Индонезия астанасы Жакартада өткен XVIII Жазғы Азия ойындары да өз мәресіне жетті. Кіші Олимпиада ойындары саналатын жаһандық додада грек-рим күресінен ел намысын қорғаған Алмат КЕБІСБАЕВ күміс жүлдеге қол жеткізді. 67 келі салмақ дәрежесінде әлемнің үздік балуандарының көшін бастап тұрған Алмат үшін бұл соңғы Азиада болуы мүмкін. Спортшымен Жакартадағы жеңісі мен спорттық мансабы туралы сұқбаттастық.

– Әңгімеміздің әліппесін Жакартадағы Жазғы Азия ойындарынан бастасақ. Төрт-жылдықтың басты додасын қалай қорытындылайсыз?

– Азия ойындарының деңгейі Олимпиададан кем емес. Әр ел сайдың тасындай іріктелген үздік спортшыларын әкеледі. Барлық спортшы жоғары деңгейде дайындалып, тек жеңімпаз болуды көздейді. Біздің де дайындығымыз жақсы болды. Оқу-жаттығу жиындары жоғары деңгейде өтті. Азия ойындарында әр белдесуде жеңіске жетемін деген мақсат болды. Басты қарсыластарым ретінде екі дүркін әлем чемпионы, корейлік Рю Хан Су, ирандық балуан Мұхаммед Гераи және Өзбекстан атынан күресетін қандас бауырымыз Елмұрат Тасмұратов болды. Сондай-ақ соңғы Азия чемпионатында Рю Хан Суды ұтып, менімен финалда белдескен жапондық балуан да фавориттер қатарынан. Жеребе бойынша Елмұрат пен ирандық балуан үшеуміз бір топта болдық. Елмұрат ширек финалда ирандық балуанға есе жіберсе, мен үнді спортшысының мысын бастым. Әр қарсыласқа тыңғылықты дайындалып, бозкілемге барымды салу үшін шықтым. Ирандық Гераиден Венгрияда өткен халық-аралық турнирде 9:10 есебімен ұтылғанмын. Сол додада Иран балуаны әдіс жасағанымда ере-жеге қайшы әрекет етіп, аяғымнан ұстап алған. Бұл жайтты төреші-лер байқамай қалды, видеоға да дұрыс түспеген. Жартылай финалда болған белдесуде Гераи тағы да сол әдетіне салып, аяғымнан ұстауға тырысты. Бірақ төрешілер дер кезінде байқап, ескерту жасады. Ал финалда бір ғана қателік Азия ойындарының чемпионы атағынан айырды. Әрине, корейлік балуан да осал емес, екі дүркін Әлем чемпионы, Инчхонда өткен Азия ойындарында 66 келі салмақта топ жарған. Елімнің артқан үміті мен сенімін ақтау үшін финалға тек жеңіс үшін шықтым. Алтын жүлде иеленуге де мүмкіндік болды. Белдесуді жақсы қарқынмен бастадым, қарсыласымды төрттағанға қойды. Екі ұпайлық әдіс жасағанымда корей балуаны төрттағаннан тұрып кетуге ұмтылды. Сол сәтте тұрғызбау үшін үстіне секіріп, қателесіп қалдым. Қарсыласым қателігімді ұтымды пайдаланып, қарсы әдіс жасап кетті. Дегенмен тәуекелге барып, тағы да екі ұпайлық әдіс жасадым. Бірақ төрешілер тек бір ұпай берді. Есеп 4:4 болса да, қарсыласым төрт ұпайлық әдіс жасағандықтан алда болды. Өздеріңіз көргендей, соңғы минуттарда тағы тәуекелге барып әдіс жасағанымда корей балуаны қарсы әдіс жасап, бір ұпай алып кетті. Тәжірибелі корей балуаны еш әдіс жасамай-ақ тек қателігімді ұтымды пайдалана білді. Бұл оған Азия ойындарының чемпионы атануға жеткілікті болды. Спорттық мансабымда Азия ойындарының күміс жүлдесі болмаған. Әрине, алтынның орны бөлек. Командамызда алтын жүлде болмағаны көңілге қаяу түсіріп, жанымызға батады. Дегенмен елге құр қол қайтпай, үздіктер қатарынан көріндік. Аллаға шүкір, әр жарыста төккен теріміздің жемісін көріп, еткен еңбегіміз ақталып жатыр.

– Осы жарыстан кейін берген сұқбатыңызда «жастарға орын беру керек» дедіңіз. Демек, сізді Венгрияда өтетін әлем чемпионатынан көре алмаймыз ба?

– Елімізде 67 келі салмақта бәсекелестік өте жоғары, талантты жастар өсіп келеді. Соңғы Қазақстан чемпионатының фина-лында Мейіржан Шермаханбетке есе жібергенмін. Мені Бішкекте өткен Азия чемпионатында жеңіске жеткенім үшін Азия ойындарына апарды. Венгрияда өтетін Әлем чемпионатына Мейіржан бауырымыз баруы керек. Мейіржан талантты, еңбекқор, соңғы сәтке дейін белдесетін балуан. Одан бөлек, Азия ойындарынан кейін аздап үзіліс алдым. Отбасыма көңіл бөліп, уақытымды бала-шағаммен өткізгім келеді.

– Өткенге көз жүгіртсек. Инчхонда өткен Азия ойын-дарында сынған жағыңызбен қола жүлдеге қол жеткіздіңіз. Рио Олимпиадасында әлемнің алты дүркін чемпионына 7:0 есебімен ұтылып жатып жеңісті жұлып алдыңыз…

– Инчхонда өткен Азия ойын-дарының жартылай финалында әлем чемпионы Юн Вон Чхольмен белдестім. Кілемге шыққанымды білемін, ары қарай қалай күресіп шыққаным есімде жоқ. Өйткені қарсыласыма әдіс жасау бары-сында жағым, тісім сынып, есімнен таным қалғанмын. Бірақ соңына дейін автоматты түрде белдесіп шықсам керек. Оның бәрін бір сағаттық үзіліс кезінде есіме түсірдім. Ал қола жүлде үшін белдесуге жарақатыма байланысты денемді қыздырмай шықтым. Соның салдарынан қарсыласыма 7 ұпай беріп қойдым. Дегенмен күресу барысында бойымдағы күш-қуатымды қайта жиып, өзбек балуанын уақытынан бұрын жеңдім. Қола жүлде үшін белдесуге шықпай-ақ қоюға болар еді. Бірақ сол додада сынға түсу үшін күн-түн демей тер төктік. Азия ойындары төрт жылда бір болатын дүбірлі дода болғандықтан, жағым сынса да, соңына дейін белдесуге бел будым. Ал ирандық Хамид Сорианмен болған белдесу ең қиын әрі ауыр белдесу болды. Сорианның белдесулеріне тактикалық тұрғыдан талдау жасап, әлсіз тұстарын байқадық. Ұтылған белдесулерінен соңғы минуттарда оның босаңситынын көрдім. Құрған тактикамыз бойынша соңына дейін күресіп, шаршауын күттім. Үлкен есеп-пен ұтылып жатқанымды мүлде ойламай, өзімді іштей жігерлендіріп, «қазір ұпай береді, қазір ұпай аламын» деп рухымды көтеріп, намысымды қайрадым. Ақыры қателігін пайдаланып, белдесуді нәтижелі аяқтадым.

– Тактикадан бөлек, қайтпас қайсарлық пен өр рухтың арқасында жеңіске жеттіңіз. Кейде спортшыларымызға мінез жетпейтіндей көрінеді…

– Мүмкін. Бірақ Олимпиада чемпионы, алты рет әлемнің үздік балуаны болған Хамид Сорианда «мінез жоқ» деп айта алмаймыз. Рас, кейде «балуандарда мінез жоқ» деген сыни пікірлерді естиміз. Мінез жылдар бойы жиған тәжірибенің арқасында қалыптасады, шыңдалады. Әр жаттығу сайын спортшының төзімділігі артып, намыс-жігері қалыптасады. Сондай-ақ рухтың да рөлі зор. Рухы биік адам ешнәрседен, ешкімнен аласар-мас. Мысалы, қанша дайындығы мықты болса да, үлкен арена ларда жасып қалатындар бар. Чемпион болуға іштей дайындалып, еңбек ету керек. Егер іштей дайын болмасаң, биікке ұмтылғаның зая кетуі мүмкін. Өйткені сәті келгенде кеудең бос болса, еңбегің құмға сіңген судай болады.

– Ұмытылмайтын жеңісіңіз және әлі күнге дейін бармақ шайнайтын жеңілісіңіз жөнінде не айтасыз?

– 2004 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатын ұтқанда қатты қуанғанмын. Студенттер арасында өткен әлем чемпионатына өз қаража-тымызбен барып, сол додада топ жарғандағы қуанышым да әлі есімде. Жас күнімде ұтқан жарыстар ерекше әсер етіп, алға ұмтылуға үлкен мотивация берді. Сосын 2010 жылы ересектер арасында өткен әлем чемпионатының қола жүлдесіне таласқанда белдесу санамда сақталған. Ұтылып жатып жеңіске жеткенімде қуа-нышымда шек болмады. 23 жа-сымда әлем чемпионатының қола жүлдегері атану – мен үшін үлкен мәртебе болды. Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейде ұтып жатып есе жіберсең, кейде ұтылып жатып қарсыласыңның мысын басатын кездер болады. Сәтсіздіктен сабақ алып, жеңісімізге масайып, қайтадан есімізді жинаған кездер болды. 2011 жылғы әлем чемпионатының ақтық белдесуі әлі де көз алдымда. Ол кезде қазіргідей ереже жоқ. Баспен ұрып-соғып күрессе де, төрешілер ескерту бермейтін. Үшінші кезеңде Иран балуанын 3:0 есебімен ұтып жатып, мені ұрғанына жауап қайтардым. Сол сәтте ол «швунг» әдісін жасап, 6:5 есебімен айласын асырып кетті. Әлем чемпионатының финалында солай ұтылғаныма қатты қынжылдым. 2009 жылы өткен Азия чемпионатында да мықты қарсыластардың мысын басып, финалда сүріндім. Асығып күресіп, қателесіп, аса танымал емес қытай балуанынан ұтылып қалдым. Сол жеңілісті біраз уақыт ұмыта алмай жүрдім. Бірақ 2011 және 2018 жылдары Азия чемпионатын ұтқаннан кейін оны да ұмыттым.

– Өзбекстан атынан күре-сетін Елмұратпен болған белдесулеріңізді бәрі біледі. Бозкілемнен тыс ара-қатынастарыңыз қалай?

– Елмұртпен бірнеше рет кездестік. Соның бірі 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдесі үшін белдесу болатын. Жаңа ережемен күрескендіктен толық бейімделе алмадым. Төрттағанда қорғанысым да әлсіз болды. Не керек, сол додада Елмұратқа есе жібердім. Біраз адам мені сынның астына алды. Бірақ Елмұратты оған дейін екі рет ұттым. Соңғы рет Бакуде өткен Гран-при турнирде белдесіп, жеңіске жеттім. Әрине, бозкілемде қарсылас болғанмен өмірде аға-бауыр ретінде сыйласамыз. Маған хабарласып, қал-жағдайымды сұрап тұрады. Екеуміздің туған күніміз бір күнде.

– Нұрбақыт Теңізбаев сізден әлі де үміт күтетінін айтты. Жалпы қазақ елі де сізден үміт күтетін сияқты…

– Әрине, Олимпиада ойындарында топ жару оңай емес. Дайындықтан бөлек, бағың мен бабың қатар келу керек. Токио Олимпиадасына дейін күресуге бел байладым. Енді 2019 жылы өткен ішкі біріншілікті ұтсақ, ары қарай Токиоға табан тірейміз. Алла қаласа, Қазақ елінің үкілеген үмітін ақтаймын деген сенімдемін.

– Бала күніңізде ән салудан біраз жетістіктерге жеткеніңізді білеміз. Әншілікті емес спортты таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?

– Мен ешнәрседен қысылмай, қалаған нәрсемді істеп өстім. Анам өнер адамы болғандықтан фортепиано, домбыра сияқты аспаптарда ойнап, ән айттым. Күрестен бөлек, таэквондоға да қатыстым. Бос уақытым болған жоқ. Қазір балаларды әртүрлі үйірмелерге беріп, уақытты босқа өткізбеген жөн. Әншілікті емес, күресті таңдағаныма еш өкінбеймін. Спорттың арқасында тұлға ретінде қалыптасып, еліміз-
дің атын шығарып, көк туды жел-біретіп жүрміз. Елге де танылып, үлкендердің ақ батасын алдық. Жастарға айтарым, қай саланы таңдаса да жетістікке, табысқа жету үшін, бірінші – арман, айқын мақсат керек. Сондай-ақ адамның бойында сенім, жүрек және тұрақтылық секілді қасиеттер болуы қажет. Тұрақтылық кілемде ғана емес, өмірде де қажет. Көптеген талантты жастар бірден еңбегінің жемісін көргісі келеді, бірақ әрдайым олай бола бермейді. Спорт сонысымен қиын, сонысымен сыйлы және бағалы. Өмірде де дәл солай. Бастысы, ақылмен адал еңбек етсе, көздеген мақсатқа жетуге болатынын ұғыну керек.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №9
Қыркүйек 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз