Журналистердің кәсіби мерекесінде «Жас өркен» ұжымы («Ақ желкен», «Балдырған» журналы мен «Ұлан», «Дружные ребята» газетінің қызметкерлері) Алматы мемлекеттік табиғи қорығына саяхатқа шықтық.

Таңсәріде редакцияда жиналып, жолға шығып кеттік. Бізді қорық басшысы Қуат Нұрахымұлы мен бір топ қызметкері құшақ жая қарсы алды.

Сапарды мұражай аралаудан бастадық. Экологиялық ағарту бөлімінің маманы Майгүл апай Бекбосынова әңгімені таныстырудан бастады:

– Мұражайда ғылым, ақпарат және мониторинг, экологиялық ағарту және күзет бөлімі жұмыс істейді. Елу жылдық тарихы бар мұражайдағы аң-құстардың табиғи түрі сақталған. Ішіне сабан толтырылған. Құрт-құмырсқа келмес үшін жиі дәрілейді. Жыл сайын он мыңнан аса адам келеді. Олар мектеп оқушылары, туристер мен қала тұрғындары. Кәдімгі бәйшешекті білесіздер ғой, міне, сол бәйшешектің жойылып кету қаупі бар. Сол үшін Қызыл кітапқа енді. Жыл сайын 8 наурыз қарсаңында жол жиегінде бәйшешек саудалайтындар қаптап кетеді. Олар гүлді пиязымен бірге жұлып алады. Қайтып өспейтінін біле бермейді. Біз балаларға экологиялық ағарту бағытында осындай жайттарды айтамыз. 

Қорық жұмысының негізгі мақсаты – Іле Алатауының Орталық бөлігіндегі өсімдіктер мен жануарларды сақтап қалу. Қорықта сүтқоректілердің – 39, құстардың – 177, бауырымен жорғалаушылардың бірнеше түрі кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген ілбіс, Түркістан сілеусіні, Тяньшань қоңыр аюы, бүркіт, құмай, үкі, қара дегелек сынды аң-құстар тіршілік етеді.

Қорықта жер қыртысына зақым келтіруге, минералдар шығаруға, тау жыныстарын аршып тастауға болмайды. Орманды пайдаланудың барлық түріне, мал жаюға, суаруға, омарта мен бал араларының ұясын орналастыруға болмайды. Сондай-ақ, орманды ластап, қалдық тастауға қатаң тыйым салынған. Өйткені, орманның табиғи жағдайы мен тұтастығын қалпында сақтау керек. Тіпті, жерде жатқан ағаш бұтағын алудың қажеті жоқ. Ол жерже жатып қарашірікке айналады. 90 жылға жуық тарихы бар қорықтың аумағы 71700 гектар екен.

Сонымен, мұражайдан не көрдік?

Мұражайда Қызыл кітапқа енген он екі құс бар. Майгүл апай құстарға қатысты аңыз-әңгімені де ұмытпады. Мәселен, от үйректі аңшылар киелі санап, атпайды. Киесінен қорқады. Баяғыда байдың қызы мен кедей жігіт бір-бірін ұнатып, бірақ қосыла алмапты. Жігіт ажал құшып, қыз құсқа айналыпты. Қыздың бейнесі – осы от үйрек. Жұмыртқасын мазар маңына салады. Аққұтан, көкқұтан, үйректің түр-түрін көрдік. Қарабауыр қасқалдақты көріп, қайран қалдық.

Кейде қыран мен бүркітті ажырата алмай қаламыз. Бүркіттің желке жағы сары,  қыранның желке тұсы теп-тегіс, қоңырқай түсті. Жыртқыш құстардың тұмсықтары имек, тырнақтары өткір. Ата-бабаларымыз бүркітті киелі тұтып, қауырсынын бесікке, домбыраға байлаған. Бүркіттің көзі өткір. Біз бір көрген жерімізді екінші рет көргенде таппай қаламыз. Ал ол бір жарым шақырым қашықтықтан көреді. Көздерінің өткірлігі дүрбіден де өтіп кетеді.

Өрмекші тәріздес жәндіктердің ең қауіптісі – қара құрт. Оның уы жыланнан он бес есе күшті.

Ақбөкенді динозаврлар заманынан қалған жануар дейді екен. Мүйізінен қымбат дәрі жасайтындықтан, аңшылар заңсыз атып алады. Жүгіргенде дөңес келген мұрны жазда ыстық ауаны суытып, қыста суық ауаны жылытады.

«Бұрынғы заманда жауыз патша өмір сүріпті. Ол құстардың тұмсығын тесіп, жіпке тізіп қояды екен. Патшаның әміріне бір ғана құс қарсы келіпті. Ол –байғыз…» деген ертегіні оқыған шығарсыңдар?! Байғызды көріп, бала кездегі ертегі есімізге түсті…

Бақыт құсын көріп, мәз болдық. Аңыз бойынша бұл құсты көрген адам бақытты өмір сүреді-міс. Бақыт құсы өте жылдам ұшатындықтан, оны көру мүмкін емес.

Қарабас құрқылтайдың ұясын естіген боларсыңдар. Құрқылтайдың ұясы көп дертке шипа. Әсіресе, бала сүйе алмай жүрген аналарға ем. Құрқылтайдың салмағы төрт-ақ грамм! Ұясын жылан кірмесін деп бұтақтың ұшар басына салады. Оңтүстік өңірлерде жиі кездеседі екен.

Жабайы қабан шошқаның тұмсықтары жер қазуға ыңғайлы, өткірлігі күректің жүзіндей. Жерді қазып, жабайы жеміс-жидек жейді. Мойны оң-солға бұрылмайды, тек тіке жүретіні қызық.

Аралас жапырақты орманда кездесетін аң-құстармен де таныстық. Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусінінің азық аулақ жатқанын көрдік.

Ресейден келіп, елімізде жерсіндірілген ақ тиін бар екен. Бау-бақшада, саябақта жиі кездеседі. Қолға да үйретуге болады. Бір зияны шыршалардың бүрлерін қырқып тастайды. Шырша ауаға эфир майын бөлетіндіктен, оны сақтау керек.

Ақ тырнақты Тяньшань қоңыр аюы Қызыл кітапқа енген. Жалпы аюлар қыста ұйқыға кетеді. Олар корек майын толтырмайынша ұйқыға жатпайды. Аюлар құмырсқаның илеуін, таңқурайды жақсы көреді. Әсіресе, кішкентай көбелектің бойында аюға керекті мол дәрумен бар. Көктемде тастардың арасын ашып, көбекті жейтін себебі осы екен. Егер қажет майы толмаса, адамға, үй жануарларына қауіп төндіреді. Мұражайдағы қоңыр аюдың қайдан келгенін сұрағанымызда, қоршаған ортаға қауіп төндіргесін, атып алынғанын айтты.

Қорықтағы әдемі жазық жерлерде елік, шауқарға, суырлар бар. Бір суыр күзетте тұрса, қалғандары азық іздейді. Егер қауіп төнсе, күзетші суыр ысқырып, ескерту жасайды.

2400-2600 метр биіктегі тауда қар барысы тіршілік етеді. Қазақша атауы ілбіс, аналығы талтау, баласын алаң дейді. Денесі мен құйрығының ұзындығы бірдей. Құйрығы бағыттаушы қасиетке ие. Құздан секіргенде құйрығы жол көрсетеді. Таутекенің бақташысы дейді екен. Өзің тиіспесең, адамға зияны жоқ. Мұражайдағы ілбістің келу жолы қызық. Қыс кезінде қорық қызметкерінің қорасына құлапты. Жем берсе, жемей қойыпты. Мал дәрігерлерін шақырса, ілбіс қартайып, сүйектері сырқырап ауырған екен. Демек, бұлар да адам секілді ауырады…

Табиғатта жан-жануарлар бір-біріне көмекші. Егер өлексе ұзақ жатып қалса, сасып, түрлі ауру таратады. Құздан құлаған аңды қасқыр, құзғын жейді. Сөйтіп түрлі аурудың тарламауына жан-жануарлар жол бермейді.

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» дейміз ғой. Ұлар – киелі құс. Көк жөтел, суық тигенде осы ұлардың сорпасын ішсе, дертке шипа.

Таутекенің жасын мүйізіндегі текшелерге қарап білуге болады. Мұражайдағы таутекенің жасы 8-де. Ал бұғының жасын бұтақшаларына қарай есептейді.

Мұражайда сан түрлі көбелекті көрдік. Әдемі жаратылыстың бір күн өмірі сүретіні өкініштісі. Бұрынғы заманда инеліктер өте үлкен болған деседі. Табиғаттың бұзылуынан олардың денесі кішірейіпті.

Борсық – өте таза жануар. Ініне түлкі «қонақ» болуға құмар екен. Түлкі – лас жануар. Борсық іні үш бөлмелі етіп жасайды. Бір бөлмесі әжетхана іспетті. Көктемде тазалап тастайды. Қалған екі бөлмесінде қысқа азықтарын сақтап, өздері демалады.

Біз ағаштардың атауын дұрыс білмейміз. Мысалы, мұражай маңында жап-жасыл шырша өсіп тұр деп ойладық. Бұл шырша емес, жапырақ гүл екен. Күзде жапырақтары сарғайып түсіп, көктемде қайта шығады. Жайқалған ақ қайыңды көргенде ән салғың келеді…

Түрлі жеміс ағаштары түйнек салыпты. Сары өріктің дәмін көрдік. Сирек көретін долана, итмұрынды білдік.

Мұражайдан шығып, Алматы мемлекеттік табиғи қорығына бардық. Қорыққа кіре бергенде, жауын нөсерлей кетті… Табиғат аясындағы тамаша күнге жаңбыр еш кедергі болмады…

Гүлфарида Зейнуллина

«Ұлан» газеті, №27
10 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз