Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Копенгагендегі (Дания) бөлімшесінде Адина Хамитова есімді қазақ қызы тəжірибе алмасу мақсатында жұмыс істеп жүр. Ол орыс, ағылшын, испан жəне швед тілдерін еркін меңгерген. Адинамен əлеуметтік желі арқылы хабарласып, өзі жайлы айтып беруін сұраған едік.

«Павлодар қаласында туып-өстім. Орта мектепті бітірген соң Лондондағы жетекші университеттердің біріне дайындық бөліміне оқуға түстім. Сəті түсіп, оқуымды Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінде жалғастырдым. Сабақты өте жақсы оқыдым. Оқуды аяқтағаннан кейін елге келіп, медицина орталығында менеджмент жағында жұмыс істедім.

2015 жылы Швецияның Каролин медициналық университетіне оқуға өтініш жібердім. «Денсаулық сақтау саласының менеджері» мамандығына магистратураға оқуға қабылдандым.  Оқу ақылы, бірақ үздік оқыған студентке шəкіртақысы бар», – дейді Адина.

Каролин университетінің негізі швед патшасы Карл XIII бұйрығымен 1810 жылы қаланыпты. Еуропада медицина саласында білім беретін ең үздік университеттің бірі. Атақты білім ордасында оқып қана қоймай, беделді сыйлығын иелену оңай емес.

– Global Swede Award марапаты сабақты өте жақсы оқыған шетелдік студенттерге беріледі. Жыл сайын жоғары оқу орындары мықты деген студенттерін дайындайды. Іскерлік жəне инновация саласында ерекше көзге түскен, сынақты жоғары деңгейде тапсырған студентке аса мəн береді. Биыл Каролин университеті марапатқа мені ұсынды. Жаңалықты естіп, қатты қуандым. Менімен бірге басқа оқу орындарының 20 студентіне марапат берілді. Негізі оқу қиын емес. Ең бастысы, əр нəрсені өз уақытында орындау қажет. Мəліметті оқып, дəрісті мұқият тыңдап, сынақ кезінде белсенді болсаң жетіп жатыр. Швед студенттерінің оқу үлгерімі мүлде бөлек. Олар өз бетімен дайындалады. Түсінбеген сұрақтары болса, профессорға, оқытушыларға барады. Жазба жұмыстарында көркем əдебиетті оқиды. Біздің елдің білім жүйесімен салыстыра алмаймын. Өйткені, мен елдегі оқу орнында оқыған жоқпын», – дейді жас зерттеуші. Біз Нобель сыйлығы швед химигі Альфред Нобельдің өсиеті екенін жақсы білеміз. Химия, физика, əдебиет, физиология жəне медицина саласында жоғары жетістікке жеткен адамдарға сыйлық беріледі. Марапаттау салтанаты жыл сайын Стокгольм қаласында өтеді. Адинадан қала тіршілігін сұрағанымызда:

–  Қалада ауыр өнеркəсіп жоқ. Содан болар, əлемдегі ең таза қаланың бірі. Халықтың өмір сүру деңгейі өте жоғары. Өркениеті дамыған елдің тіршілігін бірден байқайсың. Тұрғындар спортпен айналысуды əдетке айналдырған. Жергілікті жəне шетелдік компаниялардың қатысуымен түрлі жиындар, концерттер, көрмелер жиі өтеді. Қарбалас өмір жүріп жатыр. Шведтер өз күштеріне сеніп, ерекше, дара болғанды ұнатады. Бір байқағаным, шетелдік студенттермен бірінші болып сөз бастамайды. Егер ортақ тіл тапсаң, тез достасып кетеді. Түрлі бағытта жұмыс істеп жүрген қазақтың жастары бар. Мұнда жұмысқа қалуға мүмкіндік бар. Өйткені, алған біліміңді жүзеге асыра алатын технология дамыған. Осында білімімді жетілдіріп, елге жемісімді беруге барсам деймін, – дейді Адина.

Əкесі жеке кəсіппен айналысса, анасы дəрігер екен. Сіңлісі мектепте оқиды. Елге былтыр желтоқсан айында келіп кетіпті.

«Данияда тұру қиын емес. Жаңа мемлекетке, жаңа мəдениетке үйреніп қалдым. Жұмысым зерттеу саласымен байланысты болғандықтан болар. Ағылшын тілі еш уақытта қиын болған емес. Оқушы кезімде С.Демирел атындағы университет ағылшын тілінен олимпиада ұйымдастырды. Сол кезде 1-орын алғаным бар. Ата-анама алғыс айтамын. Менің білім алуыма мүмкіндік берді. Əсіресе, əжем Шəрбанудың еңбегі ерекше. 4-сыныпқа дейін əжемнің тəрбиесінде болдым. Ол кісі ұстаз болған. Маған тəрбиемен бірге жақсы оқыған адамның қандай жетістікке жететінін көрсетті. Банк саласында жұмыс істейтін шығармын деуші едім. Бірақ, мүлдем басқа жаққа, денсаулық сақтау саласының экономика, жоспарлау, инвестицияның маманы болып шықтым. Таңдауыма өкінбеймін. Англияға келгенде ағылшын тілін акцентпен сөйлейтінмін. Аздап ұялатынмын. Өзімді қолға алуға кірістім. Мəдени жаңалық тарататын BBC Word арнасын үзбей көрдім. Сосын ағылшындардың сөйлегеніне қарап, сөздің мəнерін бақылайтынмын. Денсаулық сақтау саласында зерттеу жұмысына қызығатын жастарға кітап оқуға кеңес беремін. Экономиканың беталысын білу үшін Harvard Busness Review жəне The Economic журналын жиі оқыған жақсы. Сараптама мақалаларды оқыған дұрыс. Жалқаулыққа жол бермеңдер, ұйқыға уақыт табылады. Испан тілін Англияда жүргенде оқыдым. Ал швед тілін магистратураға түскен  уақытта арнайы курстан оқыдым. 

Топта Еуропа, Америка, Азия елдерінен келген əртүрлі жастар оқыды. Бірі магистратураға бакалаврды бітіре сала түссе, енді бірі ұзақ жылдан кейін оқуға келген. Олардың талаптарына қарап, білім алудың қай жаста да кеш болмайтынын түсінесің».

Адина шетелде жүргенде өз халқының тұрмыс-салтына да алаңдайды. Əсіресе, ауыз су мəселесі ойландырады.

«Астана, Алматы, Атырау қалаларының ауыз суына зерттеу жасадық. Өкініштісі, біздің су лас əрі сілтілі… Судың сапасын жақсарту үшін инновациялық технологияны көптеп енгізу керек. Бірнеше жоспарым бар. Қазір швед компаниясымен бірге жұмыс істеп жатырмын. Жылдың соңында суды тазартуға арналған арнайы сүзгілер мен басқа да қажетті қондырғыларды елге апарып, орнатпақпыз. Отанымды жақсы көремін. Сезімімді сөзбен емес, іспен дəлелдегім келеді», – деп сөзін түйіндеді.

Алыста жүріп, елдің қамын ойлаған қазақ қызына риза болдық. «Арманыңа жет, Адина!» дейміз.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті, №32
08.08.2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз