Шымылдық пердеге орана беріп қас пен көздің арасында басқаша киініп, тотыдайын түрленіп шыға келетін Алтынай Байтоқанованың есімі ел жадында. Оның өнері иллюзионистер әлеміне ғана тән жұмбақ еді. Қазақ өнерінде кенжелеп, енді ғана дами бастаған иллизион жанрының ең алғашқы тұсауын Сара Қабиғожина мен Сұлтанғали Шүкі­­ров кескен болса, кейіннен Раиса мен Балтабек Жұмағұловтар жалғастырып, одан кейін ешкімнің қолынан келмеген-ді. Жезді өңірінің тумасы Алтынай Базарбайқызы тылсым өнердің дәріптеушісіне айналды. Көзінің тірісінде жанкүйерлері таңдай қағып, оң бағасын берді. Алтынай әлемге танымал сиқыр өнерінің бапкері Игорь Кионың шәкірті. Өмірінің соңғы күндерін ауруханада өткізген өнер иесіне жабысқан дерт алмай қоймады. Ол сахнаға шыққанда көмекшілері етіп екі-үш қызды ерте шығатын. Солардың арасында туған сіңлісі Ләззат Байтоқанова да бар. Оны «менің оң қолым, екінші көзім» деп таныстырып жүрді. Кетерінде де бауырына өнердің қыр-сырын үйретіп, аманаттап кетті. Соңғы жылдары Ләззат көрінбей қалды. «Сіз қайда жүрсіз?» деп хабарласқанымызда, іргеміздегі циркте қызметте екенін айтты. Алдағы жоспарларымен танысып, әңгімелесіп қайттық.

– 2001 жылдан бері иллюзия өнерімен таныспын. Әпкеммен бірге он жыл жұмыс істедім. Көп нәрсені үйретіп кетті. Өмірден өткеннен кейін жалғыз өзім жалғастырдым. Бізден «өнерлеріңіздің сырын қашан ашасыздар?» деп сұрайды. Сиқыр өнерінің құпиясы ашылған емес. Өнердің өзі тылсым сырға толы. Оның құпиясы ашылатын болса, халықты таңғалдыра алмайсың. Егер бір адам менімен жұмыс істегісі келіп, осы өнерге қызықса ғана, оған түсіндіріп айтып беремін. Ал жалпы жұртқа айтсаң, оның не қызығы қалады? Әпкеммен бірге шетелде көп болдым. Бірақ ол жақта бір адам келіп маған осындай сұрақ қоймапты. Олар өнерге таңғалады. Әдеміліктен қанаттанады, ләззат алады. Ал бізде әркім бір нәрсеңді түрткілеп, шұқылап көреді, сенбейді. Ал біздің сиқыр әлемінің өзі – құпияның ішіндегі құпия. Ол – ашылмайтын құпия. Егер көрген кезде «Әй, бәрекелді!» «Мынау қалай?!», «Қап!» деген сезіміңізді шығара алдыңыз ба – менің еңбегімнің жанғаны. Шығара алмасам, сіздің талғамыңыздан шықпағаным. Ең бастысы – таңғалу. Бұл сонысымен де қызық, сонысымен де құпия. Мұны ашып айту мүмкін емес.

Бұл өнерде ұстаз жоқ. Ешкім оқытпайды. Бұл жәй ғана көрсете салатын, қайталай салатын нәрсе емес, жан-тәніңмен берілуің керек. Оған күш-жігер керек. Мұның сыры көп. Адамның өзі жан-жақтан ізденіп, үйренеді. Өзім әлі шәкірт болып, іздегенімді таба алмай жатырмын. Әпкем – «Алтынай- шоу» театрын ашуды армандаған еді. Сол арманын өзіме аманат ретінде қабылдаймын. Болашақта театр ашып, иллюзия өнеріне қызығушылығы бар өнерпаздардың басын біріктіргім келеді. Бұл өнерді Алтынай әпкеден кейін Қырғызстаннан оқып, меңгеріп келгендер болды. Бірақ олар жетілдіріп алып кете алмады. Өйткені, бұл өнер асқан шыдамдылықты талап етеді. Көп адамның шыдамы жетпей, қолды бір сілтейді. Екінің бірі баспанасын сатып, табаны тимеген елге барып, үйреніп келуге жүрегі дауаламайтыны тағы бар.

????????????????????????????????????

Қабілетті болса, он жастағы бала да игере алады

Алтынай негізін салып кеткен театр тізгіні енді Ләззаттың қолында. Осыдан он жеті жыл бұрын көзін емдетуге келген Ләззаттың Алматыда қалуына әпкесінің бір-ақ ауыз сөзі әсер етіпті: 

– Ол кезде әпкемнің өнер көрсетіп жүргеніне екі жыл болған еді. Алғашында өзім де сиқыршы деп қабылдадым. Көрермендер секілді таңғалып жүрдім. Сахна сыртындағы көмекшісі болдым. Бір күні: «Менімен бірге қаласың ба, осы өнерді үйренгің келе ме?» – деді. «Иә, маған да үйретіңіз», – дедім ойланбастан. Содан бері осы өнерді зерттеп келемін. Ауылдағы әкеме хабарласып, оқуымды да осы қалаға алмастырдым. Әкем екі перзентіне де ақ батасын берді. Ең алғаш сахнаға шыққанда әпкемнен басқа ешкімді көрмедім. Көп қателік жібердім. Бірақ әпкем ұрыспай, «ақылдым сол, қолыңнан келеді» деп қанаттандырды. 2002 жылдан бері әлемнің сахналарында өнер көрсеттік. Итальяндықтар мен гректерге өнеріміз қатты ұнағаны сонша, «сиқыр өнері тек еуропалықтардың ғана қолынан келетін еді, азиаттарды алғаш көруіміз» деп таңданысын жасыра алмағаны есімде қалыпты. Тірі өнер болғандықтан, өтірік жасағаның көрініп қалады. Қойылым мен киімдегі ұлттық нақыштағы оюлар, қойылатын қазақша әуендердің барлығын сапалы жасадық. Өнерден бұрын, сахнаның қасиетін сезіне алдық. Түркияда өнер көрсеткеннен кейін, Францияға бес жылдық келісімшартпен жұмыс ұсынды. Бірақ әпкемнің отбасылық жағдайын ескеріп, әрі өз елімізде дамытқымыз келетінін айтып бас тарттық. Осы өнерге келгенде сиқыршылармен қатты шатастырды. Туысқандар да қарсы шықты. Біреуді отпен немесе сумен алдап жатқаным жоқ.

Өнерімнің стилі – көз ілеспес жылдамдықта түрленіп шығу. Менің өнерім – қазақтың құда қоржыны сияқты, ашқан сайын ішінен інжу де, маржан да, түрлі түсті мата да, бәрі шы­ғады. Ал бұл өз ұлтыңның барын көр­сетудің таптырмас жолы екенін айтып келемін. Адам қандай кәсіппен айналысса да, оның шыңына жету керек деп есептеймін. Бұл кез келген адамның қолынан келе бермейтін, талғампаз өнердің түрі. Қабілеті болса он жастағы бала да игере алады. Қабілет пен шыдамды талап ететін қатал өнер деп те айтуға болады. Шетел­дерде жасы 30-ға жуық­та­ған адам­дар бұл өнермен қош айтысып жатса, Алтынай әпкем  жиырма тоғыз жасында келді. Қазір циркке жұмысқа тұрдым. Көрерменіміздің дені – балалар. Олардың қойылымдағы эмоциясын көріп, шабыттанамыз, – дейді өнер иесі.

P.S. Өзгеше өнерді бойына дарытқан Алтынай Байтоқанованың ізін жалғастырушы, туған сіңлісі Лəззаттың арманы көп. Мектеп ашып, шəкірт тəрбиелеуге де қарсы емес. Еш кімге ұқсамайтын өнер туғызған
аққан жұлдыздың ізбасарларының көп болуын тіледік.

Жазып алған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз