Алатаудың баурайындағы әсем қалада алтыншы рет «Алматы туры-2018» веложарысы өтті.

Қазақстанда көпшілік әлі күнге марафон, веложарыстар ұйымдастырудың маңызын түсіне бермейді. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларының халқы үнемі әлеуметтік желіде наразылықтарын білдіріп жатады.  Барлығының айтар базынасы мынау: «Жүгіргісі келсе, қаланың сыртына шығып жүгірмей ме, көшедегі кептелістен жұмысымыздан қалдық».

Біріншіден, мұндай спорттық жарыстар негізінен сенбі немесе жексенбі күндері ұйымдастырылады. Екіншіден, марафон мен веложарыстардың мақсаты – сол спорттық іс-шара өтетін қаланы насихаттау. Мысалы, Алматы қаласының биік ғимарттарын, көзтартар көшелерін телетрансляция арқылы өзгелерге көрсету.

Мысалы, өзіміз жақсы білетін атақты марафондар Бостон, Нью-Йорк, Чикаго, Лондон, Токио, Берлин,Амстердам сияқты әлемдегі ірі қалаларда өтеді. Сол арқылы туристерді көптеп тартады.

Веложарыстарда дәл солай.  «Тур де Франс», «Джиро Д’Италия», «Вульта» көпкүндігі арқылы Франция, Италия, Испания елдері қаншама туристің қызығушылығын оятып отыр. Осы мақсатта соңғы 6 жыл көлемінде Алматы қаласы екікүндік веложарыс ұйымдастыруды қолға алған. «Алматы туры» құрлықтық дәрежеде мойындалған. Алатау баурайындағы аталған жарысты Eurosport телеарнасы тұрақты түрде тікелей эфирден көрсетіп жүргені де осының дәлелі болса керек.

Биыл «Алматы туры-2018» веложарысы қыркүйектің соңғы сенбі-жексенбісінде өтті. Алматыда 15 елден келген 19 команданың өкілдері бақ сынады. Оның төртеуі Қазақстаннан.

Алғашқы кезең Алматының орталық көшелерінде өтті. Шабандоздар Астана алаңынан бастап, 26 шақырымға созылған 7 айналымды басып өтті. «Алматы турының» 4 дүркін чемпионы Алексей Луценко биыл қатысқан жоқ. Сондықтан негізгі фаворит «Астана» командасының италиялық спортшысы Давиде Виллелла саналған. Ол мамандар мен жанкүйерлердің сенімін ақтай білді. Виллелла биыл «Джиро Д’Италия» мен «Вуэльта» көпкүндігінде «Астана» командасының капитаны Мигель Анхельге көмектескен еді. Италиялық шабандоз 25 шақырымнан бастап, қарсыластарынан қара үзіп бірінші кезеңде үздік шықты. Давиде «Illuminate» командасының швейцариялық шабандозы Симона Пеллодан 36 секундқа озып кетті. Сондай-ақ «Amore & Vita..kz» командасының намысын қорғаған отандасы Пьерпаоло Фикара одан 3 секундқа қалып қойды.

Айтпақшы, бірінші кезең қазақстандық танымал велошабандоз Андрей  Кивилевтің құрметіне арналды. Бұл спортшының өмірден өткеніне биыл 15 жыл толады. Кезең аяқталған соң, жеңімпаз Виллеллаға «Фестина» командасының жейдесін Кивилевтің жұбайы Наталья табыстады.    «Фестина» Андрейдің өнер көрсеткен алғашқы кәсіби клубы болатын.

Ал екінші жарыс күнінде кезеңді «Астана» клубының испаниялық шабандозы Луис Леон Санчес жеңіп алды. Ол өзінің отандасы  Делио Фернандесті (Delko Marseille Provence Ktm) 4 секундқа басып озды. Давиде Виллелла кезең жеңімпазынан 8 секундқа қалып, мәреге үшінші келді. Бірақ оның жалпы есепте жеңіске жетуіне бұл жағдай еш кедергі келтірген жоқ.

«Алматы туры» биыл  алтыншы рет өтіп жатыр. Белгілі бір дәрежеде тәжірибе жинақтап үлгердік. Спорттық жарыстардың әлемдік  күнтізбесінде «Алматы туры» өз орнын алып үлгерді. Бізді Халықаралық велосипедшілер одағы белсенді түрде қолдайды. «Алматы туры» қазіргі кезде Орталық Азиядағы ең танымал жарыстардың біріне айналып отыр. Биыл бірінші кезеңді Алматының ең басты көшелері арқылы өткізуді ұйғардық. Қаланың тарихи, мәдени орталықтарын көрсетуді мақсат тұттық. Телкартина арқылы әлемге оңтүстік астананың көрікті тұстарын таныстырдық деп ойлаймын. Алты жыл деген кез келген веложарыс үшін аз уақыт емес, дегенмен, бұл біз үшін басы ғана, – дейді ҚР Велоспорт федерациясының президенті Дархан Қалетаев. Федерация басшысы «Алматы турының» алдағы жоспарларын да айтып өтті. Болашақта «Жібек жолы турын» ұйымдастыруды көздеп отыр екен.

– Біздің көздеп отырған бір керемет жоспарымыз бар. Қытайдың велоспорт федерациясымен келіссөз жүргізе бастағанымызға біраз болды. Яғни «Алматы туры» мен «Қытай турын» біріктіріп, «Жібек жолы турын» өткізгіміз келеді. Турдың старты Алматыдан басталса, мәрені Қытайдың танымал қалаларының бірінде аяқтауды ойластырып отырмыз. Бұл әлемдік велоспорт үшін керемет спорттық іс-шара болар еді. Өздеріңіз білесіздер, ең танымал «Гранд-турлардың» барлығы Еуропада өтеді («Тур де Франс», «Джиро Д’Италия», «Вульта»). Енді, Азия құрлығы да төртінші көпкүндік Гранд-тур өткізуге еңбегі сіңді деп ойлаймын. Біздің мақсат – ең ірі Азия құрлығының турын ұйымдастыру. «Алматы туры» соның бастауы, – дейді Дархан Қалетаев.

«Алматы туры-2018» екікүндік веложарысының жүлде қоры 40 мың еуро болды. Әрбір кезеңде алғашқы келген 20 велошабандозға ақшалай жүлде табысталды.

Осы жарысты қатарынан 4 рет жеңген Алексей Луценконың биыл турға қатыса алмауының себебі Австриядағы әлем чемпионатымен қатар келуі болды. Инсбурктегі әлем біріншілігінде жерлесіміз 56 шабандоздың арасынан 13-орынға табан тіреді.

– Алматы туры – осымен алтыншы рет өткізілді.Өз еліміздегі жарыстарға мен ерекше сезіммен қараймын. Жарыс таулы-қыратымен, әсем Алматыда өтіп жатқандығымен қызықты. Ауа райының қолайлы болуы да ерекше рөл ойнайды.Себебі әлемдік жанкүйерлер қаланың көрікті жерлерін телеэкраннан анық көре алады.Мен көптеген шетелдік шабандоздармен араласып тұрамын. Бес жыл ішінде келгендердің барлығы «Алматы туры» қай жағынан алып қарасақ та, ұнайтынын айтады. Бұл веложарысты жеңу де оңай емес. Өзіне тән қиындығы бар. Әсіресе, Медеуге дейінгі екінші кезең. Онда шынымен барыңды салуың керек, –дейді Алексей Луценко.

«Алматы турының» 4 дүркін чемпионы аталған жарыстың деңгейін көтеру үшін қандай жұмыстарды қолға алу керектігін де айтып өтті.

– «Алматы турына» танымал шабандоздарды шақыру керек. Яғни жұлдызды құрам қажет. Биыл әлем чемпионатымен қатар келгендіктен,  көптеген танымал спортшылар «Алматы турына» келе алмады. Жалпы, Қазақстан мемлекетінің спортшысы ретінде «Алматы турының» мәртебесі жоғары деңгейде болуы үшін мүмкіндігінше айтулы кәсіби командалардың келгендерін қалаймын. Жарысты екі күнмен шектемей, жеті күнге дейін созса деп ойлаймын, – дейді ол.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан газеті», №41
9 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз