Нан алуға дүкенге шыққам едім. Есік алдындағы ағаш саясында күшігімен ойнап отырған көршінің баласы Мұртазаны көрдім. Күшігі сондай сүйкімді екен. Қызығып кеттім. Бірақ шаруам тығыз болғандықтан, іркілмедім.  Нанымды алып қайтып келсем, Мұртаза әлі орнында отыр екен. Күшігі ұйықтап қалған сияқты, алдында тып-тыныш жатыр. Бала оның басынан сипап, бірдеңелерін айтып қояды. «Осы бала басқаларға неге қосылып ойнамайды?» – деген ой келді маған. Еппен басып таяп келгенде, оның күшігіне бесік жырын айтып отырғанын естідім.

– Әлди-әлди ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Тәтті ұйқыға бата ғой,

Тыныш қана жата ғой.

Астыңа терлік салайын,

Құндыздан ішік жабайын.

Сендей тәтті күшікті,

Қайдан іздеп табайын.

Баланың әлдиінен шығар, күшік балбырап ұйықтап кетіпті.

«Қандай ғажап! – деп ойладым мен. – Күшіктің де аялағанды білетін болғаны ғой!»

Сәлден соң Мұртаза күшігіне үңілді де, оның ұйықтағанын көріп, қуана жымиды.

Дәл осы кезде мен оның алдына шығып:

– Мұртаза, күшігіңе ән айтып отырсың ба? – дедім.

– Т-ш-ш,– деді ол сұқ саусағын ернінің ұшына тигізіп. – Әрең ұйықтаттым…

Күшігіне бір қарап алған ол сыбырға жақын үнмен:

– Сіз менің күшігіме бесік жырын айтуға келдіңіз бе? – деді сұраулы көзбен.

– Жоқ, мен сенің не істеп отырғаныңды білуге келдім, – дедім мен де сыбырлап.– Сен бесік жырын қайдан үйрендің?

– Анамнан, – деді Мұртаза.

– Анаң саған үнемі бесік жырын айтып бере ме?

– Иә. Бізге кішкене кезімізде айтатын. Әзір де жатар алдында айтады. Бесік жырын айтпаса, Марфуға ұйықтамай қояды.

– А-а? Ал сен ше?

– Жоқ. Мен жыламаймын. Бірақ, апам ертек айтып бермесе, мен ұйықтай алмаймын. Сосын апам ертек айтып береді… бесік жырын да айтады.

– Әлдиге айтатын бесік жырын күшікке неге айтып

отырсың? Ол түсінбейді ғой, – дедім мен соңында.

– Жоқ, ол түсінеді, – деді Мұртаза сеніммен. – Күнде ұясына кіргізіп, бесік жырын айтсам, ол көзін жұмып, ұйықтап қалады. Тура біз сияқты. «Кішкене кездеріңнен бесік жырын тыңдап өссеңдер, мықты, ақылды боласыңдар» дейді апам. Үлкейгенде күшігім де ешнәрседен қорықпайтын батыр болса деймін. Сондықтан, оған бесік жырын айтам…

Мен ойланып қалдым. Үш бала тәрбиелеп өсірсем де, әлі күнге бесік жырын білмейтінім есіме түсіп, ыңғайсыз күйде қалдым.

Неге екенін, бұл жайсыздық үйге беттеп бара жатқанда да сейілмеді. Аздан соң мен өзімнің жаңа Мұртазадан естіген бесік жырын іштей қайталап келе жатқанымды білдім.

«Әлди-әлди ақ бөпем… »

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз