оқуға түстім. Бұл оқу орнында жекеменшік ұшқыш болу үшін білім алып жатырмын. Оқуымды үздік аяқтасам, шілде айында халықаралық куәлік аламын. Бұл куәлік арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне саяхаттауға мүмкіндік туады. Соның ішінде  Қазақстанда бірнеше рет аялдап саяхаттауды армандаймын. Оған қазірден бастап аса жауапкершілікпен дайындалу қажет.

Ең алғаш рет Нью-Йорк аспанында ұштым. Сол кездегі әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Аспанда ұшу өте әдемі әрі оңай болса, бір жағынан менің тікұшағым өте ескі болғандықтан, қатты қорықтым. Оның үстіне нұсқаушым бұрынғы әскери адам және солтүстік британдық екпінмен сөйлеуші еді. Ол өте қатал болғандықтан бойымда үрей бар еді. Кейде нұсқаушым әдейі апаттық жағдай тудырып, мені сынаушы еді. Бірақ осындай нұсқаушымның арқасында дер кезінде тікұшақты басқаруды үйрендім. Сонымен қатар, ол маған глайдерде жаттығуды үйретті. Глайдер дегеніміз – әуеге жіберілетін моторы жоқ ұшатын құрылғы. Глайдер арқылы жаттығып, кәсіби шыңдалдым. Куәлігімді алған соң, спорттық тікұшақтармен ұшуға бел байлап отырмын. Мұндай шешім қабылдауға  Florian Berger мен Melanie Astles есімді ұшқыштар қызықтырды. Ал әзірге мен нұсқаушымен ғана аспанда ұшып жүрмін. Сабақтың құны шамамен 150-350$ тұрады және ол жанармай мен тікұшақтың түріне тікелей байланысты. Аптасына бір рет ауа райы қолайлы болғанда ұшамын. Кейде қалаға өзге мемлекеттерден қонақтар келетін болса, әуе жолдарын жауып тастайды. Мен тікұшақты басқарып аспанда ұшып жүргенде ата-анам тақымдарын қысып, жерге қонған сәтте бірден хабарласып, жағдайымды сұрайды.

–Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

–Болашақта орта және кіші жерсерік компанияларды жерасты бекеттермен  байланыстыратын желі құрастырып, осы бағытта стартап компания ашқым келеді. Бұл ой маған SpaceNews-та әлемде жылына 300 жерсерік шығарылады деген баяндаманы оқығанда келді. Сол кезде осы істі қолға алу туралы ой туды. Жерасты бекеттер орта және кіші компаниялар үшін жоғары сұранысқа ие. Қазіргі уақытта потенциалы бар құрастырушылармен ақылдасып, жерсеріктерді түріне қарай зерттеп жүрмін. Меніңше, бұл көпшілікті қызықтыратын ұсыныстың бірегейі болмақ. Алдағы уақытта бірнеше мемлекетте жұмыс істегім келеді. Соның ішінде Қазақстан үлкен рөл атқарады. Байқоңырды өз көзіммен тамашалауды армандап жүрмін. Бәрі де оп-оңай ғой, адам жан жүрегімен сенсе, барлық арман орындалады.

–Әңгімеңізге рақмет! Қазақтың осындай білімді, талапты қыздарымен мақтанамыз!

 

Назым Сапарова,

«Ұланның» жас тілшісі.

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті

“Ұлан” (№14, 3 сәуір 2018 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз