Балалар, бүгін өздеріңе тағы бір қызық ойын ұсынып отырмыз. Ол – өлең жолын мағынасы келмейтін, бірақ ұйқасы келетін сөзбен ауыстырып, бір-бірлеріңді алдап ойнауға арналған. Балалар әдебиетінде бұл жанр «алдамшы ұйқастар» деп аталады. Ендеше, төмендегі тапсырмаға назар салыңдаршы. Ұйқастар сендерді алдап тұрған жоқ па? Достарыңа да оқып беріп, шатастырып көріңдер.

Сыбдыр еткен қамыстан,
Қорқады екен …… арыстан.
(Арыстан емес, қоян)

***
Шимайлап ек тақтаны,
Апай бізді …… мақтады.
(Мақтады емес, ұрысты)

***
Атам баптап, үйретті,
Түлкі алуға ……. үйректі.
(Үйректі емес, қыранды)

***
Ерте тұрып кеше мен,
Жеміс тердім ……. көшеден.
(Көшеден емес, бақшадан)

***
Шауып бардым қиырға,
Мініп алып …….. сиырға.
(Сиырға емес, атқа)

***
Сегіз келі салмағы,
Теріп жедік …….. алманы.
(Алманы емес, қауынды)

– Аю, балды жеме көп,
Шағып алар ……… көбелек.
(Көбелек емес, ара)

Құрастырған Бағдат МӘЖИТОВ

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз