Олжас Сəкенов – шетелде білімін жетілдіріп жүрген жастардың бірі. Көкшетау өңірінің тумасы. АҚШ-тағы ең көне оқу орны Пенсильвания университетінде «Білім менеджменті» мамандығын меңгеріп жатыр. «Мұғалім болу үшін шетелде білім алып жатырсыз ба?» деп сұраған ек. «Мұғалімдерді даярлайтын əдіскермін», – деп жауап берді. Одан кейінгі əңгімеміз былай өрбіді:

«Көкшетау қаласында туылдым. «Балдəурен» оқу-сауықтыру демалыс орнында тарих жəне құқық пəнінен сабақ бердім. Екі жыл сол жерде мұғалімдік қызметте болдым. Қызметтік сапармен Астана қаласына қоныс аудардым. Он жылдан бері Елорданың тұрғынымын. 2014 жылдан бастап «Болашақпен» «ауырдым». Астанаға көшкеннен кейін түрлі салада жұмыс істедім. Жарнама бөлімінде, ақпараттандыру саласында біраз еңбек еттім. Өзіме ұнаған жобам да болды, денсаулық саласына қатысты ірі жобаның басы-қасында жүрдім. Осылардың барлығы мені шетелде білімімді жетілдіруге итермеледі. Отбасымда бауырларымның барлығы «Болашақтың» түлегі. Ағаларымның шетелде білім алғаны маған стимул болды. Үлкен ағам Қытайдағы Шанхай Цзяо Тун университетін тəмамдады. Екінші бауырым Ұлыбританиядағы (University of Essex) Эссекс университетін бітірді. Осыларды көргеннен кейін мен де қол қусырып отырмай, «Болашақ» бағдарламасында бағымды сынадым. Барлығы сəтті болып, Пенсильвания университетінің студенті атандым. Менің мамандығым «Білім беру саласындағы басқару» деп аталады. Оқу бағдарламасы  International Educational Development Program (IEDP). Білім беруді дамытудың халықаралық бағдарламасы. Бұл бағдарлама Африканың, Азияның, Латын Америкасының дамушы елдерінің сауатын дамытуға жəне білім берудегі жаһандық проблемаларды шешуге бағытталған. Бағдарлама 2 компоненттен тұрады: теориялық жəне практикалық. Егер сіз бірінші жағдайда «Білім беру экономикасы», «Дамушы елдердегі білім беру», «Жобаларды бақылау жəне бағалау», «Жүйелік ойлау» сияқты əртүрлі пəндер оқытылса, онда іс жүзінде үш айлық міндетті тағылымдамадан өтуге болады. Екі бағыттың бірін таңдасаңыз, үш ай бойы жер шарының кез келген мемлекетіне барып, өндірістік тəжірибеден өтесіз. Тіпті, Оңтүстік Африка еліне де баруға болады. Испан тілін білсеңіз, Латын Америка елдеріне баруға кеңес береді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне де баруға болады. Осы жазда тобымызбен бір елді таңдап, сол жаққа ұшуға дайын отырмыз (күліп).

Олжас бауырларының бірінен соң бірі шетелге оқуға кетіп жатқанын көріп, «мен де шетелде оқимын» деп алдына мақсат қояды. Еңбек пен ізденісінің арқасында мақсатына жетеді. Жетістігінің құпиясын да бүкпесіз баяндады:

– Болашақта шетелде білім жетілдіргіңіз келсе, дайындықты бүгіннен бастаңыз. Уақыттың көп бөлігін халықаралық сынақ дайындығына жұмсаңыз. Жоғары ұпай жинасаңыз, белді, атақты білім ордаларына түсуге мүмкіндігіңіз бар. Өзіңіз таңдап та құжат тапсыруға болады. Оқу ақысы қымбат. Оқуы да сол бағаға лайықты екеніне көзім жетті, – дейді білімпаз жігіт.

«Мұғалім болу үшін «Болашақпен» оқу міндетті ме?» деген сұрақтар да алдымнан шығады. «Болашақпен» кез келген мамандықты игеруге болады. Мұғалім, дəрігер деп бөлмеген дұрыс. Мамандығым білім саласымен байланысты болғанымен, бағыты басқа. Білім көрсеткіші төмен, экономикасы мен жағдайы төмендеп бара жатқан мемлекеттердің жағдайын жақсартуға арналған мамандықта оқып жатырмын. Халықаралық білім беру ұйымдарымен тығыз байланыстамыз. Солармен бірге болашақта жұмыс істейміз. Біздің мақсатымыз – білім алуға жағдайы жоқ мемлекеттерді аяқтан тұрғызу. Осы саланың мамандары халықаралық ұйымдарға хабар беріп отырады. Оңтүстік Африка елдері, Непал, Бангладеш, Пəкістан мемлекеттерінің білім жағдайы төмен. Соларға көмектесу үшін халықаралық дамыту орталықтарында жұмыс істейміз. Дүниежүзілік білім реформаларына енгізілген өзгерістерді бақылаймыз. Аты аталған мемлекеттердің бірінде он жеті жастағы қыз балалар əлі мектеп табалдырығын аттамаған. Ата-анасы рұқсат етпеген, тұрмысқа берген дегендей мəселелерді шешуге дайындалған мамандар да қызмет етеді. Болашақтағы жұмысым осындай. Осы білім жолымда менің екі жыл мұғалімдік қызметімнің көп көмегі тиді. Елге оралғаннан кейін міндетті түрде білім көрсеткіші төмен мектептер туралы мəлімет жинап, зерттегім келеді. Қазақ мектептеріндегі балалардың бəрі білімді. Əрі сауатты. Білім жүйесінде енгізіліп жатқан жаңа реформалардың барлығы дұрыс. Бізге тек уақыт керек», – дейді Олжас ағаларың.

Шетелдегі жастардың бір күндік өмірін де сұрау əдетке айналған. Сан ғасырлық тарихы бар білім ордасының білімгері студенттік өмірінің қалай өтіп жатқанын да айтып берді:

– Уақытымның көп бөлігін сабақ оқуға жұмсаймын. Өйткені біздің топта бəсекелестік бар. Тобымызда білімі төмен студент жоқ. Халықаралық Fullbright  бағдарламасының да студенттері білім алып жатыр. Солардың алдында ұятты болмау үшін күні-түні оқимын. Аптаның күніне байланысты сабақтар 9 немесе10-да басталады. Бір сабақтың ұзақтығы – 2 сағат. Үзіліс кезінде келесі сабаққа дайындалуға уақыт береді. Тегін шай мен кофе іше аласыз. Graduate Student Center орталығына барып, қосымша мəліметтер іздеймін. Тұру жəне тамақтану үшін айына 1500 доллар қажет. Кампустың жанында тұрғандықтан жиырма минут жаяу жүріп барамын. Қоғамдық көліктің барлық түрін пайдалану үшін 100 долларға билет сатып аласыз. Аптасына  екі рет спортзалға баруға тырысамын. Демалыс күндері қаладан шығып, жақын мегаполистерді аралауға болады. Менен басқақазақстандық алты студент білім алады. Үшеуі магистратурада, бірі докторантурада оқиды. Демалыс күндері кампус тұрғындары кездесу ұйымдастырады. Мысалы, жақында АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байденмен жəне бұрынғы Мексика президенті Фелипе Кальдеронмен кездесу өтті. Конференциялар, форумдар, танымал қонақтардың қатысуымен симпозиумдар түрінде үнемі түрлі іс-шараларды тамашалаймыз, – дейді алпауыт елдердің саясаткер-лерімен жүздескен қазақ баласы.

P.S: Əңгіме соңында шетелдіктердің біздің ел туралы пікірлерін білгім келді. Аз-кем ойланып, «аздап біледі» деп қысқа қайырды. Біраз үнсіздіктен кейін есіне бірдеңе түскендей: «Айтпақшы, спортпен, бокспен айналысатын достарым Геннадий Головкинді таниды. AstanaProTeam велокомандасы туралы да біраз ақпарат біледі», – деп қуантты.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №17
24 сәуір 2018 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз