Айжұлдыз Надирханова Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқиды. ІТ-саласына, физикаға қызығады. Әртүрлі жарыстарға қатысып, жиі жүлде алады. Жақында әйгілі Microsoft-тың жасанды интеллект туралы қыз балаларға арналған семинарына қатысты. Біз Айжұлдызбен тілдесіп, жасанды интеллект пен қыздар арасындағы байланысты анықтауға тырыстық.

Қазір алпауыт компаниялар жасанды интеллект саласында минут сайын жаңалықтар ашуда. Интеллект туралы жастарға жиі түсіндірме жұмыстарын жасайды. Осындай шара тамыз айында Грецияның Афина қаласында өтті. «Алиса болашақты болжайды» семинары тұңғыш рет қыздарға арналыпты.

Төрт күнге созылған шараның мақсаты қыз балалардың ІТ саласына қызығушылығын ояту. Жасанды интеллект қызық тақырып болғанымен, көп адам бұл салаға атүсті қарайды. Кездесуге он алты елден келген жүз елу қыз өзара тәжірибе алмасыпты.

Жасанды интеллект дегеніміз не? Ол қалай жұмыс істейді?

Жасанды интеллект – компьютерлік алгоритм мен бағдарламалаудан тұратын технология. Олар интеллект жүйе секілді жұмыс істейді, яғни ақпаратты сақтайды, өңдейді, жинақтайды, алған білімін қоршаған ортаға қолданады, туындаған мәселелерді шешуге бағыттайды. Ғалымдар ХХ ғасырда адам сияқты ойлай алатын, шешім қабылдап, іс-әрекет ете алатын робот құрастыруды алғаш айта бастады. Жасанды интеллект туралы естігенде оның өмірде шындыққа айналуы алыс болып көрінетін. Ал қазір көптеген жүйелер жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, Google корпорациясы браузерлердің іздеу жүйесіне аудиоіздеу жүйесін қосса, Apple корпорациясы өзіңіз күнделікті қолданып жүрген Siri жүйесіне аудиоіздеу жүйесін қосып, ол нәтижесінде сіздің сұрақтарыңызға адам секілді жауап бере алатын деңгейге дейін жетті. Ал  Hanson Robotics корпорациясы құрастырып шығарған София роботы жасанды интеллекттің біздің өмірімізге нақты енгендігінің көрінісі.

Жасанды интеллект  әлсіз және күшті  деп екіге бөлінеді. Бөліну негізінде оның жұмыс істеуі мен қолдануы да бөлінеді. Әлсіз жасанды интеллект (ӘЖИ) – қолдану аясы шектеулі бағытта жұмыс істейді және көптеген функцияларды орындай алмайды. Күшті жасанды интеллект (КЖИ) – бірнеше бағытта жұмыс істей алады, қолдану аясы кең. Мәселен, робот белгілі бір сұраққа жауапты сараптап, статистика жүргізіп жатып, жүріп бара жатуы деген секілді.

Жасанды интеллектті кез келген бағдарламада жасауға болады. Бірақ код жазуға тиімді бағдарламалар ретінде LISP бағдарламасы тиімді. Жасанды интеллект кодын жазып үйрену үшін Python бағдарламасы тамаша үлгі. Адамзат жасанды интеллектті әзірге бес бағытта қолданады. Ол қауіпсіздік, медицина, қаржы, коммерция және өндіріс. Бұл салаларда әлі де талай өзгерістер болады.

Microsoft Айжұлдызға не үйретті?

Бағдарламалау саласында  білімімді шыңдау үшін Ақтаудағы «Mediana» ІТ компаниясына тәжірибеден өтіп жүрдім. Интернеттен жасанды интеллект туралы арнайы оқу өтетінін, оған қатысу үшін технологиялар болашағы туралы екі минуттық видео түсіру керегін оқыдым.  Тек қыздарға арналы қызықтырды. Жоба бойынша жетекшім, мектебіміздегі информатика пәні мұғалімі Айжан Қанатқызына хабарласып, екеуміз екі минуттық видео түсірдік. Технологияларды тиімді пайдалану бойынша бірнеше ұсыныстар айтқан едік. Шілденің аяғында бізге Boot Camp шарасына өткендігіміз туралы хабарлама келді. Microsoft компаниясының Қазақстандағы кеңсесімен байланысып, құжаттарымызды рәсімдедік. Барлық шығынды мекеме өздері көтерді.

Афинада шетелдік студенттерімен танысып, тәжірибе алмастық. Жазғы оқуда біз чат бот жасаумен, робот құрастырумен, код жазумен айналыстық. Хакатон (қысқа уақыт ішінде берілген тапсырмалардың шешімін табу) ұйымдастырып, олардың Azure серверімен, дереққормен жұмыс істедік. Қолымызға балға мен шегені алып, ағаштарды бір-біріне біріктіру арқылы сөрені құрастырдық. Сөрелер кейін қайырымдылыққа тапсырылды. Бір топта Польша, Кипр, Чехия, Сербия, Словакия секілді әртүрлі оқушылармен ақпарат алмасу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді алған білімімді мектебіміздегі  оқушылармен бөлісу, үйрету ойда бар, – деді жас зияткер.

Жас та болса, білімін шыңдап жасанды интеллектті достары мен оқушыларын қызықтырғысы кеп жүрген Айжұлдызға сәттілік тіледік.

Рысгүл РАМАЗАНОВА,
Назарбаев зияткерлік
мектебінің
баспасөз қызметі.
Ақтау қаласы

«Ұлан газеті», №40
2 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз