«Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған»…

Осы судай сұлу мәтінді әнімен сызылтып, оның әсем ырғағында Алматымен бірге тербелмеген жан бар ма екен? Осы мәтінді, осы сияқты қанша алтын сөзін Алматыға арнаған Тұман аға, Тұманбай Молдағалиев сынды өзінің жыр бұлбұлын алматылықтар, алматылықтар ғана емес, күллі қазақ ұмыта қойды ма екен? Әй, жоқ. Ұмыта қойған жоқ. Оны ұмытпағанына, ұмыта қоймайтынына көңіл сенімді.
Соңғы жылы кей азаматтардың себеп болуымен ол кісінің өлеңдеріне жазылған әндерге арналған кештің болғанынан және кітаптарының толық нұсқасы 25 том болып, түгелдей жарық көргенінен хабардармыз.
Осы айдың 20-ы күні туған ауданы Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында ақынның рухына арнап ас беріліп, аудандық Мәдениет үйі ақын ағамыздың атымен аталып, ескерткіш ашылмақ екен. Бұл енді туған ауданының ақын перзентіне құрметі. Тәңірі жарылқасын!
Кеше сол Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың, Халықаралық Физули атындағы сыйлықтың иегері Тұман ағаның дүниеден өткеніне тұп-тура алты жыл толды. Ардақты ағамыздың өмірінің дені осы Алматы қаласында өтті. Негізі Алатау мен Алматыны, Алматы мен Тұман аға – Тұманбайды ажырату, бөліп қарауға болмайтындай. Ақынның әр жырының демінде осы Алатау мен Алматы бірге тыныстап жатады десек артық айтпаған болар едік.
Сөйтіп сүйген Алматысында оның атында әлі күнге не бір мектеп, не бір көше жоқ. Дүниеден өткен тұлғаларға көше берілу үшін 5 жыл уақыт керек екенін біз білеміз. Дұрыс. Дегенмен, жыржүректі ағатайымыздың өмірден қайтқанына аттай алты жыл толды. Алматы әлі жым-жырт. Үнсіз. Неге екен дейміз де!
Құдай бұйыртса ол атаулы күндер де алыс емес шығар!

ТҰМАНБАЙ немесе ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖАСТЫҒЫ

Жанды мен жансыз, тілді мен тілсіз дүниенің бір тұтастанған ортақ атауы Тіршілік болса керек. Оны біз мәндік жағынан адам және табиғат деп үлкен екі топқа бөлер болсақ, қаламгер үшін, біртұтас Тіршілік тұрғысынан немесе адам және табиғат тұрғысынан келудің қай-қайсысы болса да оңайдан олжалатпайтындығы ардай шындық.
Десе де, қиынның қиыны болатындығын ескермеске хақымыз тағы жоқ. Сол тұстан сөз қозғағанда адамды, адам жанын айқындап, айшықтап айтып беру, табиғатты, табиғат жанын тәптіштеп, тамылжыта суреттеп беруден әлдеқайда қиын.
Себебі дейсіз бе? Себебі былай. Біз оны – табиғатты дәп басып, мүлде дәп басып біле бермейміз. Ал ендеше, білмейтін дүниені айтудан, жазудан, ол жайлы алуан түрлі түйін түйіп, көзқарас пайымдаудан оңай не болмақ еді өмірде? Меніңше, ештеңе де болмақ емес! Бұл тақырыпты қалайтын, ұнататындардың орасан болатындығы да әне сондықтан.
Олардың тұтасындағы ортақ қасиет мынау, ол – құбылысты құлай сүйіп, қисынға құдіреттері жеткенінше мән беру. Өмір философиясы дегенді желеу етіп, өзінің осал тұстарын жасырып қалу. Бір ауыз сөзбен айтқанда, өтіріктің де сендіретіні қисыны деген сөз.
Ал, адам жайлы, оның жаны, сезімі, түйсігі, ішкі әлемі хақында айту, жазу, манағы біз мегзеп отырған қиыныңыздың қиыны. Себебі, оның жүйе-жүлкесіне әсер еткен нәрсені сезіну, түйсіну тек адамзатқа ғана ортақ керемет. Былайша айтқанда, адам (ақын) жазғанды адам оқиды деген сөз.
Демек, сіздің айтқаныңыз, жазғаныңыз ең-әуелі өзіңіздің, қала берді сізді сүйіп оқитын бір топтың жүрегін жылытып, сезімін қытықтап оятып, шаттығын шарықтатып, мұңлығын мұңайта, езе, елжірете білсе онда бағыңыздың жанғаны. Теріңіздің текке кетпегені. Бұл сіздің ақындық болашағыңыздың ертеңіне ашар есігі. Бақытыңыздың бірінші баспалдағы. Жарық әлемге қарата алғаш болып қағар қанатыңыз.
Ал, енді, тұтас халық болып сізге назар салып, аңсары ауып, шөліркеп, әркез сізбен, сіз жазған жан-сәуле жырлармен шұрқыраса табысып жатса, онда сіздің халқыңыздың өзіне, тіліне, діліне, ішкі әлеміне, жанайғайына айналғаныңыздың белгісі.
Халық өлмек емес! Ал, халық өлмейді екен, онда оның тілі, ділі, жанайғайы, рухының үні болған сіз, сіз жазған жұлдыз жырлар да өшпейді. Керісінше, көктем сайын гүлдеп, көгеріп отыратын ана – жер іспетті, әр елу сайын елмен бірге есейіп, жаңарып, жаңғырып, түлеп отырмақ.
Бұл тұс сіздің манағы біз мегзеген болашақ есігінен арман қарай еніп, сұлулық әлеміне шыңдап шырқаған, көтерілген тұсыңыз саналады.
Тағы бір сөзбен айтқанда, сіз (ақын) жазған алмас өлең мына зымыран ғасырлар ағысындағы әмсе азынаудан бір де танбайтын, тануды да білмейтін мәңіліктің ғазалына, уілді үніне, күмбірлі күйіне айналды деген сөз.
Міне, осындай сұлулық тұғырына тура тартқан, адам жанының, аңғал сәттерінің, жап-жас көктемінің, қартаймас жүрегінің, сезімінің тілі, тілі болғанда да мөлдіреген асыл жауһары, ақжаңбыр сезімінің анасы, тұтас бір ғұмыры өлең болып өрілген, өлеңі мәңгі маздақ махаббат болып маздаған, сезім болып себелеген, шал болып шалдықпай, жігіт болып жініккен, кемпір болып керікпей, қыз болып қылықтана күлімдеуден тынбаған, тынуды да білмеген хас білгі ақын кім десеңіз егер сіз, ол – Тұман аға, Тұманбай Молдағалиев дер едім. Бұл жауабыма сіз де күмәнданбас едіңіз.
Себебі, Тұман аға күллі қазақ поэзиясындағы мәңгі қарт әрі мәңгі жас, ең киелі де жүйелі тақырыптардың бірі, бірі болғанда да бірегейі саналатын асқақ махаббат тақырыбын жалғыз өзі иемденген, жазған, жазғанда да жеріне жеткізе, сілесін қатыра, «өлтіре», жалындата, мөлдірете, елжірете, үзілте де сызылта жазған, өз биігінен түспеген, шабысынан жаңылмаған, жаңылуды білмеген дара дарын хас талант! Сенгіңіз келмей ме? Оқыңыз:

Мен сені көрмесем де ғашық боппын,
Жүріппін мұңға батып, жасып көп күн.
Самалмен бірге кіріп көкіргіме,
Көңілімнің терезесін ашып кеттің.

Поэзия есігін де, өмірдің есігін де осылай сезгіш ғашық жүрекпен, көзсіз махаббатпен ашқан, аша салып, жалын-жарық жалғанды, сұлу дүниені аш көңілмен, іңкәр сезіммен ынтыға, естен тана сүйген, сүйген сайын күйген, күйген сайын маздаған бала ақын Тұманбай, әу баста-ақ шыққан тұғырынан талмай ұшқан қалпы бүгінге жетті. Дана Тұманбай, дара Тұманбай атанды:

Жаңа гүлдеп келе атқандай көктемім,
Елжіреймін, туған елім,
Отты елім,
Бақытқа бір тойсам тойған шығармын,
Ал, арманға тойған күнім жоқ менің, – дейді әуелі махаббатыңның маршалы, қызығыңның қызғышы «кәрі» ағаң. Оның отты жырлары сарқылуды білер емес тегі. Осыған қарағанда «Талант шекті болады. Ол да сарқылады!» деген сөдегей сөзге сеңгің де келмейді. Сену тіпті қиын. Әрбір жүрек – жан сарайды жаулап, арбап, ұлы махаббат ғаламының шексізіне шеру тартып, жырларын мәңгі жас қалпында сақтап, заманға қарай сап түзеп, жастардың жанын алаулатып, жүрегін жылытып, сезімін серпілте өлең жазуда Тұмағаңның орны ерекше.
Көзімді қуантатын шуақ мүсін,
Өлшеусіз екен сенің қуат күшің.
Өлсем мен өлермін-ау, ажал жетіп,
Ешқашан сен өлмейтін сияқтысың.
* * *
Жел бар деп, мен бар деп те жасқанбайсың,
Мәңгілік бақытыңды тапқандайсың.
Желбіреп орамалың
Болашаққа
Жүгіріп кетіп бара жатқандайсың.
* * *
Мен сені қызғанам,
Қадалған саған көзден де,
Есіркеп айтқан сөзден де,
Табынғыш топтың ішінде,
Толқығаныңды сезгенде.
* * *
Көктемнің тұңғыш күнімен,
Құттықтап едің сен мені.
Қуаныш көріп мұны мен,
Құшқандай болдым сәулені.

Осылай да осылай кете береді, кете береді… Қашан да сұлу өмір. Қашан да сұлулық. Сұлулыққа арбалу, сұлулыққа бағыну. Бір тұтастанған сырлы адамзат дүниесіндегі, өміріндегі, махаббат майданындағы мәнді-мәнсіз, сәтті-сәтсіз ынтығуға толы іңкәрлік әлемі. Азабы мен ләззаты, ащысы мен тәттісі алма-кезек алмасқан табиғаттай таза, мұздай мөлдір мөлтек сезім жауһары. Оқисың да рахаттанасың. Бірде мұратыңа жетіп, кереметтей күй кешсең, енді бірде арманыңнан ат шаптырым алыстап, құлазып, мұңайып, кірпігіңді жасқа шылайсың. Бәрі де мәнді, бәрі де ұнасымды, жарасымды, шындай шындық. Шындыққа жүгінесің. Жүгінесің де іштей үйлесім тауып желпінесің. Сергисің. Серпілесің.

Екеумізді шақырып жатты бір айдын,
Еріп саған елтіп кеттім, шырайлым.
«Қандай жақсы даусыңыз» деп мақтадың,
«Аяп айтып тұр-ау» деп мен мұңайдым.

Қандай дәл берілген үйлестік еді бұл?! Меннің көкірегіндегі талпынатын тазасы, құлшынатын қуанышы – ерке қызға еріп, елтіп кетуі, ерке қыздың менді, жыр – жігітті аяп айтқан «Дауысыңыз қандай жақсы еді» деуі және оны естіген меннің мұңсыз мұңайысы бәрі-бәрі де ақиқат. Күнделікті өмірде болатын, болып та отырған ақиқат. Абыз ақын:

Көңіл жас,
Жас біразға келгенменен,
Тірі жүр өлмей әлі кеудемде өлең.
Ұмытсам егделікті елеңдеймін,
Ол кезде батыр да мен, мерген де мен, – деп мәңгі қартаймас, қартаюды білмейтін сезім мен дарын құдіретін даналап, даралап көрсетсе, енді бірде:

Көз жұмып, түсіп кетсем тұңғиыққа,
Қаршығам қанат қақпай тұрды иықта.
Арманға ашкөзденген шал байқұсқа,
Құдайым, әділ болсаң, дым бұйыртпа, – деп, көзге жеңіл, көңілге ауыр әзіл шырпысына сіріңке тартып, от қояды. Жүрекке жылы жымиыс ұялатады. Жымиясың да ойланасың. Дым бұйыртпаса ақыры қалай болар еді деген сыңаймен ойланасың. Шал ғұмырдың жас көңілін, әжімсіз жүрегін, селтең сезімін аяйсың. Аяйсың да тағы да ойланасың… Әйтеуір, ар жағында бір қызығы бар қиялға ессіз берілесің.
Әр шынайы ақынның өзіне тән аспаны болады. Ол сол ақынның тұтас өлеңдік өміріндегі, ғұмырындағы жарыққа келтірілген әмме жырларының табиғатынан қалыптасады. Мұны қазір біз даралық (стиль) деп алып жүрміз. Осындай даралығы, дауысы, дербес өзіне ғана тән Аллаһ берген жыр аспаны бар ақын ғана нағыз ақын саналуға тиіс. Бұл биіктен қарағанда Тұмағаң еңдердің еңі болып, көзге де, көңілге де оттай басылатынына ешкім дау айта алмаса керек.
Тұман ағаның жүрек жырларымен өз басым 1984 жылдан бері қарай таныспын. Содан бері «Хаттар, хаттар», «Жиырма бесінші көктем», «Мен де жиырма жаста едім», «Отан деп соқса жүрегің», «Жүректегі жазулар», «Тынық мұхит дәптері» және үш томдық таңдамалылары қатарлы жыр жинақтарын сүйіп оқыдым.
Әне содан бері менің көңіл әлемімде қалыптасқан ақын келбеті, аспаны, қазақы жыр құдірет теңізіндегі басқа өкілдермен салыстырғанда тіптен бөлек. Ол келбет, ол аспан – мәңгі көктем, мәңгі жастық, мәңгі махаббат келбеті, мәңгі махббат аспаны еді. Түсі көктемдей көгілдір-тін.


Көктем – ол өмірдің, махаббаттың, жастықтың, тіпті біртұтас тіршілік атаулының анасы. Солай. Ал, ендеше, өмірге, ақындық әлеміне көктем болып келіп, жастық болып жанып, махаббат болып маздап, сезім болып себелеп тұрған Тұман ағаны дұрыстап бағаламау, танымау бақастық, бейшаралық, пендешілік, бір ауыз сөзбен айтқанда білместік саналар еді.
Тұманбай Молдағалиев – осы жалған дүниедегі ең ұлы тақырыпты – махаббат тақырыбын ұстанды әрі шырқата жазды. Үдесінен шықты.
Мақаламыздың әу-басында айтқанымыздай, ешкім жүрек жұтып бара бере алмайтын адам жайлы, оның жаны, сезімі, ішкі әлемі жайлы айтқандығы, жазғандығы, жазғанда да кереметтеп, өмірдегі әрбір жан иесінің жүрегінен, ойлаған жерінен шығара жазғандығы, тіпті жырлары адамдармен бірге «адам» болып сіңісіп, кірігіп, тіріліп кеткендігі үшін де ол шын ақын. Шын хас білгі ақын.
Тұман ағаң тұтас өмірге, дүниеге махаббатпен, сезім көзімен қарайды. Сондықтан да оның жырлары көздей мөлдір, ардай таза, көңілдей тұнық. Сезім жанды ақын шынайы өмірде болмысы қалай болса, өлеңінде де сондай. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Жүрегін ауыртпайды. Қыздай нәзік, мақтадай жұмсақ, кіршіксіз әрі ақ. Ылғи да махаббат деп маздап жанған ақынды шынайы байқаған жанның көз алдына адамзаттың махаббатшыл ақыны Хафез елестейтіні анық. Ұлылықпен іштей үндесу дегеніміз осы шығар-ау шамасы.
Сол бір арман тұрғандай қолын бұлғап,
Кеулеп кетті кеудемді көңілді ырғақ.
Көкпеңбек көл көлкіді көз алдымда,
Көз алдымда мұнарды көгілдір бақ.

Ұмтылсам да жылдарға қанша алдағы,
Сенсіз менің көңілім ән салмады.
Сені көрсем жүзімнің әжімдерін,
Жоғалтқым кеп тұрады жонсам дағы.

Өзен болсам, өзен боп қатар ақтың.
Шөлде талай қалдырып қаталаттың.
Жылжи-жылжи жылдардың өткені де,
Өкінтеді жыршысын махаббаттың.
Мінекей, сұлулыққа, мөлдірлікке, махаббатқа, жастыққа мәңгі бағыну, мәңгі берілу дегеніңіз осы. Мұндай жыр да, мұндай жырды жазған жыршы да өлмек емес. Себебі, оның жырының иесі келер ұрпақ, болашақ. Ол сол болашақпен, Аллаһ бұйыртса, бірге жасарып, бірге жаңарып, бірге түлеп, көгеріп отырмақ.

Қалқам мені көп аяп қарай берме.
Арайы бар басылар қалай кеуде?
Менің кемем оттарын сөндірген жоқ,
Менің дәмем әлі де талай жерде…

Сөзімізді қорытар болсақ, ақын Тұманбай – Аллаһтың нәсіп етуімен қазақ поэзиясына көктем боп келген, жырлы өмірін көктем боп сүрген, Аллаһ тағы нәсіп етсе, көктем боп қалатын қазақ жырының жастығы.

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

2 ПІКІРЛЕР

  1. Керім мырза, жарайсың! Өте дұрыс мәселе. Тұмағаң Алматысын жанындай жақсы көретін еді. Оған қасында ұзақ жылдар жүрген сіз бен біз куәміз, ақынның өзінің қала туралы жазған тамаша жырлары куә. Енді қала басшылары да қарап жатпаған болар. Ақын атына мектеп те, көше де беріле жатар. Бірақ сол ұзаққа созылып кетпесе жарар.
    Ендігі бір мәселе, ақынның ескерткіші туған жерінде ғана емес, осы ару қала Алматыда да тұрса деген ой. Тіпті мынадай ұсыныс та бар. Тұмағаңның аты аталса, есіңе Қадыр ағаның есімі қатар орала кетері сөзсіз. Қадағаң мен Тұмағаң бір жылдың төлі еді, құрдас еді. Әзіл-қалжыңдары жарасып Алматыда 60 жылдай қатар жүрді. Екеуі де қазақ поэзиясына өлшеусіз үлес қосты. Осыны ескеріп екі ақынды, екі досты бөле жармай екеуінің қатар отырған тамаша бір сәтін ескерткішке айналдырып, қаланың ңөрікті бір жеріне қойса, нұр үстіне нұр болар еді.

  2. Дүйсеке, тамаша ұсыныс! Солай болса тіпті де нұрға-нұр қосылар еді…
    Ин ша Аллаһ!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз