Еліміздің сəн индустриясында Diva Boni деген брендтің өзіндік орны бар. Кейіпкеріміз сəнгер емес, бірақ сəн əлеміндегі ең үздік «hairstylist» мамандардың бірі. «Бони» атанып кеткен сұлудың шын аты-жөні – Балнұр Қуантай.

Бони бір уыс шашты əп-сəтте əлденеше түрлендіргенде таңдай қақпай тұра алмайсың. Əлеуметтік желідегі жазбаларын сүйсіне қарайсың. Он минутта, жиырма минутта неше түрлі шаш үлгісін жасап тастайды. Жуырда Балнұрдың салонына арнайы барып, шаш күтіміне байланысты ақыл-кеңестерін сұрағанбыз. Қаланың қақ ортасындағы еңселі салонның иесі осы күнге жеткізген «Алтын орда» базары екенін айтады. Он жылға шегініс жасап, əңгімені бойжеткен Балнұрдан бастадық.

– Түркістан қаласында тудым. Түркістандағы университетке түскенмін, оқуды аяқтамай тастап кеттім. Ата-анам, төрт бауырым бар. Үлкен əпкем банк саласында жұмыс істейді. Қалғандары мектепте оқиды. Үйде мен ғана сəн əлемінде жүрмін. Қалғандарының бұл тірлікпен ісі жоқ.

Өте белсенді оқушылардың қатарында болдым. Сабақты қатырып оқымадым. Белсенділігіме көп арқа сүйеп кеттім. Апайларым да бағамды төмендетпеді. Бала күнімде шаштараз боламын деп мүлдем ойлаған жоқпын. Танымал болуды да армандаған емеспін. Бойжеткен шағымда нағашы əпкем «қыз балаға керек дүниелер, өзің де əдемі болып жүресің, өзгені де əдемі етесің, оқып алсаңшы» деп мазамды алды. Ең алғаш үйдегілердің шашын əрлей бастадым. Той-томалақ, мерекелік кештерге дайындап жіберетінмін. Солай біраз уақыт өтіп кетіпті. Байқасам, қолым жаттығып, үйреніп алыппын. Нағашы əпкем керек құралдардың барлығын алып берді. Алматыға кетуді ойладым. Маған оқу, диплом қызықсыз болып қалды. Шаш əрлеумен ғана айналыса бергім келетін. Өзімнің шашымды беске білетін болғасын, өзіме де жасай бастадым. Бұны көп адамдар қиын көреді.

Ата-анамның рұқсатымен Алматыға келдім. «Алтын орда»базары жақта қарапайым шаштаразға жұмысқа орналастым. Ол кезде сұлулық салонының не екенін білмедім. Күніне екі-үш адамға қызмет көрсетіп, үш жүз теңге пайда түсіретінмін. Ең көп тапқан табысым мың теңге болды. Оны анама апарып беріп, қуантқаным есімде. Өтірік айтпасам, сол ақша əлі сақтаулы тұр ғой деймін (күліп). Таңнан кешке дейін жұмыс жасадым. Келген тұтынушының көңілінен шығу өте қиын ғой, кəсіби тұрғыда білмесем де «мен білемге» салатынмын. Мойындау керек, ақшаға жұмыс істедім. Көп табыс табуды ойладым. Кейін қалаға қарай жақындадым. Ол жақта келушілер аз болғанымен, салонның не екенін білдім. Өзімнің орным мен ортам əсемдік əлемі екенін ұқтым. Соңғы екі жылда ғана Алматының екі жерінен салон аштым. Бұл салондарда жиырма бес шебер шаш сəндейді.

Менің бағымды ашқан – Қазақстандағы сəн апталығы. Сол жерге құрбымның шақыруымен барып, танымал адамдардың көзіне түстім. Актерлардың шашын сəндедім. Содан кейін ол шарадан қалмадым. Қазір жобаның сұранысқа ие шаш əрлеушісімін.

Балнұрдың қолынан шыққан туындыларына қарап отырсаңыз, ерекше сəн үлгілерін көре аласыз. «Қарапайым етіп жасай алмаймын, ерекше образ жасағым келеді», – дейді.

«Қарапайым шаш үлгілерін жасағысы келетіндерді басқа шеберлерге жіберемін. Өзіме келетіндерге ерекше шаш үлгісін ұсынамын. Адамдардың барлығын бірдей образда көрген ұнамайды. Əртүрлі образ ойлап табу – менің хоббиім. Шашты ұстағаннан-ақ қолым еркіме бағынбай, əп-сəттеалып кетеді. Кейде өзім де таңғаламын. Ешкімге алаңдамай жалғыз жасағанды жақсы көремін. Жұмысым ұнап жатса, шабытым келеді. «Келесіде бұдан да əдемі етіп жасап беремін» деп əзілдеймін.

Бұл мамандықты еш жерден оқыған емеспін. Арнайы шетелдің оқыту орталықтарынан тəжірибеден өттім. Кəсіби шаш сəнгері болуыма өмірлік тəжірибемнің үлесі зор. Қазір оқыту орталығын аштым. Жиырма күндей оқиды. Егер көзге түссе, салоныма шақырып, жұмыс ұсынамын. Кейбір келушілер өздері үшін оқиды. Оқу ақысы – 100 мың мен 200 мыңның арасында. Көп адамның қалтасы көтере бермейді, білемін. Бірақ кəсіби мамандардың еңбегі қымбат тұратыны анық. Бізде жай ғана шаш қию 3000 теңгеден басталады.

Біз Бонидың бір айда шашын бірнеше түске бояп, түрлі образда жүретінін білеміз. Оның əр шаш бояғанын желіден көріп отырамыз. «Шашқа обал болмай ма?» деген сұрақты төтесінен қойдық.

«Мен адамның ішкі болмысын шашынан танимын. Қазақ қыздары тек қара шашпен жүру керек деп ойлайды. Ал өзім шашымды бірнеше түске боядым. Кері əсері болған шығар, бірақ өмір бір рет қана беріледі. Осы сөзімді бəріне айтамын. Жыл сайын түрлі түске боямасаңыз да, шашыңыздың формасын өзгертіп тұрған зиян емес. Шаш өзгерсе, киімің де өзгереді. Жаңаша ойлай бастайсың. Алдыма келетін адамдар қара шашпен келеді. Мен оларға: «Өзгертейік, шашыңызбен бірге өміріңіз де өзгереді», – деймін.

Шаш күтіміне аса мəн бермейтіндердің бірімін. Аптасына екі рет қана жуамын. Кептіргіш пайдаланбаймын. Су күйінде шашты тарамаймын. Шаштың сырын шаштараздан артық білетін адам жоқ. Сөздің орайы келгенде, шаш кептіргенде нені басты назарда ұстау керектігін сұрадық.

«Шаштың ұштанып кетуі дұрыс емес. Екі айда бір рет шаштың ұшын кестіріп отырсаңыз, шашыңыз тез өседі. Шаш майлы жəне құрғақ деп екіге бөлінеді. Дəріханалардан шашқа арналған майларды алған жөн. Біздің өнімдеріміздің барлығы Америкадан, Еуропадан əкелінген. Олар шашты емдейді. Дүкен сөрелерінде тұрған  майларды пайдаланбаған жөн. Өзім де үнемі шашыма күтім жасап тұрамын. Майларды, емдік сусабындарды қолданамын. Көп қыздар «Чистая линия» өнімдерін «арзан» деп қолданбайды. Бірақ ол ең табиғи сусабын. Мен үнемі пайдаланамын. Көп қыз-келіншектер шашты қалай кептіру керектігін біле бермейді. Шаш кептірудің де ережесі бар. Алдымен шашты жақсылап тараңыз, фенді шаштан 10 сантиметрдей қашық ұстаңыз. Шашты оң қолға алып, сол қолмен фенді ұстап тұрып кептіргеніңіз жөн. Шашты түбінен кептіру керек. Сонымен бірге, кептіріп жатқанда тарақты пайдаланбай, шашты саусақпен тараған массаж болып есептеледі», – дейді Балнұр.

Кейде ата-аналар да қызық, шаштараз болуды дүниенің қоры көреді. «Сол да мамандық па, университет бітіруің керек» дейтіндер де бар. Балнұрдың ата-анасы да оның шаштараз болғанын ұната қоймаған. Ал қазір қыздарының үздік шаш шебері екенін біледі. Əңгімесін айта жүріп, шашымды сəндеп берді. Демде «Микки маус» болып шыға келдім. «Шаштараз болғаныма намыстанбаймын. Менің табысым – екі қолым. Бұйырса, Астанадан тағы бір əсемдік орталығын ашамын», – дейді. Жиырма бес жастағы бойжеткеннің еңбекқорлығына сүйсінбеу мүмкін емес!

 

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №1
2 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз