(Басы өткен сандарда)

Осы саяхат жайында әлеуметтік желілерде оқырмандардан сауал алып жатырмыз. Әсіресе, ақшаны қалай тапқаным, өзім шетелде жүргенде мұндағы жұмысымның жайын білгісі келетін оқырмандарымыз бар екен. Динара Болат есімді саяхатшы өзінің парақшасында саяхатқа шығу үшін бай болу немесе біреудің демеуші болуы міндетті емес екенін жазады. Әр ай сайын алдағы баратын еліңізге деп кірістің аздаған бөлігін аударып отыру керек. Мен де қарапайым отбасынанмын. Жұмыс істеп жүргендіктен үйден ақша алмаймын, сұрамаймын. Құрбым екеуміз басында Еуропаны емес, Түркияны жоспарлаған едік. Стамбулды, Каппадокияны көргіміз келді. Әр ай сайын саяхатқа деп ақша жинауға келістік. Күзден бастап алған айлығымның 20 мыңын жоқ деп есептеп, картама жинай бердім. Ақшадан қысылған уақыттарда да құрбымның кеңесімен қозғағам жоқ. Ақша керек болса, қосымша аударма жұмыстарын жасап жүрдім. Одан түскен қаржыны да картама салып қойдым. Оның үстіне алдыңғы жұмысымнан түскен есеп айырмам бар. Қыста бағытымыз өзгеретін болып, Еуропаны таңдадық. Қаржы алдыңғы жоспарымыздан да көбірек қажет болды. Сонан соң артық киім алмайтын бодым. Бастан-аяқ сықиып киініп алғанша, ел көріп, жер таныған жақсы емес пе?! Табиғатымнан тырнақ түзетіп, бір сөмке бет бояуды көтеріп жүргенді ұнатпағандықтан, оған да аз қаржы кетеді. Кіргенінің өзіне пәлен мыңды сыпырып алатын  клуб дегендерге мүлде  жоламаймын. Оны ақша шашудан бөлек, лас жер деп есептеймін. Жұмысқа түскі асымды үйден жасап әкелемін. Сонда асханадан тамақты сатып алып жүрмеймін. Әні-міне кетемін деп жүргенімде кофе ішесің деп әріптестерім, Астанаға жетіп ал деп әкем, саяхатқа артық ақшасыз кетпе деп кей достарым қолыма қаражат ұстатты. Ұшағым Астанадан болғандықтан оның барлығы сол қалада жүргеніме, жолыма, одан Шымкентке барып, сондағы жүріп-тұрғаныма кетті. Еуропадағы бір танысымыздан Шығыс Еуропаға билет алу арзанға түседі дегенді естідік. Сөйтіп, белгіленген күнімізден тура екі ай бұрын Будапештке билет алдық. Ұшақтың барып-келу билеті 72 мыңға шықты. Визаға 25 мың төледік. Дөңгелектеп, 100 мың дейік. Ары қарай бір қаладан екіншіге жететін транспорт, хостел ақысы, қала ішіндегі қозғалыстың бәріне 150 мың теңгедей жұмсадым. Сонда 10 күнде Еуропаның Будапешт, Вена, Прага қалаларына барып-келу мен аралауға 250 мың теңге қаражат кетті. Бұл өзім жинаған негізгі ақша еді. Саяхатқа шығу үшін байдың қызы болуыңыз немесе сондай көп ақша табу міндет емес. Шетелде жүргенде бір ғана рюкзакпен, үстіне бір-екі ауыстыратын киім ілген адамдарды көрдім. Олар ақшасын әдемі киімге, француз әтірі мен маникюрге емес, әлемді тануға жұмсайды. Ал жұмысымнан ақысыз демалыс алып кетуіме болар еді. Бірақ бастығым материал жазып келуге тапсырма берді. Сонда Еуропаға әрі саяхаттап, әрі іссапармен барып қайттым. Ал кететін кезде жұмысысымның көп бөлігін алдын ала дайындап кеттім.

ПРАГА – «ҚАРА ҚАЛА»

Венада бір жарым күн болып, 17 еуроға Чехияның астанасы Прагаға билет алдым. Пойызбен келеміз. Әдеттегідей менің билетімді тексермеді. 0,5 литрлік су билет бағасына кіреді екен. Оны бәрімізге таратты да, қолымызға меню ұстатып кетті. Тамақтары ап-арзан. Екі ел арасында жүретін автобус, пойыздарында тегін уай-фай, дәретхана, тоқ көзі бар. Жолдарының теп-тегістігі, транспорттың жаңалығынан ба екен жүріп келе жатқанымыз сезілмеді. Пойызға кірген адам өзгелерге «Доброе утро» деп амандасқанда таң қалып қаппын. Басында қағыс естіген болармын дедім. Сөйтсем, чех тілі аздап орыс тіліне ұқсайды екен. Кей сөздері бірдей. Чех балаларымен улап-шулап Прагаға да жеттік. Ендігі кеш батып кеткендіктен, әрі сөмкелерімді көтеріп шаршағаннан ешқайда шықпай, демалдым. Таңертең тұра сала ресепшндегі жігіттен сұрап алып, курсы төмен жерден еуромды кронға ауыстырып алдым. Прагада сырты қара ғимараттар көп. Көпірлерінің бәрі, шіркеулердің сырты фантастикалық фильмдердегідей қап-қара. Сондықтан да ол «Қара қала» атауына ие. Қала он ауданға бөлінеді. Менің хостелім 2-Парагада орналасқан. Мұнда келгендердің барлығы 1-Прагадаға Прага қамалын көріп, Карл көпірімен жүргісі келеді. Күн қатты суық болып кетті. Тоңғандықтан барамын деген жерлердің тек жартысын аралап шыға алдым. Прага қамалына жете алмай, қала тегіс көрінетін биігіне шығып қайттым. Үйлердің шатыры түрік фильмдеріндегідей қызыл сары түске боялған екен. Одан әрі Карл көпіріне қарай жылжыдым. Оған бару үшін өзен бойлай жүресің. Өзеннің жағасы толған аққу. Аққу дегенді бірінші көруім. Каспий көліне де ақпан айында осы бір сұлу құсты көруге барғым келетін. Адамда ниет болса, тілегі қабыл бола қалады екен-ау. Мақатаевтың «Жетім көлінде» оларды үркек деуші еді. Мына аққулар адамдарға әбден үйренген. Жаныңнан балпаңдап өтіп бара жатқаны.

Жаурап келем, кейде тісім-тісіме тимей, дірілдеп кетем. Бұл көпір бұрын қаланың атымен аталса, 1870 жылдан бері Праганы жандандырып, гүлдендірген Карл IV есімімен аталады.  Ортағасырларда салынған. Талай оқиғаның куәгері. Ертеде көпірмен «Патшалар жолы» өтсе, қазір «Прага марафоны» жүріп өтеді. Көпір діни сенімдегі он екі мүсінмен безендірілген. Көпірдің үстін өзім Алматыдағы Арбатқа ұқсаттым. Суретшілер, карикатура салатындар толып отыр. Суретті жәй ғана тамашалап, ұнаса фотоаппаратыма іліп аламын. Суретшіге қарап қалсам, күлімдеп, басын иіп қояды. Мен де риза болып, рақметімді айтып кете беремін.

ДӘМХАНАДА ДАСТАРХАНДЫ ЖИНАП КЕТЕСІҢ

Көпірдең арғы бетіне шықтым. Жаңбыр басталып, әбден жаурадым. Әдеттегідей жылынып, тамақтанып алатын түрік асханасын іздеп жүрмін. Гугл картадан қарасам, алыс екен. Жетіп алсам болды деп зуылдап бара жатқам. KFC-ді көріп, қуанып кеттім. Тоңғаным сонша жарты күнімді осында өткіздім. Қайран саяхатымның жарты күні деймін ішімнен. Еуропаның мен болған қалаларында дәмханаларда әркім өз үстелін жинап кетеді екен. Тамақтанып болдың екен, дастарханды сүртетіндей етіп жинап кету керек. KFC-де отырғанымда бір балалар жинамай тұрып бара жатыр екен. Еден жуып жүрген апай әбден ұрысты оларға. Бастары салбырап, кешірім сұрап, тап-тұйнақтай етіп кетті. Үйренетін әдет екен. Праганың «Билейтін үйіне» бардым. Ондай үйлер Сингапурда, Майамиде, Кувейтте, әсіресе Дубайда көп. Негізінде, ол үй – кеңсе ғимараты. Төбесіне шығуға да болады екен.

Жұмысы Прагаға ауысқан Руслан Меделбек есімді әріптесіміз бар. Фейсбуктен Прагадағы алғашқы қонағым бол деп жазды. Әлемнің 36 елін, онда да біразын жалғыз өзі аралап шыққан саяхатшымен, мықты спорт журналисімен жолықпай кетуге бола ма?! Екі сағаттай отырып, біраз әңгімелестік. Руслан ағай «саяхаттаған сайын сөмкең кішірейеді» дейді. Басында көп қателік жіберу заңды нәрсе. Қолма-қол ақшадан бөлек баратын жеріңе байланысты картаға доллар, еуро салып алу қажет екен. Сондай-ақ қашанда «Б» жоспарың болуы керек. Ұшақтан кешігіп қалдым, ақшамды ұрлатып алдым, т.б. жағдайларда не істеймін деп алдын-ала ойластырып алады екен өзі. Ал мен екінші жоспарды ойламаппын. Оның кесірі Прагадан Будапештке қайтарда тие жаздады.

АВТОБУСҚА ҮЛГЕРМЕЙ ҚАЛАР ЕДІМ

Елге қайтар билетімді Будапештен алғанмын. Прагадан автобуспен 6,5 сағаттық жол екен. Күндізгі уақытым жолға кетпесін, түнде жетіп алайын деп түнгі он екіге билет алдым. Жүру уақытынан екі сағат бұрын кеп отырмын. Содан күтіп-күтіп, жүруге жарты сағат қалғанда қарасам, тек пойыздар ғана тоқтап жатыр. Кімнен жөн сұрарымды білмеймін. Бәрі туристер. Полицейге жүгіріп барып, жағдайымды түсіндіріп шықтым. Ол болса бетіме қарап аң-таң. Сөйтсем ағылшынша білмейді екен. Бір кісі көмекке келе қалды. Ол да чех тілінде «ұрып» тұр. Бір станция бұрын автобустар бекеті бар екен де, жаңағы екі кісі маған сонда барыңыз деді. Ал билетімде осы тұрған станциям көрсетілген. Автобустың жүруіне 15 минут қалды. Жергілікті тұрғын ғой деп айтқан станцияларына метромен 1 минутта жеттім. Бекетті тауып алып билетімді көрсетемін. Олар бұл автобустың мен келген станциядан ғана жүретінін айтады.

Басқа автобусқа билет сұрасам, бітіп кетіпті. «Мүмкін үлгеріп қалармын» дедім де, қайтадан артқа қайттым. Метроға түссем, пойыз 4 минуттан соң келеді деп тұр. Будапештке апаратын автобусымның жүруіне де 4 минут қалған. «Біттім» деп ойладым. Сонда да бір жігіттен: «Flixbus қайда тоқтайтынын білесіз бе? Мені сонда апарыңызшы, автобусымның жүруіне 1 минут қалды», – деп едім, «апарам-апарам» деп алдыма түсіп жүігіріп кетті. Бірақ ол кісі де дұрыс білмейді екен. Мені пойыздардың кестесі жазылған тақтаға әкеліп тұр. Автобус жүретін уақыттан 2 минут өтіп кеткен. Сөйтіп жүріп автобустар тоқтайтын жерді таптық, әйтеуір. Бірақ барлық автобус жолдың мен тұрған бетінде де, менікі арғы бетте екен. Жүрейін деп тұр. «Автобусым кетіп барады, автобусым кетіп барады» дей беріппін. Жолдың арғы бетіне өтетін жолақ жақын маңда жоқ. Жол арасы бір метрлік темірмен бөлінген. Кешіктім деп ойладым. Сонда ол: «Жоқ, үлгересіз. Біз жолды кесіп өтеміз», – деп, қолымнан тас қылып ұстады да, жүгіріп, жолды кесіп өттік. Мен шетел тұрмақ, Алматыда олай істемейтінмін. Көліктер өте қатты жылдамықпен жүріп жатыр. Біреуі мені қағып кете жаздады. Чех жігіт қолымнан артқа тартып қалды. Автобусыма жеткенде барып жүрегім орнына түсті. Есімі Эндрю екен. Оған қайта-қайта алғыс айтып, елге жеткен соң мақаламда өзі туралы айтып беруге уәде бердім.

ОЛАРДЫҢ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЫНДАҒЫ ТҮСІНІГІ БАСҚА

Будапештке таң ата жеттік. Өткенде үлгермеген жерлеріме жаңбырлатып жүріп барып қайттым. Ертесіне еуротурыма қош айтып, әуежайға аттанатын автобусқа жайғастым. Будапешті аздап қимай, «Самош» кафесіне тағы барып, таңғы асымды ішіп шықтым. Асықпай жүремін деп ұшуға 15 минут қалғанда ғана ұшу жолына жеттім. Астанаға түнгі 10-да қонады екенбіз. Жаныма мадияр жігіті отырды. Астанаға жеткенше 5 сағат үндемей отырғанбыз, қонуға аз қалғанда әңгімесін бастады. Есімі Норберт. Өзі Қазақстанға бірінші рет келіп тұр екен. Астананың бірінші вокзалына барып, таңғы төртте Петропавлға жүретінін айтты. Мен Шымкентке қайтуым керек. Пойызым таңғы сегізде. Вокзалдағы асханада отырып, Қазақстан туралы айтып бердім. Норбертке қанның тазалығы, жеті атаға толмай қыз алыспау, үш жүз туралы түсіндіру қиын болды. Оның ойында «жеті атаға толмай қыз алысса не болады екен?» деген сұрақ тұрды. Барынша түсіндіруге тырыстым. Ол да ұққандай еді. Маған оның жемқорлық жайындағы ойы ұнады. Ол: «Венгрияда ең үлкен бес жол торабы бар. Ол жол тегіс, қатты жүруге болады. Сондықтан да ақылы. Біз сол жолды қазіргіден де жақсартып, жөндесін деп ақы төлейміз. Ал онда өзгеретін нәрсе шамалы. Яғни біздің төлеген ақшамыз біреудің қалтасына кетіп жатыр деген сөз. Одан бөлек біз автобусқа, метроға билет сатып алып кіреміз. Біз берген ақшаға олар метроны да, автобус жолын да жақсартып, жаңартып отыру керек. Алайда ондай өзгерістер өте сирек», – деді. Мен жолақысын төлегенде осы ақшама жолды не осы көлікті жақсартуы керек деп ешқашан ойламаппын. Бұрын еліміздегі беделді университеттердің жатақханалары жылына 25-30 мың теңге тұратын. Қазір олардың көбі бакалавр үшін айына 10 мың, магистранттар үшін 20 мың болып кеткен. Жөнделген дәлізі, жаңарған есігі жоқ. Норберттің осы әңгімесінен соң Венгриядағы жемқорлық түсінігі бізден мүлдем бөлек екенін ұқтым.

P.S. «Саяхаттан соң ешкім бұрынғыдай болып оралмайды» дегенді оқып едім. Саяхат өзіңді тануға көмектеседі екен. Мен қиын жағдайда дүрлігіп кетпейтінімді, одан шығудың түрлі нұсқаларын тауып алатынымды ұқтым. Бір жағы жалғыз саяхаттаған соң өзіңе тек өзің жауаптысың. Өзіме деген құрметім артқандай болды. Бар жоғы он-ақ күн сыртта жүрсем де өзге елді өз еліммен салыстырып қайттым. Біздің елде Еуропадағы өмір жоқ, әрине. Бірақ бұл «жақсы өмір» үшін шетелге қоныс аударуға стимул болмауы керек. Өз басым біздің елдің экономикасы Еуропадағыдай дамып кетсе екен деп оралдым. Сондай-ақ адамдардың тұрмыстық мәдениеті де.

 Таңшолпан ТӨЛЕГЕН

“Ұлан” (№16, 17 cәуір 2018).

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз