«Ұланның» алдыңғы санында өзіңе лайықты мамандықты «өлшеп» көруге болатын #100мамандық жобасы туралы жазып едік қой. Осы жоба аясында газетіміздің бүгінгі санында актер мамандығының қыр-сырымен таныстырамыз.

Бізді актерлыққа «AРТиШок» театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, актриса Галина Пьянова мен театр актеры, көрермендерге «Аға әлде неке», «Бизнесмендер» фильмдері арқылы танымал болған Чингиз Капин баулыды. Олар жоба қатысушыларына түрлі жаттығу жасатып, жақсы актер болудың сырымен бөлісті.

Балалар бір сəтке өздерін сахна актеры ретінде сезініп, бір күн бойы актерлықтың қыр-сырына қанықты. Галина Пьянова мен Чингиз Капин көпшіліктің сұрақтарына жауап беріп, бірге билеп, ойнап, бар білгенін айтты.

Бала күнінде əнші, биші, күйші, актер сияқты өнер саласын армандамайтын адам жоқ шығар, сірə? Алайда, қоршаған ортамыздағы адамдардан мұндай таңдауымыз үшін қолдау таппай жататынымыз да жасырын емес. «Əртіс болам дейсің бе?», «қазір не көп, əнші көп», «өнер саған нан болмайды, болашағы бар, табысты мамандық таңдасаң қайтеді?» дегенді жиі естиміз. Осыдан кейін театрда өнер көрсетем дегенді мүлде атамайсың да. Шын мəнінде актер табысты мамандық па, актер болу əркімнің қолынан келе ме, сұранысқа ие маман болу үшін не істеу керек? Бұл сұрақтардың жауабын осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың өздері айтып берді. Араларыңда болашақта киелі театр сахнасында өнер көрсеткісі келетіндер де бар шығар. Олай болса, бүгінгі материалымыз сендерге арналады.

Сахнадан өзіңде жоқтың бәрін табуға болады

Сөз басында Галина Пьянова мен Чингиз Капин өздерінің сахна өнеріне қашан, қалай келгендерін, бұл өнердің қандай артықшылығы бар екенін айтып өтті.

Галина Пьянова: Бала күнімнен театрда жұмыс істеуді армандадым. Үйдің ауласында балаларды жинап алып түрлі ертегілерді сахналап жүретінмін. Менен бәрі «шынымен театрда жұмыс істегің келе ме?» деп сұрайтын. Өз мақсатымнан ешқашан айныған емеспін. Мен осында отырған балалардан жас жағынан үш есе үлкен шығармын. Менің кезімде театр туралы ой осындай болса, қазір сендерден театр туралы, театр актеры туралы не деп сұрайтынын айтпай-ақ қояйық, жарай ма? Театрға алғаш 12 жасымда келдім. Қатарластарыммен бірге театр өмірімен танысып, сахна сыртына саяхат жасаған едім. Сол кезде қалай толқысам, дәл қазір, әр қойылым қойылған сайын сондай сезімді бастан кешірем.

Алғашында актер не, режиссер не, толық түсінбедім. Ұстазым «Режиссер болу үшін өмір сүру керек» деді. Сөйтіп, актерлық мамандықты меңгеріп, алдымен Ом қаласындағы театрда, кейін Қазақстанға келіп Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет еттім. Өнер әлемінде біраз «өмір сүрген» соң, режиссерлікке баруға дайын екенімді сездім. Осылайша, әрі қалай режиссерлікті 6 жыл оқып, «АРТиШОК» театрына келдім. Содан бері осы жерде «өмір сүріп», «өмір сүргізіп» келемін.

Чингиз Капин: Актерлыққа кездейсоқ келген адаммын. «Жаңа толқынның» режиссері Абай Қарпықовтың отандық телесериалға кастинг жариялапты. Бағымды сынап көрейін деп барып, байқамай өтіп кетіппін (күлді). Телевизиядағы актерлықтың қандай болатынын осы кезде барып түсіндім. Бірақ, телевизиядағы жобалар уақытша. Кейде бар, кейде жоқ. Сосын осы «АРТиШОК» театрына келдім. Биыл театр сахнасында өнер көрсетіп жүргеніме 7 жыл болыпты. Актерлықтың артықшылығы шекараның жоқтығында. Кім болғың келеді, қандай адам болғың келеді, нені көргің келеді, нені сезгің келеді – қысқасы өзіңде жоқ дүниенің бәрін театр арқылы, қойылым арқылы таба аласың.

Көрерменді сендіру үшін өз сөзіңе өзің сенуің керек

Əрі қарай режиссер мен актер балалардың сұрақтарына жауап берді.

Әмір: Сахнадағы ең үлкен рөліңіз қайсысы?

Чингиз Капин: Менің жасым бар болғаны 32-де. Сондықтан осы күнге дейін 1040 рөлім болды деп айта алмаймын. Бірақ алдағы уақытта болады деген үміттемін. Менің осы сахнадағы ең үлкен, ең жауапты рөлім әлі дайындық үстінде. Жақында Шекспирдің «Гамлетін» сахналайтын боламыз. Менің ең үлкен рөлімді осы қойылымнан көре аласыздар.         

Тимофей: Егер қойылымда үлкен рөлді сомдасаңыз, жаттау керек мәтін де көп болады ғой. Оны жылдам жаттап алып, есте сақтау қиын емес пе? Мысалы, маған мектепте әдебиеттен мәтін жаттау қиынға соғады.

Чингиз Капин: Қиын. Өте қиын. Өзім 4 жыл бойы актерлық мамандықта оқыдым. Бірақ сол төрт жылда мәтін жаттауды үйрене алмай-ақ қойдым. Мұны тек театрға келгенде үйрендім. Театр шынайылыққа баулиды. Сахнада ойнап тұрған рөліңді, кейіпкеріңнің жай-күйін, оқиғаның желісін жақсы түсініп, сезіне алсаң, айтатын сөздер өзінен-өзі ретпен аузыңа құйыла береді. Бастысы өзің айтып тұрған нәрсеге алдымен өзің сенуің керек. Сонда ғана көрермен сенің ойыныңа сенеді.

Галина Пьянова: Әрине, мәтін жаттаудың арнайы кәсіби техникасы бар. Оның ең қарапайымы – мәтінді түсініп оқу, соның ішіне еніп көру және оқиғаны көз алдыңа елестету. Өзіңді мәтін жаттап отырғандай емес, кино көріп отырғандай сезін. Сосын сол кино туралы басқа адамдарға айтып бер. Осылайша, мәтінді жылдам әрі ұзақ уақытқа есте сақтауға болады. Мәтін жаттаудың бірнеше рет қайталау, дауыстап оқу сияқты техникалық ерекшеліктері бар. Бірақ, ең қолайлысы мен айтқан тәсіл.

Актерлардың организмінде «тұлғалық қарсыласу» болса қиын

Алиса: Өзіңізге берілген рөлді сәтсіз ойнап шыққан немесе мүлде сол рөлге кіре алмаған сәттер болды ма? Мұндай қиындықты қалай жеңуге болады?

Галина Пьянова: Бұл сұраққа жауап беру кәсіби актер үшін өте қиын.

Бұл өзіңнің кәсібилігіңе шек келтіру, өзіңнің актер ретінде әлсіздігіңді мойындау шығар. Бірақ, әрине, мұндай жағдай әрбір кәсіби маманның басынан өткен шығар. Таныс емес адамның биографиясын, мінезін, болмысын бойыңа сіңіру, сол адамның эмоциясын халыққа беру оңай шаруа емес. Театр өнерінде мұны «тұлғалық қарсыласу» деп атайды. Актердың организмі мен санасы бөтен адамды қабылдамауға тырысады, ал кәсіби актер өзін қинап бөтен адам болуға тырысады. Бірақ, бұл сенің парызың, міндетің болған соң барынша тырысасың.

Чингиз Капин: Менде мұндай ұялатын сәттер өте көп (күлді). Кейде осылай боларын біле тұра мәжбүр боласың. Жақында экранға менің осындай өте сәтсіз деген рөлім шығады. Баршаңызға мұны көрмеуге кеңес берем (күлді). «Аға әлде неке-2» деген отандық телекомедияға түстім. Бұл жердегі рөлім өзіме мұлде ұнамады, кейіпкердің образына ене алмадым. Галина Пьянова айтқандай кейде өз организміңе қарсы келуге тура келеді.

Алуа: Басты рөлде ойнағың келеді, бірақ режиссер саған басты рөлді бермейді. Сізде осындай жағдай болды ма? Көңілің қалған сәтте не істеуге болады?

Галина Пьянова: Мамандығыңды жақсы көрсең, күте білу қажет. Өмірде барлық жақсылық бірден топ етіп түспейді. Барлығы төзіммен, күтумен, еңбекпен келеді. Өзімді үнемі Антон Чеховтың шығармаларындағы кейіпкер ретінде көретінмін. «Шағала» пьесасындағы Машаның рөлі маған сай келетініне қатты сенімді едім. Машаны сомдауды қатты армандадым. Бірақ, оны басқа актрисаға берді. Мен режиссердің алдына қанша рет бардым, тіпті, мәтінді жаттап алғанмын. Бірақ, бұйырмады.

Елена: Актриса болғым келеді. Бірақ ата-анам: «Ой, бұл уақытша жұмыс қой. Актриса болсаң көп ақша таба алмайсың, сосын бізге кім көлік әпереді, кім бізді шетелге қыдыртады?» – дейді. Шындығында, актрисалар да көп ақша таба алады ғой. Солай емес пе? Актрисаға қалай көп ақша табуға болады?..

Галина Пьянова: Сен мұның жауабын өзің де жақсы біліп тұрсың ғой. Ата-анаңа: «Бұл – менің таңдауым», – деп айт. Уайымдама, егер нағыз мықты, кәсіби, сұранысқа ие маман болсаң, қаражат та, атақ та табылады.

Чингиз Капин: Иә, қазір нарық заманы ғой. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Бірақ, актер – ең сұранысқа ие мамандықтың бірі. Театрда жұмыс істейді екенмін деп күні-түні тек қойылымға дайындалмайсың. Кино, жарнама, интернет деген бар. Өзін-өзі жан-жақты дамытып, қалыптастырған адам кез келген жерден табыс таба алады және әрқашан сұранысқа ие болады.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №46
13 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз