Ата-бабаларымыздан бізге не қалды? Біздің мол мұра, таусылмас байлығымыз – тіл мен осынау ұлан-байтақ дала десек, ең үлкен байлықтың иесі болып шығамыз. Яғни, сөз бен жер. Біз әлі күнге осы екеуінің түп-тамырына, ұңғы-шұңғысына үңіліп келеміз. Әлі күнге біз өзімізге тиесілі қазынаны осы екеуінен тауып келеміз. Әлі де бойлап келеміз. Ғылымдағы, өнердегі, тарихтағы бар жаңалықты осы екі мұрадан таптық. Елбасының жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихты түгендеуді, оған негіз болатын феномендерді қайта саралады. Мақаланың «Алтын адам» бөліміне зер салайық:

«Біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық – 1969 жылы Қазақстанның Есік қорғанынан табылған, өнертанушы ғалымдар арасында «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адам». Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгер-генін аңғартады. Сонымен бірге, бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Дала халқы өз көсемдерін осылайша ұлықтап, оның мәртебесін күн секілді құдірет деңгейіне көтеріп асқақтатқан. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен де мол хабар береді. Жауынгердің жанынан табылған күміс кеселердің бірінде ойып жазылған таңбалар бар. Бұл – Орталық Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі».

Иә, Алтын адам әлем тарихшыларының назарын аудартқан үлкен жаңалық болды. 50 жыл бұрын табылған алғашқы Алтын адамның құпиясы әлі күнге толық ашылған жоқ. Оның жәй экспонат емес екені де осында. Оның бойындағы әрбір әшекейдің, киімнің, жерлеу тәсілінің, тіпті әшекей-лердің орналасу реттіліктері көп жайдың бетін бүркемелейді. Ал одан кейін де табылған алтын адамдардың орны тіптен бөлек.

Алтын адамдар еліміздің әр тарабынан табылып жатыр

Осы алтын адам жайлы ғылымда алғаш түсінікті қалыптастырған Есік қаласынан 1969-1970 жылдар аралығында табылып, кейінгі жүргізілген зерттеулер нәтижелері арқылы Кемел Ақышев атамыздың есімімен тікелей байланысты болды.

Ерте заман-дардағы адамзат тарихын зерт-теуші археолог ғалымдар жазба тарихымызда хатталмаған кезеңдерді қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттай деректермен дәйектеп, бізге дейінгі өмір сүрген адамзат қоғамының өмірінен көптеген мәлімет ашты.

Мәселен, ғылымда ж.с.д. (жыл санауымызға дейінгі) V-IV ғасырлармен мерзімделетін Есік қорғанынан табылған Алтын адамының алтынмен аптал-ған киімі мен оның әшекей өрнектері тура біздің мәде-ниетіміз бен дәстүрімізге сай үндесіп жатыр десе болады. Бағзыдан келе жатқан таным-түсінік бойынша, адам жанының үш әлемде: жер беті, жер асты және ғарыш әлемі туралы діни-мифологиялық наным-сенімді көрсетеді.

Осы Алтын адам бүгінде біршама зерттелді деп айтуға болады. Тек бір даулы жері оның ер немесе әйел адам екендігі туралы нақты шешім жоқ. Оған қазба жұмысы кезінде адамның ер немесе әйел екендігін ажырататын жамбас сүйектің үстіне қабір бетін жапқан бөрененің құлап кетуі себеп болып отыр. Әйел адам болуы мүмкін деген болжам бар. Оған себеп – бас сүйектің жанынан табылған сыңар сырғаның табылуы. Бүгінде бұл Алтын адам тәуелсіз-дігіміздің нышаны ретінде әлемге танылып отыр.

Қазақстан жерінен табылған алтын адамдарды табылу уақытына қарай санамалап шықсақ: 1999 жылы Атырау облысынан табылған «Сармат көсемі» ж.с.д. ІІІ-ІІ ғасырлармен мерзімделген. Жәдігердің тағы бір ерекшелігі – көсемнің жанынан ұзын қылыш пен бүркіттің қаңқа сүйегі табылған. Бұрын-соңды сармат тайпаларының ескерткіштерінде мұндай қарудың түрі кездеспеген екен. Қанжар немесе семсер ғана болатын. Осыған қарап ғалымдар қылыштың пайда болу уақытын болжады.

Ал Бәйгетөбе обасынан шыққан Шілікті алтын адамы ж.с.д. VІІІ-VІІ ғасырларға тиесілі. Шығыс Қазақстан облысынан 2003 жылы табылған болатын. Обаның биіктігі 8 метр, диаметрі 100 метрге жуық. Ол үш қабаттан тұрады. Үстіңгі қабаты топырақпен, астыңғы қабаты тастан үйілген. Тас үйіндінің ішінде сағана қабірхана орналасқан. Қабірхана жер бетіне салынған. Оның қабырғалары ұзыннан екі қатар етіп қойылған жуан самырсын бөренелерден тұрғызылған. Осындай алып ғимараттың ішінде бір ғана ер адам жерленген. Адамды сом алтыннан құйылған қаптырма, әшекей түймешектермен безендірілген киіммен жерленген.

Одан кейінгі ғылым әлемін елең еткізген Қарағанды облысы, Нұра ауданынан табылған ж.с.д. VІІІ-VІІ ғасырлармен мерзімделген ерте сақ кезеңінің алтын адамы. «Аң стилінде» жасалған әшекей заттардың дайындалуымен ерекшеленеді. Қазба жұмыстары барысында жүзге жуық белдіктің әшекейі, сегіз арыстан бейнесі, жиырмаға тарта құйма алтын, түрлі формадағы әшекейлер, айдаһар пішіні сомдалған алтындалған зат, секіруге бейімделген қабан, елтаңбамыздағы пырақтардың бейнесіне ұқсас суреттер бедерленген жәдігермен бірге, мыңнан аса асыл моншақ табылды. Бұл қорғанға аса беделді адамның жерленгені осыдан-ақ белгілі. Археолог Арман Бейсеновтың айтуынша, қорым бұған дейін бірнеше рет тоналып, бұдан да үлкен деректі дүниелер қолды болғанға ұқсайды.

Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданынан табылған ж.с.д. VІ-V ғасырға тиесілі Тақсайлық абыз әйел мен ж.с.д. ІV-ІІІ ғасырға жататын Шығыс Қазақстаннан табылған Үржар текті әйелін (бас киім әшекейімен) ерекше айтуға болады.

«Тақсай ханшайымы» қабірін ежелгі сармат кезеңіне жатқызуға болады. Оған жерлену тәсілі, жерлеу элементінің құрылымдары, сары металдан жасалған көптеген бұйым мен салт-жоралғы заттары дәлел. Ал оның әшекейлеріне қарап ақсүйек тұқымынан екені туралы тұжырым жасалды. Қабірден табылған заттар әйелдің қоғамда ерекше мәртебеге ие болғанын көрсетеді. Сонымен қатар жерлеу орнынан табылған алтын әшекейлер, айна, ыдыстардағы зооморфтық бейнелерді Оралдың оңтүстік аймағындағы ежелгі көшпенділер өнерінің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Тұтастай алғанда, бұл жауһар ежелгі Батыс пен Шығыс көшпенділерінің өнеріне біртабан жақын тұр. Ал, биылғы жылдың басты жаңалығы Шығыс Қазақстан облысындағы «Елеке сазы» деп аталатын жерден табылған алтын адам болып отыр. Археология саласы бойынша, 1998 жылы Берел қорымынан табылған, тереңге жерленген жылқылар мен Елеке сазынан табылған жәдігерлерді зерттеуде Зайнолла Самашев ағамыздың еңбегі зор. Шілікті алтын адамы бойынша Әбдеш Төлеубаев пен Қарағандыдан табылған алтын адамды зерттеп таныту бойынша Арман Бисенов ағаларымыздың еңбегін мақтан етеміз. Батыс Қазақстаннан табылған тақсайлық сармат әйелін ғылымға танытқан Мұрат Сдыков пен Яна Лұқпанова одан әрі тереңдете зерттеу жүргізіп жатыр.

Алтын адамдарды зерттеудің ортақ шешімі қандай?

Кейінгі табылған алтын адамдардың ғылымға қосатын жаңалығы орасан. Бұған дейінгі қазба жұмыстарында көбінде техника мен технологияға баса мән берілген болатын. Ендігі кезектегі зерттеу жұмыстары қазба жұмыстарынан барынша мол ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оның бәрі алдын ала жоспарланды. Қазір зерттеуге тек археологтар ғана емес, палеоботаник, зоолог, остеологиялық материалдармен жұмыс жүргізе алатын кәсіби маман, антропологтар, молекулярлы-генетикалық ДНК құрамын тереңдете зерттейтін ғалымдар қатысуда. Адамның сүйек қаңқасына жасалған зерттеулер оның жасы, әлеуметтік жағдайы, жынысы ғана емес, қандай азықпен қоректенгені, бір қорымға жерленген әлеуметтік ортаны құраушылардың өзара қандас-туыстық жақындық байланысын ашып беріп жатыр. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бүгінге дейін мұндай жан-жақты қамтылған, бірнеше ғылыми сала мамандарының қатысуымен осыншалық күрделі зерттеулер жүргізілмеген болатын.

Қазір ғылымның тереңдегені соншалық, ақпарат алынатын әрбір артефакттан бастап, сол жердің топырақ қабатымен қатар өсімдік жамылғысы, жануарлар дүниесі, өртенген жағдайлар болса күлдің өзінен қаншама ақпарат алынып жатыр. Мысалы, соңғы Елеке сазынан табылған жәдігерлер ж.с.д. VIII-VII ғасырға мерзімделген ерте сақ кезеңіне тиесілі, ешкім тиіспеген деп айтуға болатындай тарихи ескерткіш. Алдын ала ғалымдар тарапынан жасалған болжам бойынша, мұндағы обаға бойы 165-170 см шамасындағы, 17-18 жасар бозбала жерленген. Мұндағы заттар кешені жақсы сақталғандықтан, оның киген киімін де қалпына келтіру жоспарланған. Оның жоғары беделге ие болғандығын, алтын әшекейлермен көмкерілген киімге қоса, мойнындағы алқасы да айқындай түседі.

Бұл алтын адамдар адамзат баласының тіршілігінде ерекше орын алған заттай құндылықтар қатарын толықтырумен қатар, осынау киелі атамекенімізді қоныс еткен ата-бабаларымыздың металл өңдеу технологиясын соншалық терең игеруі, металдан қылдай етіп жіп жасауы, өмірімізге жоғары нанотехнологиялар енген бүгінгі зергерлерден олардың бір де кем емес екені, қайта олардың зергерлік өнері биік екені көрініп тұр. Міне, осындай таңқалдырар құпиясымен ғалымдарды ғана емес, баршамызды ынтықтырып отыр. Бұл өз кезегінде әрине, ата-бабаларымызда өркениет болғанын, мәдени өмірінің қыр-сырын ұғындыра түсердей. Көшпелі өмірмен қатар, жоғары зергерлік өнерді игерген ортада табиғат пен адамның өзара үйлесім тауып өмір сүргендігімен, сол замандарда әлеуметтік-экономикалық ортада өз орнын таба алғандығымен де тәнті етеді.

Қазба жұмыстарына жетекшілік етуші ғалым, археолог Зайнолла Самашев адам сүйегінің қалдықта-рына ДНК сараптамасын жүргізе отырып, сол замандағы адамдардың қандай жағдайда өмір сүргендігімен қатар, олардың тұрмысы мен мәде-ниеті жайында маңызды ақпарат алуға болатындығына сенім білдіріп отыр. Бүгінде қай өңірдің алтын адамы ең
көнесі деген сауал баршаны қызықтыратыны анық. Осы жерде жасалу технологиясы бойынша салыстырған-да, Қарағанды облысынан табылған Талды-2 обасының материалдарын болжамдап айтуға болады. Дегенмен, жыл сайын табылып жатқан ғылыми жаңалықтар өз түзетуін енгізетіні сөзсіз. Алтын адамдарға қатысты ортақ шешім – түсті металды өңдеуді жете меңгере білгендігі деуге болады.

P.S: Алтын адамдар – қымбат металды жәдігер ғана емес. Алтын адамдар – біздің тарихымызды тануға үлкен септігін тигізіп жатқан аса құнды байлықтарымыз. Бір өкініштісі, жәдігерлерді зерттеуші ғалымдардың айтуынша, олардың қабірлерін тонау сол заманнан келе жатқан көрінеді. Жоғарыда келтірген деректердің бірнешеуінде қабірлердің тоналғандығы туралы айттық. Тіпті, алтын адамдарды жерлеген адамдардың өзі көп ұзамай тонауға қатысқан дейді ғалымдар. Археолог Зейнолла Самашев мұндай қарақшылықтың әлі күнге жалғасып келе жатқанын күйіне айтады.

«Қазіргі заманның тонаушылары көп ескерткіштерді тонап, быт-шытын шығарыпты. Сондықтан «алтын шықты», «бәленбай шықты» деп айғайлай берудің де қажеті жоқ. Сондай адамдар археологтардың соңынан жүретін секілді. Жергілікті құқық қорғау органдарының дұрыс жұмыс істемеуінің де бұған әсері бар деп ойлай-мын. Тонаушыларды жергілікті адамдар көреді екен. Тұрғындардың өздеріне қаздыратындары да бар секілді. Оларға ақша беріп, аузын жауып қоятын көрінеді. Осы жағдай мені алаңдатады», – дейді археолог.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласынан кейін руханиятқа жасалып жатқан игі істер «Ұлы даланың жеті қырымен» бірге көктей түсеріне сенім мол.

Материалды дайындағандар: Алпамыс ЖАЛҒАСҰЛЫ,
Тарих магистрі, Қаз ҰУ-дың РhD докторанты.
Асылан ТІЛЕГЕН,
өз тілшіміз

«Ақ желкен» журналы, №12
Желтоқсан, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз